ШӘКӘРІМГЕ АРНАЛҒАН «ӘРҚАШАН ҰМЫТЫЛМАСҚА» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

17 қаңтарда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде көрнекті ақын, философ, тарихшы, Абайдың тәлім-тәрбиесін көріп, өмірін біліммен өрнектеген, Алашқа алғаш рет «Ар-ұждан» философиясын енгізген даланың дара саңлағы, «Қазақ айнасы», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітаптарының авторы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Әрқашан ұмытылмасқа» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараны құттықтау сөзімен ашқан музей директоры Болат Жүнісбеков «Ақшың» корпорациясының президенті, «Шәкәрімтану мәселелері» атты бес томдық ғылыми жинақты қаржыландырған белгілі меценат Марат Серікжанұлы Құрманбайға  ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының және «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы А.Перуашевтың алғыс хатын, сонымен бірге «Абай» медалін табыс етті.

Ғылыми деректерге негізделе отырып, көрме атауы Шәкәрім ақының өз сөзімен «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталды. Бұл сөз ғұлама ғалымның қолтаңбаларында кездеседі. Мәселен, бүгінгі күнге жеткен үш суретінің бірі – портреттік фотосуреті. Сақталып келген екі суреттің бірінде көне қадым ғарпімен: «Халелұлы Мұхамедин мырзаға, жас білгіштенәрқашан ұмытылмасқа Шәкәрім Құдайбердіұлынан. 1912 жыл 11 ғиянуар», – деп жазылған.

Көрме: «Білімділерге бес сауал», «Әрқашан ұмытылмасқа», «Үш анық», «Шәкәрім және өнер», «Шәкәрім кітапханасы», «Шәкәрім және дін», «Шәкәрімнің ұрпақтары», «Шәкәрім – Алашорда сотының төрағасы», «Шәкәрім музыкасы» атты бөлімдерден тұрады. Сондай-ақ, көрмеге Шәкәрімнің қолы тиген шоқпар, саптаяқ сынды құнды жәдігерлер қойылды.

Шара барысында Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншісі Берік Омаров Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанда» әнін орындаса, музей жанынан ашылған «Абай» өнер мектебінің шәкірттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Көрмеге Шәкәрімнің шөбересі Қайыртай қажы Мұхаммедшайыққызы,  қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қатысты.

Ойшыл ақынның 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа» көрмесі жыл бойы жұмыс істейді.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі