АБАЙ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ

1845 жыл 23 тамыз – Абай Құнанбайұлы бұрынғы Семей губерниясына қарасты Шыңғыс болысы Сырт Қасқабұлақта Құнанбай Өскенбайұлының отбасында дүниеге келді.

1852-1855 жылдары – Абай ауыл медресесінде оқиды.

1855 жыл – Абайдың 10 жасында тұңғыш өлең жазған.

1855-1859 жылдары – Абай Құнанбайұлы Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесінде оқиды.

1860 жылы – Абай Ділдә Түсіпқызына (Алшынбайдың немереқызы) (1843-1924) үйленеді.

1861 жылы – Абайдың тұңғыш баласы Ақылбай  (1861-1904) дүниеге келеді.

1862 жылы – Ділдәдән қызы Күлбадан (1862-1932) туған.

1865 жыл шілде айы – кезектен тыс болыстық сайлауда Күшік Тобықты болысына болыстыққа ағасы Құдайберді Құнанбаев, оған кандидат болып Абай сайланады.

1866 жылы сәуір айы – ағасы Құдайберді қайтыс болды.

1866 жылы – Құдайберді қайтыс болғаннан кейін Күшік Тобықты еліне болыстық қызмет атқарады. Осы жылы болыс болғандығын дәлелдейтін келесі архив деректері:

1866 жылы 11 маусым – Абай қол қойған Рапорт (архив дерегі: Омбы қаласына қазақ балаларын орысша оқыту үшін арнайы ашылған мектепке көпшілік ортасынан Баймұса Тәңірбердин деген баланы жіберу туралы).

1866 жылы 13 шілде – Абай Күшік Тобықты болысы ретінде «Дело об укочевании казахов рода Урус-Коржау Кучук Тобуклинской волости Куттукбаева и других в Байджигитовские волости» деген Рапорт жазған.

1866 жылы 29 қараша – Абай болыс ретінде Рапортқа қол қойған (архив дерегі: қазақ әйелі Кузенова жас баласымен Күшік Тобықты болысынан Миялы қыстағына көшкені туралы).

1866 жылы – Ділдәдән баласы Әкімбай (Хакімбай) (1866-1873) туады. 7 жасында қайтыс болған.

1866-1868 жылдары - Абай Күшік Тобықты болысының управителі болды.

1869 жылы – Абайдың оқымысты баласы Әбдірахман (1869-1895) дүниеге келді.

1870 жылы – Ділдәдән баласы Мағауия (1870-1904) туады.

1870 жылы – Абайдың інісі Халиолла (1849-1870) қайтыс болады

1871 жылы – Ділдәдән қызы Райхан (1871-1896) туған.

1872-1874 жылдары – Абай Күшік Тобықты болысына екінші рет болыс болды.

1873 жылы – әжесі Зере (1785-1873) дүние салады. Құнанбайдың ұйғаруымен Жидебай қыстауының қасына жерленген.

1874-75 жылдары – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1886) қажылық сапармен Меккеге барады.

1875 жылы – Абай Әйгерімге (шын есімі – Шүкіман) (1856-1919) үйленген.

 1876-1878 жылдары – Абай Қоңыр-Көкше еліне болыс болып сайланады.

1876 жылы – Қоңыр-Көкше елінің статистикалық мәлімдемелерін көрсетіп, болыс ретінде қол қойған.

1876 жылы 6 желтоқсан – Семей уезі болыстары орыс-түрік соғысына байланысты қазақ елін патша үкіметіне қаржылай көмек беруге, моральдық жағынан қолдау көрсетуге Үндеу жазған. Абай Қоңыр-Көкше елінің болысы ретінде қол қойған.

1876 жылы – Абай «ІІІ-ші разрядты кафтанмен» марапатталады.

1876 жылы 21 қыркүйек - Үзікбай Бөрібаевтың жалған арызымен Абайдың үстінен Семейдің ұлықтары тергеу ісін қозғайды.

1876 жылы – Әйгерімнен тұңғыш баласы Турағұл (1876-1934) дүниеге келеді.

1855-1881 жылдары – 9 өлең жазады (біреуі аударма).

1881 жылы – тұңғыш немересі Әубәкір (1881-1934) дүниеге келеді.

1883 жылы 27 сәуірде – Ү.Бөрібаев Абайға нақақтан жала жапқанын тергеуде мойындайды.

1884 жылы 27 тамызда – Семейдің уездік соты Маковецкий сегіз жылға созылған Абайдың «қылмысты» ісін қысқартады. Бұл істе Абайды ақтап 700 кісі куәлік берген. Ү.Бөрібаевтің арызымен басталған іс аяқталады, бірақ арыз жазушы заң бойынша жазаға тартылмай қалады.

1884 жылы – Әйгерімнен екінші баласы Мекайыл (1884-1931) дүниеге келеді.

1882-1885 жылдары – «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерін жазады және Лермонтовтан 2 аударма жасайды. 

1885 жылы мамыр айы – Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде төтенше съезі өтеді. Осы съезде Абай төте би болып сайланады да, үш күн, үш түн Абай жазған қазақтың жаңа заң Ережесі (74 бап) қабылданады. Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарған. Бұл съезде Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезд қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі Абайдың аты-жөні дәлел болады. «Құрметті қазақ» - жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала генерал-губернаторы бекітетін атақ-дәреже.

1885 жылы 21 маусым –  Дала генерал-губернаторының канцеляриясын басқарушы В.Лосевский «О прекращении следствия над волостным управителем Кунанбаевым и Аюбаева и преданий суду киргиза Буробаева за ложный донос» деген баяндама жасайды.

1885 жылы шілде-тамыз айлары – Шыңғыс тауындағы Абай ауылына ақынның орыс досы, саяси жер аударылған Н.И.Долгополов келіп қайтады.

1885 жылы тамыз айы – Абай Н.И.Долгополов арқылы Семейдің өлкетану музейіне жәдігерлер тапсырады.

1886 жылы 4 мамыр – Семейдің статистикалық комитетіне, досы Михаэлистің ұсынуымен,  Абай мүше болып сайланады.

1886 жылы – Абайдың 17 өлең жазған жемісті жылы болады.

1886 жылы – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы қайтыс болады.

1887 жылы – анасы Ұлжан (1810-1887) дүние салады.

1887 жылы – «Масғұт» поэмасын жазады.

1887 жылы 26 сәуір – Семей қаласының бастауыш білім қамқоршылар қоғамы ашылады. Осы қоғамға Абай мүше болып кіреді.

1887-1889 жылдары – Абай Құнанбайұлы 31 өлең жазады.

1887-1889 жылдары – А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан 7 үзінді аударады және «Онегиннің өлердегі сөзі» атты өлеңін жазады.

1889 жылы – ақынның «Күлембайға», «Жаз» деген өлеңдері «Дала уалаяты» газетінде ақын Көкбайдың атымен  жарияланды. Бірінші өлеңін 1888 жылы Ақшатауда болыс сайлауында Күлембайды сынап жазған. Екінші өлеңі 1886 жылы  аулы Бақанас өзенінде қонып жатқанда жазған.

1890 жылы 9 өлең жазады.

1890 жылы – Абай аңшы мылтығымен марапатталады.

1891 жылы – Абай 9 өлең жазады

1892 жылы – інісі Оспан (1852-1892) қайтыс болады. Абай інісі Оспанға арнап «Жайнаған туың жығылмай», «Кешегі Оспан» атты өлеңдер жазған.

1892- 1893 жылдары – 11 өлең мен 6 аударма жасайды. 

1893 жылы – Абай Құнанбайұлы 3 жылға болыстыққа сайланады. «Приказ Г. Военного Губернатора Семипалатинской области Сентября 11-го 1893 года №55. Утверждается в должности по выбору общества на трехлетие с 1893 по 1896 год. ІІІ. Чингизской, волостного Управителя – Ибрагим Кунанбаев, кандидата по нем – Азимбай Танырбердин...».

Турағұл естелігінен: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған». 

1894 жылы – 13 өлең жазады (2-і аударма).

1894 жылы – Абай Еркежан Ибаққызына (1858-1927) үйленеді.

1893-1894 жылдары – Семей қаласының бастауыш білім қамқоршылар қоғамына мүшелік жарна төлегені туралы архив дерегі сақталған. Абай мен балалары Ақылбай, Мағауия жарна төлеген. 

1895 жылы – Әйгерімнен үшінші баласы Ізкәйіл (Зікеш) (1895-1929) дүниеге келеді.

1895 жылы 15 қарашада – Абайдың білімді, талантты баласы Әбдірахман 27 жасында Алматыда қайтыс болады, сүйегі елге әкелініп Ақшоқыға жерленеді. Оның қайғысы ақынға қатты батады, егіліп көп өлең жазған.

1895 жылы 18 өлең жазады (оның ішінде 10-ы Әбдірахманға арналған, 2-і аударма).  

1896 жылы – Абай балалары Ақылбай, Турағұлмен фотосуретте түседі.

1896 жылы – ақын 16 өлең жазады (4-і аударма). 

1896 жылы – Мағауияға жазған хаты сақталған.

1897 жылы – Абай 13 өлең жазады (4-і аударма). 

1898 жылы – Көшбике деген жердегі Мұқыр болысын сайлауда Оразбай Аққұлы баласы Жігітек, Мырза-Жөкең ру басылары: Әзберген, Бейсенбі, Бұланбай, Әбендерді ұйымдастырып Абайдың өміріне қастық істейді. Бірақ Кәкітай, Уәйіс, Аппас деген жақын-дос адамдары ара түсіп қорғап қалады. Осыдан соң ақын өле-өлгенше ел жұмысына араласпайды да бұрынғы араздықпен өзіне қастық істеткен адамдарымен татуласады. Көбі ақынның кешірімін алады. 

1898 жылы ақын 26 өлең жазады (18-і аударма: 4-і Лермонтовтан, 14-і Крыловтан). 

1890-1898 жылдар арлығында ұлы ақын Ғақлия - Қарасөздерін жазады.

1899 жылы 10 өлең жазады (оның 3-і аудармалар). 

1900 жылы 4 өлең жазады ( 2-і Лермонтовтан аударма).

1900 жылы – Абай Сенатқа хат жазады, 5 ақпанда Петербургке жіберіледі

1900-1902 жылдары – Абай «Ескендір» поэмасын жазады.

1901 жылы – Әйгерімнен қызы Кенже (1901-1932) дүниеге келеді.

1901 жылы – Абай Құнанбайұлы 5 өлең жазады.

1902 жылы «Тоты құс түсті көбелек», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» - 3 өлең мен Лермонтовтан бір аударма жасайды.

1903 жылы 18 сәуірде – Семейдің соғыс губернаторы генерал Сухотиннің бұйрығымен Абайдың, Мағауия, Турағұлдың  үйлеріне тінту жүргізді.

1903 жылы – Абай балалары Мағауия, Турағұл; немерелері Әубәкір, Пәкизат; әйелі Еркежан және келіні Кәмәлиямен фотосуретте түседі.

1903 жылдың қыркүйек айы – Семей облысының Әскери Губернаторы генерал-майор Галкин «Секретно» деп Абай Құнанбайұлының өмір деректері мен қоғамдық қызметін көрсеткен хабарламаны Омбыдағы Дала Генерал Губернаторына жолдайды.

1903 жылы – атақты ғалым Семенов-Тяншанскийдің редакциясымен шыққан «Біздің Отанымыздың толық жаграфиялық баяны» деген орыс тіліндегі кітапта (204 бет) Абайдың аты жаңа әдебиеттің бастаушысы деп ерекше аталынды.

1903 жылы – «Жалын мен оттан жаралған» өлеңін жазады.

1882-1903 жылдар аралығында Абай «Масғұт» поэмасын жазады. «Әзім әңгімесі» поэмасының жазылған жылы белгісіз.

1904 жылы 14 мамырда - Абайдың зор үміт еткен екінші ұлы, ақын Мағауия қайтыс болады.

1904 жылы 23 маусымда – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Балашақпақта дүние салады. Қыстауы Жидебайда жерленген.

1904 жылы 3 тамызда – Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде қайтыс болады. Қыстауы Тышқанда жерленген.

Соңғы жылдары ақынның табылған өлеңдер саны – 8.

 

Дайындаған Абай қорық-музейінің

 ғылыми қызметкері М.Б.Мұхамедова