Сауытбек АБДРАХМАНОВ: САРЫНДАСТЫҚ САЛТАНАТЫ

Әуелде бұл мақаланы 10 тамызда, ұлы Абайдың туған күніне орайластырыла жариялау ойластырылған еді. Сол тұста қызып жатқан  сайлау сайысы кезінде заңды құрмет тұтатын, салиқалы басылым ретінде біз үміткерлер туралы мақалаларды былай қойғанда, үміткерлердің өздерінің мақалаларынан да тартына тұрған жөн деп шештік.  Жақында ол мәселенің басы ашылды. “Нұр Отанның” жарқын жеңісінен кейін депутаттар тізімін түзетін тұста  Елбасымыз қазіргі қызметін жалғастырғаны керегірек деп тапқан азаматтардың арасында болғанымызға разылығымызды білдіреміз. 

Сонымен, Абайдың аудармашылық алыптығы, атап айтқанда, М.Ю. Лермонтов туындыларын тәржімелеу тағылымы туралы жазылған мақаланы оқырман назарына енді  ұсынып отырмыз. Негізінде, қазақ баласы Абай атамыз жайында қай күні, қанша айтып жатса да артықтығы жоқ деп білеміз.

Лермонтов “Из Гете” деп атаған әйгілі өлеңнің табиғаты туралы талас көп. Герольд Бельгер мен Медеубай Құрманов өздерінің кітап, мақала, эсселерінде өлеңнің үш нұсқасын (Гете – Лермонтов – Абай) қатар келтіріп, Лермонтовтың да, Абайдың да сұңғыла суреткерлігін жеріне жеткізе дәлелдейді. Гетеден жолма-жол аударма жаса­ғанда өлең былай болып шығады екен:

Шыңдар басында тыныштық орнаған,

Ағаштардың басында

Болар болмас

Леп байқалады;

Ормандағы құстардың үні өшкен,

Тек сабыр ет, сәлден кейін

Сен де тыныш табарсың.

“Талантты ақын өлі табиғаттың шың (Гипфел), өсімдіктер дүниесінен ағаш бастарын (Випфел) және жануарлар дүниесінен құстар (Бөгелаин) сияқты қара­пайым ғана сөздер мен түн құшағына еніп, балбырап ұйқыға кеткен бүкіл табиғат суретін көз алдыңызға әкеледі. Ең соңында барып осындай түн тыныштығын бұзып, жолаушылап келе жатқан адамды көреміз. Күндізгі аптап ыстықтан шаршаған, енді салқындап, дем алған табиғат тыныш­тығы бойын билеген ол (жо­лаушы) кенеттен өзінің де күндізгі ұзақ жүрістен қалжырағанын сезеді. Оның да дем алып тыншыққысы келеді. Өлеңнің құрылысы, әуезі де осы сезімге бағын­дырылған: буын саны (5, 2 ,5, 3, 4, 9, 5, 4) да, ұйқасуы (абабсддс) да, ырғағы да еркін, әр алуан. Басында ырғақ бір қалыпты болып келеді де, сонан соң аздап баяулайды. Ал құстар туралы сөз болғанда өршіп барып, тыныштыққа келгенде қайта бәсең­дейді”, -деп жазған еді Медеубай Құрманов.

Енді М.Ю.Лермонтов нұсқасын еске түсірелік:

Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы,

Подожди немного,

Отдохнешь и ты.

Лермонтов аудармасы туралы аз айтылмаған. Бұл өлең жазылғалы бері-ақ орыс әдебиетінің ұлы шығармасы. Абай жыры да сондай.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал ғып

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы

Сабыр қылсаң азырақ.

