Біздің жастарда "Абай - орысшыл" деген де ұшқары пікір бар.
Бұл - қателік. 25-қарасөзді дұрыстап оқу керек".
Төкен Ибрагимов.
"Алматы ақшамы" газеті,
№93. 8-тамыз, 2009 жыл.
Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қарасөздері – зор теңіздегі жел айдаған қайықтың күйін кешкен қазақ деген халықтың қос ескегіндей болды. Хәкім сөзінің әлі де қасаң тартпайтынын һәм қуыс-тасада жатпайтынын, жылдар жылжып, айлар озса да, құнын қанша сақтайтынын айқындайтын – уақыт болса, пайымдайтын – халық.
Өлең сөздің шебері Мағжан ақынның:
«Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес», - деп баға беруі соның дәлелі. Абайдан соң қазақ руханиятының алып қағанатына айналған алаштықтар әр кезде де Абай сөзіне жүгінді. Асылдың құнын ұғынды.
Біз сол Абай мен алаштықтардың арасындағы алтын көпірге айналған бір өсиет сөзі хақында ой өрбітеміз.
Ол – Абайдың «Жиырма бесінші қара сөзіндегі»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрi орыста тұр» [1.161 б], - деген сөз.
Өкінішке қарай, хәкімнің сөзін бүгінгі күні әркім әрқалай тәпсірлеп жүр. «Абай «Жиырма бесінші қара сөзінде» «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрi орыста тұр» деп айтты. Ол орыстың сойылын соғушы», - деп те пәлсапа соғып жүр. Бір қызығы, олар дәл осы сөйлемнен кейінгі: «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек», - деген сөзге жете мән бермейтін сияқты.
«Егер Абай: «Өнер-білім – орыста» десе, сол заманда ол да Айдай ақиқат болатын. Әрине, ұлы ақын дүние жүзін түгел аралап көрген жоқ. Алайда ол кезде қазақ даласымен іргелес жатқан елдер ішінде өнер-білім, өркениет жағынан дәл Ресеймен терезе теңестіретін жұрт жоқ еді. Абай заманында орыстар өзінің алтын ғасырын бастан өткізіп жатты» [2.292-293 бб].
Абай орыстың өнерiн, тiлiн үйрен деумен қатар, орыстың зарарынан қашық болу керек деп те айтып тұр емес пе?! Керегiңдi үйрен, керексiзiнен жирен.
Ұлы – Әбдiрахман көз жұмғанда Абай:
«Ортасында кәпiрдiң
Арамынан татпаған» [3.234 б], - демеушi ме едi?! Яғни, орыстың ортасында – Санкт-Петербургте оқып жүрсе де, баласы – Әбдiрахман олардың зарарынан қашық болды. «Орысша оқу керек. Зарарынан қашық болу керек» деген әке өсиетiн орындай бiлдi. Құнанбай заманында-ақ қылыш пен найзаның күні өткен. Енді жаңа қарудың «тілін» білу керек. Шындығында, қазақтың ұтылып тұрған жері де осы болатын. Сол үшін де Әбіш артиллерия оқуын бекер таңдаған жоқ. Орыстың озық өнерін үйренгісі келді. Алайда орыс империясы қазақтардың ойын аңғармай қалған жоқ... Бұл мәселеге араласқан қазақтар «тұсап ұсталды». Ол – шындық.
Әттең, жүрегіне ұлт қамы ұялаған Әбдірахман жастай қайтыс болмағанда, ол да Алаш қозғалысы көсемдерінің бірегейі болмас па еді?!
«Абай жолы» (үшінші кітап) романындағы басты кейіпкер – Абай мен Әбдірахманның диалогында да болашақ «қазақ оқығандары» туралы әңгіме болмаушы ма еді?! Сонда Абай: «Қараңғы сахарасына жарық сәуле әкелер, алғашқы адал буын сен болармысың!» (216-бет) деп үміттенбеуші ме еді?!. Тірі тұрса, Абай айтқан «жаңаның басы» - Әбдірахман «халық қамын ойлап, өсиет таратып» (347-бет) сәуле шашпас па еді қазаққа?! (Ғ.Есімнің «Кемеңгер Мұхтар» кітабынан алынды) [4.180-191 бб]. Бір кем дүние.
