ИБРАҺИМ ҚҰНАНБАЕВ

Абайтану саласы бүгінгі әдеби өмірімізде үлкен ғылыми арнаға айналып отыр. Алайда ұлы кемеңгердің өнері мен творчествосы хақындағы алғашкы зерттеу мақала кашан және қайда жарияланғаны оқырман қауымға онша мағлұм емес. Абайдың өскен ортасы мен творчествосын жүйелеп тұңғыш рет бір ізге салган, Абайтанудың негізін қалаган — Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ әдебиеттану саласының үлкен арнасы — Абайтанудың негізін салды. Кәкітай Абай өмірінің бел-белесін, творчестволык жолын, ізденіс бағыттарын саралап, бір жүйеге негіздеп, тұңгыш рет Абай туралы деректі Әлихан Бөкейхановқа жиыстырып береді. Абай қайтыс болган соң жеті айдан кейін, яғни 1905 жылы Семей қаласының Географиялық бөлімшесінің «Семипалатинский листогында» орыс тілінде Әлихан Бөкейхановтың азалы ғұмырнамасы (некролог) жарияланды. Оның соңында бұл деректерді ретке келтіріп, баспаға ұсынган Кәкітай Ысқақов екендігі туралы сілтеме бар. Бұл қазіргі толысқан Абайтану ғылымының бұлақ бастауына Абайдың Географиялық қоғамдағы достары Михаэлис, Гросс, Коншин сияқты көңілі ниеттес достарының себепкерлігі тигені айқын. Осы мақала жарияланған соң Әлихан Бөкейханов Патша өкіметіне қазаққа дербес құқық беру туралы мәлімдеме жазып, елге қол қойдыру үшін Кереку өңірін аралауға аттанады. Сол жақта жүріп 1906 жылы 8 январъда түрмеге қамалады. Ғалым Қайым Мұхаметхановтың дерегі бойынша, Әлиханның портфелінде Абай өлеңдерінің қолжазбасы болған. Оны 5 мың сомға бағалап, аман сақтауына адвокат арқылы өтініш түсірген. Сондай-ак 1907 жылы сол Географиялық қоғамның арнайы жинағында Абайдың суреті тұңғыш рет баспа бедеріне түсті. Осымен қатар 1909 жылы Кәкітай Ысқақов Петербургтегі Бороганский баспаханасынан Абайдың тұңғыш өлеңдер кітабын жарыққа шыгарып, өмірбаяны, өлеңдері тақырыпқа реттеліп, түсініктемелер берілді. Абайтанудағы Кәкітайдың енбегі жөнінде Мұхтар Әуезов: «… Бұл жөнінде казақтын мәдени тарихына Абай мұрасына ерекше еңбек сінірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған — Кәкітай Ысқақұлының еңбегін ерекше айту керек. Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашкы таңдамалы жинагын бірінші рет Петербургтегі Бороганский баспаханасында 1909 жылы шығарды. Сол жинақтың аяғында акынның Кәкітай жазган бірінші өмірбаяны беріледі»,— деп жазды. Шындығында, бұл Кәкітайдың әңгімесі бойынша Әлиханның Абай өмірі туралы толықтырылып жазған екінші мақаласы еді. Оның алгашқы нұсқасы 1905 жылы «Семипалатинский листохта» орыс тілінде басылды. Біз осы мақаланы окырмандар назарына ұсынып отырмыз. Бұл ұлы Абайдың қагаз бетіне түскен ең алғашқы ғұмырнамасы болатын.

Тұрсын ЖҰРТБАЕВ, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінің аға ғылыми кызметкері.

Ә.Бөкейханов. Абай (Ибараһим) Құнанбаев

1904 жылы маусымның 23-жұлдызында Семей уезінің болысында (Шыңғыстауда) даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим (Авраам) болса да, қазақ даласы шешесінің (әжесінің Т. Ж.) еркелетіп қойған нәзік те үнді есімімен Абай деп атап кеткендіктен, біз де солай қолданамыз.

Абай әке жағынан алғанда тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың елуінші жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол тобықты руын Түркістаннан аса құнарлы жайылымы мол Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына ғана тән лауазым — Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Меккеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұның өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түседі.

Абайдың шешесі Ұлжан да Бошан руының затты тұқымы Бертістен тарайды. Ол да Ырғызбай сияқты Қаракесек руын Қарқаралы уезіндегі Қу, Едірей, Мыржық тауына бастап келген. Абайдың шешесі Ұлжанның төркіні қушыкеш Қантай мен Тонтайдың есімі қазақ даласына кеңінен мәлім.

