ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛАДЫ

Абай ауданында Құнанбай қажының ескерткіші салынып, ұлы Абай ақынның туған күніне орай 2017 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ашылу жоспарланып отыр. Ескерткіш жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызылмақ.                                                                                                         

  -  Өздеріңізге белгілі, халықаралық кинофестивальдерден бірнеше рет жүлде алған «Құнанбай қажы» фильмы Абай ауданында түсірілген. Ендігі кезекті халықтың сұранысы бойынша Құнанбай қажы Өскенбайұлының ескерткішін тамыз айында аяқтауды ойлап отырмыз, - деді Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы.

  Ескерткішке жұмсалатын қаржы сомасы 15 млн теңгені құрайды. Оның 8 млн теңгесі ескерткіштің тұғырына, қоршауы мен абаттандырылуына жұмсалса, 7 млн теңгесі мүсіннің өзін тұрғызуға жұмсалмақ. Абай ауданында Құнанбай қажының ескерткішін орнату туралы идеяны алғаш болып кәсіпкер, аудан мәслихатының депутаты Ардақ Сағадиұлы ұсынған.

   - Мен ескерткіш орнату туралы идеяны көтергеніммен, шешімді халықтың өзі қабылдады. Бұл халықтың таңдауы мен қолдауы, көкейде жүрген ойы болатын. Ескерткішті орнатуға да ауданымыздың іскер азаматтары мен аудан халқы атсалысуда. Қолдау көрсеткісі келетін адамдар әлі де қорға қаражат құя алады, - дейді «Құнанбай қажы» қорының директоры Ардақ Сағадиұлы.

  Мәслихат депутаты ескерткіш салуға арнайы 2016 жылы «Құнанбай қажы» қорын құрған. Қорға жиналған ақша ескерткіш салуға жұмсалады. Қазірдің өзінде ауданның бірнеше ірі кәсіпкерлері қорға көлемді қаржыны да салып үлгерген. Павлодар қаласындағы Құнанбай қажының туыстары, танымал «Жеті ағайын» компаниясы 1 млн. теңге, Семей қаласының тұрғыны, Құнанбай қажының туысы Майбасар ұрпағы Бейсенғазы Мәлікұлы 2 млн. теңге, Абай ауданының Құрметті азаматы, Құнанбай қажының туысы Манатбек Толғанбаев 1 млн. теңге, Лондондағы Абай ауданының тумасы, меценат Медғат Құлжанов 2 млн. теңге, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы 500 мың теңге, жеке кәсіпкер Нысанбек Дінсләмұлы 1 млн. теңге құйған.

  Сонымен қатар, Абай ауданының мемлекеттік қызметкерлері де бір күндік еңбек ақыларын – 1,5 млн теңгені қорға аударған.

  Ескерткіштің үлгісін Абай ауданының екі сәулеткері жасап, өз жобаларын ұсынған. Оның бірі – Жарма ауданында Зере анамыздың ескерткішінің жобасын жасаған Ертіс Татиев болса, екіншісі – Алматы қаласында «Д.Қонаев» қола бюстін жасаған Нұрбол Қалиев болды. Еңселі ескерткішті тұрғызуға саржалдық сәулетші Нұрбол Қалиевтің мүсін жобасы ақсақалдар алқасы тарапынан қолдау тапқан. Нұрбол Қалиев 2014 жылы Қазығұрт ауданында «Бабаларға тағзым» қола ескерткішін, 2014 жылы Алматы қаласында «Ахмет Жұбанов» қола бюстін, 2016 жылы Алматы қаласында «Александр Селезнев» қола бюстін орнатқан.

  - Ескерткіштің биіктігі 3,5 метр, астыңғы тұғырының ені 2,8 метр, биіктігі 2,7 метр, ал аумағы 600 шаршы метр болады. Ескерткіш Қарауыл ауылындағы Ералы – Шәкәрім көшелерінің қиылысында орнатылады, - дейді Абай ауданының сәулет бөлімінің басшысы Нұрлыбек Шалтабанов.

  Аудан әкімі ескерткіштің Құнанбай қажының отырған қалпында қоладан құйылатындығын айтқан еді.

  Бұған дейін жергілікті халықтың, кәсіпкерлердің қолдауымен Кеңгірбай бидің, Әнет бабаның, Мамай батырдың, Шәкәрім қажының ескерткіштері орнатылған.

 

Қымбат Слямбеков

«Алдаспан» газеті, №21, 25.05.2017ж.