“Қараңғы түнде тау қалғып” – ау­дар­мадағы көркемдіктің, бейнеліліктің, әуезділіктің, дәлдіктің эталоны. Лер­мон­товтағы “тау шыңдарын” “тауға” түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, “аңғарды” жазық “далаға” түсіріп, Қарауылдың айна­ласына айналдырып жіберген даныш­пандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған. Абай нұсқасын Лермонтов туындатқан жырға жолма-жол қойып көрсеңіз де сурет тұрмақ, сөз сәйкестігіне қайран қала­сыз. Сол мүлгіп тұрған тыныштықтың өзінде Абайда қимыл көбірек. Гетеде етістік үшеу екен, Лермонтовта да солай. Абайдағы етістік, толымдысы бар, толымсызы бар – сегіз: қалғып, балбырап, ұйқыға кетер, дел-сал ғып, түн басады, салбырап, шаң шығармас, сыбдырламас. Бар сөздің саны 25 болғанда, оның 8-і етістік болғанда бұл өлең бастан-аяқ қимыл-қозғалысқа толып кетпей ме? Кетпейді. Абайдың құдіретті қаламымен қаланған бұл етістіктер қайта табиғатты мүлгітіп, маужыратып, оның құшағындағы адамды балбыратып, албыратып барады. Ал Абайдың соңғы екі жолындағы “тыншығарсың”, “сабыр қылсаң” деген екі сөзге таң-тамаша болмау мүмкін емес. Гетеде де, Лермонтовта да сөз түйіні демалуда, тынығуда, дамылдауда. Абай Гетеде де, Лермонтовта да жоқ “тыншығуды” шығарғанда, демалудың, тынығудың, дамылдаудың, тыныштық табудың орнын осы сөзбен алмастыр­ғанда табиғат тылсымы адамды нирвана күйіне келтіретіндей құдіретке ие екендігін, ол үшін “азырақ сабыр қылу” керектігін айтатындай. Бауыржан Момышұлының былай дегені бар: “Тіл білу, оған түсіне білу деген нәрсе оңай емес. Мен орыс тілін жақсы білемін дедім ғой. Оным рас. Академияларда орыс тілінде лекция оқыған кісімін. Бірақ та ойлап қарасам, рас, Абай орыс тілін менен жақсы біледі екен. Жақсы білгені былай тұрсын, орыстардың ғалымдарына, ардагер адамдарына ұстаз да бола алған екен. Оған дәлелдер көп. Мысалы, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударғанда Абай олардың ойына ой қосқан. Бұл ұстаздық емей немене?” (“Түркістан”, 2004, 12 тамыз). Соның бір дәлелі осы “тыншығу”. Орысшаға қайта қайырса “находить покой (успокоение)” ұғымына жақын­дайтын бұл сөздің мағынасы кеңірек, тереңірек. Ойына ой қосқан деген сол болады.

Абайдың аудармашылығы туралы орыс тілінде жазылып жүрген мақала­ларда қазақша нұсқаның жолма-жол аудармасы бері­ле­ді де, соңғы екі жол: “Возможно, отдохнешь и ты, Если немного потерпишь” деп келтіріледі. Мұн­дай жолмен біз Абай ұлылығын дәлелдей ал­май­мыз. “Тыншы­ғудың” “отдых” еместігін, “сабыр қы­луды” “потер­пишь” дей салуға болмай­тынын жоғарыда аңғарт­қандаймыз.

Қағидаға қа­тып қалған қатал редактордың қолына түссе Лермон­тов­тың Гетеден жасаған атақты аудармасы баспа бетін көрмес пе еді, кім біледі. Қалай көреді, Гетенің уәзіні де, ырғағы да сақталмаса, түпнұсқадағы бейнелер­дің тең жарымы түсіп қалса, қалған бейненің бәрін аудармашы ойдан шығарса… “Лермонтов, түпнұсқадан “шыңдар” және “сен де демаларсың” деген екі тұсты ғана алып, Гетенің сезімін ғана жеткізді. Бірақ сезімнің адалдығы, шынайылығы сондай, орыс өлеңінің неміс өлеңіне қаны да, жаны да бір туыс болып шығуы үшін осының өзі де жетіп жатты”, дейді атақты аудармашы В.Левик.

Негізінде, аудармашы өзіне жақын, рухтас, сарындас қаламгерлердің туындыларына қол артады деген сөз қазіргі кәсіби әдебиетшіліктен гөрі өткен ғасырларға, соның ішінде Абай заманына көбірек келеді. Абай Лермонтов шығармаларын өзінің көкірегін кернеген күрсіннің күңіренісіндей көрген болса керек. “Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақшаға аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығында өз жүрегіне түсінікті, өз халқына жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және қия­лына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Аудармалар ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы шердің айнасы, толас-тынысы сияқты болады” (М.Әуезов).

