АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ ЖАЙЛЫ ПІКІРЛЕР

Ұлы Абайдың туған күнін тойлау жайында екіұдай пікір айтылып жатқаны рас. Бірі- 10 тамыз десе, енді бірі- 23 тамыз деп тойлап келеді. Әрине Алланың әр күнінде Абайдың туған күнін тойласақ артық етпес. Десе де, ақынның туған күні нақты нешесі? Осыған орай әлеуметтік желілерде айтылған пікірлерді ұсынып көрелік.

Алмахан Мұхаметқалиқызы, ақын:

– Егер М. Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығына негізделген 4 нұсқасына қарап, оқып, зерттейтін болсақ, Абайдың туған күні жаздың соңғы күнінде, яғни, 23 тамыз нақты тарихи дерек бойынша. 10-ы да қате емес, 23-і де қате емес. Бірақ, негізді сол 10 тамыздан алып отырмыз. Сонда шегерілген кезде 23 тамыз болып келіп отыр.

«Қазқайтажаңарту» мекемесінің басшысы Жандос Әубәкір:

-Абай туған күні 23 тамыз. Ол туралы Қайым Мұхамедханов, Арап Еспенбетов, Төкен Ибрагимов, Дəулет Сейсенұлы жəне менің де мақалалары жарық көрген. 23 тамыз күн дегенге ел болып тоқтауымыз керек. Мысалы орыстарда Пушкиннің əр күні зерттеліп, анықталып қойған. Ал біз нақты анық ақын туған күнді емес, той тойланған күнді айтамыз. 150 жылдыққа деин Абай туған күні əрқилы датада тойланған. Тарихи дәлел тұрғанда 10 тамыз деп шатасуымыз қате

ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистері академиясының академигі, талантты журналист, сазгер Серiк Жанболат өзінің Fasebook парақшасында былай деп жазған:

-СОНЫМЕН, ҰЛЫ АБАЙДЫ ҚАЙ КҮНІ «ТУДЫРАМЫЗ»?
Сонымен ұлы Абай атамыз қай күні дүниеге келді деуіміз керек? Дағдарып қалдық қой. Бірі 10-тамыз дейді, бірі 23-і дейді. Иә, рас, большевиктер 1918 жылы қаңтарда юлиан күнтізбесін еуропаша григорианға ауыстырды. Бәріміз де ауыстық. Бірақ, күнтізбеге жазылған атаулы күндер сол қалпынды қала берді. Абай атамыз тамыздың 10-ы күні дүниеге келген. Бірақ, бұрынғыша санайтын болсақ 23-і күні. Әрине, Абайдың туған күнін 13 күн бойы мерекелей беруге болады. Бірақ, бір күнді нақты бекіту керек қой.Содан кейін тойлайық. Бүйте берсек біраздан соң 10-күні «әлі ерте» деп, 23-күні «өтіп кетті» деуге көшеміз бе деп ойлаймын. Әлемге паш еткен Абайдың туған күнін әлі нақты белгілей алмай отырмыз дейміз бе? Біз осылайша әре-сәре боп жүргенде Иманғали Тасмағамбетов, Мәскеуде, тып-тыныш барыпты да Абай атасының басына гүл қойыпты. Дұрыс істеді. Өйткені, әлі ресми өзгерту, не болмаса оқымыстылардың пәтуасы болған жоқ. 23-і күні гүл қоюға тағы да баратын болса, орыстар «Абай екі рет туған ба?» сұрайтын шығар? Имекең бір жауап табар. Басқа елдегі елшілер не дейді? Біздің нақты бір шешімге келмей күлбілтелеп жүріп алатынымызды өзге жұрт қайдан білсін? Абай атамның өзі де: «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» дер ме еді?

Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев: 

-Осы күнде Абайдың мемориалдық музейі де, Семей қаласы да, туған жері де Абайдың туған күнін 23 тамызда ресми атап өтеді. Ал 10 тамыз деген дата Абайдың ұрпағы Кәкітайдың ұлы Әрқамның естелігіне сүйеніп айтылып келген. Абайтанушылардың пікірі 10 тамыз да, 23 тамыз да қате емес дегенге саяды.

Дереккөз: nukte.kz