Әнуар ТАРАҚОВ: АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨП

«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани соншалық жақындармыз…» деген Міржақып сөзі жыл өткен сайын ақиқаттығына шәксіз сендіре түскендей. Хакім өмірі мен шығармашылығына тереңдеп үңілу ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» бастап осы күнге дейін жалғасып келеді. Одан алдын да, кейін де Абайды тануға ұмтылыс әсте тоқталған емес. Содан бері «…Қарадан хакім болған» Құнанбай­ұлы тұнығына бойлаған әр қазақ өзін көріпті. 
«…Улы сия, ащы тілді» қалқан еткен тұлға «мыңмен жалғыз алысқанын» айтады. Оның күресі бір басына қазақтың батпан-батпан қайғысын жинап алып, «жаралы болған жүрекке дауа» іздеп шарқ ұрған азапты сәттерінде қауыша беретін қараңғылықпен күрес болатын. Ғалымдар Абай мұрасы әлі де кеңінен зеттеуді қажет етеді дейді. Қазақтың Бас ақынының мұрасын жүйелеп, ғылыми-зерттеу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан Абайтану институты ашылғалы бері де біршама уақыт болыпты. Газетіміздің бетінде «Абайтану» айдарымен тұрақты түрде жарияланып жатқан бұл жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды. Бүгінгі сұхбатта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған Абайтану институтының абайтануға қосқан үлесі турасында филология ғылымының докторы, профессор Әнур ТАРАҚОВ айтып берді.

– Абай институты ашылғаннан бастап осы уақыт аралығындағы институттың абайтануға қосқан үлесі қандай?
 – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­­­верситеті жанынан ашылған Абай инс­титуты құрылғалы бері абайтану саласында үл­кен маңызы бар жұмыстар атқарып келеді. Инс­титут директоры, ф.ғ.д., профессор, бел­гілі әдебиет зерттеушісі Жанғара Дәдебаев абай­тану зерттеулерін, соңғы кездегі жаңа ең­бектермен бірге басқа да әдебиеттану, ау­дар­матануға байланысты жаңа зерттеулерді, тал­дау­ларды, ғылыми еңбектерді жариялап отыр­ды. Одан кейінгі Абайтану институтының ең үл­кен маңызды жаңалығы – Абайға қатысты түр­лі зерттеулердің басын қосып, жинақтап шы­ғарған он томдық еңбек.
 Әрине, Абайды зерттеуге бұрындары әр кі­таптардан, әр еңбектерден қарап, өзіне қа­жеттісін алып келген зерттеуші, сондай-ақ Абай­ды танып білемін деген кез келген ын­талы, ықыласты азамат үшін бұл он томдық ең­б­ектің пайдасы зор. Өйткені, біздің барлық ға­лымдарымыздың әр кезеңдегі зерттеулері осын­да орын алған. Ең бастысы, Мұхтар Әуезов­тің Абай туралы жазған ма­қалалары еніп отыр. Осы мақалалардың өзі үл­кен зерттеулерге негіз болады. Сонымен қо­са он томдықта Абайдың өлеңдері, қара сөз­де­рі, аудармалары, поэтикалық тілі, басқа да Абайға қатысты отандық, шетелдік зерт­теу­шілердің бүкіл еңбектері жинақталып берілді. Абайтану институтының тағы бір маңызды жұмысы – ол арнайы сайт ашып, оқырмандарға Абай­дың әдеби мұраларын таныстыруы, сон­дай-ақ соңғы кездегі Абайға қатысты зерттеу­лер­ді жинақтап беруі. Бұл Абайтану инсти­ту­тының соңғы кездегі атқарып жатқан істері.
– Абай мұраларын ғылыми-зерттеу бары­сын­да ғалымдар мен ынталы студенттер нені ес­керуі керек?
 – Абайтану ғылымы әлі де кеңінен, жан-жақ­ты зерттеуді қажет етеді. Олай дейтін се­бе­біміз, кеңестік кезеңде Абай­дың мұрасына де­ген көзқарас қандай бол­ғаны көзіқарақты оқыр­мандар мен ғалым­дарға аян. Соңғы кез­дегі жаңа зерттеулер Абайды әр қырынан та­ны­туға үлесін қосып жатыр. Абайтанудың ең ба­сында ұлы ғалым, академик, жазушы Мұхтар Әуе­зов тұр. «Абай жолы» роман-эпопеясынан бө­лек абайтануға қатысты зерттеу еңбегі және жо­ғарыда айтып өткен мақалалардың өзі осы зерт­теулердің негізі болып табылады. Одан әрі отан­дық ғалымдарымыздан Зәки Ахметов, Жұ­мағали Ысмағұлов, Мекемтас Мырзахметов, Ге­рольд Бельгер, тіл саласынан Рабиға Сыз­дықованың еңбектері қай кезде болмасын жаңа зерттеулерге негіз болады.
 Соңғы кезде Абай институтында және ау­дарма теориясы кафедрасында абайтану мұра­лары оқытылып, зерттелуі жақсы қолға алын­ды. Соның бір негізі – Абай өлеңдерін шет ті­ліне ау­дару мәселесі бірнеше магистрлік жұ­мыс­қа та­қырып болып, зерттеліп-жүйеленді. Әлі де бол­са жаңа зерттеулер жасалып жатыр.
 Абайтану зерттеулерінің өзінде Абайдың бар­лық өлеңдерін талдап-талқылап үлгере ал­майды. Шама-шарқынша төрт-бес өлеңдері, қа­ра сөздері, сосын Абайдың өзінің аударма­шы­лық таланты, осының өзі де қазіргі кезде біз­дің жаңа зерттеуіміздің негізгі нысандары­ның бірі болып отыр. Мысалы, өзім Абайдың Ге­теден аударған «Қараңғы түнде тау қылғып» өлеңінің аудармасын арнайы талқылаудан өт­кіздім. Ол он томдықта бар. Абай аудармасын қа­зір өзім жан-жақты зерттеуді негіз етіп ал­дым. Алла бұйыртса, соны аяқтап шығам деген ой­дамын.
– Абай мұраларын игеру барысында жоғары­да атап өткен абайтанушылардан басқа кім­дер­ді атар едіңіз?
 – Абайды зерттеп жүргендерден абай­тану­шы А.Омаров, с.ғ.д. Бәкір Ә, Т.Жұртбаевтың ең­­бектерін атар едім. Жаңа зерттеулердің бір жақ­­сы ерекшелігі – Абайдың өлеңдерінің текс­тологиялық мәселелері көп қозғалады. Со­дан кейін Абайдың өлеңдерінің мазмұндық та­биғаты жөнінде көптеген жақсы ойлар ай­тылып жатыр. Бұл да алдағы зерттеулерге сер­пін береді деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 
Нұрлайым БАТЫР

"Қазақ Әдебиеті" газетінен