Айтжамал САҒАТБЕКҚЫЗЫ: ШӘУКЕН САҚТАП ҚАЛҒАН ФОТОСУРЕТ

Ардақты, арлы атадан,

Айтулы ұл тумаса,

Үміт жоқ онда баладан,

Ата жолын қумаса!

Бұл өлең жолдарын жазған ұлы тұлға – әкесі Шәкәрім рухы алдындағы перзенттік парызын адал атқарған асылдың сынығы Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев.

Біздің қолымызда Ахат атаның 1957 жылы өз қолымен толтырылған төлқұжаты. Мұнда 1900 жылы 10 шілде Семей облысы, Шыңғыстау (Абай) ауданында туғандығы көрсетілген. 1922-1927 жылдар аралығында Семей пед.техникумын бітіріп, 2-3 жыл өз елінде бастауыш мектеп мұғалімі болып істейді.

Мұнан кейін 3-4 жыл (1929-1934) аралығы көрсетілмейді. Өзінің жазған естеліктерінен, айтуынан бұл жылдарда бүкіл Құнанбай әулеті басына қайғының қара бұлты үйіріліп, қамау, тергеу, абақты айдау басталғанын білеміз. Шәкәрімнің бар балалары, немересі өзімен бірге бірінен соң бірі абақтыға қамалады. Ең алдымен, Ахат қамауға алынып сотталады. Жазықсыз жапа шеккен жандардың көрген қорлықтарынан жан түршігеді. Түрмедегі ауыр азапқа шыдамай Ғафур өзіне қол жұмсап қайтыс болады. Баласы Баязит те дәл осындай жағдайды қайталайды. Қабыш деген інісі түрмеден шығып, елге қайтар жолда аштықтан өледі. Зият Қытайға өтіп, сол жақта қайғылы қазаға ұшырайды. Бүкіл аға-бауыр, аяулы әкесінен айырылып, қайғыдан қан жұтып Гүллар қалады, атақты «Гүллардың әкесін жоқтауы» өлеңімен таныс шығарсыздар деп ойлаймын. Жалпы Шәкәрімнің барлық балалары дарынды болған. Өлең, ән шығарған.

Ахат түрмеде жатын бірге туған бауырларының аянышты тағдырын, әкесінің ГПУ қызметкерлерінің қолынан айуандықпен қаза тапқанын естиді. Шәкәрімдей ұлы тұлғаға балаларынан, балаларына әкесінен бір уыс топырақ бұйырмауы қандай қасірет десеңші! Ал сүйегінің отыз жыл бойы иесіз құр құдықта жатып қалуы, бүкіл тарих алдында кешірілмес күнә екенін бәріміз білеміз.

Абақтыдан босап, республикамыздың басқа облысына жер аударылған Ахатқа «халық жауы», «бандиттің баласы» деген жалған айып тағылып, 1937 жылы қарашада Сібірге айдалады. Күндіз-түні тергеу, ұрып-соғу, азаптау. Мұндай қорлыққа шыдамаған ол «жақындарымнан жаным артық па?» деп өз жүрегіне өзі ине сұғады. Бірақ ине жүрекке жетпей, жолда көк етке тіреліп Ахат аман қалады. Өткен өмірінің куәсындай болған сол ине Ахат атамен о дүниеге бірге аттанды.

Ахат Шәкәрімұлының өзі айтуынша «құдайға қараған» бір адам себепші болып, 1939 жылдың 13 қазанда НКВД-нің Бурсинск (Бурлаг) теміржол құрылыс лагерінен босап шығады. Босап шыққандығы жөнінде №0477 құжат сақталған.

Айдалып, жер ауып жүрсе де Ахат ұлы Абайдың ең талантты шәкірті болған әкесінің асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, жинап жүрген. Жауыздық әрекеттердің құрбаны боларын сезгендей, қайткен күнде әкесінің асыл мұрасын жарыққа шығарудың жолдарын іздестіріп, баспа орындарымен келісім-шарт жасады. Қолында қалған әдеби мұра – аслы қазынаны құрып кетуден аман сақтау үшін (183 беттік 2 том қолжазба және көшірме) Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасының сирек қорына түпкілікті пайдалануға тапсырады. (Барлық құжаттар сақталған).

Бар мақсаты перзенттік борышын өтеп, жазықсыз жауыздықтың құрбаны болған әкесінің адал атын халқына қайтару, әдеби мұрасын жарыққа шығарту болады. Бұған Ахат Құдайбердиевтің 1957 жылы сол кездегі үкімет басшылары Н.С.Хрущевтің, К.Е.Ворошиловтың атына жазған өтініші айғақ. Онда Шәкәрімнің ұлы ақын Абайдың туысы, әрі ең талантты шәкірті екендігін, ешбір кінәсі жоқтығын, қайта артына әдеби бай мұра қалдырған тамаша ақын екендігін баяндайды.