“Абай поэзиясындағы тебіренісі басым әуендер – өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының, әсіресе, тұсындағы жас толқынның надандығын, білімсіздігін көріп торығу, жалғыздық жапа шегу әуендері еді. Абай жырларындағы бұл наразылық сарындардың Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы шексіз”, — деп Қалижан Бекхожин дөп айтқан.

 Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,

Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.

Өзі қысқа, өзі асау тентек өмір,

Арттағыға бір белгі қойса нетер?

Кім біледі, кез болса, арттағылар,

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,

“Рас-ау”, – деп, мағынасын ол-дағы ұғар.

Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім,

Жібермей кеп, тоқтатар оның көзін,

Жолаушы жол үстінде тамаша еткен

Сықылды өлген жанның бір күмбезін.

Әрине, бұл – Абайдың өз сөзі. Мейлі, мәтін Лермонтовтан болса да Абай өлеңі. Өйткені, Лермонтов онда Абайша сөйлеп тұр. Сонымен бірге, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз, / Тасты жол жарқырайды буға амалсыз. Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп, / Сөйлесіп, ымдасқандай көкте жұлдыз” немесе “Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, / Ішінде түсі суық бір жан отыр. Алысты тұманданған ол ойлайды, / Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр” деген сияқты тұстарда Абай таза аудармашы.

Нет! – я не требую вниманья

На грустный бред души моей,

Не открывать свои желанья

Привыкнул я с давнишних дней.

Сал демеймін сөзіме ықласыңды,

Қайғылы өлең еттім өз басымды.

Көкірегім, бар сырым өз әлінше,

Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.

Ақынның Лермонтовтан аударма деп табылып жүрген өлеңдері де, өз туындылары деп табылып жүрген өлең­дері де әлі көп зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, бізде еліктеу мәселесінің басы ашыла қойған жоқ. Еліктеу – тәржіме мен төл шығармашылықтың бел орта­сындағы қызғылықты құбылыс.

И скучно и грустно! – и некому руку подать

В минуту душевной невзгоды…

Желанья!.. что пользы напрасно и вечно желать?

А годы проходят – все лучшие годы!

Любить – но кого же?.. – на время не стоит труда,

А вечно любить невозможно.

В себя ли заглянешь? – там прошлого нет и следа:

И радость, и муки, и все так ничтожно…

Что страсти? – ведь рано иль поздно их сладкий недуг

Исчезнет при слове рассудка,

И жизнь, как посмотришь с холодным вниманьем вокруг, –

Такая пустая и глупая шутка…

Ал енді Абайдың мына өлеңдерін оқиық.

Әм жабықтым, әм жалықтым,

Сүйеу болар қай жігіт

Көңілден кеткен соң тыным!

Әм сүйіндім, әм түңілдім,

Үнемі не еткен үміт?

Өткен соң бар жақсы жылым!

Ғашықтық іздеп тантыма,

Аз күн әуре несі іс.

Өзіңнің қара артыңа,

Өткен өмір бейне түс.

Өлгенше болар бар ма дос

Қуаныш, қайғы – бәрі бос.

Бір қарағанда еркін аудармаға келетін сияқты. “И скучно и грустно! – и некому руку подать” – “Әм жа­бық­тым, әм жалықтым, /Сүйеу болар қай жігіт”, “Желанья!.. что пользы нап­расно и вечно желать? /А годы про­ходят – все лучшие годы!” – “Үнемі не еткен үміт? /Өткен соң бар жақсы жылым!” – бұл тұстары кәдімгі тәр­жімеге де тартып тұрғандай. Әйтсе де, бұл өлеңдер Абай кітаптарында аудар­маға жатқызылмайды, Лермонтов жи­нақтарының “Абай аудармалары” бөлімінен де таппайсыз. Себебі, бұл өлеңдер шынында да Абайдың өз өлең­дері. Олардың жазылуына Лермонтов жыры қозғау салған. Абай сол сарынды іліп алып кетіп, өзінше толғаған, өзінің күйінішін айтқан. Сонымен бірге ұлы ақын шығармашылығындағы мұндай қатпар-қабаттарды аударманың әсер-ықпалымен атымен байланыстырмау да жөн болмайды.

Абай тәржімелерінде ақынның түп­нұсқа мәтінін соншама терең түсінуі тәнті етеді.

Печально я гляжу на наше поколенье!

Его грядущее – иль пусто, иль темно,

Меж тем, под бременем познания и сомнения,

В бездействии состарится оно.

Бұл – Лермонтов “Ойы”. Абай былай алған:

Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы,

Салқын, қуыс өмірі я қараңғы,

Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,

Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.

Лермонтов “под бременем познания и сомнения” деп айтса, сол кездегі орыс қоғамындағы кімге, неге, не үшін қызмет етерін білмей жүрген “басы артық адамдар” буынын айтып отыр. Абай тұсындағы қазақ қауымында ондай мәселе жоқ. Негізгі мәселе – білім­сіздік, білмекке ұмтылыстың жоқтығы. Сонан да Абай “Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ” деп осы сарынды алға шығарады. Өлеңнің аяғында ашынған Абай өз жанынан да бір шумақ қосып қойған, онысы өз оқыр­манына айтар ойын жеткізуге көмектесіп-ақ тұр. Алайда, “Лермонтовтан аударған өлеңдерінде де Абай авторының ұғымында жоқ ерсі қазақы жәйт­терді қыстырып жібереді. Мысалы, “Ой” деген өлеңнің рухын мазмұны жағынан ұзын-ырғасын, дұрыс беріп келеді де, ақырғы шумағын Абай:

Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың,

Мал үшін аш қатасың, жан сатасың

Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,

Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын, -

деп өзінше қазақшалап кетеді. Лер­монтов бұл жолдарда әкелерінің әуре-сарсаң істеріне алданып, мазақ болған әумесер ұлдарды мінеп отырса, жарықтық Абайдың көзіне тап осы тұста “мал үшін аштан қататын, сараң Оразбайлар” елестеп кеткен болу керек, әйтпесе, сыңар ешкісі де жоқ Лермонтов “мал шаруашылығымен” соншама шұғылданбаса керек”, деп мін тағады Қалижан Бекхожин. “Өзінше қазақшалап кетеді” дегеннің жаны бар, бірақ Лермонтовты Абай “мал шаруа­шылығымен” соншама шұғылдантып қояды деу артықтау. Академик Ғарифолла Есім ақынның: “Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, / Малың болса, сыйламай тұра алмас ел”, деген жолдарына қатыстырып мынаны айтады: “Байқап отырсыз, Абай “мал тап” дегенде нақпа-нақ жылқы, сиыр, т.б. айтып отырған жоқ, жалпылама байлықты, меншікті айтып отыр… Әри­не, Абайға дейін мал бұл мәнде қолданылмаған десек, қате айтқан болар едік. Қазақтар бір-бірімен есен-саулық сұрасып, қауышқанда да “мал-жаныңыз аман ба?” десетін. Бұл жерде де қазақ малды адамның қазына-байлығы, иелігі ретінде қолданып отыр. Қорадағы түйе, сиыр, жылқының амандығын сұрау тым жабайы, қарапайым түсінік. Малыңыз аман ба деген әлдеқайда философиялық мәселе, айта қаларлықтай мәдениеттің үлгісі”.

Ақынның ғажап дарыны Лермонтов шығармаларындағы сан түрлі сарын­дарды сапырылыстырғандай етіп, өзіне керекті көркем бейнелерді інжудей іліп алатын қасиетінен де көрінеді. “Терек­тің сыйындағы” “Асау Терек долданып, буырқанып, / Тауды бұзып, жол салған, тасты жарып. / Арыстанның жалындай бұйра толқын, / Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып” деп келетін алғашқы шумаққа кезінде талай әдебиетші тамсанып, “Терек воет, дик и злобен, / Меж утесистых громад. / Буре плач его подобен, / Слезы брызгами летят” деген шумақтан осындай сурет шығарады Абай деп жазатын. Зәки Ахметов ол теңеудің де Лермонтовтың өзінен алынғанын, “Демон” поэмасын­дағы “И Терек, прыгая, как львица, / С косматой гривой на хребте, / Ревель – и зверь степной, и птица, / Кружась в лазурной высоте, / Глаголу вод его внимали” деген шумақтан өлеңге сіңірілген сурет екенін дәлелдеп берді, әрі Лермонтовтың жаңылыс басқан жеріне (арыстанның ұрғашысында жал болмайды) назар аудартты.

