Абайдың ақындық мектебінің талантты өкілі, ақын, композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылында кең көлемде тойланды. Мерейлі тойға еліміздің әр тарабынан ақын-жазушылар, әнші-күйшілер және өнерсүйер қауым жиналды.
Шаралар легі Мақаншы ауылының орталығында ақын мұражайының алдында орналасқан Әсет Найманбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбеков өзінің құттықтау сөзінде ақын шығармашылығы – ұлт руханияты ұлттық кодының бір кілті екенін атап өтті. Ақын рухына тағзым етуге жиналған қауым «Әсет мерекесіне тойбастар» атты жаңа әнді авторы Қ.Нұрқасымның орындауында тыңдап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң жиналғандар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі: Әсет Найманбайұлының әдеби мұражайының жаңадан жасақталған, кеңейтілген экспозициясымен танысты.
Салтанатты шара Мақаншы ауылының Мәдениет үйінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Әсет Найманбайұлы: әдеби мұрасы және әсеттану мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысымен жалғасты.
Конференция жұмысын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музейінің директоры Б.Жүнісбеков жүргізді. ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері С.Қасқабасов баяндамаларға жан-жақты талдау жасап, конференцияны қорытындылады.
Конференция барысында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұл «Әсеттің әдеби мұрасының зерттелуіндегі өзекті мәселелер», Қытай халық республикасынан келген Әсет мұрасын зерттеуші А.Иген «Рухани асыл мұра», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ж. Аитова «Әсет Найманбайұлы шығармашылық ғұмырбаянының белгісіз беттері», Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының оқытушысы, әнші Е.Шүкіман «Әсет әндері хақында», Алматы қаласынан келген күйші, күй тарихын зерттеуші М.Таңғытұлы «Әсет және Әсет өнерінің ашылмаған тағы бір сыры», Әсет Найманбайұлы мұражайының меңгерушісі Ә.Разуев «Әсет Найманбайұлы мұражайының тарихынан», Абай музейінің ғылыми қызметкері, Мәдениет қайраткері М.Мұхамедова «Әсет Найманбайұлы мұрасын музейлендіру» тақырыбында жасаған баяндамалар көтерілген мәселелердің өзектілігімен, мағыналы баяндалуымен тыңдарман қауымның көңілінен шықты.
Конференцияға қатысушыларға арнайы дайындалған баспа өнімдері: Ә.Найманбайұлының 2 томдық шығармалар жинағы мен «Абай музейінің хабаршысы» журналы ұсынылды.
Мерейтойлық шаралар республикалық ақындар айтысы, қазақ күресінен республикалық жарыс пен бәйгеге жалғасты.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің баспасөз қызметі