Ғарифолла ЕСІМ: ҚҰНАНБАЙ БЕЙНЕСІ

Құнанбай

Құнанбай туралы әңгіме көп. Ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тұлға тағдыры солай болатыны шындық. Өсіріп айту, әсірелеп айту, ғайбаттап айту секілді «айтулар» да жеткілікті, Мұхтар Әуезов «Абай жолының» бірінші кітабында Құнанбайға «шаң жолатпаған». Мәселе романды түсіндіріп, насихаттаудағы солақайшылықта. Әдебиетшілер, сыншылар санасында социалистік түсініктер мен ұғымдар сіресіп тұрғандықтан, олар Құнанбайға «келте тон» пішті. Ол патриархалдық феодалдық қоғамның тұлғасы ретінде көрсетілді. Қазақ жерінде феодализмнің болмағандығы туралы шындық есепке алынбады. Феодализм – таптық қоғам, олай болса, Құнанбай – ел қанаушы. Өкінішке орай, осы түсінік қазіргі әр деңгейдегі әдебиет, тарих оқулықтарында әлі де қолданыста. Құнанбайды таптық тұрғыдан түсіндіру – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қате, теріс насихаттау. Құнанбай тұлғасының аңызға айналуының бір себебі – хакім Абайдың әкесі болуы. Әке даңқын әлемге жария еткен Абай. Одан беріде Құнанбайдың немересі – Шәкәрім.
Қазақ еліне екі тұлға қалдырған – Құнанбай. Бірі – баласы, бірі – немересі. Бұл – айрықша айтылатын құбылыс. Мұхтар Әуезов осы жағдайды романда әдемілеп жеткізген.

«Жаңағы ашумен күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп:
— Осы өздерің көріп жүрген Қаратай бар ма? Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек! Шіркін, тек қана азғантай Көкшеден шықты ғой. Егер Олжайдан туса, өрісін көрер ең! – деп біраз отырды да… – Тақауда, әнебір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар – барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы: «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқ-ты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай жауап беріп: «Мырза — Құнанбай», — деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім?» – деді. Тағы Қаратай жауап беріп: «Шешен – Құнанбай», – деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» – десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп: «Жақсы – Құнанбай», – деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп: «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзі?» – деп, Қаратайға қадала түсіп: – Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен? – деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Уай, тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ, «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» – деді (Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық жинағы, 22-том, 1-кітап, 173-174 б.). Мырза, Шешен, Жақсы. Бұл – Құнанбайға елінің берген бағасы. Мырза Құнанбай, шешен Құнанбай, жақсы Құнанбай, осы әңгіме неге кеңес заманында басты назарда болмады? Неге десеңіз, Құнанбай – үстем тап өкілі, қанаушы. Неткен тұрпайы түсінік? Сол тұрпайы қоғамда біздер ғұмыр кештік, санамыз уланды, дініміз жойылды, қазақтығымыз өзімізге мін болды.
Құнанбайдың «не қылайыны» жоқ қой дегендері – замандастарының, оның қайрат­керлігін айтқаны, ол – шешімді тұлға. Қиын істің күрмеуін шеше білген, елді тыңдата білген шешен, қажет болса, ағыл-тегіл мырза, қолы ашық, жомарт жан, пейілімен, ниетімен мұсылман, жақсы адам.
P.S.: Оқырман, есте болсын! Құнанбай туралы әңгіме жеткілікті дедік. Бірақ, бізге керегі – Құнанбай туралы бар шындық емес, кемеңгер Мұхтар сомдаған Құнанбай тұлғасы. Мәңгілікке осы тұлға, осы көркемдік шындық кетпек. Бұл – Мұхтардың кемеңгерлігі туралы сөз. Бізге қажеттісі де осы!