Тәкен Әлімқұлов Абай аудармашы­лығына байланысты мынандай “таңсық та күлкілі бір мысал” келтіреді: “Абай Лермонтовтың “Измаил-Бей” поэмасы­ның кіріспесін жатық та дәл аударғаны ілгерірек айтылды. Сол аударма төл туындыға баланып, грузин тіліне көші­ріледі, одан орыс тіліне ауысады. Сонымен, сайып келгенде, Лермон­товтың шумақтары орыс тілінде егіз-ұдай көрініс береді”. Бұл мысал да Абай қолына тигенде кез келген өлең-жырдың жігі білінбей, жаңа тілге жарасып, жымдасып жүре береті­нінің бір дәлелі. Расында да, Мүрсейіт қолжазбасында “Лермонтовтан” деп жазылып берілмеген соң “Көңілдің күйі тағы да / Өмірсіз жанның алды ішін. / Аударды өлең жағына / Нәпсінің сынған қайғысын” деген сөзді орыс ақыны айтты деп кім ойлайды?.. Әйт­песе, бұл Лермонтов поэмасының кіріс­песіндегі: “Опять явилось вдохновение / Душе безжизненной моей: / И превращает в песнопенье / Тоску, развалину страстей” деген жолдардың дәлме-дәл аудармасы.

Абай аударманы Лермонтовтан бастаған, Лермонтовпен аяқтаған. Ақын шығармашылығындағы жаңа белестің сол сексенінші жылдарда (Лермонтов­тан алғашқы аударманы 1882 жылы жасаған) бастау алатыны тіпті де тегін емес. “Абай мен Лермонтов арасындағы шығармашылық үндестік ақынның аударма мұрасынан ғана көрінбейді. Бұл табиғи туыстықтың тамыры тереңде жатыр. Тегінде, өзінің шығармашылық өнері шарықтап, әбден кемеліне келіп тұрған шағында Абай орыстың, Батыс пен Шығыстың әр замандағы белгілі ақындарына көп үңілген, олардан өз ойларына, өзінің жалпы дүниета­нымына, белгілі бір сәттегі көңіл-күйіне көп-көп үндестік тапқан және, ең мән­дісі, сол үндестік оның өз шығармашылығынан белгілі бір дәрежеде орын алған”, деп көрсеткен Жұмағали Ысмағұлов Абай өлеңдеріндегі Лермон­товтан ауысқан көркемдік кестелерді әдемі келтіреді. Абай өлеңдеріндегі: “Дүние ойдан шығады, / Өзімді өзім ұмытып” (“Забываю вечность, небо, землю, / Самого себя”), “Аңсаған шөлде су тапса, / Бас қоймай ма бастауға?” (“Как в пустыне путник безотрадный / Каплю вод живых!”), “Өмір тонын кигізіп, / Жоқты бар ғып жүргізер” (“И в одежду жизни одевают / Все, чего уж нет”) деген сияқты жолдардың ақындық өнеріне нұқсан келтіретін немесе атына мін болып тағылатын нәрсе еместігін мұндай ауыс-түйіс мысалдар мен мазмұн, түр ұқсас­тықтары дүниежүзілік әдебиет тарихында, оның ұлы өкілдерінің мәңгі өлмес мұраларында көп кездесетін­дігімен, одан олардың ешқайсысы төмендеп қалып жатпағандығымен түсіндіреді.

