Абай ұлылығын тануға, танытуға деген ұмтылыс Абай өлген күннен бері әлі күнге тоқталмай жалғасып келеді. Осындай ниеттен туған еңбектердің бір парасы – «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығы. Бұл кітаптарды баспаға дайындаушы ғалымдар көптомдықтың маңызы туралы айтып берген еді. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды.
Абайтану ғылым саласы, оқу пәні ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қалыптасты. Абайтанудың ғылым саласы, оқу пәні ретінде дамуының барлық кезеңдерінде осы университеттің ғалым-ұстаздары ерен еңбек етті. Б. Кенжебаев, Т. Тәжібаев, X. Бекқожин, Т. Нұртазин, З. Қабдолов, Х. Сүйіншәлиев, Т. Кәкішев, Т. Қожакеев, Қ. Жарықбаев, А. Көбесов сияқты ұстаз-ғалымдар абайтану ғылымының М. Әуезовтен кейінгі дамуына зор үлес қосты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдебиеттанушы ұстаз-ғалымдары мен білім алушы жастары, жас ғалымдары абайтану ғылымының дербес ғылыми-ақпараттық базасын жасауды қолға алған болатын. Бүгінде абайтану ғылымы саласында ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терабайт көлеміне негізделген үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) дербес ғылыми-ақпараттық базаның негізі қаланды. База қазіргі шақта сынақ үстінде. Бастапқы нәтиже жақсы. База ТМД елдерінің ғылыми ұйымдары мен мекемелерінің 566 ғылыми-ақпараттық ресурстарының алғашқы ондығының қатарынан орын алады. Негізгі тұтынушылар – мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарында білім алушы жастар. Тұтынушылардың географиясы әртүрлі: алыстағы ауылдан бастап, бүкіл дүниежүзі елдерін қамтиды.
2015-2017 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының сайтында абайтану ғылымы бойынша жинақталған ресурстар толықтырылып, «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығының 20 томы жарыққа шықты. Келесі 10 томы баспаға дайындалуда. Олар Абай институтының сайтында арнайы айдармен беріледі.
2015-2017 жылдар көлемінде «Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» ғылыми жобасы аясында орындалуға тиісті міндеттердің бірі абайтану ғылымының дербес ғылыми-ақпараттық базасының негізін жасау болатын. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығын дайындау осы міндетті іс жүзіне асыру мақсатында қолға алынған.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының бірінші томы Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай туралы сөз» трактатымен ашылды. Басылымның Х-ХХ томдарында Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, З. Ахметовтің, А. Нұрқатовтың, Қ. Мұхамедхановтың, Л.М. Әуезованың, Т. Әлімқұловтың, М. Мырзахметовтің, Р. Сыздықованың және басқа зерттеушілердің еңбектері берілген. Көптомдықтың тобында «Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» жобасы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері бірнеше том көлемінде жарық көрді. Оларды абайтану ғылымының бүгінгі жетістіктерінің айтарлықтай көрсеткіші деуге болады. Абайтану саласында қазақ ғалымдарының қазақ тілінде жазған еңбектерінің бірқатары жинақталды. Абайтанушылардың кейінгі буынындағы зерттеуші-ғалымдардың еңбектері осы басылымда жинақталады. Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тіліндегі еңбектердің қоры да аз емес. Бұл орайда жинақталған таңдамалы еңбектер де 30-35 том шамасында. Шетел тілдерінде жазылған еңбектердің де өз орны бар. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымы – еліміздің ұлттық рухани құндылықтарының дербес қоры. Ол ұдайы толықтырылады, байытылады және қоғамның рухани жаңғыруына қызмет етеді.
Ләйла МҰСАЛЫ, Пазылхан БИСЕНБАЕВ, Бақытқожа БАЯЗИТОВ,
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығын баспаға дайындаушылар.
«Қазақ әдебиеті» газеті, 20.10.2017