Қазақстан Жазушылар Одағының сол кездегі хатшысы, белгілі қаламгер Ғабит Мүсірепов те жазықсыз жана шеккен қазақ зиялыларына қол үшін беруге тырысып, Шәкәрімнің талантын, білімділігін аса жоғары бағалап, оның тамаша туындыларын халық игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне пайдалану керектігін айтып, Қазақстан КП Орталық Комитетіне хат жолдайды. (Бұл да қолымызда).

1958 жылы 29 қазанда КСРО Мемлекеттік Қәуіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған «Шәкәрім Құдайбердиев ақталды» деген қуанышты хабар келді. Өлген әкесі тіріліп келгендей халде болған Ахат ендігі жерде Шәкәрімнің асыл мұрасын қайтадан жинауға батыл кіріседі. Елге келіп, халық арасында Абайға, Шәкәрімге қатысы бар дүниелерді іздестіріп, туысқандарымен кездеседі.

1961 жылы жауыздықтың құрбаны болып, 30 жылдан артық құр құдықта жатып қалған әкесінің сүйегін жалғыз өзі қазып, түгендеп, қайта арулап, Абай зиратының жанына жерлейді. Бұл жөнінде Ахат атаның өзінің жазған естелігі бар және осы оқиғаның тікелей куәсі болған ұлағатты ұстаз, шежіре апамыз Мінаш Әрхамқызының естелігінде де толық айтылған.

Алматы облысының Тастақ, Байсерке деген жерлерінде ұзақ жылдар (1939-1960) ұстаздық қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққан Ахат ата 1968 жылы өзінің еліне көшіп келеді.

Өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей болған туған халқы асылдың сынығы, Шәкәрімдей ұлы тұлғаның баласын зор құрметпен құшақ жайып қарсы алады.

Басынан қаншама азапты өмір өткізсе де бойынан тектілігі кетпеген, болмысы мықты, адамгершілігі мол Ахат ата елге келіп бос отыруды өзіне лайық көрмейді. Ұлы аталарының асыл қазынасын еркін ақтарып, ұрпақ кәдесіне жаратудың реті келеді. Жидебайдағы Абайдың мұражай үйінің меңгерушілігіне тағайындалады, содан өмірінің соңғы күндеріне дейін Абай мұражайының ғылыми қызметкері болып істейді.

Шәкәрім мұраларын жинақтап, реттей жүріп, мұражай қорындағы арапша жазылған өлеңдері, естеліктерді қазіргі тілге аударып, бірнеше дана етіп көшіреді. Үнтаспаға аса құнды естеліктер жазып қалдырады.

Ұлылықтың қайнар бұлағы – Абай, Шәкәрім мұраларының қыры мен сырын, түнсіз тұңғиық жырларын терең сезініп, жаңылмай жатқа айтатын Ахат Құдайбердиевтің өзі де жастайынан өнерге, өлеңге құштар болады. Табиғат берген таланты бар дарынды ақын көптеген өлең-поэмалар жазып, өлеңдеріне ән шығарады. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. Республикалық ақындар айтысына үнемі қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 1977 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Шұғыла» атты жинаққа бірнеше өлеңдері енгізіліп, 1973 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қазына» атты музыкалы-этнографиялық жинаққа басылды.

Ахаттың қай өлеңін алсақ та онда үлкен философиялық ой, өмір шындығы жатады. Ахат атаның тол туындыларын зерттеп, зерделеу – біздің алда тұрған үлкен міндетіміз. Бұл үлкен дүние бізге аманат.

Данышпан Абайдың немере інісі, Шәкәрімдей ұлы тұлғаның туған баласы Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев 1984 жылы қайтыс болды. Ұзақ өмірінде басынан қилы-қилы заман өткізіп, есеңгірете соққан қара дауылдардан емен қарағайдай аман қалған қайратты қарттың морт сынуына жалғыз ұлы Фзулидің қазасы себеп болған сияқты.

1986 жылы белгілі абайтанушы ғалым, заман ағымына қарамастан сонау ерте кездің өзінде Шәкәрім жөнінде талай құнды деректер жазған Қ.Мұхамедхановтың басшылығымен арнайы комиссия құрылып (Қ.Мұхамедханов, Т.Ибрагимов, Т.Досаев және т.б. туыстары), Ахат Құдайбердиевтің жеке әдеби қоры есепке алынып, толық тізім жасалынады.