Абай орыстар дүниенiң тiлiн бiлдi, сен де оның тiлiн бiлсең, көкiрек көзiң ашылады дейдi. Көп уақыт өтпей-ақ, хәкiм Абайдың бұл айтқандары тура келедi. Яғни «Әрбiреудiң тiлiн, өнерiн бiлген кiсi оныменен бiрдейлiк дағуасына кiредi» [5.162 б]. Әйтпесе, сол кезде қазақ Ресей империясына бағынып тұрды, есебі жоқ алым-салық төлеп, тоналып, жем болды. Неге? Мұның бәрі де – тең дәрежеде болмағанымыздан. Ал осындай қауiптi жолайырықта тұрып орыс тiлiн бiлмесең, онымен еркiн сөйлесе алмасаң, мүлдем қапы қалмайсың ба?!
«Билік – орыстың қолында, яғни орыс тілін үйрену аса қажет. Бұл – Ресей әкімшілігіне жем болмаудың, қор болмаудың бір жолы. Тілін білмеген соң, сен олармен қалайша тең сөйлеспекшісің? Тілін, өнерін меңгеру – заман қажеттілігі» [6.101 б], - болатын.
Шоқанның бір кезде айтқан: «...қазақтар тергеу кезiнде орыспен қатар заңды бiлмейдi, бiле алмайды. Орысша бiр ауыз сөз түсiнбейтiн қазақ «орыс заңын бiлмеймiн» деп, ауыз аша алмайды» [7.142 б], - деген сөзі таза шындық. Мiне, көрдiңiз бе, бұл жайт - Абай заманында да Ресейдің қол астында тұрған қазақтардың басында қайталанатын орыспен тең дағуаға түсе алмау мәселесi еді.
Ал Абай айтатын «кейiнгi толқын – iнiлер» - алаштықтар сол алып империяны өздерiмен санастыра білді. Өйткенi олардың «көкiрек көзi ашылды» - «орысша оқу керек» деген Абай сөзiн орындады. Нәтижесiнде өздері де орыстың мықтыларымен «бiрдейлiк дағуасына» кiрдi. Алашорда Үкіметін құрды. Алаштықтар шын мәніндегі Азаттыққа ұмтылды. Әлихандай бір кемел – ұлттың ұстыны болды. Алаш қағанаты деуіміздің бір себебі осында еді.
Абай бұлағынан қанып ішіп, көзі ашылған алаштықтар Абайды насихаттап өтті, пір тұтты. Хәкім жайлы мақалалар жазды, тұңғыш кітабын шығарды, «Абай» журналын шығарды, абайтану ғылымын қалыптастырды.
Абайды ең алғаш 1903 жылы орыс оқырмандарына таныстырған – Әлихан Бөкейхан. Бұл жайында абайтанушы Қ.Мұхамедханұлы (ғалым П.П.Семенов-Тян-Шанский мен акад. В.И.Ломанскийлердің редакциясымен жарық көрген) «Россия. Біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы»атты көптомдық кітаптың 18-томы қазақ тарихына арналып, «Киргизский край» деп аталып, 1903 жылы Петербургте басылып шыққан (кітапты жазуға А.А.Сидельников, Л.П.Осипова, Ә.Н.Бөкейханов, С.Д.Чадов, Н.А.Бородин, Т.Т.Белоногов, В.П.Семенов, П.Н.Столяпинский қатысқан) аталмыш жинақтың 2-бөлімінің (136-292-беттер) «Қырғыз аймағының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» деген 4-ші және «Қырғыз аймағының территория бойынша орналасу тәртібі және оның этнографиялық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті»деп аталатын тарауларында Әлиханның Абайға қатысты: «Енді қырғыз (қазақ – ред.) поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі ретінде Құнанбаевты – формасы жағынан (әсіресе топтағы бейнелеуде арынды көптеген өлеңдердің авторы деп атауға болады. Осы автор «Евгений Онегин» және Лермонтовтың көптеген өлеңдерін (қырғыздарға түсініктілеулерін) жақсы аударған, сондықтан да Семей әншілерінің аузынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін тыңдауға болады», -деген пікірлеріне тоқтала келіп: «Абайды көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов» [8.166 б], - деп баға берген болатын.
