ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ АЙНАСЫ

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбаев Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында 1845 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан зеректігімен көзге түскен ол ауыл молдасынан хат таныса, өсе келе Семей қаласында 3 жылдық медреседе білім алады.

Абай бала кезден әжесі Зеренің тәрбиесінде болған. Анасы Ұлжан да ақылына парасаты сай жан еді.

Әкесі Құнанбай ел билеген адам болды. Ол халық басқару жұмысына  перзенттерінің ішінен Абайды баулып, ел ісіне араластырып отырған. Оқуға құштар Абайды медреседен ерте шығарып алуының да себебі осы ел билігіне араластыру болатын.

Әкесінің қасында жүріп ел басқару ісіне араласқан ол ерте есейіп, өзіндік таным-түсінігі қалыптаса бастайды. Әсіресе, оған ел арасында естіген, көрген  дау-дамайлар, аңыз-әпсаналар ерекше әсер етті. Сөз өнері, билердің шешендік сөздері құлағында жатталып қалды. Қоғамдағы болып жатқан түрлі оқиғалар оның әділеттілік, турашылдық сынды қасиеттерін ашып, шынықтыра түсті.
Көпті көрген әжесі Зеренің ертегі, аңыз әңгімесімен сусындап өскен Абай оқудан бір сәт те қол үзбеді, араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, ұлт мәдениетін зерттеді. Шығыс әдебиетінің жарық жұлдыздары Науаи, Физули, Хожа Хафиз, тағы басқа да ақындардың өлең-жырларын жаттап өссе, орыс халқының ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасовтардың шығармаларын жадына тоқыды. Орыс, Шығыс  классик ақын-жазушыларымен қатар ол, ағылшын ғалымы Дарвин, ұлы композитор Шекспирдің де шығармаларымен танысты. Білім көкжиегі кеңіп, дүниетанымы тереңдей түскен Абай Құнанбайұлы дәулетті отбасынан шықса да қарапайым халыққа жақын болды, сол қараша халықтың дауын даулап,  мұңын жоқтады.
Орыс әдебиетімен отыз жасында етене танысып оқи бастаған қазақ халқының ұлы ақыны Долгополов, Леонтьевтермен жақын араласып, оларды өз елінің салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарымен таныстырады.
1860 жылдар – А.Құнанбаевтың шы­ғар­машылықпен мықтап айналысқан шағы. Алғашқыда Көкбай ақынның атынан өлеңдерін бастырған ол кейіннен өлеңдеріне өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Ғылым таппай мақтанба», «Сегіз аяқ», «Интернатта оқып жүр» және басқа да көптеген өлеңдерінің әлеуметтік маңызы жоғары болды.
Абай халқын береке-бірлікке шақырды. Болашағы үшін тар жол, тайғақ кешті. Туған халқы да Абайды сүйіп, құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, бойтұмардай сақтады. Пәлсапалық, күрескерлік қа­сиетке ие Абай өлеңдері қазақ халқына жол сілтеуші болғаны ақиқат. Адамға берер шапағаты мен шабыты мол өлеңдері хал­қымызға ғана емес, әлемнің түк­пір-түкпіріне өз сәулесін себуде.
Абай сазгер. Ел арасынан шыққан таланттарды танытушы, таратушы. Халық музыкасында сазгердің алар орны ерекше. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері халық жүрегінен мәңгілікке орын алған ғұмырлы әндер.
Абай шығармашылығының негізгі ар­қауы – қара сөзге де барынша мән берген. Поэзиямен басталған білім, еңбек, ғылым тағылымдары-осы қара сөзбен жалғасып, оқырманына жетті. Абай шығармалары арқылы халқын биікке көтерген ірі тұлға. Оның шығармасында қамтылмаған тақырып жоқ  десек болады. Әділдік, мейі­рім, сенім, адалдық, махаббат, Отансүйгіштік сияқты асыл сезімдердің барлығы да Абай шығармаларының өзегі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