Бірде Қантай бай ұзақ ауырады. Қожа мен молдалар жиналып, оның көңілін сұрайды. Сонда Қантай жантәсілім беріп бара жатып: «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас»,— депті.

Абай алпыс жасқа қарағанда қайтыс болды. Ол 1845 жылы (жылан жылы) туылып, 1904 жылы (қоян жылы) қайтыс болды.

Абай он-он екі жастар аралығында қазақ даласында жүріп хат таныды. Ал он екі жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Абай он төрт жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы төрт жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектептік оқуы аяқталады. Ол далаға қайтьп келген соң он бес жасында қазақ, руларының арасындағы беделі зор, 1822 жылы Сібір қазақтарының басқару ережесіне сай монополиялық күшке ие болған сұлтан тұқымдарымен саяси-билік тартысына түскен өз әкесінің қасына еріп, ел ісіне араласады. Бозбалалық жасына қарамастан Абай сол кездегі қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, бидің заманының өткеніне қарамастан оны ел-жұрт би етіп сайлады. Жиырма жасқа жеткенде Абай от тілді, шешен, халық өмірі мен әдет- салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін дәлмәр атанады. Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігінің арқасында, қазақтың ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді. Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, артистер мен жазушылардың даңқы сияқты атақты би атанар еді. Ислам дінінің далаға орнығуының пайда-зиянына орай жаңа заманның талабымен Абай білімге ден қойып, араб, парсы, түркі тілдерін кітап арқылы үйренеді. Табандылығы мен бейімділігінің нәтижесінде өз бетімен араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, қасиетті біліммен сусындады. Молла мен қожалар туралы далада кең таралған «аңқау елге арамза молла» деген мақалға орай олар өздерінің жан дүниесінің пасықтығын әшкерелеуден қорқып, Абаймен кездесіп, сұхбаттасудан қашқақтап жүретін. Осы арада Абайдың ислам дініне қатынасын да айта кету лазым. Ол өзінің өлеңінде молдалардың арамзалығы мен ала аяктығын сынап, мұсылмандық жолымен күніне бес уақыт намаз оқуды мінейді. Осы арқылы барлық діни ғұрыпты ұстанатын, әсіресе, отыз күн рамазан айындағы ораза мен тәулігіне бес уақыт намаз оқуға қарсы келеді. Құнанбайдың семьясындағы діни пікірлер мен ғұрыптар, әкенің үстемдігінің күші — Абайдың ислам әдет-ғұрыптарының бүркеншік қасиеттерін сезінуге жол ашты. Абай отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байлары мен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз отанының сом алтыны еді. Дауға да, партия таласында да әділ төрелік айтты.

Абай он төрт жасынан бастап сықақ өлеңдер шығарды. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермеді. Негізінде дала атқамінерлерінін «ақын» деген атты иемденуден кашқаны әсер етсе керек. Қазақ сұлтандары өздерінің арасынан бақсы мен ақын шыкпағанын мақтанышпен айтатын. Кейін ақындык жолға түскен Абай қазақ ақындарын өнерді байдан мал қалап алуға жұмсағанын сынап; өлеңшісымақтардан өзін аулақ ұстады.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр жерді өлең қыпты жоқтан қармап,

Қобыз бен домбыра алып топта зарлап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап.

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде кайыршылық қылып жүріп,

Өз елін бай деп мақтап, құдай қарғап.

Қайда бай, мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да бай болмапты қанша малды ап.

Міне, қазақтың суырыпсалма «ақынсымақтарына» берген бағасы.

Егер 80-жылдары өлең туралы көзқарасын мүлдем өзгертпегенде, өзінің ұлы дарынын көрсете алмай дүние салған болар еді. Сол жылдары «Қазақтардың заңдық әдет-ғұрпы» туралы қырдан дерек жинап, кейін Маковецкий және Михаэлис мырзаның редакциясымен жарық көрген кітапшаға материал іздестіріп жүрген саяси жер аударылушы Гросс мырзамен танысты. Гросс пен Михаэлис екеуі де Абай ауылында қонақта болып, оны орыс әдебиетімен таныстырды. Солардың ыкпалымен Абай Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Шедрин, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писаревтің творчествосымен танысты. Абай өзінің өмірінің соңғы сәтіне дейін Михаэлисті ерекше ілтипатпен еске алып, «Дүниеге көзімді ашқанға үлкен себепкер болған кісі — Михаэлис» деп өзінің оған борыштар екендігін білдіретін. Соңынан Абай Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивті философиясын», Дрепердің «Европаның ақыл ойының дамуын», Н. Г. Чернышевскийдің «Современник» кітаптарындағы мақалаларды оқыды және олардың тағдырымен жақсы таныс болды. Абай, әсіресе, Лермонтовтың шығармаларын сүйіп окыды және «Ой», «Қанжар», «Дұға» т. б. өлеңдерін ден қоя аударды. Абай қазаққа түсінікті әрі пайдалы деп санаған Крыловтың көптеген мысалдарын тәржімалады.

Абай қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударды, оның ішінде аудармашының өзі ән шығарған «Татьянаның хаты» қырда үлкен сүйіспеншілікке бөленді. 1899 жылы Көкен болысының әнші қазағы Әділхақ бізге «Татьянаның хатын» скрипкаға қосып орындады. Бізді таңқалдырғаны «Татьянаны қайдан білесің» дегенде, Әділхан өзін нұсқап қойып, орыстың өзі сияқты Пушкин деген ақыны болыпты, ол Татьяна сұлудың Онегин деген жігітті сүйгенін айтып хат жазғанын жырлайды. Сол кеште Әділхан бізге Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңін әнмен айтып, сонымен қатар Лермонтов өмірге риза болмаған, ал Пушкин оған данышпанша карады деп түсініктеме береді. Осы жолдардың авторы сонынан Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан аударған өлеңдерін домбырамен қосып айтқан бірнеше ақындарды кездестіреді. Абай Толстой мен Салтыковтың талантына бас иді. Орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына арнап, қазақ балаларынын парақор, ұлық, полиция чиновнигі болуға ұмтылатынын сықақ етіп. Толстой мен Щедриндей болуға меңзейді.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көріп тұрып тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Өткеннің орнын толтыру үшін Абай өз балаларын орыс мектептеріне оқытып, өзге қырғыздар сияқты шен-шекпенді емес, білімді уағыздады. Абай езінің балаларын окуға тәрбиелеу туралы былай деді.

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет кылсын, шен алсын деп бермедім.

Екінші баласы Әбдірахман қалалық училищені бітіргеннен кейін Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып Тюменьдегі реальды училищеге береді. Абай оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі. Әбдірахман Тюменьнің реальды училищесін тамамдаған соң Петербургтегі технологиялык институтка аттанады. Онда бір танысының (Лосевский мырзаның) кеңесімен Михайлов артиллерия училищесіне түседі. Өкінішке орай өз еліне қамқорлығы тиеді деп үміт еткен Әбдірахман Артиллерия академиясына баруға дайындалып жүрген кезінде, 1895 жылы өкпе ауруынан қайтыс болады.

Орыс әдебиетімен танысу Абайға үлкен әсерін тигізіп, қазақтың ұсақ-түйегінен аулақ, оқу мен өлеңге берілген қазақ ақыны болды. Өкінішке қарай өлеңдерін жинамады. Абай айтқан әрбір сөз бен қағаз бетіне түскен өлеңін жастар іле жаттап алды. Әсіресе, Абайдың сатиралық өлеңдері қырғыз даласының түкпір-түкпірінен кездеседі. Абай өзінің туыстарына да сын көзбен карап, өз талантының тәсілін түсіндірді.

Жан көрінбес көзіме,

Арғын, найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме,

Қайран сөзім қор болды.

Тобықтының езіне.

Жоғарыда көрсетілгеніндей, Абай соңғы кезде қоғамдық істерге араласпады, оның жаулары сонда да оны қудалауын тоқтатқан жоқ. Өзінің көп көлеңкесінде қалғанын келесі шумақтар арқылы жеткізді.

Өзіме басқа шауып төске өрледім,

Қазаққа кара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жок,

Түбінде тыныш жүргенді жек көрмедім.

 

1904 жылы мамырдын 14 жұлдызында Абайдың сүйікті ұлы Мағауия қайтыс болды. Кезінде денсаулығының нашарлауына байланысты сүйікті баласын қалалық училищеден кайтарып алған болатын. Бұл қаза Абайды катты қайғыртып, ешкіммен сөйлеспеді, көптен өзін жырақ ұстады. Қырық күннен кейін өзі де дүние салды. 1893 жылы жазған өлеңдері алдынан шыққандай көрінді.

Жүрегімді құм қылды,

Өткен адам, өлген жан.

Ақыл іздеп зерлепті,

Бәрін сынап сандалған.

Енді ішіме ой салған,

Тұла бойды улатты,

Бәрі алдағыш сұм жалған,

Басқа тиді, байқадық,

Бәріне басты шайқадық,

Тағы бар ма, айтарың,

Нанғыш болсаң енді нан.

Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу арада императорлық Россияның Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарды.

Өлеңдерінен көрініп тұрғандай Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді.

Әлихан Бөкейханов

abai-inst.kz