«АБАЙ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР» ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ



 

  «Абай туралы естеліктер» деген сөздің өзі кез-келген көкірегі ояу қазақ баласы үшін өте жылы әрі әсерлі естілетіні анық. Дәл осы сөз кітаптың атауына айналып, ұлы ақынымыздың өмірі мен өнегесінен сыр шертетін естеліктердің топтасуы – рухани қажеттілікті өтеуге лайық бір істің ілгері басқаны. Мұндағы ерекшелік те сол, жинаққа енген материалдар Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің алтын қорында сақталған қолжазбалардың топтастырылуында болып отыр.

  Дала данышпаны, кемеңгер тұлға Абайға қатысты әр дерек, әрбір тарихи жазбалар баға жетпес құндылық. Сол құндылықтардың мұрағат түкпірінде елеусіз қалып қоймай, уақытпен бірге жасап, кезіндегі түрлі оқиғалардан сыр шертіп, бүгінгі қауымды кешегі күндердің сыр-сипатына қанықтырып отырғаны абзал. Осындай ойлар әркімнің көкейіне оралғанымен оны жүзеге асыру өздігінен орындала бермейтін шаруа.

  Міне, мазмұны мол, маңызы зор дүниенің, оның үстіне тек Абайға қатысты жазбаларды жарыққа шығаруды өзге емес, ұлы ақын шаңырағының қолға алуы әбден жарасымды. Жаңа жинақтың жанға жылу, санаға сәуле сыйлайтын тұстары аз емес. Бір ғана Турағұл Абайұлының естелік жазбалары зер салған адамға Абай өмірінің сырлы сәттерін көз алдыңа әкеліп, өзің де сол суреттелген көріністердің ішінде бірге жүргендей әсер аласың. Бұл жерде Абай туралы естеліктерді оқи отырып, естелік жазушылардың бір тәртіпті берік ұстанғанын байқайсың. Яғни Абай салып кеткен ақиқат жолынан ауытқымауын көңіл күнделіктерін қағазға түсірген авторлардың естеліктерін зор тебіреніспен, нәзік ілтипатпен баяндауларына қаныға отырып, олардың Абайға деген адалдығын, ол қалыптастырған таным мен өнегеге деген зор құрметті жазбай танисың.

  Абайды тану арқылы өмір құбылыстарын, қоғам дамуының құпияларына да тереңірек бойлайтынымыз анық. Осы тұрғыдан келгенде «Абай туралы естеліктер» жинағы тек абайтанушылар мен оқытушы, студенттерге ғана емес, жалпы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын қазына болып табылады.

 

Қуат ҚИЫҚБАЙ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің ғылыми қызметкері