Ақылбайдың шөпшегі Айдос туралы біз не білеміз?
Бұған дейін абайтанушыларға, соның ішінде Абай мұражайының шырақшыларына да Ұлы ақынның ұрпақтары дегенде ойымызға алдымен оралары Ақылбайдың немересі Бағфурдан тарайтын Айдар мен оның ұлы Данияр болатын. Екеуінің де қазір Алматыда екенінен және нәпақасын мұнай саласынан тауып жүргендерінен хабардармыз.
Жалпы, Ақылбаев Бағфур Әлімқұлұлының Эрнест, Бауэр және Айдар атты үш ұлы болған. Абайдың шөпшектері болып келетін үшеудің ортаншысы – Бауэр дүниеден ерте озыпты. Жоғары білімді биолог ретінде кандидаттық диссертация жаза бастаған екен. Туыстары Баукен атап кеткен одан ұрпақ жоқ. Ал, Айдардан Данияр деген ұл, одан Дана, Камила, Меруерт деген үш қыз бала бар.
Бұған қоса Ақылбайдың Даниярдан басқа тағы бір шөпшегі, яғни Абайға немене боп келетін Айдос туралы еміс-еміс қана білетінбіз. Есімінің өзі-ақ асыл тегін мегзейтін азаматтың мұражаймен бұған дейін, оның өзі айтқандай, байланысы бола қоймаған. Олай болса, Ақылбаев Айдос Эрнесұлы туралы біз не біле алдық?
Сонымен Айдоспен оның ұлы атасының ескерткіші түбінде кездесуге келіскенбіз. Ол уағдалы уақыттан кешікпеді. Ұлы ақынның ұрпағын сырт келбетінен-ақ тас тұғырдағы хас мүсінге ұқсаттым. Бұл ретте оның Ұлы ақынға қаншалықты ұқсайтынын оқырман өзі ажырата жатар. Бірақ, жүзі алғаш жарқ еткенде-ақ ол бізді ерекше жылы әсерге бөледі. Қарсы алдымызда өтірігі жоқ, сабырлы да байсалды азамат отырды. Оның басқадай емес, тап осындай болып шыққанына әбден қуанышты едік.
Ең әуелі, Абай ескерткішінің жанында суретке түсе бастадық. Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасында жарқырай шыққан күн шапағы фотоаппаратқа шағылысып, біраз әуреге салса да Айдос қабағын шытпады. Ол фотографтың көрсеткен жеріне жеңіл барып, дархандық танытқан. Бұдан соң, әңгімеміз дастархан басында жалғасты. «Ол өзі мен туыстары туралы айтады, біз сөзін бөлмей тыңдаймыз» деп келістік. «1967 жылғы 7 ақпанда дүниеге келіппін, - деп сабақтады Айдос өз естелігін. - Әкем Эрнест 1983-ші жылы қайтыс болған, Талғар механизация техникумының түлегі. Ал, Бағфур одан төрт жыл бұрын ол дүниелік болған екен. Алматының іргесіндегі Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Баһфур атамыз селекция мектебінің директоры лауазымын атқарған.
Бала кезімізде Данияр және басқалары бар атамның үйінде жиі бас қосатынбыз. Оның әкесі – Айдар аға мұнайшы, қазір ол кісінің кәсібін Данияр жалғастыруда. Анам – Ақылбаева Эльнура Ахметқызы осы Алматыда тұрып жатыр. Өз басым Алматыдағы орта мектепті бітірген соң,
Украинаның Криворожск қаласындағы Авиаучилищеге оқуға түскен едім. Бірінші жарым Светланамен де сонда табыстым, Тбилисиде Кеңес армиясы қатарында болдым. Аталмыш оқу орнында авиақұралдардың техник-электригі мамандығын алған соң, Алматы аэропортының Біріккен авиаотрядында қызмет еттім. Кейін осындағы итальяндық құрылыс фирмасында жұмыс жасап, аэропорттың қаржылық жағдайы қожырағанда жеке кәсіпкерлікті таңдап, құрылыс саласында еңбек етіп келемін. Бірінші некеден Александра Старикова – Ақылбаева деген қызым және одан Ника атты немерем бар. Олар қазір Саратов облысының Балаково қаласында тұрады, қызымның интернетте жеке парақшасы бар.
Ал, қазіргі жарым Батырбекова Тамара Әуезханқызы (әкесі- қазақ, анасы-татар) екеуіміздің ортақ баламыз жоқ. Алланың әмірі солай шығар, жас кезімде барша туыстарым бір жаққа шыққандарында сәбилерін ержетіп қалған маған тастап кетуші еді. Бұл орайда Абай атамыздың ұрпақ жалғастығын үзіп алмау, бізден «тұқым» алып қалу туралы әңгімелерге күлгеннен басқа амалым жоқ. Себебі, ең алдымен «адамның баласы болуға, адамзатты сүюге» үндеген Ұлы Адамның артында қалдырған асыл мұрасына тең келер ештеңе жоқ».
Ұлы ақынның ұлағатты ұрпағымен үнсіз келістік.
Абайдың«Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби- мемориалдық
қорық-музейінің директоры.