Абайдың аудармашылығы оған дейін қазақ әдебиетінде қолданылмаған он беске таяу өлең өлшемін енгізгенінің өзі көп жайды аңғарта алады. Ақын аудармаларының айшығы қазақ тілінде бұрын болмаған тіркестерді алып келіп, орнықтыруынан да көрінеді. Ал фразеологизм орнықтыру дегеніміз қиын­ның қиыны. Біз әдетте орыс тілі­нен аударма әсерін Абай тәржімелерінен ғана іздеп жатамыз. Рабиға Сыздық: “Абай өлеңдерінде кездесетін кептерше сүйінісу (“ворковать как голубки”), салқын тарту (“постывать”), тактісіне билеу (“отбивать такт”), бір сағаттан бір сағат (“от часу на час”) деген тіркестер де қазақ тілі үшін жаңа: олар орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) жолымен жасалғандар. Бір ғажабы – бұлардың бәрі тек аударма үстінде емес (олар да бар), Абайдың төл өлеңдерінде де қолданылған! Айталық, салқын тарту деген тіркес Абайда: Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі Саған салқын тартқандай, сен бір кәрі – деген өлең жолдарында кездессе, бұл жолдар Лермонтовтың: Пускай теперь прекрасный свет Тебе постыл – ты слеп, ты сед – деген жолдарының аудармасы. Кептерше сүйінісу (Абай жинақтарының барлық басылым­дарында сүйеніскен деп жазылып жүр, біздіңше, сүйініскен болуы керек, оны Абай орысша ворковать дегеннің аудармасы етіп алған) деген тіркес те аударма өлеңінде кездеседі, ал қалғандары (мүйіз шығу, тактісіне билеу, бір сағаттан бір сағат) Абайдың төл өлеңдерінде. Бұл – Абайдың орыс тілінің көркемдік дүниесін творчестволықпен игергендігінің белгісі”, деп жазған. Ақынның аударма өлеңдеріндегі жас бұлт, кәрі жар­тас, тентек өмір, салқын өмір, қараңғы өмір, өткен күннің улары, көңілдің ауыр жүгі деген тіркестердің жаңа фразалар екендігі мәлім.

Абай – пери­фраздың да шебері. Оған да әсер еткен – аударма. Әсіресе, Лермонтовтан аударылған өлеңдерде ақын пери­фраздың неше түрін көрсетеді. Қараңғы көңіл, көңілдің жүгі, улы сусын, жанға түскен жара, жалтаңдаған жас жүрек, жүйрік уақыт, үміттің нұры, еркелі қол, асау өмір, тентек өмір, жабырқаңқы сөз, тәтті үн, нәпсінің сынған қайғысы, асау той, тентек жиын… осылай кете береді. Осы орайда мынандай ой келеді. Аудармада өзімізде жоқ тосын тіркес кездесе қалса, “қазақ бұлай айтпайды” деген тұрғыда қамшының астына ала­тынымыз бар. Абай тұсында бізде әдеби сын болса, бәлкім, жоғарыдағы жаңа фразеоло­гизмдер, перифраздар үшін атамыз да мінеліп жатар ма еді, кім білсін. Негі­зінде, аударма өнерінің бір уәзипасы тілді өзге тілдің бояу­ларымен байыту болса керек. Бұл үшін аудармашы-ақындардың сәтті ізденіс­терін көтер­мелеп, сәтсіз шыққан соны сөз тіркес­теріне кеңшілікпен қараған жөн.

Абайда аударма арқылы енген символ-сөздер де бар. Мысалы, желкен сөзін алайық. Абай барып жүрген Семейдің Ертісінде желкенді қайықтар болған да шығар. Бірақ, арманға құлаш жайғандықтың символы ретінде ол сөздің Лермонтовтан аударылған өлең арқылы ұғымға айналғаны талассыз.

Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларындағы кейбір мәселелер қазақ тілінде род жоқ екендігіне байла­нысты туындайды.

Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап.

Жөнелді ертең, қалды ұмыт,

Көк жүзіне ойнақтап.

Әжімді жүзі тершіген,

Кәрі жартас таң қапты:

– Бәрі осы-ау, – деп, – құз деген

Томсарып тұрып жылапты.

