Тәуелсіздікке қол жеткізіп, дүние дидары өзгерген тұста ұлы Абайдың сан-салалы өнері ұрпағының рухани азығына айналды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код пен ұлттық әдебиет сақталмаса жаңғыру жаңғырыққа айналуы ықтимал екенін айтқан болатын. Бұл ретте рухани болмысты қайта тулатуда хәкім Абайдың орны бөлек екені шүбәсіз.
Қазақтың данышпан ақыны Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың өркениеттің өріне маңдай түзер темірқазығы, асыл қазынасы. Әрқайсымыздың жан-жүрегімізге жақсылық, ізгілік нұрын себетін ұлы ақын - қазақ халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мәңгілік тұлға.
Кеңестік дәуірде Абайдың рухани мұрасының зор маңызын ашуға мүмкіндік болмағаны белгілі. Сыңаржақ саясат оның шығармашылығын таптық түсінік тұрғысынан ғана бағалап, ауқымын тарылтуға тырысып бақты.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, -
деп еркін елінің бодандық бұғауына ілініп, рухани тәуелділікке ұшырауына күңіреніп өткен ұлы ақын, әйтсе де, қазағының жарқын болашағана сеніп, үмітін үзбеген.
«Қалың елі, қазағы» егемендік алып, дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеруі ұлттық ой-сананың дамуындағы үлкен серпіліске жол ашты. Осынау ширек ғасырда тәуелсіз қазақ елінің мәдени-рухани құндылықтары биік белестерді бағындырғанының куәсі болып отырмыз. Өмірдің қай қырын алсақ та Абай мұрасынан өзімізді толғантып отырған көптеген мәселелерге жауап табамыз. Ұлы ақын қамтымаған сала жоқтың қасы: поэзия, музыка, философия, өнер, тарих, этнография, эстетика, педагогика, дін, заң мәселелері тағы басқа салалар. Дана ақынның өсиеті әрқайсымызға өзіміздің түпкі болмысымызды түсіндіру арқылы оны жетілу жолына бағыттауға арналған.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге, -
деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, перзенттік парызымызды ақтаудың негізгі жолы да - күнделікті тыныс-тіршілігімізде Абайға үңілу, оның асыл мұрасын өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білу. Осылайша ұлы ақын өсиетіне адал, парасат биігіне ұмтылған Абай ұрпақтарын тәрбиелеу.
Шүкір, бүгінде балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап студенттерге дейін ұлы ақын мұрасы арқылы рухани азық алуға мүмкіндіктері бар. Осы тұрғыдан қарасақ, 1942 жылы негізі қаланған абайтану пәнінің ұлтымыз үшін маңызы ерекше. Бұл - Абайды бүкіл өмірінің мағынасына айналдырған жазушы, халқымыздың кемеңгер ойшылы Мұхтар Омарханұлы салып берген сара жол.
М.Әуезов 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде) ұстаздық қызметке келісімен-ақ ұлы ақын мұрасына терең бойлауды өсиеттеді. «...Мұхтар сол отызыншы жылдың бас кезінде Абай халықтың ақыны, халықтың қамқоры, кемеңгер суретші деген пікірді батыл айтып жазды. Жазып қана қойған жоқ, бізге оқитын лекциясында осы ойларын тереңдей таратып, түсіндіретін болды», - деп жазады өз естелігінде белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов.
Ұлы жазушы осыдан жетпіс бес жыл бұрын қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет абайтану курсын арнайы пән ретінде Қазақ мемлекеттік университетінің оқу бағдарламасына енгізіп, өзі осы пәннен дәріс оқыған. Мұхтар Әуезовтен кейін бәсеңсіп қалған аталмыш курс еліміз тәуелсіздік алғаннан соң тың серпінмен дамып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде абайтану пәні бүгінгі күнге дейін оқытылып келеді. Сонымен бірге бұл пән баршамызға аян Алматыдағы ордалы оқу орындарының бірі - Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 2008 жылдан барлық факультеттерінде жүргізіле бастады. Бұл игі істің бастамашысы университетте сол жылдың қыркүйегінде ашылған «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы болды.
Биылғы 2017 жылдың басында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті арасында өзара шығармашылық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мақсаты – оқу-тәрбие үрдісін жетілдіру, жастардың әдеби-теориялық білімдерін дамыту, қоғамдық-мәдени, ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету. Хәкім Абайдың ғибратты өлеңдері мен ғақлия сөздері арқылы жүрек көзін ашып, кеуделеріне сәуле түсіру, «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деген өсиетін түсініп, оны тіршілікте іске асыруға жетелеу.
Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқытылатын абайтану пәнінің бағдарламасы алты бөлімнен тұрады. Абай шығармаларынан орта мектепте алған білім негіздеріне сүйене отырып, абайтанудың арнайы курсы мен семинар сабақтарында асыл мұраның жанрлық түрлерін жан-жақты танып меңгеруге мән берілген. Бірінші бөлім Абай ғұмыр кешкен замандағы саяси-әлеуметтік тарихи жағдайдың ерекшеліктері, ақынның өмірі мен оның кемелдену жолдарына арналған. Мұнда ұлы ойшылдың ата тегі, отбасы тәрбиесі, оқып білім алуы мен ел билеу ісіне араласуы, әдеби ортасы, шығармашылығының қайнар бұлақтары, ақындық өнер жолындағы өлеңдерін жазуы, сол кезеңнің тарихы саяси-әлеуміттік өмір шындығымен егіз өріліп көрсетілген.
Екінші бөлімде Абайдың әдеби мұрасын талдау көзделеді. Ақынның лирикалық шығармаларын өткенде (табиғат лирикасы, көңіл-күй лирикасы, саяси-әлеуметтік лирика, махаббат лирикасы, философиялық лирика) мектепте аздап ғана таныстырылатын Абайдың философилық лирикасын тереңдеп оқыту жағына баса көңіл бөлінген.
Келесі бөлімде Абайдың кемелденуіне әсер еткен, М.Әуезов атап көрсеткен үш арна - Абай мұрасының рухани көздері туралы, сонымен бірге «Абайдың ақындық кітапханасы», «Абайдың «толық адам» ілімі тақырыптары қамтылған. Абайдың әдеби ортасы оқу бағдарламасының үшінші бөлімінде қамтылып, онда М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, А.Нұрқатов, М.Мырзахметұлының ұлы ақынның әдеби ортасын зерттеу еңбектерін талдау көзделген.
Ұлы ойшыл мұрасының терең мәнін толығырақ меңгеру үшін оған жаңаша көзқарас қажеттігін, абайтанудың барлық саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстар жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізілу керектігін абайтанушы ғалымдар айтып та, жазып та келеді. Сол себепті, «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы пәннің басты мақсаты ретінде Абайдың адамгершілік идеалы – «толық адам» ілімімен ұштастыруы – оқу орындарында бұл игі істі қызу қолға алу қажеттігінен туындаған харекет. Ұрпағымызға имани тәрбие берудің, Абайша айтқанда «ыстық қайрат, жылы жүрекпен» бірге «нұрлы ақыл», яғни рухани жетілу қажеттігі. Абайтанушы ғалым, профессор М.Мырзахметұлының айуынша, «қазір сегіз университетте Абайдың толық адам ілімі үйретіліп жатыр. Жастар сол ілімді толық игеріп шықса, арамдық жолға жүрмейді. Егер лай су секілді былғанған болсақ, бұл ілім содан тазартады. Рухани тазартқыш деп айтуға болады».
Университет қабырғасы жастарымызды парасаттылыққа тәрбиелейтін бірден-бір қастерлі орта. Білім мен тәрбие, мәдениет пен ғылым ордаларының бұл тұрғыдағы басты мақсаты - ұлы ақынның асыл мұрасын, ойшылдық дүниетанымын кеңінен түсіндіру, сол арқылы болашақ мамандардың рухани дәрежесін көтеру. Бұл тұрғыда ұлттың рухани айнасы, Абай музейінің атқаратын рөлі ерекше. Жас ұрпаққа музейлік құнды мұралар мен тарихи ескерткіштер арқылы тәрбие мен білім беруде орны да, маңызы да орасан, өйткені барлық насихат, тағлымдық жұмысының ділі мен арқауы - болашақ ұрпақты Абай және оның ақындық-өнер айналасының мұрасын қастерлеуге тәрбиелеу. Ұлы ақын музейінде жоғарыда аталған тақырыптар музей тілінде сөйлеп тұр емес пе? Абай өзі көзі тірісінде тапсырған, ұлы ақын алақанының табы қалған тұрмыстық заттар, ұрпақтары сыйлаған дүниелер, Өскенбай, Құнанбай, Халиолла, Әбдірахман жөніндегі архив деректері, Абай және ақындық-өнер және туыстық ортасының фотосуреттері, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің жеке архиві, Шәкәрім, М.Әуезов, Шәкір Әбенұлы, Ә.Тәңірбергенов, К.Жанатайұлы, Алаш арыстарына, Қ.Мұхамедхановқа қатысты құнды деректер, сирек кітаптар мен көне басылымдар, бір сөзбен айтқанда аса ірі әрі құнды жәдігерлер Абай әлемінің тұңғиығына бойлап, білсем, танысам деген жанға берері мол.
2016 жылдан музей әкімшілігі келушілердің санын арттыру, білім деңгейін көтеру және рухани-мәдени мұраны насихаттау мақсатында қаланың да бірқатар оқу орындарымен шығармашылық байланыс орнатты. Студенттер мен мектеп оқушылары үнемі музей қызметкерлері өткізетін түрлі іс-шаралар - көрмелер, білім сайыстары, әдеби кештер мен кездесулер, тұсаукесерлер мен танымдық сабақтарға қатысады.
Сонымен қатар, Семейде өтетін түрлі шараларға қатысу барысында еліміздің әр облысы мен қалаларынан келетін студент жастар алдымен Абай музейіне келіп, үлкен қызығушылық танытып жатады. Халықаралық қауымдастық тек Семей ғана емес, қазақ десе – Абай деп құрмет тұтатыны белгілі. 2017 жылдың басында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбековтің жоғары оқу орындарының үздік студенттерін Абай еліне саяхатқа жіберу туралы ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдаған хаты үлкен қолдау тапты. Ұлы тұлғалар мұрасынан сыр шертетін айтулы екі шаңырақ – Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейі және Жидебайдағы ақынның мұражай-үйіне студенттер лек-легімен келе бастады. Бұл игі іс болашақ маман иелерінің рухани дамуына, құндылықтарды көзбен көріп, көңілмен сезінуге мол мүмкіндік берері сөзсіз. Бар ықыласымен ден қойса мұндағы әрбір жәдігер өзінше тіл қатып, әр сурет өзгеше сыр ашады.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Көңілден кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі,-
екенін екшеп берген Абай өсиеті әркімге адастырмас темірқазықтай жарқырайды.
«Еліміздің ертеңі жастардың қолында» дегенді нақтылай түссек, ұлтымыздың да болашағы сол бүгінгі жас буынның қалай қалыптасуына байланысты. Білімге басымдық беріп, тәрбиені босаңсытып алған елдердің ертеңі бұлыңғыр екені тағы белгілі. Білім мен тәрбиенің өзі ұлттымыздың рухани болмысымен біте қайнап, тамырлы танымынан, Абайдың шексіз мұрасынан нәр алып отырса құба-құп.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің ғылыми хатшысы