М.ҚАЙРАМБАЕВА: АБАЙ АЛАҚАНЫНЫҢ ТАБЫ ҚАЛҒАН

(Музей қорындағы Абай жәдігерлері)

1940 жылы сәуір айында Семей қаласында Абай Құнанбайұлының музейін ашу туралы қаулы қабылданған уақыттан бастап жәдігерлер жинау жұмысы шұғыл басталған еді. Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов музейге қызметке алынып, Абай туыстарының, ұрпақтарының, замандастарының қолдарында сақталған ұлы ақынға қатысы бар заттар жинала бастады. Заттық жәдігерлермен қатар Абайды көзі көрген адамдардың естеліктері, ақын шығармалары қағазға түсіріліп, музей қорына қабылдау жұмыстары да қолға алынды. Азғантай уақыт ішінде музей экспозициясы жасалып, 16 қазанда музей өзінің алғашқы көрермендерін қабылдады. Бұл Қазақстан жерінде ашылған тұңғыш әдеби-мемориалдық музей еді.

Бүгінгі таңда музей қорында барлығы 20 791 экспонат бар десек, оның 11797 - негізгі қорда, 8994- қосалқы қорда. Солардың арасында екшеп алар құндыларымыз, Абай Құнанбайұлына тікелей қатысты жәдігерлер де бар.

Оларды айта кететін болсақ:

- Абайдың бейнесі бар екі фотосуреті. 1896 жылы балалары Ақылбай және Турағұлмен түскен фотосуреті және 1903 жылы отбасымен түскен фотосуреті;

- П.Д.Лобановскийдің ақынның көзі тірісінде қарындашпен салған портреті;

- Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған  хаты;

- 1885 жылы Н.И.Долгополов арқылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттар (жалпы саны -17);

- Москва, Ленинград, Омбы, Том, Қазан қалаларының және Қазақстан мұрағаттарынан табылған Абайдың өмірі, атқарған қызметі, туыстық және өнер айналасына қатысты архив деректері;

- Абай оқыған медресенің араб, түрік, шағатай тілдеріндегі кітаптары.

Қазіргі таңда Абайдың бейнесі сақталып қалған екі фотосурет қана белгілі. Сондықтан да осы екі фотосуреттің тарихта алар орны бөлек. 1896 жылы Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай мен Әйгерімнен туған Турағұлмен түскен фотосурет музей қорына түскен алғашқы жәдігерлердің бірі. Семей қаласындағы Н.Кузнецов деген фотограф түсірген бұл фотосуретті Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Мұхтар Әуезовтен алып келген екен. Өлшемі: 9х13см.

Ал екінші фотосурет 1903 жылы киіз үйдің ішінде түсірілген. Фотосуретте Абай, ұлдары Мағауия мен Турағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежан бейнеленген. Бұл фотосурет те музей қорына Мұхтар Әуезов арқылы 1959 жылы келіп түскен екен.  

Музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен гөрі тарихи құндылығы басым жәдігерді атап өтуіміз қажет. Ол – Абайдың көзі тірі кезінде салынған портреті. Портреттің авторы Семейге саяси қуғынға айдалған Павел Дмитриевич Лобановский. Дондағы Ростов қаласынан «саяси сенімсіз» ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген болатын. 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семей қаласында тұрды. Ол Абаймен өзі сияқты саяси сенімсіздер арқылы танысып, араласып тұрды.

П.Д.Лобановский кәсіби суретші болмаса да, жергілікті тұрғындардың портреттерін салып жүрген. 1887 жылы Уралда өткізілетін өндірістік сауда көрмесіне «Семей облысы қазақтарының типтері» атты портреттер топтамасын дайындағаны белгілі. Осы топтамада «VІ» цифрімен белгіленген сурет – Абайдың портреті. Лобановскийдің қазіргі уақытқа дейін 7 суреті сақтаулы, солардың бірі – ұлы ақынның қарындашпен салған портреті. Уақыттан сарғайған қалың қағазға жай ғана қарындашпен салған портреттің маңызы өте зор, себебі, ол Абайдың көзі тірі кезінде салынған бірден бір портрет.

Көптеген жылдар бойы жиналған музейдің қолжазбалар қорында  800- ден аса дерек көзі сақтаулы. Біз үшін Абайға, оның заманына қатысты әрбір дерек өте қымбат, баға жетпес асыл қазына болып табылады. Соның ішінде Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хатын ерекше атап өту қажет.

Абай музейінде сақтаулы Мұсахан Балтақайұлы қолжазбаларының ішінен бұл хат 1997 жылы араб графикасынан қазіргі әріпке аударма жасау кезінде табылған.