Текстологиялық тұрғыдан талай дауға арқау болған “құз” сөзінің басы, біздіңше, ашық. Мұның дұрысы, әрине, “қыз” (Айтқандай, 2004 жылы “Әлем әдебиеті” сериясымен шыққан Лер­монтов томында “қыз” деп берілген). Жас бұлт (“тучка золотая”) жартастың (“утес-великан”) төсін құшақтай қонып, түнеп шықты. Ертеңінде басқа бір жел айдап, көк жүзінде ойнақтап кете барды. Енді басқа жартастың, бәлкім, жас жартастың төсіне қонақтар. Кәрі жартас соны ойлап қамығады, әжімді жүзі тершіп, томсарып тұрып жылайды, қыз біткеннің бәрі осы ғой деп көзінің жасын бұлайды… Сөз жоқ, Абай аудармасы мінсіз. Соның өзінде де осы өлең бізді дәл орыс оқырманындай толқыта-тебіренте қоймайды. Неге? Негесі сол, біз жартасты, яғни мужской родтағы “утес-ті” ер кісінің мета­форасы, ал женский родтағы “тучка-ны” жас қыздың метафорасы ретінде соншалықты табиғи қабыл алмаймыз. Мұндай ойлау жүйесі бізге тән емес. Тегінде, ұлттық ойлау жүйесінен шалғай тұрған мұндай шығармалар аудармаға көнбейтін болуы да мүмкін. Бәрін аудару шарт та емес қой.

Прозаны өлеңмен аударуда Шәкә­рім жасаған нұсқалар жиі ауызға алынады. Ол дұрыс. Бірақ, сол нұсқа­лардың бастау-бұлағы қайда дегенді алдымен қарастыруымыз керек. Бұл істе де үйренерлік үздік үлгіні бар жаңаның басы – Абай атамыз көрсеткен. Орыс классикалық поэзиясынан дәл де көркем, барабар аударманың тамаша өнегесін танытқан Абайдың прозадан өлең түрінде тәржімелеуде де осы әдіске қол артуында не сыр бар? Біздіңше, мәселе сол тұста қазақ прозасының қалыптаса қоймағанында, дала жұртшылығы әлі де оқырманнан гөрі тыңдаушы күйіне жақын тұрғанында ғана болмаса керек еді. Сондықтан проза үрдісіне сай негізгі назар сю­жетке, кейіптеуге, көріктеуге ауда­рылатын Лермонтовтың “Вадим” романына келгенде де Абай қайтадан поэзияны қол көреді.

Романның бірнеше тарауларын өлеңмен аударған ақынның суреткерлік шалымдылығы, қаламгерлік қуаты қайран қалдырарлық. Өкінішке орай, аударма бізге толық жетпеген, бәлкім, аяқталмаған да болуы мүмкін. Еркін тәржімеге жататын өлең аудармасы тұстарында Абай бойына біткен данышпандығының арқасында талай тұсты интуициямен де қағып түсетін шығар деп шамалаған адам “Вадимнің” қазақшасын түпнұсқамен салыстырып оқығанда ақынның мәтінді сонша­лықты терең түсінгеніне тәнті болады.

Бірер мысал келтірейік. Роман бы­лай басталады ғой: “День угасал; лило­вые облака, протягиваясь по запад­у, едва пропускали красные лучи, кото­рые отражались на черепицах башен”. Ал енді осы суреттің қазақшасына қараңыз:

Батар күнге шымылдық – көк бұлт кең,

Толқынды қызыл торғын өртпенен тең.

Өткен дәурен секілді нұры жайнап,

Арттағы мұнараға береді рең.

Мұндағы басы артық тұрған дей­тіндей үшінші жолдың өзі Лермонтов қаламы салған поэ­тикалық суреттің ішкі қалпын әдемі ашады емес пе? Ал нақпа-нақ дәлдікті іздесеңіз оны да табасыз Абайдан. “Приставьте себе мужчину лет 50, высокого, еще здоро­вого, но с седыми волосами” – осы сөйлем өлеңмен былай өріледі:

Елуге келген, шашы бурыл тартқан,

Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан.