Ұлылардан қалған асыл мұраның ұрпақ игілігіне қажеттілігі, туыстық жақындығы ескеріліп, әрі Ахат атаның 1984 жылдың 26 маусымында жазған өз өсиеті бойынша Абай мұражайының негізгі қорына қабылдауға шешім қабылданды,

Нәтижесінде – 36 құжат және олардың көшірмелері, 51 қолжазба-шығармалар (поэма – 7318 жол; өлең – 25431 жол; прозалық Шәкәрімнің жалғыз фотосуреті – түпнұсқа) бұл суреттің сақталу тарихының өзі үлкен бір әңгіме), басқа да фотосуреттер, кітаптар «Дубровский», «Мұсылмандық айнасы», «Ләйлі-Мәжнүн» және т.б., мемориалдық заттары, орден-медальдары («Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері), грамоталары Ахат атаның бәйбішесі Бәтима апаның өтініші негізге алына отырып, мұражай қорына алынды.

Қорға қабылданған күннен бастап бүкіл коллекция-мұра мұражай директоры Т.С.Ибрагимовтың тікелей басшылығымен толық әдеби өңдеумен өткізілді. Ғылыми қордағы ұлы тұлға Шәкәрімде, оның табиғатынан талантты ұлы Ахат ағаға қатысты дүниелерді қарап, ұстап отырып, мынау пәлен деп бір ауыз сөзбен айта салу мүмкін емес. Себебі, әрбір сурет, әрбір құжат, кез-келген өлең поэмалары тұнып тұрған тарих, қасиетті адамдардың қасіретке толы өмірі. Солардың ішінде аса құнды дүниелердің тек кейбіріне тоқталайын:

Шәкәрім қажының 54 жасында түскен жалғыз фотосуреті (түпнұсқа суреттің сыртында қажының өз қолымен жазған жазуы беріліп отыр). Бұның сақталынып, бүгін біздің қолымызға жетуінің үлкен тарихы бар.

Шәкәрім атылғаннан кейін НКВД жауыздары енді оның қолжазбаларын құртуға әрекет жасап, өртеуге бұйрық береді. Абақтыда от жағушы Шәукен (Оразғали) Әбдуәлиев (1904-1978) деген мылқау-мүгедек адам бұрқыраған қағаздардың арасынан Шәкәрімнің фотосуретін көріп, қойнына тығып алады. Содан жиырма жылдай сақтап, Ахат атаның қолына тапсырады. Өзі аталас туыс болып келеді.

Сол уақытта басып қатерге тіккен осы бір асыл жанның ғажап ерлігіне таң қала отырып, рухына бас иеміз.

Ахат ата өткізген тарихи мұраларымен бірге Шәкәрім әндерін тұңғыш орындаушы, сүйінші әншіміз Келденбай Өлмесековтің орындауындағы, Ахат атаның туған інісіндей болған сазгер-әнші Арғынбек Ахметжановтың үнтаспаға жазылған дауыстары, Қ.Мұхамеджановтың, Н.Алдажаровтың, Шәкір Әбеновтің, Т.Ибрагимовтің, М.Бейсенбаевтың, М.Алиакпаровтың, Т.Мусиннің, М.Әрхамқызының естеліктері бір төбе.

Мен бұлардың арасында Абайдың, Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына, туыстық өнер айналасына тікелей қатысы бар естелік-әңгімелеріне тоқталмаймын, бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жатыр. Абайдың ақындық мектебі мен өз әкесі Шәкәрімнің шығармашылық дәстүрімен жазылған Ахат атаның өзінің бірнеше өлеңдерін (1922-1961 жылдар аралығында жазылған) атап кеткім келеді. Олар: «Мисақ», «Керімбала-Айсұлу», «Ақын өрісі», «Сел», «Күй»,  «Аштық азабы», «Тайгадан», поэмалары, «Абай қорасы жанында», «Қарттың өлімі», «Құдық», «Шәкәрім туралы» және т.б. өлеңдері, «Құнанбай», «Абай» туралы естеліктері.

«Артқыға белгі қалса егер,

Өкінбес едім өлгенге.

Өшпес едім құр бекер,

Жарығым түссе көргенге», -

деп арман еткен Ахат атамыздың сәулелі ойы бүгін ұрпағының жүрегіне шуағын құйып, жарығын төкті. Сол жарықтың мәңгілік екеніне сенім мол.

Айтжамал САҒАТБЕКҚЫЗЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері.