Нұрболат ӘБДІҚАДЫР: АБАЙДАН ҚАБАЙҒА (哈焕章) ДЕЙІН

  Биыл – әлемдік ақын Абайдың туылғанына 170 жыл. Біріккен Ұлттар ұйымының ағарту, ғылым, мәдениет комитеті 1993 жылы желтоқсанда Францияның астанасы Париждегі 27-реткі жиналысында қазақтың ойшылы – Абай Құнанбайұлының 1995 жылғы өтетін 150 жылдығын дүниедегі өзіне мүше барлық елдерде салтанатты түрде еске алуға шешім қабылданғанда, Ресей, Түркия, Италия, Қытай сияқты елдер ең алдымен қолдағанын білеміз. Биыл да, Абайтануға қатысты бүкіләлемдік поэзия күнінде «Абай поэзиясы әлем тілдерінде» атты фестивальдар ақынның туған ауылы Жидебайдан бастап төрткіл дүниедегі ірі қалаларда да Абай туындылары бойынша түрлі концерттер қою жоспарлануда.

      Атақты ғалым Ахмет Байтұрсынұлы (мақаласының аты: «Қазақтың бас ақыны»), жазушы Міржақып Дулатовтардан (мақаласының аты: «Абай») бері Абай туралы мақалалар жазылып келеді. 1904 жылы күзде Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралы қаласына барып, Абайға да арнайы бұрылып жолығамын деп жоспарлаған, Абай күзге жетпей маусымның 23-інде қайтыс болды да Абаймен дидарласу Ахметке нәсіп болмапты. 1909 жылы шыққан тұңғыш өлеңдер жинағынан тартып, бәрінде Абайдың немересі Кәкітай (шын аты – Ғабдұлхакым) Ысқақұлының (1869-1915) еңбегі («Абай ‹Ибраһим› Құнанбайұлының өмірі» деген мақалада жазған) жоғары бағаланады. Абай ауылына барып, Кәкітайдан мәлімет алып, Абайдың өмірбаянын тұңғыш қағаз бетіне орыс тілінде түсірген адам – Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов (1870-1938). Бұл ғұмырнаманы – Абай туралы өткен ең алғашқы қоғамдық қимыл саналатын, 1914 жылы 5 қаңтарда Семей қаласындағы Абайдың қайтыс болғандығының 10 жылдығына арналған еске алу кешінде Нәзипа Құлжанова орысшасы бойынша көпшілікке оқып берген екен [1]. Мақала әуелі 1905 жылы «Жеті шатыр жазбалары» (орысша «Семипалатинский листок») деген газетте жарияланған. Онда Әлихан Абай өлеңдерін аса жоғары бағалапты.

       Абай – Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туылған. Азан аты – Ибраһим. Анасы Ұлжанның еркелетуімен «Абай» атанып кеткен. Айтпақшы, Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туылған – Тұрағұл Абайұлы (1875-1934) әкесі Абайдың жасында, яғни 59 жаста қайтыс болған.

      Демек, Абай өлеңдерінің Қытайда таралуына келсек, Қытай қазағының баспа орындары құрылған сонау 1930 жылдардан газет-журналдарда Абайды жариялау басталған. 1944 жылғы үш аймақ төңкерісінен кейін тіпті де көп басыла бастаған. «Марқұм Нығмет Мыңжани қатарлылар 1948 жылы «Сәуле» баспасынан Абай өлеңінің бір тобын кітапша етіп шығарады. 1948-1949 жылдың аралығында Тарбағатайдан өлеңнің әуелгі тілі бойынша қазақша, ұйғырша, татарша үш тілде өлеңдер жинағы шығады. Осының басына Абай өлеңдері беріледі. 50-жылдардың орта шенінде Қазақстаннан Абай шығармаларының араб жазуындағы басылымы шығып, Қытай қазақтарына тарады [2].

      Бейжіңнің «Ұлттар» баспасынан «Абай Құнанбайұлы» деген атпен Абайдың 1882 жылдан бастап жазылған өлеңдері мен аудармалары, сосын жылы анықталмаған өлеңдері, онан поэмалары 1980 жылы мамырда бірінші рет 440 бет боп басылып, 2 юанмен кітапханаларда сатыла бастады. 1991 жылға келгенде үшінші рет қайта басылды. Ал кезінде Қазақстан «Жаңа өмір журналы» баспасында 1955 жылы Алматыда басылған нұсқасына сай Мұхтархан Оразбайұлының дайындауымен «Абай қарасөздері» де ақынның суретімен және Т.Әлімқұлов пен Х.Сүйіншәлиевтің Абай туралы жеке еңбектері қамтылып, осы «Ұлттар» баспасынан 1986 жылы наурызда бірінші мәрте жарық көрді. Бұл кітап ақын туылғандығының 140 жылдығына арналды.

      Ақынның 150 жылдық мерейтойына шашу ретінде, 1995 жылы Үрімжідегі «Шыңжиаң халық баспасынан» Әбділдабек Ақыштайұлының құрастыруымен «Абай туралы естегілер», Күйтіңдегі «Іле халық баспасынан» «Абай өлеңдерінен таңдамалылар», айтулы қытай қазақ зерттермендерінің мақалалары топтастырылған «Абай парасаты», бес сызықты нотасына қоса композитор Мұхамет Әбдіқадырұлының жазған қарапайым нотасымен «Абай әндері» атты кітаптар арты-артынан қазақ оқырмандарымен жүздесті. Қытай халық республикасының жер-жерінде Абай туралы зерттеу мақалалар жазылып, «ғылыми талқы, лекция оқу ұйымдастырылды. Абай шығармалары ханзу қатарлы туысқан ұлттар тіліне аударылды [3]. «Абай парасаты» Абай шығармаларының қытай қазақтарына қалай таралғандығы хақында жүйелі сыр шертті.

     Қытай топырағында Абай туралы кітаптар қайта-қайта басылып, саны, мазмұны жағынан жыл сайын молығып келеді. Ақыт Үлімжіұлы, Көдек Маралбайұлы, Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы, Омарғазы Айтанұлы, Мағаз Разданұлы, Құрманалы Оспанұлы қатарлы ақындардың бәрі де Абайдан үйренді. Біз қытай қазағында да Абай мектебі ерте қалыптасқан деп айтамыз.

       1993 жылы «Қазақстан» баспасында Алматыда басылған бірінші баспасының 1 басылуына сай «Абай ақылиялары» Су Жоушиоң мен Әкбар Мәжитұлының ханзу тіліне аударуымен «Ұлттар» баспасынан 2000 жылы шілдеде қазақша, ханзуша екі жазуда шықты. Қазақстан Республикасысының Қытайда тұратын ерекше толық құқықты тұңғыш бас елшісі Мұрат Әуезов бұл кітаптың баспа құқығын табыстады және қаржылай көмек көрсетті. Кітапты алдымен дұңзу жазушысы, аудармашы Су Жоушиоң орыс тілінен аударды. Одан қытайдың әйгілі қазақ жазушысы, аудармашы Әкбар Мәжитұлы қазақша түпнұсқасына сай аударып, түсіндірулер жасады. Қытайдың әйгілі аудармашысы, суретшісі Гау Маң Абайдың суретін салды әрі Абайға арнап өлең жазды [4].

    2014 жылы 20 наурызда қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абайдың ескерткіші қала Бейжіңнің орталығындағы Чауиаң саябағында бой көтерді. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бұл игі шара төңірегінде жүрекжарды қуанышымен бөлісіп, Абай ата мүсінін айнытпай салған Юан Шүйкүнге алғыс айтты. Юан Шүйкүн мырза Абай мүсінін жасау туралы 2012 жылы сол кездегі мемлекет төрағасы Ху Жинтау жолдасқа ұсыныс жасағанын мақтаныш сезімімен баяндап, қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай туралы терең түсінігін танытты («Халық торабы»). Бейжіңде әр ұлттың студент жастары бұл күндері Абай хакімнің кітабын қолтықтарына қысып ап, сол Чауиаң саябағындағы көлдің бойында ойға шомған Абай мүсініне барып суретке түсіп, үнемі естелік қалдырады.

    «Абай хан тіліндегі 70 неше томдық «Жұңго ірі сөздігі» қатарлы бірнеше сөздікке кірді» [5].

     ***

      1994 жылы 30 сәуір күнгі «Халық газетінің» санында жарияланған, дұңзу жазушысы, аудармашы Су Жоушиоң жазған «Қазақстанның рухи атасы – Абай» деген мақалада ол Абайды «қазақтың ұлттық символы, қазақ мемлекетінің рухи атасы» деп атады. Су Жоушиоңның «Шыңғыс тауындағы үш алып шың» мақаласы Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов жайлы сөйлейді.

     Абайдың әлемге даңқы кетуіне Мұхтар Омарқанұлының Абай туралы зерттеулері мен көркем әдебиеттері көп себеп. Бірде Абайды Мұхтар 6 жасында көргенін баяндайды. Атасы Әуез Абайдың алдынан бала Мұхтарды «атасының қоңыр қозысы екен ғой...» деген батамен өткізіп алады. Мұхтар Әуезовтің зерделеуінде: «...1909 жылғы баспада барлығы 5399 жол өлең бар еді. Оның 1090 жолы аударма болатын. Жіктегенде: 362 жолы Пушкиннен, 398 жолы Лермонтовтан (Гете, Байроннан аударған бірер өлеңін Лермонтов арқылы аударылғандықтан осы санға қосып отырмыз), Крыловтан 180 жол және Буниннен 16 жол... Сөйтіп, 1933-1939, 1945 жылдар баспасын жинау, тізу арқылы Мүрсейітте басылмағанды (қолжазбаны айтады – Н.Ә.) қосқанда, қара сөздерден басқа 1708 жол өлең қосыппыз... Нәтижеде бүгінгі Абай жинағы 5399 жол емес, 7133 жол болыпты», – деп жазғаны бар. «Атасы Әуездің қадағалауымен бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім», – дейді балалығын есіне алғанда Мұхтар.

      «Абай» және «Абай жолы» эпопеясы автордың тірі кезінде-ақ әлемнің 25 тіліне аударылып үлгергенін Мұхтардың өзі айтқан. 1997 жылы Мұхтар Әуезов туылғандығының 100 жылдығында бұл 4 томның дүниежүзінің жиыны 116 тіліне аударылғаны анық. Сондай-ақ 1997 жылы Сәли Сәдуақасұлының құрастыруымен Үрімшідегі «Шыңжаң халық баспасынан» «Әлем таныған Әуезов», Раздан Айдарқанұлы мен Қайрат Нәбиұлының құрастыруымен Күйтіңдегі «Іле халық баспасынан» «Мұхтар аға» атты кітаптар арты-артынан басылым көрді.

      «1942 жылдан бастап Қазақтың мемлекеттік университетінде абайтану бойынша Мұхтар Әуезовтің сабақтары ресми бағдарлама болып енеді. Жазушы Абайдың толық ғылыми өмірбаянын жазу жұмысына 1933 жылдардан бастап кірісті. Шығармашылық жұмысы мен ғылыми-зерттеу жұмысы қатар жүріп, бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі тереңдетіп отырды» [6].

     Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында 1956 жылы басылған нұсқасына сай «Абай» мен «Абай жолы» романдары 1981 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» шықты да кейін де қайта-қайта басылып, жергілікті кітап дүкендеріне түсті. 1994 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абайтану мәселелері» «Шыңжаң халық баспасынан» Әбділдабек Ақыштайұлының құрастыруымен жарық көрді және бұл кітапқа соңына Әбділдабек Ақыштайұлының «Мұхтар және абайтану» атты көлемді мақаласы қоса жарияланды. Мақалада Мұхтардың Абаймен үндестігі молынан зерделенеді. Ғұлама Мұхтар туралы көп сөйлеп созбайық. Бірақ та енді Мұхтармен кім сабақтасады дегенде, қазақ әдебиетінің классигі, кемеңгер ғалым әрі көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің еңбек жолы арқау болған, жазушы Тұрсын Жұртбайдың 1997 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан басылған «Бесігіңді түзе» атты роман-эссесінің ұрпаққа берер танымдық тағылымының молдығына шүбә келтірмейміз.

     ***

      Қабай – 1928 жылы ҚХР Тарбағатай аймағының Қарақабақ деген жерінде, бардам әрі оқымысты отбасында дүние есігін ашқан. Сібе ұлтының халар руынан. Іле қазақ автономиалы облысында Шапшал Сібе автономиалы ауданы бар. Қабайдың сібеше жөргек аты – «Катури». Ханзу мектебіне кіргендегі аты – Ха Хуанжаң. 1950 жылдары бұрынғы Шыңжаң институтының (қазіргі Шыңжаң университеті) орыс тілі факультетінде оқыған. Кейінгіде Катури есімін қазақтар өз тілінің үндесуіне бейімдеп, «Қадырбай», ханзулар да «Қадырбай» деп шақыратын болған. Шәуешектегі орта мектеп-гимназиясында оқып жүріп «Там» газетіне мақала жазғанда, бір сабақтасы: «Қадырбай деп ұзартып қайтесің, қысқартып, «Қабай» десеңші», – деген соң ол «Қабай» деп қалам ат қойып алады. «Катури» деп сібелер білмесе, Абайға із салмаған сонау кезден бастап қазірге дейін жалпақ жұртқа Қабай атымен танылып кете барады. Бейжіңде Қытай Жазушылар Одағының мүшесі. Орыс, ханзу, қазақ, ұйғыр тілдерінде оқиды, жаза біледі. Қабайдың әкесі немісше, ағылшынша білген. 2002 жылы Қытай аудармашылар қоғамы тарапынан «Қабай – майталман аудармашы» деген даңқ куәлігімен марапатталған. 50 қанша жылдық ғұмырын Абайды аударумен, зерттеумен өткерген, Абайды миллиардтар еліне тұңғыш насихаттаушы [7]. Ол «Бар өмірімді Абайға арнадым» деп мақала да жазған.

      Бір ауыз сөзбен айтқанда, Абайдың барлық өлеңі, тұтас қарасөздері Қабай аудармасы арқылы (167 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қарасөзі ханзу тілінде – Н.Ә.) ханзу оқырмандарына жетті. Бұл Абай мұраларының Қытайдағы ең толық аудармасы саналады. Тіпті, орысшаға 23 ақын аударса да, Қазақстанда Абай шығармаларының түгел жинағы орыс тіліне де (116 өлеңі, 3 поэмасы орыс тілінде – Н.Ә.) толық аударылмаған делінеді. Қабай сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» 4 томдық эпопеясын аударып та баспадан шығарды.

      «Халықтың көрер көзі, лүпіл қаққан жүрегі, дана ойы болған Абайдың› жас жеткіншек Мұхтарға қаламын ұстатып, рухани мұрасын аманатқа тапсырғандай көрінетін бұл нысаналы жалғастық кездейсоқ оқиға емес еді» (Тұрсын Жұртбаев). Сібе Қабай жөнінен айтсақ, келе-келе есімі де Абайға Қабай боп ұйқасуының өзі аса ғажайып кездейсоқтық емей немене?! Миллиардтар еліндегі өзге ұлт уәкілі – Қабай адамзатқа ортақ Абайға нысаналы туылған ұрпақ демекпін.

       1957 жылы Құрманәлі Оспанұлы облыс бастығы болып тұрған кезде Сібе Қабай қытай бойжеткені Гау Шұнфаңмен Құлжада үйленеді. Қабаймен бірге ортаға бейімделіп, Гау Шұнфаң да қазақ, ұйғыр тілдерін үйреніп алған. Іле топырағында 19 жылдық өмір сапары жалғасып, Қабай 1973 жылы Бейжіңге, «Ұлттар» баспасына біржола жөткеліп кетті. Қабайдың тұрмыстағы да, өмірдегі де көмекшісі Гау Шұнфаң онымен өнерде де етене боп, көшіріскен, салыстырып оқыған, қателігін тексеріскен еңбектері үшін эпопеяға аты бірге жазылды.

      Қабай мырзаның кішіпейілділігі, ғалым адамға лайық табанды жауапкерлігі «Бар өмірімді Абайға арнадым» деген мақаласынан анық көрінсе керек. Сонда бір сөзінде, Абайдың бір ғана «Отыз сегізінші қарасөзін» аудару үшін «Құран кәрімнің» қытайшасын екі мәрте оқып, Құдайдың 99 есімін табаны бір айдай зерттегенін айтады: «тұп-тура мұсылманша діни медреседен оқып шыққандай болдым», – дейді.

       Біздің есімізге Мұхтар Әуезовтің ақын Құрманәлі Оспанұлына, Құрманәлі Оспанұлының Қабайға аманаты оралады. Ол былай еді: 1958 жылы Азиа-Африка жазушыларының Ташкент жиналысында Құрманәліге Мұхтар Әуезов: «Көзімнің тірісінде «Абай жолының› қытайша аудармасын бір көрсем!» – деген арманын айтқан. Жиналыстан келгесін Құрманәлі Оспанұлы ғұлама Мұхтардың ол аманатын Қабайға табыстаған [8]. Әттеңі – одан кейін де мүмкін болмай, «шетелдің кітаптарын оқып уланған» деп, ойранды 10 жылдық мәдениет төңкерісінің ала құйыны Қабайды да шарпып кетті емес пе?! Дегенмен, Әуезовтің арманын ақыры кешігіп болса да Қабай орындады.

       Профессор Әуелқан Қалиұлы: «Әйгілі сібе оқымыстысы, аға редактор Қабай Абай шығармаларын ханзу тіліне аударып, зерттеді... Қабайдың Абайды зерттеуі елуінші жылдардан басталады. Көп еңбектеніп, түкпірлей үңілген шағы – сексенінші жылдар. Ханзу тілінде бір қыдыру зерттеулер жариялап, оның он бірін қазақ тіліне аудартып (аға редактор Қаһарман Мұқанұлы аударған), 1987 жылы «Абай және Абай шығармалары› деген атпен бастырды», – десе, айтулы аудармашы Әбділдабек Ақыштайұлы: «Қабай Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеумен ерте шұғылданған, сол зерттеулерінің жемісі ретінде оның шығармаларын бір миллиардтан астам халқы бар халықтың тіліне тұңғыш аударған адам... Қабай аудармасы ханзу әдебиетшілерінің, оқымыстыларының Абайды зерттеуіне, тануына үлкен мүмкіндіктер туғызды, жол ашып берді», – деп түйіндейді.

       Аудармагер Қабай үшін хакім Абайдың туған жерін көрмей тұрып, анауғұрлы кесек аудармамен айналысу мүмкін емес еді. 1989 жылы бірінші рет, 1996 жылы Гау Шұнфаңды ертіп екінші рет Қабай Қазақстанда «Абай оқуларында», Құнанбайдың қоныстарында, Абай мұражайында сапарда болды. Аса құрметке кенеліп, тұлпар мініп, «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын алып оралды. Семейдегі ақын ескерткішіне гүл қойғанда, Гау Шұнфаң ханым: «Мен Абай атамның келінімін», – деп, Абайдың халқына, былайша айтқанда, бар қазаққа иіліп салем жасады. Ал Семей университетіндегі кеште, қазақ, орыс, ханзу, сібе ұлты уәкілдерінің бәрі дерлік қазақша әңгімелескендерінің әсері мүлде айрықша болған.

     Абайдың «Ескендір» поэмасын Қабай алғаш 1954 жылы тәржімалап, «Аударма» журналында шығарды. 1958 жылы «Қазақтың ұлы ақыны Абай» деген зерттеу мақаласын ханзуша «Тянь-Шань» журналының 8-санында жариялады. Содан кейін, 3 поэмасын қамтыған «Абай дастандары» (1958 жыл, «Халық әдебиеті» баспасы), «Абайдың таңдамалы шығармалары» (1982 жыл, «Шыңжаң халық баспасы»), «Абай қарасөздері» (1984 жыл, «Шыңжаң халық баспасы»), «Абай және Абай шығармалары» (1987 жыл, «Ұлттар» баспасы), 1547 беттен тұратын «Абай жолы» романы (2004 жыл, «Ұлттар» баспасы) сияқты ғылыми еңбектері мен аударма кітаптары қытай тілінде басылды [9]. Қабай мырза «Абай» романын Семейден келген соң сонау 1993 жылы аударған көрінеді. Бұл күндері «Абай жолының» қытай тіліне Қабай арқылы аударылған нұсқасы Абай мұражайында тұр.

       ﹡ ﹡ ﹡

Алдымдағы «Өзіміздің Қабай» атты кітаптың қолжазбасына қарап отырып: «Айтса-айтқандай өзіміздің Қабай ғой...», – деп күбірлеп қоям. Нылқылық қаламгер, марқұм Дәулетхан Әбдібекұлының «Ұлттар» баспасындағы «Өзіміздің Қабай» деген деректі кітабына «ұсыныс етілген жауапты редактор» болғанымды мақтаныш санаймын. Ұстазы Мұхтар жайлы «Менің Әуезовім» деп, Зейнолла Қабдолов кітап жазды. Тіпті сонау Орал өңірінде жиі болған, «Мен сіздерге жерлес қана емеспін, қазақпын!» деген досы, әйгілі «Тынық Донның» авторы Михаил Александрович туралы қарапайым қазақ аңшысы Ғаппар Рамазанов «Біздің Шолохов» (Алматы: Жалын 1986) деген деректі повесть ұсынды. «Өзіміздің Қабай» деген болашақ кітаптың мына тақырыбы маған ұнайды.

       Баспа мұны «Даукеңнің қыры-сырын біледі» деп маған сеніп табыстады білем. Кезінде осы кітаптың «Қабай мен Қазымбек», «Қабай мен Қабыл» деген тараушаларын да газеттің әдеби бетінде өзім жариялағанмын.

Аталған «Өзіміздің Қабай» атты деректі кітапқа енгізілген автор Даукеңнің Қабай жайындағы өмірбаяндық очерк және эсселер мен мақалаларының жиыны – 14. Бұдан басқа кітапқа елдің іші-сыртындағы, яғни Қытай мен Қазақстан қаламгерлерінен – Нұрболат Әбдіқадырдың «Абайдан Қабайға дейіні» алғы сөз ретінде беріліп, зерттермен Қаһарман Мұқанұлы, Дәулет Сейсенұлы, Н.Байғұлов, прототип Қабай, жазушы Нұрқасым Қазыбеков, Елеш Мұратбек ұлы, тілшы Ниу Рұй (ханзу), Ыбырай Дүйсенұлы қатарлы жекелердің эсселері, сұхбаттары, мақалалары сұрыпталып енгізіліп, мазмұны мүмкіндігінше толықтанды. Мен кітапта мүмкіндігінше ой қайталанбауға, редакциялық жұмысының неғұрлым ғылыми болуына көбірек көңіл ауанымды аудардым.

      Дәулетхан 1949 жылы Нылқыдағы Қаратөбенің Созымтысында туылған. Дәулетқан Әбдібекұлы 21 жасында Қабай мырзаны Нылқының Қаратөбесінде істеп жүргенінде көреді. Кітап жазуға бекіп, 2007 жылы Қабай ақсақалды іздеп Бейжіңге барғаны – содан тура 37 жылдан соң. Қақаңның Тарбағатайдағы туған жері – Қарақабаққа да 2009 жылы Дәукең барып қайтты. Бұнысы: Абайдың туған өлкесіне Қабайдың барып қайтқанына ұқсайды.

 ***

     Бір ғасырдың алдында жазған Міржақып Дулатовтың «Абай» атты мақаласынан оқиықшы, құлағымызға бүгін де жаңа естіледі. Сонда мынадай бір абзац бар: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз› деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз. Бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...». Бұл – «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 67-санының бас мақаласы.

   Қазақстанның Абай қоры қоғамының төрағасы Хафиз Матаев 1995 жылы «Жұлдыз» журналында жариялаған Қабай туралы мақаласында: «Жұңгода Абайды ең терең түсінетін кісі Қабай мырза – бүкіл Қазақ елінің құрметіне лайық жан», – деді.

       Абайы бар қазақ халқының, Қабайы бар сібе халқына ілтипаты бөлек. Әрине, Абайды қытай тіліне аудару – Қабаймен тоқтамайтыны және анық. Биылғы (2015) Абай туылғандығының 170 жылдығын көру – өзіміздің Қабайға және Абайдың бүгінгі ұрпақтары болған біздерге нәсіп болды. Ұқсас бір ұлт уәкілдерінің ынтымағын қастерлейік, онан да маңыздысы – ұлт пен ұлттың рухани достығын әспеттейік. Сонсоң да мақала тақырыбын мен «Абайдан Қабайға дейін» деп әдейі қойдым.

       Әдебиеттер:

 1. Абай туралы естегілер, Құрастырған Әбділдабек Ақыштайұлы, Үрімші: «Шыңжаң халық баспасы», 1995, 312 бет;

 2. Абай парасаты. Зерттеу мақалалар, Күйтің: «Іле халық баспасы», 1995, 1 бет.

 3-4. Әуелқан Қалиұлы Абай поэзиясы Жұңгода // «Абай парасаты» кітабы 45-46-47 б.

 5. Абай ақылиалары. Қырық бес қарасөзі. Аударғандар: Су Жоушиоң мен Әкбар Мәжитұлы Бейжің: «Ұлттар» баспасы, 2000. 1-2 б.

 6. Мұхтар Әуезов «Абайтану мәселелері», Үрімші: «Шыңжаң халық баспасы», 1994, 447-бет.

 7-8. Дәулетқан Әбдібекұлы Өзіміздің Қабай. Деректі кітаптың қолжазбасы.

 9. «Әуезов арманы – өмірлік үлкен борышым». //Қаһарман Мұқанұлының Қабаймен сұхбаты. «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы 1995. № 3.