Құнанбай мінезі

«Адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар! – деп, үндемей түнеріп отырып қалды» (22-том, 1-кітап, 176 б.).
Қай мінез қасиет болса, сол мінез мін де болмақ. Терең ой. Бұл ойға жету және оны талқыға салу – кемеңгерлік. Парасатты жан ғана өз мінезіне төреші бола алады. Құнанбайдың өз-өзіне төрелік жасағаны – оның замандастарынан биік тұрғандығы. Ол атқарып жүрген істердің бәрі түзу деуден аулақпыз, бірақ, оның мына тұрлаусыз өмірде ұстанған, біздің лексикаға салсақ, «принципі» бар. Ол – табандылық, бірсөзділік, бұлтыңдап, соңына ерген елді адастырмаушылық. Осы табандылық – Құнанбай үшін жақсылық, ал, өзгелер үшін қалай болмақ?
Тұрмыстағы қаншама істің дәл ше­шімі, жауабы жоқ болуы да мүмкін емес. Сондықтан, компас тіліндей тұ­рақ­ты бағыт керек, ол – ел басқарған адамның тұрақты, табанды, бір сөзді болуы. Осы философияны Құнанбай жете меңгерген, тіптен дәл сәтінде теріс шешім болғанымен, су тұна келе, оның бірден-бір дұрыс қимыл болғанына сенушілер, жақтаушылар жеткілікті болатыны тәжірибеде көрініп, талай аңғарылған.
Құнанбай бұл жерде ата дәстүрінен, талай өткен тарихи оқиғалардан сабақ алып, оны жандандырып, бүгінгі күнге рет-ретімен қолданып отыратын. Тарихи оқиғалардан кей істер есте қалмайды, олар ұмытылады, ескіреді, қалатындары тосын, шұғыл шешімдер, олар келе-келе ғибрат болып, ел жадына сіңісті болмақ.
Құнанбайдың «не қылайыны жоқ» болатыны да сондықтан.

«Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса, әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде» (ол да сонда, 25 б.). Расы сол. Құнанбайды Құнанбай етіп көкке көтеріп отырған – Тобықты елі, сыртқы рулар оны Тобықтыдан тыс қабылдамайды. Құнанбайдың тірегі – өз руластары.
Ру – қазақ қауымының ұйымдасқан, әлеуметтік тәжірибе сұрыпталып топтасқан жұрты. Ел болу – биік ұғым, ал жұрт болып жұмыла кірісетін әлеуметтік орта – осы ру. Өз орталарынан неше алуан қиын-қыстаулардан жұртын аман-есен сақтап қала алатын ер-азаматтар шығатын. Оларды көпшілік құрмет тұтып, оларға бағынышты болатын. Қалың қауым ішінен шыққан Құнанбай сондай айтулы тұлға еді.
Құнанбайдың Тобықты ішіндегі әлсіздігіне келсек, ол – әлімсақтан белгілі қағида. Ғайса пайғамбарды ауылдастары туған жерінен қуып жібергендіктен, «туған жеріңде пайғамбарлық жоқ» деген сөз қалған. Туған жердің, елдің сондай мінезі бары ертеден белгілі. Өзіміздің Құнанбай емес пе деу, әрине, Тобықты ішінде де орын алған. Бір атадан өнген ұрпақ өздерін бір-бірінен кем санамаған.
Құнанбай аға сұлтан болып тағайын­далған соң, ол туралы руластарының түсінігі еріксіз өзгерді. Ол жұрттың ауыз толтырып айтатын мақтанышына айналды.

Құнанбай – кемеңгер. Айыбы – шағын жұрттың көсемі. Ол – шешімді, әрі тас түйін бола біліп, кесімді сөз айта алатын шешен. Қодар мен Қамқа оқиғасы. Ел ішіне індет-өсек жайылды. Ата-баба дәстүрі, тәртібі аяққа тапталды. Ол туралы өзге ру басшысы Құнанбайға мін тақты. Өз руы ішіндегі істі шешуге дәрменсіз деген үкім шығарылмақ. Не істеу керек? Дертті сылып тастауы қа­жет. Ол осал шаруа емес. Адам жанын алатын – Алла тағала. Мұндай істі хандар жасайтын, олардың қолын ешкім қақпайтын. Құнанбай болса, бар-жоғы аға сұлтан. Оның өзі – Ресей әкімшілігінің бір қызметі. Ол қызметтің кісі өліміне үкім шығаруға құқы жоқ. Сонда қалай болмақ? Құнанбай дәстүрге басқан. Дін бар. Шариғат бар. Ендеше, неге шариғат бойынша тәуелсіз билік жүргізбеске! Мұндай шешімге Құнанбай секілді қайратты ел көсемдері бара алған.
Құнанбай қауіп-қатерлі болса да, осы жолды таңдады. Шешімге келу қиын, бірақ, одан қиыны – оны жүзеге асыру, халық қалпын бұзып алмау, үй сыртында кісі бар. Ел ішінен арыз түссе, Ресей әкімшілігі, оның соты бар, іс насырға шауып кетуі әбден ықтимал. Елді өсек дертінен сақтап, өзінің Құнанбай екенін дәлелдеу үшін ол осы төтенше шешімге барды.

Абай және әке

Абай «әкесінен көз алмай қарап отырып сөйледі» ( 22-том, 1-кітап, 175 б.). Бұл – кісіліктің басы. Көзге қарап отырып сөйлеу – тұлғалық қасиет. Ол сізге айтар нық сөзім бар деген мағынаны білдіреді. Көзге қарап отырып сөйлеу – мағына. Көзге қарамай сөйлеу сөздің мағынасыздығына бастайды. Байлаулы берік сөзге айналмайды, дұрыс шешім қабылдауға бастамайды.
Абайға кісіге сөйлегенде оның көзіне қарап сөйле деп біреу айтты ма екен, ол арасын білмеймін. Сірә, туа біткен төл қасиет өзіне лайық мінез қалыптастырады-ау деймін. Тұқым қуалап келіп, иесін тапқан қасиет Абайға осындай мінез берген.
«Абай әке көзінен жасқанған жоқ» (ол да сонда, 175 б.). Иә, ендігі жерде жағдай дәл осылай болғаны түсінікті. Абайдың әке көзінен жасқанбағаны – оның әкесінің ұлы болғандығының куәсі. Құнанбайдың үміт еткен баласы осындай болуы – табиғи қалып. Әке жолын қуушы болуы, әкеден аса туғандығын білдіруі – әке үмітіне сәуле. Әкеден жасқаншақ болып өскен күні ертең әкесі жеткен абырой-даңққа ие бола ала ма?
Мұрагерлік әкеден аса туғанға бұйырмақ.
Мұхтар осы жағдайды бейнелей келіп: «Әке мен бала ең алғаш рет шындасып бет ашысатын белге келгендей еді…», – деп жазады (ол да сонда, 175 б.).
Бет ашысатын деген сөз беттен алу емес, бұл – кімнің кім екенінің белгілі бола бастағаны, бояуының анықтала бастағаны.
Бояудың анықталуы – даралық. Кісілік, келбет деген – асыл сөздер. Олар тұлғаларға қарай айтылады. Кісіліктің бағыты – оның келбетінде, бояуында.
Абай әкесі Құнанбаймен әрі-сәрі болып жүрген ағайындарға барып қайтқан соң, оның зердесіне салмақ түсті. Бұл қалай деген сауал шешім іздете бастады. Әке сөзі ғана рас десе, ағайынның бірлігі қайда қалмақ? Әділет деген қастерлі түсінік бар емес пе?