Ал “одетого в синее полукафтанье с аннен­ским крестом в пет­лице” деген сипатта­маның қазақша жыр нұсқасы мынандай:

Үлкен етік аяқта, көк пешпентті,

Таққан кірес төсінде жарқ-жұрқ етті…

Алғашқы жолдарда “высокого, еще здо­рового” деген сипат­тама дәл берілмеді ғой десеңіз, оның орны келесі шумақтағы “үлкен етік аяқта” деген сөздермен толығып тұр, жалғыз ғана қалып кеткен айқындама – кейіпкердің кіресі Анна кіресі екен­дігі ғана, бірақ дәл сол тұстағы қазақ оқырманына мұның ойды шатастыр­ғаннан басқа берері жоқ еді, оның үстіне Лермон­товта да бұл деталь (мы­са­лы, мой­нындағысының Григорий кіресі еместігі) ешқандай рөл атқар­майды.

Мүсілім Базарбаев Абайдың қазақ поэзиясын мүмкін-қадарынша тілмар­лықтан, орынсыз шешендіктен, әсіре бояудан құтқаруы жайында айтқанда ұлы ақынның аударма арқылы көрсет­кен өнегесін алдымен ескерген. Қазақ поэзиясы көркемдік нақтылық, бейне дәлдігі сипаттарына ие болғаны үшін Абай аудармаларына да қарыздар.

Абайдың аудармашылық алыптығы Лермонтовтың тәржімелерінен бөлекше көрінеді. Ақын қазақ поэзия тәржі­месінің шыңға шыққан шедеврлерін тап осы Лермонтовтың өлеңдерін аудару арқылы жасаған. Тегінде, Абайға Пушкиннен гөрі Лермонтов жақынырақ болған деп айтудың реті бар. Абай өз жанының қажетін Лермонтовтан көбірек тапқандай. Мұның өзі оның Лермонтов өлеңдерінің денін таза аударма күйінде шығаруынан, ал Пушкинге келгенде еркіндікке дес беріп, өз бетінше пайымдама жасауға, кейіпкерлердің мінез бітімін, кісілік болмысын өз қалауынша өзгертуге бейімдігінен де көрінеді.

Абай Пушкинмен жарыса сөйлесе, Лермонтовқа қосыла сөйлейді.

Құдайберген Жұбановтың сонау 1942 жылдың өзінде: “Абай – ояну дәуірінің толқынынан пайда болған неміс Лютері, француз Мольері емес… Бұл өз ортасының Дантесі сияқты…. Абай соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің жетім бұршағы. Оның төңірегі Эгей теңізі емес, Сарыарқаның шөлі де, өткені классикалық Рим емес, үдере көшкен қайшылық өмір ғой” дегені – ерен талғамның көрінісі. Сол “үдере көшкен қайшылық өмір” қалың елі, қазағының ортасында отырып бақсы­ның моласындай күй кешкен Абайға әлем әдебиетіндегі “ғаламдық қайғы-шер теориясын” туындатқан тұлғалардың бірі, рухани жалғыздықтың ұлы жыршысы Лермонтовты жолық­тырған тұста қазақ ақыны “жаңалық желісінің жетім бұршағына” айнал­ғанын көреміз.

Мақала соңында жоғарыдағы Абай аудармасына (“Қараңғы түнде тау қалғып”) тағы бір көз салайық. Көз салайық та, үш тілде де оқитын, үш тілде де жазатын Герольд Бельгерді тың­дап байқайық: “Біз Гете мен Лермонтовтағыдай түн суретін көріп қана қоймаймыз, біз сол түн қараңғылығының қалай түсетінін көреміз де, сезінеміз де. Гете өлеңіндегі түннің қатып-семген суреті Лермонтов бая­нында едәуір кеңейген, жандандырылған, нақтыланған болса, Абай аудар­масында кәдімгідей қимылқозғалысқа келтірілген”.

Осылай. Поэзия аударыла ма, ауда­рылмай ма деген ежелгі сауалға жауап осы. Өлең өмірді өзіндей етіп өрнектей ала ма деген сауалға жауап та осы. Қазақтың тілі қандай тіл деген сауалға жауап та осы. Тіпті, қазақ қандай халық, қолынан не келеді деген сауалға жауап та осы.

Абай алдағы ғасырларда да халыққа қойылар сауалдарға жауап таба беретін болады.

Егемен Қазақстан. – 2007. – 08.29