Мұсахан Балтақайұлы Тобықты ішінде Көкше руынан. Өз заманында Абай Көкше Бозанбай балаларына қамқорлық көрсетіп, үйлендіріп, үлкендеріне бес жаста әкеден жетім қалған Бозанбай шөбересі Балтақайды тапсырып, сөйтіп ұмытпас жақсылық жасапты. Бозанбайдың төртінші ұрпағы Мұсахан Балтақайұлы 1929 жылы Қытайға өтіп, 1956 жылы Отанына қайтып оралған.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Абай немересі Әубәкір Ақылбайұлының өлеңдері, өзінің өмір жолы туралы араб графикасымен жазылған жазбаларын Абай музейінің директоры Т.С.Ибрагимовке тапсырған. Бірақ сол жазбалардың ішінде Абайдың өз қолымен жазылған хаттың бар екендігін айтпаған екен.

Абай хаты ол кісінің қолына кімнен, қашан түскені жайлы деректер жоқ. Бірақ әкесі Балтақайдың Абай немересі Әубәкірмен араласта болғанын Мұсахан өз жазбаларында айтады.

Хат жұқа ақ қағазға жазылған. Түпнұсқа. Жоғарғы шетінің оң жағы, орта тұсының сол жақ шеті және төменгі шетінің сол жағы  ұзақ сақталуға байланысты сынып, жыртылып қалған. Қуанышқа орай, Абай хатының дені жақсы сақталған.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Семей қаласындағы 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қорын экспонаттармен толықтыруға көмектескені белгілі. Өз уақытында, өз заманында музейдің маңызын түсініп, болашақ ұрпақтарға зор тәрбиелік мәні бар, қазақ даласына бейтаныс жаңа бастаманы қолдап, атсалысты.

1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Иванович Долгополов жаз айларында Абай ауылына барып, сонда екі айдай болып қайтады. Қайтып келгенінде ол Семейдегі өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам нәрсе тапсырыпты. Бұл заттардың барлығы Абай ауылынан әкелінген заттар еді. Ол туралы музейдің сол кездегі тіркеу журналына да жазылып, баспасөз бетіне де шыққан болатын. Сол жазбалардағы тізім бойынша қандай заттар екені анықталды. Бұл тізімді қарап отырсақ, заттарды арнайы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен жан-жақты хабар беретіндей, ғылыми тұрғыда жүйелі таңдалғаны көзге түседі. Олар үй-ішінің жабдықтары: асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ; қару-жарақтар: айбалта, найза, шоқпар. Ұста саймандары: көрік, төс, қысқаш. Музыка аспаптары: қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра. Қазақ ауылында сүттен даярланатын тағам түрлері, тіпті қара сабынға шейін бар. Бұлардың барлығы қазақ халқының этнографиялық болмыс-бейнесін көрсетуді мақсат етіп, жүйелі түрде жинақталған экспонаттар.

1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған еді. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген еді. Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған». Осы ізденістің нәтижесінде келесі, 1964 жылы қыркүйек айында Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і ақынның өз музейіне берілді. Қазіргі уақытта бұл экспонаттар Абай музейінің баға жетпес асылдары қатарында.

Кісе белбеу. Ұлы ақын тапсырған заттар туралы өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында осы кісе белбеуді кім берген деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинскаго уезда» деп жазылған екен. Белбеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.

Белбеудің өзінде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әртүрлі пішінде жасалған: төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді.

Кісенің биіктігі 18 см жарты шеңбер пішінінде жасалған. Кісенің жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген металл әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызшалар орнатылған. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан.

Құрсауланған кесе. Қазақ даласында фарфор жасау өндірісі болмаған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың сынғаны болса лақтырмай, оларды әлі де қолдануға мүмкін болатындай етіп, құрсаулап жөндеп алуды қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген. Қазіргі уақытқа дейін сақталған кесенің сыртында: «Разломанная китайская чашка, починен. по киргизскому способу. Этногр. отд. №79» деп  жазылған. Демек, музейге жәдігер жинаған Н.Долгополовқа осы жөндеу шеберлігі қызықты болған.  

Кесенің бір жақ шеті 4 үлкен, 1 кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімденіп қойылған.

Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей әсер аласыз, себебі, ұста металды кесенің жиегіне соншалықты шебер жапсыра білген. Бір-бірімен қосылмастай екі дүниені біртұтас зат ете білген белгісіз ұстаның шеберлігіне таңдай қағып, бас имеу мүмкін емес.

Асатаяқ. Асатаяқ – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты ертеде абыздар мен бақсылар қолданған.

Қазақстан музейлерінде сақталған асатаяқтардың ішіндегі көнесі деп музыка зерттеушілері біздің мұражайымыздағы асатаяқты атайды.

Асатаяқтың ұзындығы 128 см. Сабы жұмыр ағаштан жасалған. Аспаптың басы сопақша жапырақ пішінді, шеті ирек жасалған. Екі беті де әшекейленген. Бетінде ағашқа арнайы сегіз ойық жасалып, оларға жез қаңылтырдан жасалған өрнекті, оюлы әшекейлер, тастар орнатылған.

Сыбызғы. Сыбызғы - қазақтың үрлемелі көне музыка аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден де жасалады.

Ойылған ағаштан жасалған аспаптың ұзындығы 64 см. Ортасы ойылған екі ағашты бір-біріне желімдеп, алдымен жіппен орап, оның сыртынан малдың ішегі киілген. Бір жақ басының диаметрі -1,7см, екінші жағы – 2,2см. Үрлейтін жағынан арасы 5 сантиметрден 3 ойығы бар.   

Піспек. Піспек – қымыз пісуге арналған құрал. Піспек сабаның бойынан екі-ұш тұтамдай ұзын, төменгі жағына айқастыра бекітілген екі ағаш немесе төңкерілген тостаған тәрізді ағаш бекітіледі. Піспектің үлкендігі сабаның көлеміне қарай жасалады.

Кезінде өлкетану музейіне піспек жалғыз емес, сабамен бірге тапсырылып, сабаның сақталмай қалуы әбден мүмкін.

Піспектің ұзындығы 59см, төменгі жағы жарты сфера тәрізді ойылып жасалған. Піспектің жоғарғы жағы төрт қырлы үшкір жебе сияқты жасалынған. Піспек орта тұсынан кезінде қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанастыра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітілген.

Айбалта. Ұлы ақынымыз өлкетану музейіне тапсырған әр заттың қолданыста көп уақыт бойы болғаны бір қарағаннан-ақ көрінеді. Айбалта әшекейсіз, қара металдан жасалған, жүзі уақыт өте мүжіліп, сабы қолданыста көп болғандықтан ағашы жарыла бастаған.  

Айбалтаның ұзындығы – 98 см, жалманы – 7,2 см, жүзі бас жағынан мүжілген, шүйдесі – 10,9 см, жалманының ұңғысы жағынан өлшемі - 2,5 см. Сағағынан сынып кетпес үшін айбалта ұңғысының шүйде жағы ұзынырақ жасалған және екі жағынан да бекітпе темір орнатылған.

Айбалтаның сабында өлкетану музейінде жасалған «хр №425. этн.отд. №70» деген қара бояумен жазылған жазу сол күйінде сақталған.

Шоқпар. Абай тапсырған шоқпар қайыңнан жасалған. Ұзындығы - 86 см. Шоқпардың басы сопақша формалы. Өлшемі:12х7см. Сабының ұзындығы - 74 см, түбінен 6 см мөлшерде ағашта бүлдіргі өткізу үшін арнайы тесік жасалған, бірақ бүлдіргісі сақталмаған. Шоқпардың сағағы - 4,5 см, сабы түбіне қарай жіңішкерген.

Абай Құнанбайұлының өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлерді Семей қаласындағы Бас экспозиция залдарынан және Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі экспозициясынан көруге болады.

Музей қорында Абай оқыған имам Ахмет Риза медресесінің шатырынан табылған 250 кітап сақтаулы. Бұл кітаптар алуан түрлі тақырыптарды қамтиды. Діни кітаптармен бірге әлем тарихы, география, астрономия, математика, биология, анатомия, тіл-әдебиетке байланысты оқулықтар, шығыс ақын-жазушыларының шығармалар жинақтары да кездеседі.

Қор құрамында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығының белгісіз болып келген талай беттерінің сырын ашуға көмектескен архив деректерін жеке бір қазына деп атауға болады. Москва, Ленинград, Омбы, Том, Қазан қалалары мен Қазақстан мұрағаттарынан табылған архивтік құжаттар ұлы ақын мен оның туыстық айналасы жайлы көптеген мағлұмат алуға көмектеседі.

Ұлы тұлғалардан қалған баға жетпес асыл мұраларды қаз-қалпында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – музей қызметкерлерінің абзал борышы.

 Абай мұражайындағы өзге де құнды жәдігерлер


Абайдың ері

ағаш құты

қымыз тегене

сандықша

табақ

торсық және құты

шыныаяққап


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мұхамедханов Қ. Абайдың қосқан үлесі, «Ертіс» 1963 жыл 8 қыркүйек.

2.Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы. Алматы: Ана тілі, 1993.

3.Бейсенбаев М. Абай және оның заманы. Алматы: Жазушы; 1988.

4.Қалиолла Ахметжан. Қазақтың дәстүрлі қару–жарағының этнографиясы. Алматы: Алматыкітап, 2006.

5.Абай мұражайы қорының сипаттамасы (жолкөрсеткіш).- Семей.- Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы, 2011

М.С. Қайрамбаева

Абай мұражайы директорының ғылыми

жұмыстар жөніндегі орынбасары