Құнанбайдың портреті

Екінші кітаптың 9-бетінде Құнанбайға мынандай сипаттама бар.
«Құнанбайдың өз түсі бұл кезде кәрі­ліктің алғашқы ызғарына анық ілінгендей. Кешеңдеп кеп ағара бастаған сақал-шашы, жетпіске ілініп болғанша, бурыл ғана боп келіп еді. Қазір ағы дендепті. Бет, маңайында әжімі тереңдеген. Бірақ биік балғын бойы әлі сұңғақ, әлі етінен арылған жоқ. Жүрісте, отырыста Құнанбай әлі тіп-тік.
Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын өзі қинап, алаң еткен кісі емес» (23-том, 2-кітап).
Толық мінездеме. Құнанбайдың бойы биік, тіп-тік. Жетпіске жеткенде ғана сақал-шашына ақ ене бастаған. Құнанбайда орынсыз қобалжу деген жоқ.
Сәл нәрсеге күйіп-піспейтін қайсар, қайратты, шешімді адам. Ойға түсіп аса қиналмайтын сабырлы мінезі бар. Құнанбай қажетті жағдайлар болса, жақсы да, мырза да, шешен де бола алмақ. Оқиғаның аңдысын аңду – Құнанбайдың әккілігі. Қазақ тұрмысындағы сансыз мәнді де мәнсіз өтпелі оқиғалар сапырылысқанда, Құнанбай әрқашанда сабырлық танытады. Сабыр – көп мәселенің шешімінің емі, тәсілі. Ол үшін көрген, айтылған, естігенге қобалжымай, ақылға салып, шешімге келу – Құнанбай мінезі.

«Сен оқыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің»

Оқу – ғанибет, білім алу – ғажап, ұстаз көру – керемет. Оқуға түскен жан білім алады, білімге құштарлығы оянған адам ұстазын көреді. Білімге құштары оянбаса, ол ұстазды көрмейді, сезінбейді. Оқу мен білімді көркем ететін – ұстаз.
Өмірден аңғарғаным, ұстазын тап­паған адамның кісілігінде кемістік болмақ. Ұстаздық – таза ағынды су.
Құнанбай баласы Абайға: «Сен оқыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің», – дейді (22-том, 1-кітап, 394 б.). Бұл сөздерді Құнан­байға шарасыздық айтқызып отыр. Абайға әке болып ақыл айтайын десе, баласы тоқтар емес, сонда Құнанбайдың айтқаны:
«Біз надан өстік. Бірақ, сол білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған? Көп көзінше таласып кеп, әкеңді сүрінткенде не мұратқа жетпексің?» (ол да сонда, 394 б.). Білімнің ата сыйлауға қауқары жетпесе, ол – не білім? Құнанбай дұрыс айтып отыр. Дәстүр бойынша атаның алдынан шығу – әдепсіздік. Көптің алдында әкені сүріндіру – қандай білім? Ол жақсылық нышаны емес. Әрі қарай жазушы: «Әкесі жеңілгенін біліпті», – дейді (394 б.). Мен келісе алмаймын. Құнанбайдың айтқаны дұрыс, әйтпегенде дала дәстүрі бұзылмақ. «Енді, суық жүзі солғындап, үлкен бойы басылып, кішірейіп қалған. Әлдеқандай бала сияқты, кінә тағып, өкпе айтып отыр. Үлкен алдында жас қарызы, ата алдында бала қарызы – әдеп пен сый екені рас. Абай бұған дауласқысы келмеді.
– Ол кінәңіз орынды. Айып менде екені рас. Ғафу етіңіз!» – деді (ол да сонда, 394 б.).
Байқасақ, жеңіс – Абай жағында емес, Құнанбай жағында. Әкеге қарсы шығу білім бе?
Құнанбай Абайға сабақ берді.

«Дәуренің өтті»

Бұл – бірінші кітаптың соңындағы сурет. Мұңлы сурет. Әке қартайды, бала өсіп жетіліп келеді. Заман тынысы балаға жақындау. Ел іші мазасыз. Сәл нәрсеге разы боп, сәл нәрседен көңілі қалып, өзінше бөгде мінез танытқан ағайын, күрмеуі қиын тұрмыстың түп-тамыры қайда жатқанын қайдан білсін?! Әлемдік тарих байлар мен кедейлер арасындағы жанжалдың ушығуынан болып келді емес пе? Әділеттілік деген қазақтың өз қолынан кеткен. Отаршы әкімшіліктің әділеттілік туралы өз түсінігі бар, ол – жергілікті халықты жетекте ұстау, барды тонау. Отаршылдық деген жыртқыштық саясат екені әуелден белгілі. Шығынданып, қазақ даласын басып алғандағы мақсат сол болатын, Ресей әкімшілігі дегеніне жетті, ендігі міндет – осы ахуалды мәңгілік ету, өктемдік орнату, сол үшін жергілікті халықты алдап-арбау саясатында жымысқы тәсілдерді қолдану.
Бірінші кітапта Тобықты елінің он бір жылдық ғұмыры баяндалған. Бұл – ХІХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары. Отаршылық жүйенің әбден күшейген кезі. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов 1848 жылы опат болған. Ресейге қарсы жүйелі түрде ұйымдасқан қарулы көтерілістердің күні өткен.
Осындай жағдайда Құнанбай мен Абайдың сұхбатымен бірінші кітап аяқталды.
« – Орайы келгенде айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда! – деді.
Абай:
– Айтыңыз, әке! – деп, Құнанбайдың жүзіне тура қарады да, тосып қалды.
– Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Ішінде жатқан сыр ұшығы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйірілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің!» – деді (22-том, 1-кітап, 395б.).
Егер, әке сөзінің жетегінде кетсе, Абай Абай бола ма?! Оның әке сөзіне тоқ­тары жоқ. Ол – әкені құрметтемеу емес, керісінше, әкеден алған дәнді заманға қарай өсіре білу. Абай жас болса да, түсінді. Елді аузына қаратып, ел көшін одан ілгері алып кететін жанды Абай көрмей тұр. Бұл осындай ойларға «тұншығып», көсем ойды таба алмай жүрген кезі еді. Абай ізденіс үстінде. Осы ізденіс әкесіне уәж айтуға негіз болды.
«– Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жас­қа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билей­тіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады… Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады… Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма?.. Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас… – деді».
Құнанбай тыңдап болды да, күрсініп қойды. Шарасыздық ажары білінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен еді. Абай қоштасты да, жүріп кетті.
Дөң басында ауыр оймен жалғыз оты­рып қалған Құнанбай қиналған күй­де. Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңіл­ген жоқ. Ендігі өмір меңдеп барады. «Әлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің» – деп тықсырып кеп, шетке қағып барады.
Өз баласының аузынан естіген үн сол бір – «дәуренің өтті» деген суық сарынның қатаң лебі еді (ол да сонда, 395-396 б.).
Бұл мәселеде жазушы Мұхтармен толығымен келісе алмаймын. Құнанбай жеңілген жоқ. Тіпті, мәселе жеңіп, не жеңілуде емес. Мәселе – заманның айқын­дығында. Қазіргі заманды түсіне білу керек. Екі көзқарас: бірі – Құнанбай, екіншісі – жас жігіт Абай көзқарасы. «Дәурен өтті» деген не мағына? Ол тек Құнанбайға қатысты емес, жаңа тәртіп орнығып жатыр. Құнанбайдың ғана емес, қазақтың дәурені өтуде.
Жоғарыда сөз болған осы үш мәселеде мен Құнанбай жағындамын. Келе-келе, Абай Құнанбай мінезіне ауысты. Ол жайдақ су болған жоқ. Абаймен бірге отырып дастархандас болып, сұхбат жасауға әркімнің мүмкіндігі де, өресі де жете бермеді. Абай – адамдарға талғампаз. Жақ­сылық та, жамандық та адамнан болады, оны Абай жетік түйсінген. Әкесі айтқан орысшылдықтың орнын Шығыс даналығы, мұсылман дүниетанымы басты. Отыз сегізінші қара сөзі – исламдық дүниетанымға негізделген күрделі шығарма. Абай өсе келе, әке сөзінен қоры­тынды жасады. Абай мінезі – тік, өзін ерек ұстаған. Бұл – бізге романнан тыс естеліктерден жеткен ақпараттар.
Құнанбай мінезі Абайда сақталды. Әділет үшін қатыгездікке барды. Кек алуды мақсат етпесе де, басынан сөз асырмаған ұлық мінезі болды.

«Айықпас ауыр мұңға батқан»

Романның бірінші кітабының со­ңында осындай түсінік бар. Роман «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» (2 б.) деген сөй­лем­мен басталған еді. Он үш жасар Абайдың елге асығуы. Сағынышы – отбасы, атамекені.
Арада он бір жыл өтті. Абай есейді, ес жинады. Қырдағы ел тұрмысын көрді, көпті тыңдады, оқыды, көргендерін ойына түйе берді.
Ағайын арасындағы бітпес дау-жанжал да өмір тәжірибесі, әділетсіздікке басында тек әкесі Құнанбай ғана емес, Бөжей де барған.
Айғыздан туған қызы Кәмшатты Құнанбай Бөжейге бітімге беріп еді. Ол бейшара өлермен халде жатқанда баланың жағдайын білгізуге Жұмабайды жібергенде, Бөжейдің айтқаны:
— Құнанбай жаққан отқа менің арым өртенді. «Жарасы жазылды, сынығы бітті» дей ме екен? Не жаны жүр деп ойлайды екен шыбын кеудемде? Әлде, өзгелер үйелменімен өртенсе де, өзімнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан не шықты? Шашыраған бір ұрығы ма? Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін, күйдірмесін ағайын! – депті (22-том, 1-кітап, 186 б..)
Бөжейдің бұл жауабынан Абай да қатты түңілген еді. Ақыры Кәмшат өлді. Бұл қылмыс емес. Тіптен, бейкүнә сәбиді жерлеуге анасы Айқызға да хабар бергізбеді. Бұл мұсылманшылық па, адамшылық па? Осындай жайлар Абай санасына жатталып жазыла бастады. Әділеттілік, қиянат дегендер қайда? Ел ішінде Абай қуанған да, күйінген де жайлар көп болды. Жадырап жүре беруге де болады, бірақ жүрекке түсіп жатқан жараларды қайда қоймақсың? Абай ойлана келе, қыр әңгімесі шешімін таппайтынына көзі жетті. Сонда ойлап тапқаны – оқу. Жасының келгеніне қарамастан қаладан оқу іздеу, білім алу керектігін ұқты.
Кезінде ауылға асықса, енді ынтасы қалаға ауды. Білімсіз әділет, қиянат дегендерді ажыратып қана қоймай, оларды жіктей келе, амал қолданудың тәсілін үйренуді мақсат етті.
«Абайдың Ақшоқыға соға кететін жұмысы бар-ды. Ордадан шығып, солай қисая жүрді. Жол жоқ. Бірақ қар жұқа болатын. Ербол екеуі сар желіп отырып, Есембайды бауырлап кеп, Тақырбұлақ тұсындағы жолға түсті.
Бір шақта қаладағы оқудан қайтып келе жатып, ауылды аңсап, асығып шапқан көк жазығы осы еді. Қазірде аппақ суық қар басқан. Алыстағы жоталар мен айналадағы өлкелер де панасыз, жүдеу. Айықпас ауыр мұңға батқан. Бұл күнде Абай көңіліне панасыз, кемтар көрінетін бар сахарасының, бар халқының күйі де осы реңдес. Бір кезде нанғыш, таза бала жүрегі барлық рақат, бақыт осы қырда, ауылда деп алас ұрған болса, қазір Абай қайта жортып келеді. Енді бірақ сондағыдай үміт, бақыт тілегін қаладан іздеп, соны аңсап келеді» (ол да сонда, 396 б.).
Соңғы сөйлемде: Үміт, Бақыт, Тілек, Аңсау деген төрт ұғым үйлесім тапқан.
Абайда үміт бар. Үміт – өмірдің шырағы. Үмітсіз ғұмыр жоқ. Абай үміті – мағыналы. Ол – ойшыл. Елден ерек жаратылған «Жас шынардың» үміті де шынардай биік. Оны қазір де ешкім анықтай алмақ емес. Өз үмітін айқындаушы Абайдың өзі ғана. Ол нені үміт етіп алған. Оны біле қою қиын.
Адамның үміті өзгеге түсініксіз. Үміт – жалғыздыққа бастайтын сәуле. Үміт – белгісіздік. Ол адамды азапқа да, қуанышқа да салмақ. Үміттің салмағын көтеруші – әр адамның өзі. Үміттің көлеңкесі боп мұң жүретіні де содан. Осы жаста Абайдың бақыт тілегін қаладан іздеуі түсінікті. Оның іздеген бақыт тілегі – оқу, оқыған қауыммен араласу, сұхбат жасау. Әлемде өтіп жатқан оқиға, жаңалықтарды мүмкіндігінше қабылдау. Абайға әлем, ел туралы ақпараттар қажет. Ол білімділерден білгісі келеді. Ондай мүмкіндік қырда шамалы. Оның қалада жүргендегі аңғарғаны – өзі меңгерген араб, парсы тілдері, осы тілдердегі ақындарды, ғұламаларды, олардың кітаптарын оқып-білудің дәл қазіргі заманда жеткіліксіздігі. Билік – орыстың қолында, яғни, орыс тілін үйрену аса қажет. Бұл – Ресей әкімшілігіне жем болмаудың, қор болмаудың бір жолы. Тілін білмеген соң, сен олармен қалайша тең сөйлеспекшісің? Тілін, өнерін меңгеру – заман қажеттілігі. Абайдың қалаға аңсарының аууы – оның сыншылдығының ашылуы. Ол қырдағы қазақ тұрмысына, жағдайына сын көзбен қараса, алда қыруар істер тұр екен. Абай соларды іздеп қалаға аттанды.
Романның бірінші кітабы былай аяқталады: «Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір өмір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті, тау дауылы да қатер болудан қалған еді» (ол да сонда, 396 б.).
Метафора. Жас шынар – Абай. Оған қыс пен аяз, тіптен дауыл қатер емес. Бір сұрапыл құдірет, ғажап білім мен таным иесі алдына өз заманында да, кейінгі замандарда да жан салғызбай, ауыл білімін арқалап, аңсап қалаға келе жатты. Ол өзі өсіп-өнген өңірдің, панасыз, жүдеу өңірдің айықпас ауыр мұңына пана іздеп қалаға аттанды. Бұл шамамен 1869-1870 жылдар. Қазақ жұртын мұң басқан. Мұң қазақ сахарасын жайлаған. Халық бас бостандығынан айырылған. Тұтас қазақ болып өмір сүру шектелген. Қазақ даласы, халқы губернияларға, уездерге бөлшектенген. Халықты тұтас ұстау – отаршылдар үшін қауіпті.
Қалай болса да, бір шешім болуы керек. Дана Абай оған сенімді. Осындай жағдайда нені сақтап қалу мүмкіндігі бар. Отаршылдар әлі де не нәрсеге «ноқта» салған жоқ? Соны табу, соған сай харекет ету. Ол – қазақтың қара сөзі, аңыз, әңгімелері, шежірелері, жыр-дастандары, ақындық өнері. Абай сөз құдіретіне ден қойған, соны білгісі, ұққысы келеді. Шығыс шайырлары сияқты орыста кімдер бар. Олардың ішінде үлгі тұтатындары бар ма екен?!
Бұл сауалда қазақ даласын басқан мұңды сейілтетін бір шара болар ма екен?!
Сауал көп, жауап қалада, Абай жолда!


Сілтемелер:

Мұхтар Әуезов шығар­маларының елу томдық жинағы бойынша. Алматы «Жібек жолы» баспасы.

Ғарифолла Есім – ҰҒА академигі, жазушы,

профессор, философия ғылым­дарының докторы