Бұдан кейін де Абайды әдебиет жүзінде орыс халқына талмай танытқан Әлихан Бөкейхан (1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде және 1907 жылы «Запиский Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического Общества». Выпускь ІІІ-й» атты жинақта). Ұлт көсемі – Әлихан Абайдың өз туындыларымен қатар орыс тілінен аударған өлеңдерін кітап етіп шығаруға ұмтылды.
Бұл жайында Ә.Бөкейхан 1907 жылы өзі жазған «Абай (Ибрагимь) Кунанбаевь» атты некрологында: «Оригинальныя сочиненія Абая и его переводы изь Пушкина (отрывокь изь «Ев.Онегина»), Лермонтова и Крылово собраны его сыномь Туракуломь и вь непродолжительномь времени будуть изданы Семипалатинскиимь Подьотделомь Им. Р.Географ. Общества подь редакціею А.Н.Букейханова» [9.8 с], - деп алдағы атқарылар іс жайынан хабар береді.
Ал Абай кітабы Әлиханның бастамасымен шыққанын Міржақып Дулатұлы «Абай» атты мақаласында: «1909 жылы Абайдың балалары мен һәм інілерінің разылығымен һәм Ғалиханның әжетімен Абай кітабы Петербургте Бураганский баспаханасында басылып шықты» [10.70 б], - деп шегелей түседі.
Ал енді Абайдың орыс халқы турасындағы ойына келейік, мұны әрі қарай Алаш арысы – Жүсiпбек Аймауытов былай жалғастырған болатын:
«Орыстың жақсы жағын жаттауға елiктеу - дұрыс та, кәпiрлiгiн, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеунiктiгiне елiктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрiсiн, үй iшiн жат түрге салып, қазақтықтан қашыртуға елiктеу - үлкен мiн, кемшiлiк. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетiп, сақ болуы керек» [«Абай» журналы, 2-қазан, 1918 жыл].
Абай орыстың жақсылығына асық бол, зарарынан қашық бол дедi. Ал Жүсiппек «Абай» журналында бұл ойды ары қарай ашып, тарқатып бердi. Ешқайсысы орысқа елікте-солықта деп отырған жоқ. Пайдасын ал, зиянын таста деп отыр. Бұл – ұлылар ақыл-ойының үндестiгi. Заманың - түлкi, тазы болып шалмасаң, әрине, дұшпаныңа жем боласың. Жем болмас үшін, кем болмас үшiн тілін, өнерін үйрен. Оның үстiне өзің сол елге бағынышты хәлде отырсың, оның тілін үйренбесең - бар бiлiгiң желге ұшпай ма?!
Оның үстіне "1909 Дала уалаятының генарал-губернаторы Шмидт Ақмола, Семей облыстарында орыстың тілін білмеген, хатын танымаған қазақ болыс болмайды деген жарлық шығарып еді" [12.26 б].
Әлиханның: «Қазақтың қайбiр сайлауында орысша бiлмейтiн кiсi болыс болмайды деп бұрынғы болыс болып жүрген қадiрлi кiсiлердi жолда қалдырды» [«Қазақ», 1913, №15], - деп ашынатыны сол.
Және соның тағы да бір дәлелі: Ш.Қосшығұлов І Мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланғанымен, кейін оның орыс тілін білмейтіндігі белгілі болып, «Мемлекеттік Думаны сайлау ережесінің» 55-бабына сәйкес келмегендіктен облыстық сайлау комиссиясы Ш.Қосшығұловқа байланысты сайлау қорытындысын бекітпей тастаған [14.49 б].
Ал осы кезде саяси сахнаға – бұрынғы қазақ би-шешендері емес, әр елдің өнерін, тілін жетік білген Алаш арыстары көтерілді. Бұл – заңды да. Әлде, Алаш ұлтшылдары да: «Жоқ, тілін, өнерін үйренбеймiз!» - деп теріс қарауы керек пе еді?! Жоқ, мұндай таңдау - қазақ мүддесiне пайдалы емес. Алаш көсемдерінің бірі – «М.Дулатов және оның серіктестері Патша үкіметінің қатал сыншылары болды, алайда орыс халқына жаулық көзқараста болған жоқ, ұлтаралық наразылықты қоздыратын сөздер айтып, әрекеттерге барған жоқ. М.Дулатов әлемдік өркениетке Россия арқылы жетуге болады деп есептеді және соған сенді» [15.61 б].
Сондықтан да Міржақып «Насихат ғумумия» атты толғауында:
«Орысша білмек қазаққа бек ләзім,
Руссияда болған соң біздің тұрақ.
Сусыныңды бар дағы қандырып қал,
Мысалы ғылым жатқан ағып бұлақ», - деп халыққа орысшы оқып, ғылымына бас қоюды насихаттайды [16].
1909 жылы шыққан "Оян, қазақ!" кітабының "Сөз басында" М.Дулатұлы:
"Екінші, дүниемізде қажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды сақтау үшін, басқалардан қорлық көрмес үшін орысша оқып һүнерлі болалық. Орысша білмегендіктің зарарын білу фарыз дәрежесінде қажет екендігін, міне, мұнан байқаңыз: Руссия мемлекетінде жүз қырық миллионнан артығырақ халық бар, һәммәсі жүз тоғыз тілмен сөйлейді, соның ішінде үстін (үстем) тіл - орыс тілі, күллі хүкімет мекемелеріндегі жұмыстар орыс тілінде болады, закондар һәм солайша" [17.25-26 бб], - деп жазады.
"Абайды оқы, таңырқа" деп өткен Алаш ақыны - Сұлтанмахмұт Торайғыров та "Өмірімнің уәдесі" есімді өлеңінде:
Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен, - деп, орыс тілін білу керектігін жете ұғынады [18].
Осыны жан-тәндерiмен түсiну - Алаш арыстарының саяси сахнаға көтерiлуiне жол ашты.
Алаштықтар Абайдың осы «Жиырма бесінші қара сөзіндегі»:
«Қазаққа күзетшi болайын деп, бiз де ел болып, жұрт бiлгендi бiлiп, халық қатарына қосылудың қамын жейiк деп ниеттенiп үйрену керек» [19.162 б], - деген өсиет-аманатын Ту қылып ұстады. Шен үшін, шекпен үшін қызмет қылмады. Оқыған Алаш элитасы Патшалық Ресей Думасында да сол орыстармен қатар отырды. Қазақ халқының тағдырлы мәселелеріне араласты. Мәселен, сондай Алаш қайраткерлерінің бірі – «Бақытжан Қаратаевтың ІІ Мемлекеттік Думаның 1907 жылы мамырдың 16-сында өткен мәжілісінде сөйлеген сөзін ерекше атау керек. Өзіне берілген 10 минут ішінде столыпиндік аграрлық реформаны, оның негізгі бағыттарының бірі – Орталық Россиядан Қазақстанның далалық облыстарына орыс шаруаларын жаппай көшіру ісін әшкерелеп, мұны Қазақстан мен Орта Азияны отарлауды күшейтетін және жергілікті халықтарды тонауды шырқау шегіне жеткізетін мемлекеттік саясат ретінде айыптады»* (* - Государственная Дума. Второй созыв. Стенографические отчеты 1907 год. Сессия вторая. Том ІІ (заседания 31-35). Спб. 1907) [20.50 б].
«Б.Қаратаевтың Патша үкіметінің аграрлық саясатына берген батыл да әділ бағасы Мемлекеттік Думаның депутаттарына ғана емес, көпшілік қауымға да үлкен әсер етті. Бұл туралы әртүрлі саяси партиялардың газеттері өз пікірлерін жазып, кейбір саяси қайраткерлер де ойларын білдірді. Дәл сол кезде қазақ саясаткері большевиктердің көсемі В.И.Лениннің назарына ілікті»* (* - Ленин В.И. Социал-демократияның 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясындағы аграрлықпрограммасы. Шығармалар толық жинағы, т. 16. 419-б) [21.51 б].
Совет тұсында да Алаш арыстары Ленинге еркiн кiрiп, тең сөйлесіп, өз ойларын орысша дәлелдеп тұрып, қазақтың шекарасын шегендеттi.
Бұл ойымызды алаштанушы ғалым Шерияздан Елеукеновтің сөзімен сабақтасақ:
«Қай үкімет Қазақ автономиясын қолдаса, сол үкіметпен одақ құруды ұйғарған Алашорда үкіметінің тапсырмасымен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, қазақтың тұңғыш кәсіби математигі Әлімхан Ермеков Мәскеуге аттанды. Кеңес Халық Комиссарлары үкіметінің председателі В.И.Ленинмен кездеседі. Абырой болғанда, Алаш ардақтыларының Қазақ еліне автономия әперу үміті ақтала бастады. 1919 жылы 10-шілдеде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялықкомитет құрылды. 1919 жылы 24-шілдеде В.И.Лениннің басқаруымен өткен мәжілістің Қаулысы бойынша «Ахмет Байтұрсынов жолдас Қазақ өлкесін басқаратын әскери-революциялық комитеттің мүшесі» болып бекітілді. Ең кереметі – 1920 жылғы 30-тамызда РСФСР құрамында Қазақ автономиялы Республикасы құрылып, Патша заманында жері губернияларға жіктеліп, географиялық картадан қазақ аты өшірілген әділетсіздік жойылды. Автономиялы Қазақ Республикасына қазақтың атамзаманғы жерлері, солтүстік өңірдегі бес облыс, басқа да аймақтары түгел дерлік қайтарылды» [22.9 б].
Ал осының бәрі ненің арқасында?! Әрине, шын мәнінде қазаққа күзетші болған Алаш ардақтыларының орыс тілін жетік білгендігінің арқасы! Бұған Алаш арыстарының:
«Біз орысша оқып, орыс арасында жүр, пайдамызды айтпас деп ойлайтындарыңбізді Құдай мен әруаққа тапсырыңдар» («Қазақ», №207. 1916 жыл. «Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына» арналған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Қадырбаев және М.Тұңғашин қол қойған үндеу-мақаладан) [23.74 б], - деген серт сөздері дәлел бола алады.
Сол Алаш арыстары орыс әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударды. Әдеби-мәдени байланыс орнатты. Яғни, өз пайдаң үшін өзгенің тілін үйрену – ұят емес, өз қазаныңда ғана қайнап, өзгенің жетістігін үйренбеу – ұлтшылдық емес деп түсінді. Алаш арыстары Абай ақылын алмаса, ойына оқу қонбаса, бірнеше тiл бiлмесе, осындай жетiстiктерге жете алар ма едi?! Міне, осыдан кейін орыс билiгi өздерімен орыс тілінде пікір таласа алатын мұндай қазақ ұлтшылдарынан арыла бастады. Мұндай «ақырып теңдiк сұрайтын», «қазаққа күзетшi» қазақтардан қауiптене бастады. Орыстың қай билiгi де ендiгi жерде ондай көзi ашық, көкiрегi ояу қазақ ұлтшылдарымен тең дағуада отырғысы келмедi.
Ендігі жерде «Ләппай, тақсыр!» деп қол қусырып тұра қалатын, қазағының қамын емес, мансап-дәрежесiн ғана ойлайтын, иесiне барынша адал берiлген «соқыр, мылқау, саңырау» қайраткерлерден үкiмет жасағы iрiктелетiн болып шешiлдi. Солай болды да (ал Советтік құрамдағы қазақ ұлтшылдарының да жолы кесілді). Қараңғы қазақ солардың қабағына қарайды, ал бұлар жоғарыға жалтақтайды. Ел ерге, ер жерге қараған заман туды... Қазақтың бас ұстазына кектенген Совет империясы Алашқа қыбыла болған Абайдың ұрпақтарын қудалады, кейін ақынның жерін – атомның «бесігіне» айналдырды. Айта берсек сөз - ұзын, ал ендi өзiңiз шамалай берiңiз: Қазақияға орысша түбiн түсiрiп оқып-сөйлеген алаштықтар пайдалы болды ма, жоқ, әлде, орысша бiлмесе де, Ресей билiгiне ұнамды, Қазақстанды басқарған Ерназаров сияқтылар пайдалы болды ма?!.
Абай аңсаған бүгiнгi азаттығымызда Алаш арыстарының еңбегi - ұшан-теңiз! Олар хәкiм Абайдың жоғарыда айтқан өсиетiн жете ұғынып қана қоймай, оны орындау арқасында - қазақты қараңғылықтан, қазақтың ұлан-ғайыр жерiн империялық аран-жұттан сақтап қалды деп түсiнуiмiз керек. Алаштықтар – Абайға қарыз болса, біз – Алаш арыстарына қарыздармыз.
Ендеше, дана Абайымызды «орыс тілін біл дедi, өнерін сүй деді, ол – орысшыл» деп босқа арамтер болмайық, ағайын. Бұл да – бүгінгі күнгі ғалымдарымыздың ағылшын тілін, тағы басқа тілдерді білуіміз керек деп жүргеніндей жанашырлықтан туған сөз. Абайдың мұндай сөзi өз заманында - дәл уақытында айтылуымен құнды!
Сөзіміздің түйінін ақын Сапарғали Ләмбекұлының мына бір жыр шумағымен қорытындылаймыз:
«Ағайын, ойға салып қарашы енді,
Атамыз – біле білсек Алаш еді.
Бүгін біз Тәуелсіздік дәмін татсақ,
Тұқымын солар еккен ағаш еді» [24.10 б].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Абай Құнанбаев. Шығармалары. 2-том. Алматы. Ғылым. 1977 ж. 161-162-б.б.
- Қ.Жұмаділов. «Он екі томдық шығармалар жинағы». Алматы. Қазығұрт. 2005. 292-293-беттер.
- Абай Құнанбаев. Шығармалары. 1-том. Алматы. Ғылым. 1977 ж. 234-б.
- Ғ.Есім. «Кемеңгер Мұхтар». Астана. Хас-Сақ. 2017. 180-191-бб.
- Абай Құнанбаев. Шығармалары. 2-том. Алматы. Ғылым. 1977 ж. 162-б.
- Ғ.Есім. «Кемеңгер Мұхтар». Астана. Хас-Сақ. 2017. 101-б.
- Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы. Жазушы. 1985 ж. 142-бет.
- «Абай» энц. «Алматы. Атамұра. 1995 ж. 166-б.
- «Запиский Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического Общества». Выпускь ІІІ-й», Семипалатинск. П.Плещеевь и К. 1907 г. 8-с.
- «Абайды оқы, таңырқа...». Алматы. Ана тілі. 1993 ж. 70-б.
- «Абай» журналы. 1918 жыл. 2-қазан.
- 12. М.Дулатұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. 3-том. Алматы. Мектеп. 2013, 26-бет.
- «Қазақ» газеті. 1913 ж. №15.
- К.Нұрпейісұлы. «Алаш ақиқаты». Алматы. Ан Арыс. 2010. 49-б.
- К.Нұрпейісұлы. «Алаш ақиқаты». Алматы. Ан Арыс. 2010. 61-б.
- bilim-all.kzақпараттық агенттігі.
- М.Дулатұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы. Мектеп. 2013, 25-26-беттер.
- bilim-all.kzақпараттық агенттігі.
- Абай Құнанбаев. Шығармалары. 2-том. Алматы. Ғылым. 1977 ж. 162-б.
- К.Нұрпейісұлы. «Алаш ақиқаты». Алматы. Ан Арыс. 2010. 50-б.
- К.Нұрпейісұлы. «Алаш ақиқаты». Алматы. Ан Арыс. 2010. 11-б.
- Ш.Елеукенов. «Әуезов және Алаш». «Қазақ әдебиеті» газеті. №40, 2017. 9-бет.
- К.Нұрпейісұлы. «Алаш ақиқаты». Алматы. Ан Арыс. 2010. 74-б.
- С.Ләмбекұлы. Сырперне. Қарағанды. Арко. 2004 ж. 10-б.
Бауыржан Берікұлы
Abai.kz