АБАЙДЫҢ МАҒАУИЯҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ

(немесе ұлы ақынның Семейдегі өмірі туралы бірер сөз) 

1893 жылдың күзі. Абай өзі оқытып-тоқытып ел қатарына қосқан банк қызметкері Әнияр Молдабаевқа екі қабатты үй сатып әпереді (бұл үйде қазір «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі орналасқан). Сонан беріде Семей шаһары Абай шығармашылықпен көп айналысқан мекеннің біріне айналған. Оған естеліктерді және өзге де дерек көздерін саралай отырып көз жеткіздік.

Қыс айларын қалада өткізу Абайға не үшін қажет болған? Біріншіден, ештеңеге алаңдамай кітап оқу, ғылыми ізденіспен шұғылдану үшін. Өйткені, кітапхана мен ғылыми мекеме (Статистикалық комитет) есігі ашық, зиялы ортамен әрі дін өкілдерімен араласу мүмкіндігі мол. Екіншіден, осы жылдың қыркүйек айынан Абай халықтың қалауымен болыстық қызметке қайта оралғантұғын. Шыңғыс болысы құрамына кіретін он ауылдың күнделікті жұмыстарын кандидаты (яғни орынбасары) Әзімбай Тәңірбердіұлы иығына артып, өзі көбіне ол шеше алмаған түйткілді мәселеге ғана кірісіп отырған (жер бөлісу, болыстық қызметке есеп беру және т.б.). Қалада, әрине,   тұрмыстық жабдықтар алу,  жәрмеңке мен сауда-саттыққа қатысу сияқты ірілі-ұсақты іс-шаруаларды қоса атқарған. Соның бір куәсі - Абайдың 1896 жылдың күзінде  Мағауияға жазған хаты.

Өкінішке қарай, құнды мұра әлі күнге елеусіз, ескерусіз қалып келеді.  Сондықтан оған арнайы тоқталып, түсініктеме бергенді парыз деп білдік.

Абайдың хатын семейлік ғалым Амантай Исин Абай музейінің сирек қорынан тауып алған-ды. Хат туралы мақала «Сүйінші!» деген айдармен кезінде «Абай» журналында жарияланған еді (1997, №4). Семейден қырдағы Мағауияға жолданған хаттың өзгеше құнды болатыны - Абай оны өз қолымен жазған, қадимша делінетін ескі араб қаріпімен.

Мазмұны мынау: «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм хүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге сатарлық (соңғы «сатарлық» деген сөз сызылып тасталған – А.О.) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін.

                               Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,

                               Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.  

                               Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,

                               Единица сыфат деп біл тек қана.

                                Көп білгенге көп надан болады қас,

                                Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.

                                Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,

                                Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896-шы жылдың...».

Бүгінгі күнге ақылың таңқаларлық жағдайда аман жеткен жалғыз хаттың мазмұны міне осы. Абайдікі екені күмәнсіз. Ол, тағы айтайық, Семейден қырға жолдаған дұғай сәлемі.

Көріп отырмыз, хат-хабарда тұрмыс қажетіне байланысты сатарлық малды қалаға жеткізу бұйырылған. Абайдың сатарлық малды «айдатып жібер» дегенінен-ақ  хаттың жазылу мезгілі - мал жәрмеңкесі қызған күз айы екені ұғынықты. Аттары аталған Мағауия (Мағаш), Ақылбай, Шәкерім және атқосшысы Бәкең (Баймағамбет Мырзаханұлы), әрине,  жақын айналасы.

Бізді қызықтырып отырған – хаттың соңындағы қос шумақ өлең.  Өлең біртүрлі. Үстірт қарағанда, кәдуілгі әкенің баласына айтқан насихаты дерсіз. Сауда жайын елге жая берме, өйткені, осы күнде күндес, желікпе жұрт көп, солардан азапқа қалма деп. Ләкін, өлең тереңінде Мағаш қана қабылдап, ұға алатын астар бар. Бүккен сыр бар. Кәне ол бүгулі астар қайсы?  

Алдымен сыртқы жағдаятқа көз салайық. 1896 жылдың жазында үш жылдық болыстық мерзімін аяқтап Абай қызметтен босаған еді. Шыңғыс болысының билік тізгіні (болыс және ресми би болу) келесі толқынға - Ақылбай, Мағауияға тиген-ді. Абайдың жаңағы хатты «ғизатлу уә һәм хүрматлу Мағашқа» деп бастайтын жөні бар.  Мағаш әу бастан-ақ қауым жұмысында жақсы атанып, ел аузына іліккені аян. Білімді, шешен, құбылы жоқ тура, әділ азамат деген аты шыққан. Бірақ Мағаш билік тізгінін тыңнан алған, әлі тәжірибе жинақтап үлгермеген жігіт. Сондықтан әкенің «балам ел жұмысын меңгеріп кете ала ма, алда күткен қиындық қайсы, аяғын шалыс баспауға қандай ақыл-кеңесім қажет» деген толғаныста болуы заңды. Өлеңнің жазылу мәнісі, сырт кейпі осы.

Хош, өлеңнің ішкі сыры неде?  Әлбетте, би я болыс болу – өнер, елді билеу өнері. Соны меңгер! Ол үшін единица, яғни ерген еліңе үлгі берерлік дара бола біл! Көлеңкесі мол бәйтерекке ұқса! Сонда ғана күндесті жығып, көпті мойындата аласың! Басқы шумақта тұнған терең ой осы, тегі. Әкенің әуелгі төрт жолды «Единица сыфат деп біл тек қана» деп түйіндеуі бізге осыны аңғартса керек-ті.

Бұл жерде «Единица сыфат» тіркесі ұлы классик әйгілі «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде «Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл» дегенін ойға оралтады. Екі өлеңде де «единица» сөзін Абай білімді, мінезді, әділ, мәрт, арда деген мағынада қолданған. Ол - кісілікті кісінің «сыфаты».

Енді екінші шумаққа зейін қоялық. Бұл төрт жол арқылы Мағашқа берер кеңесі күрделірек, көзден таса құпиясы мол. Абай надан адам сыфатын (сипатын) - «Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас» дейді. Бұл жерде арабтың «мәужүд» сөзінде бар болу (яғни шындық), ал «мансұх» сөзінде жоқ нәрсе (яғни жалған) деген мән-мағына бар. Демек, «ол айырмас» деп ойшыл білімсіз пендені сынаған. «Ғылымсыз – өмір қараңғы» демекші, надан адам бар мен жоқты, екінші түрде жақсы мен жаманды айыра алмас дәрменсіз екендігіне меңзеген.

Кейде жалғыз сөздің өзі көп нәрсеге сәулесін түсіретіні бар. «Мәужүд» - соның бірі. Ол бізге әйгілі «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінен мәлім сөз. Үшінші шумақта Абайдың:

                                  Ақылға симас ол Алла,

                                  Тағрипқа тілім қысқа аһ!

                                  Барлығына шүбәсіз,

                                  Неге мәужүд ол куә, -

дегеніне зейін қоялық. Соңғы екі жолдың мәнісі тереңде: Алланың барлығы шүбәсіз, өйткені, дүниеде не нәрсе бар (мәужүд) болса, ол (сол деуге де болар) «Алла бар» дегеннің куәсі. Мәселе мынада: Мағауияға жазылған хаттағы өлеңді ұғыну, сырын ашу кілті де тап осы «мәужүд» терминіне келіп тіреледі.  Ол хат пен «Алла деген сөз жеңіл» өлеңі арасындағы көпір есепті. Бұл кездейсоқ жақындық емес, екі мұра мерзімдес: хат 1896 жылдың күзінде, ал өлең осы жылдың қысында жазылған.

Танымдық мәні зор сөзді сәл діттей түсейікші. Естеріңізде болар, хакім Абай: «Біз Аллатағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ...ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Аллатағаланың ішінде» (38-сөз), - деп жазады. Осымен, ислами «Әл-ахад (бір) уә әл-ужуд (бар)» деген іргелі теорияға түсінік берген. Көрдіңіз бе, біз сөз еткен екі өлеңдегі бар нәрсенің (мәужүд) бәрі - Алланың барлығына куә деген ой-таным басқа түрде қайталанған. 

1895 жылғы «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде Абай: «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» деп сыр ашады. Ой жүгіртіп қарасақ, бұл Тәңіріні тану ілімі - теология тұңғиығына терең бойлағанының айқын куәсі. Міне мәужүд термині сол түбірлі өзгеріс жаңғырығы деп білеміз. Абайда болған осынау эволюциялық терең өзгеріске, өстіп, ой-сананың ірі белесіне шыққанына мән бере қарау аса маңызды.  

Сөйтіп, Абай лексикасында «мәужүд» - сырлы сөз, түбірлі термин.

«Алла деген сөз жеңіл» - хакімнің ғажап туындысы. Өкінішке қарай, кемел туындыға «Неге мәужүт ол куә» деген жол сәл-пәл көлеңке түсіріп тұр. Мұны кім кім де байқай алады: «неге» сөзі оны сұраққа айналдырып, ұғымсыз ғып тұр. Бұл, сөз жоқ, көшірушілер тарапынан кеткен қателік. Дұрысы – «Не – мәужүт, сол – куә» болуға тиіс деген ойдамын. Осылай түзетілер болса, онда ақылға толымды, көкейге қонымды болмақ. Жоғарыда айттық, Абайдың жеткізбегі нақ осы таным.

Құрғақ ақыл (нотация), бояма сөз,  жеңіл-желпі дидактикалық кеңес Абайға жат. Әсіресе хакімдік шыңға қадам басқан шағында. Мағашқа жолдаған астарлы хатын ойшыл ақын  «Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым» деуімен түйіндесе, білгені, түйгені көп, ақылды Мағаш ар, әділет жолынан таймай, хаттағы «солай істе» деген әке аманатын толық орындағаны растық. Оның қазасы кезінде Абай: «Алдымды елден, аузымды сөзден  босатқан, шырағым-ай!», - деп жоқтау айтқаны соның бір айғағы болса керек.

Міне, Абайдан жеткен жалғыз хат жайында, ондағы Мағашқа арналған қос шумақ өлең төңірегінде ортаға салғымыз келген ой-пікірлеріміз осылар. 

 

* * *

Зейін қойып оқысақ, Абай ғақлия мұрасының белгілі бір бөлігін қалада, ондағы пәтерінде отырып жазғаны анық байқалады. Сөз ұзарарын біле тұрсақ та, мұны да халыққа жеткізсек деген ықтиярлық жеңіп кетіп отыр. Ұлы Мұхаң «Абай жолы» эпопеясы соңғы бөлігінің көп тарауларын Абай Семейде өткерген күндерге арнапты. Ойшыл ақын күз және қыс айларында қалада болғанын растайтын өзге де дәйектер баршылық. Мәселен, 1896 жылы келгенінде Абай ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен М.Кузнецовтің фотоательесінде фотосуретке түссе, келер жылы жасанды тіс – протез салдыртқан. Айта өтері, қалада жиі мәжілістес болған молда, қажылар түгелімен Абайды «исламның жүйрігі» деп еріксіз мойындаған. Өйткені, дін исламның мәйегі - мәужүд пенен мансұхты, иман менен тағатты ұғымды ғып айырып, жамағатқа түсіндіріп жеткізуде Абай алдына жан салмаған. Мысалға 1898 жылы Омбы епархиясының уәкілі миссионер поп Сергей Семейге келгенде, ол: «Бір оқымысты мұсылман менімен мәжіліске шықсын, егер жеңіліс тапса, мешіттерді түгел жабамын», - депті-міс деп үркіп, дүрліккен  қала мұсылмандары онымен дін сайысына Абайды шығарғаны белгілі. Бұл бізге көп жайды аңғартса керек.   

Әнияр Молдабаевтың баласы Сапарғали өзінің «Әкем Әнияр Абайдың тәрбиелеп өсірген адамы» деген естелігінде біздің үйге «Абай жиі келіп айлап, апталап, тіпті жылдап жататын» деп куәлік береді («Абай» журналы, №3, 2016 жыл).

Осымен, ғақлия мұраға көз тігейік. Абай 2-ші қара сөзінде (бұл Абайдың өзі қойған рет саны бойынша 2-ші емес, 27-ші қара сөз, демек, оның шынайы жазылу мезгілі - шамамен1896 жыл) көрші халықтарды салыстырған. Мәселен, Абай: «Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», - дейді. Бұлайша әр халықтың мінезіне мейлінше қанық болу, тұрмыс-тіршілігін жіті байыптау олармен көп араласқан, қалада айлап жатқан адамның ғана сыбағасы сияқты. 

Семейдегі пәтерінде жазылған-ау дегізетін келесі мысалға Абайдың 43-ші сөзін алайық.  Онда ойшыл жан қуатының үш элементін   былайша атаған: «подвижный элемент» - бұл тез ұғыну деген сөз; «сила притягательная однородного» - ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «впечатлительность сердца» - мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек» (43-сөз). Жан ілімі (қазіргіше – психология) Абай жіті зерттеген ғылым саласы.  Сүйенген кітабы орыс тілінде болғаны айтпасақ та анық көрініп тұр. 

Қарапайым жұртшылық Абайды өле-өлгенше Тобықтының төбе биі деп қабылдаған. Қырда ғана емес, қалада да жөн-жоба сұрауға Абайды іздеп келуші кісінің көп болуы содан. «Мен 1890 жылы туыппын, - дейді жаңағы естелігінде Сапекең, - 8 жасқа келгенде Абай атам, ...дөңгелек үстелдің үсті кітапқа толып тұрады, қолтығына 2-3 жастық қойып, кітап оқып, жазу жазып шынтақтап, жантайып отырушы еді. Менің шешем Абайдың ішетін тамағын дайындап, шайын құйып беріп, сол бөлмені Абайға арнап, таза ұстап отыратын. Абайды арнайы басқа жерден іздеп келушілерді осы үйде қабылдап алатын».    

Жастар жағы көбіне «Мен дін ісімен (Құранды жаттап, Тәпсірді, Бидан кітабын зерделеп жүрмін дегендей) айналысам, осы жолым дұрыс па?» – деп келеді екен. Абай дін жолындағы талапкерге «Ал, оқыдың, жаттадың – онан не таптың? Онан да қоғамға пайдалы кәсіпті үйрен, меңгер – адалдық, адамшылық жолы сол» деп кеңес береді екен.  Үлкен адамдар келсе, иман, тағат, адамдық тәрбие жайы қозғалған. Отыз жетінші сөзінде топталған афоризмдер, сірә да, осындай кездесулер үстінде туындап отырған.

Мәселен, «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», «Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады», «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады», «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің» және т.б. 

Сөйтіп, тілге тиек еткен кезеңде (1893-98 жж.) Абай кітапты көп оқып, сара ғылыммен айналысқан, қырда ма, мейлі, қалада ма, өмір-дәурені қай мекенде өтпесін, бәрібір, уақытын шығармашылыққа сарқа жұмсаған, жүректі ауыртқан жайлар сыртқа ғақлия я өлең сөздер болып ақтарылып, ақ қағаз бетіне тоқтаусыз түсіп отырған демекпін.  

Сөз соңы, Абайдың Мағауияға хаты жайлы әуелгі әңгімеге қайтып оралайын. Жоғарыда аты аталған Амантай Исаұлы Абайдың хатын кириллицаға түсіріп, жан-жақты саралай келе, зерттеу еңбегін: «Абай хаты – халқымыз үшін баға жетпес мәдени мұра. Абай мұраты, Абай арманы, Абай өлеңі, Абай мейірімі – бәрі де осында, үні естіліп, түсі көрініп, иісі жұпарланып тұр», - деп тиянақтаған пікіріне біз де қосыламыз, қолдаймыз.

Хаттағы  біз талдаған қос шумақ өлең ойшылдың ішкі толғанысы мен көңіл-күйінің тамшыдай куәсі болуымен қымбат.  Өлеңде көш бастасам, ел басқарсам деп жалындаған жас азамат қандай мінез-құлық иесі болуы керектігі серіппедей сығымдалып шеберлікпен жеткізілген. Құнды мұра  табылғанына міне жиырма жылдан асты. Оны ғылыми айналымға енгізіп, жинақтарда жариялаудың уақыты жетті. Оның меншікті орны - Абайдың 1896 жылғы шығармалары арасында екені айтпасақ та түсінікті.   

 

Асан Омаров

абайтанушы ғалым.