Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ: АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Абай қазақтың феодал табынан шықты: оның өз әкесі Құнанбай, арғы аталары Ырғызбай, Өскенбай - ірі бай, феодал, әйгілі би, сұлтан болған, ел ішінде үстемдік жүргізген, феодализмнің барлық уытын жайған адамдар. Солай бола тұрса да, дарынды Абай өзі шыққан таптың сөзін сөйлемеді, еңбекші таптың сөзін сөйледі, халықтың мүддесін қорғады. Атаның ұлы болмады, адамның ұлы болды.

Қара сөздерінің бірінде Абай: «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойландым», - дейді. Өзінің бай-жуандардан, би-болыстардан жерігенін айта келіп, Абай әлгі ойына өзі былай жауап береді: «Енді, әлбетте, момындығынан: «ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен болам деп, бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштықпен баға алмай, өзі залым, қуларға жеміт болып жүрген момын шаруаны аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды, сонан басқаны таба алмадым», - дейді (22-қара сөзінен).

Өлеңінде өзі айтқандай, Абай ерте оянды. Оянды да, қазақ халқының жаншылып, жапа шегіп жатқанын, түнекке, тұйыққа қамалып отырғанын көрді.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. ..   

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, -

 

деп зарлады.

Зарлап тек отырмады. Жігерлі Абай халықтың хал-жайы, тағдыры жөнінде ойланып, толғанды, шарқ ұрып ізденді. Халыққа түнектен, тұйықтан шығар жол, тұрмысын оңдар өнер іздеп, Шығысқа да, Батысқа да көз жіберді. Ол:

 

Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім, -

 

дейді.

Талапты Абай іздегенін тапты. Оны басқа жақтан емес, Россиядан, орыс халқынан тапты. Іздегенім осы еді деп, ұлы орыс халқының прогресшіл, озат мәдениетін, гуманизмге, әлеуметтік революцияшыл идеяға, зұлымдық, қанаушылық дүниесін күйретіп, еңбекші адам баласын құлдықтан құтқаруға болады деген сенімге толы классик әдебиетін ұстады. Оған шаңырқап жүріп шөлде су талқан кісінің бастауға бас қоюы сияқты, құмарланып бас қойды.

Ол «Орыстың өнері, ғылымы - дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Орыстың тілін білсең, көңіл көзің ашылады», - деді (25-қара сөзінен).

Ол орыс халқының ұлы, классик ақындары A.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың асыл мұраларын қазақ тіліне аударып, халыққа үлгі қылып ұсынды. Қазақ жастарын Л.Н. Толстой мен М.Е. Салтыков-Щедрин шығармаларынан үлгі ал деп үгіттеді.

Мейлінше гуманист Абай мынау туыс, анау жат, мынау орыс, анау қытай деп тұрмай, әр халықтың, бүкіл адам баласының жақсысынан үлгі алу өнегелі ісін, өнер ғылымын үйрену керек; үлгілі, өнегелі кісі - адам баласы; адам баласының бір-біріне жаттығы жоқ. «Әкенің баласы дұшпанның, адамның баласы - бауырың». «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым!» - дейді.

Әр халықтың жақсысын, өнерін, ғылымын  үйрену жөнінде халыққа Абайдың өзі үлгі бола алады. Ол қазақ халқының өзінен бұрынғы, өз тұсындағы мәдениетін жете біліп, соның ең жақсыларын бойына жинайды; қазіргі Советтік Шығыс елдер біразының (өзбектің, тәжіктің, әзербайжанның) бұрынғы әдебиетінен, ұлы орыс халқының классик әдебиетінен үйренді. Орыс халқы революцияшыл-демократтарының эстетикалық көзқарастарын өз шығармаларына арқау, өзек етті.

Бірақ, Абай, тағы да өзі айтқандай, жасында албырт, ойдан жырақ өсті; ғылым бар деп ескермеді; тар заманда, соқтықпалы, соқпақсыз жерде жасады; елден етек бастыны көп көрді; мыңмен жалғыз алысты. Осының бәрі ойшыл Абайдың әлеуметтік көзқарасына, дүние, қоғам тануына ен-таңбасын салды. Оны кей ретте шағын, қайшылықты етті.

Әлеуметтік көзқарасында, дүние, қоғам тануында кейбір шағындығы, қайшылығы бола тұрса да данышпан Абай қазақ халқының жаңа, реалистік, көрікті әдебиетінің негізін салды, басы болды.

 

* * *

Қазақтың Абайдан бұрынғы, Абай тұсындағы ақын, жыраулары ақындықты, өлеңді, әнді жинап айтқанда, көркем өнерді ақынның қара басының мал табу, күн көру құралы деп, еріккеннің ермегі, думан-сауық құралы деп білді. Сол үшін оларды Абай былай сынайды:

 

Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қәдірін жұртты шарлап,

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Шет елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін «бай» деп мақтап, құдай қарғап.

Абай бұрынғы ақындардың, керісінше, ақын-азамат, әлеумет қайраткері деп, өлеңді өнер деп, акын өзінің өлеңі-өнерімен қоғамға, халыққа тәрбиеші, жетекші болып қызмет істеуге тиісті деп білді.

Осыдан Абай: ақын, әдебиет ең алдымен, ақиқатты ашу керек; «өмірдің өзі - ақиқат», жұртқа соны таныту керек; қоғам, халық өмірін, қалың бұқараның өмірін, арманын жырлау керек. Ақын, әдебиет онан соң, қоғамның, халықтың кем-кетігін, мінін ашып, бетіне басуға, сынап-мінеуге, солай қоғамды, халықты тәрбиелеуге, түзеуге тиіс; қоғамның, халықтың хал-жайын, ой-тілегін түйіп, оңын-солын, алды артын болжап, қоғамға, халыққа жөн, жол көрсетуге, ақыл айтуға тиіс. Ақын, әдебиет, ақырында, көреген, әділ болуға, ақиқатты, өмірді, қоғам, еңбекші бұқара өмірін дәл, нақты, терең әділ бейнелеуге тиіс.  

Нағыз дарынды, әлеумет қайраткері, қоғам, халық тәрбиешісі ақын:

 

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар,

Кектеніп надан, зұлымға

Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген, білгенін,

Білдірер алыс, жақынға

Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол.

Улы сия, ащы тіл,

He жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер, өзін, біл, - дейді.

Яғни данышпан Абай ақынның, әдебиеттің мәнін, қызметін өзінен бұрынғы, өз тұсындағы қазақ ақындарынан бүтіндей басқаша түсінді: жаңаша, ұлы орыс халқы классик ақындары мен революцияшыл-демократтарын түсінгенше түсінді.

Қазақтың Абайдан бұрынғы, Абай тұсындағы ақын, жырауларының бәрі дерлік көр-жерді, жоқ-барды, ескіні, ертегіні, әзірет Әліні, айдаһарды, алтын иек сары-ала қызды өлең, жыр етер еді. Олары өзге түгіл, өздеріне де пайдасыз болушы еді. Ал, Абай, әлгі өзі айтқандай, өмірді, қазақ халқының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, іс-әрекетін, мұң-зарын, тілек-арманын жыр етті; оның өміріндегі, мінезіндегі, санасындағы ескі, кертартпаны сынады, жақсыны, ілгерішілді дәріптеді; халықты жаңаға бастады, түрлі жақтан жетілуге шақырды. Ол:

 

             Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

             Жоқ, барды, ертегіні термек үшін.

             Көкірегі сезімді, тілі орамды

             Жаздым үлгі жастарға бермек үшін...

             Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,

             Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

             Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

             Думан, сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ, - дейді.

Абай қыранша қырымға қарап, қазақ халқының өміріне көз жібергенде, оның саясат, шаруашылық жағынан, өнер-білімнен мүлде артта қалып отырғанын, оның берекесін қашырьш, еңсесін түсіріп отырған неше түрлі жағдайлар бар екенін айқын көрді. Ақын соларға кектенді, буырқанды, бұрсанды.

Бұл жағдайлардың бір жағы қазақ арасындағы ежелгі бектік-феодалдық қалыпта, қазақтың үстем табында, билеп-төстеуші тобында жатыр еді. Қазақтың үстем табы, билеп-төстеуші табы - қарадүрсін, надандар, халық қамын ойламай, тек өз қамын ғана ойлайтын жуандар, атқа мінерлер, қулар еді. Олар барымта, шабуыл, жесір дауы, жер дауы, бақ талас сияқты әлек-ылаңдарды қоздырып әкеп, қалың ел ортасына бәле, қырсық етіп тастар еді. Сол арқылы момын, еңбекші көпті жейтін, тонайтын, қанайтын еді. Тіпті, билеушілер, жуандар тобы қазақ қауымы басына біткен cop, бақытсыздық еді. Олар билеген ел көшінің барар беті қараңғы, екі талай, тығырық еді. 

Сондықтан Абай билеуші таптан, бай-жуандар тобынан жеріді, іргесін аулақ салды. Ақыл-ойының, ақындық күш-қуатының денін билеуші таппен, бай-жуандар тобымен күресуге жұмсады. Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінде солардың қырсығын, надандығын, зұлымдығын, құнсыздығын әшкереледі. Оларды Абай:

Аузымен орақ орған өңкей қыртың ,

Бір күн жыртың етеді, бір күн бұртың,

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын.

 

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Өтірік, өсек, мақтанға

Ағып тұрса бейне  су.

Ат, шапаннан  кем көрмес,

Біреу атын қойса «қу»

Қу нәпсісін тия алмай,

Атым шығып жүрсін деп,

Берекеге қас болса,

Желіктірген айтаққа

Арақ ішпей мас болса...

 

Ел тыныш болса азады,

Бірігіп өле жазады... – деп сынайды.                     

Абай үстем тапқа, бай-жуандар тобына қарсы шығумен бірге, олардың міндерін сынаумен қатар, қазақ арасындағы бектік-феодалдық қалыпқа, оның барлық қырсықты, ескі, кертартпа көріністеріне, солардың бәрін қолдап, әдейі өршітіп отырған патша өкіметінің саясатына қарсы болды. Ел басқару жөніндегі, әйел жөніндегі, тәлім-тәрбие жөніндегі ескі көзқарасқа, ескі салтқа, дау-шарды шешудің ескіден келе жатқан жөн-жосығына, өтірік, өсек, жалқаулық, еріншектік, шаруаға қырсыздық сияқты мінездерге, ңадандыққа, надан молдаларға - бәріне қарсы шықты, бәрін шенеп, мінеді. Бәрі жөнінде басқа, жаңа жол ұсынды.

Абай жаңағыдай өз талабын алға қойып шыққан кезде, ел сорына біткен билеп-төстеушілер, бай-жуандар табымен қатар, бүкіл қазақ даласында патша өкіметінің отаршылдық саясатынан туған партиягершілік, билікке, болыстыққа, старшындыққа таласу сияқты алыс-жұлыс, қырсық та көп еді.

Патша өкіметінің ұлықтары: жандарал, үйез начальниктері, адвокат, чиновник, тілмәштері, патшалықтың ел ішіндегі өкілі, әкімі, сүйеніші байдан, жуаннан шыққан би, болыстар, елубасы, старшиндар қоғамдық тірлікті ылайлайтын, бұзатын мін мен дертке толы еді. Олар пара, алым-салық, қара шығын сияқты әр алуан ауыртпалықты ойлап шығарар еді, оларды тегіс қалың бұқарадан, момын шаруалардан, еңбек елінен өндірер еді. Осылай халықты жейтін, тонайтын, қанайтын еді.

Қысқасы, бай-жуандар тобы сияқты, ұлықтар, би, болыстар тобы да шірік топ, шірік орта еді: елдің қамын ойламай, өз құлқынын ойлайтын, халықтың сорына біткен топ еді.

Мұны Абай айқын аңғарды. Сөйтіп, ол, бай-жуандар тобыңан түңілгені, жерігені сияқты, ұлықтар тобынан да түңілді, жеріді. Шығармаларында бай-жуандар тобын шенеп, мінегені сияқты, ұлықтар, би, болыстар тобын да шенеп, мінеді. Абайдың «Көжекбайға», «Болыс болдым мінекей», «Мәз болады болысың» деген өлеңдері, тағы басқа бірқатар өлеңдері мен қара сөздері осы би, болыстарды сынап, мазақтауға, солардың оңбағандықтарын, құнсыздықтарын әшкерелеуге арналған.

Абай үстем тапты, бай-жуандар тобын, би, болысты әшкерелеу, жексұрын, жауыз етіп көрсету арқылы патша өкіметін, патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынады; жұртқа патша өкіметін де жексұрын етіп көрсетті.

Бұл ретте Абай орыс халқының ұлы жазушылары Гогольдің, Салтыков-Щедриннің әдісін қолданды деуге болады. Олар да өз тұстарындағы түрлі чиновниктердің, үкімет адамдарының жаман қылығын, оңбағандығын, құнсыздығын көрсетіп, сынап, сол арқылы жұртқа патша өкіметінің өзін құбыжық етіп көрсететін, патша өкіметінің саясатын сынайтын еді.

Көреген Абай қазақ еңбекші бұқарасының басындағы бұл екі түрлі  ауыртпалықтың: бектік-феодалдық, ұлт-отарлық қанаудың ақыр бір күн күйрейтінін ашық аңғарды:

 

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

 Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек 

 Арамдықтан жамандық көрмей қоймас,

 Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек, -

деді. Ол халыққа болашақтан еркін, бақытты өмір күтті, сол болады деп әбден сенді: «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», -деді.

Абай шығармаларының тағы бір тобы өмір сыры, заман жайы, қазақ халқы тұрмыс салтының, мінез қылығының, шаруашылық қалпының: жаз жайлау, қыс қыстауының, қазақ даласының суреті болып келеді. Бәрі де нақты, дәл, жарасымды, шебер суреттеледі.

Жаңашыл Абай қазақ халқының барлық жақтан - саясат, шаруашылық, мәдениет жөнінен - әбден жетілуін арман етіп жырлайды. Көптеген өлең, жырлары мен қара сөздерінде ақын қазақ бұқарасына ақыл, өсиет айтады, жөн-жосық сілтейді, оларды адамгершілікке, өнер-білімге, еңбекке, игілікті кәсіпке үндейді. Ол қара сөзінде:

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек. Ол әуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің. Надандық - білім, ғылымның жоқтығы - дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік - дүниедегі күллі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады. Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады». Ол өлеңінде:

Жан аямай қәсіп қыл.

Еңбек қылсаң ерінбей,  

Тояды қарның тіленбей. ..

 

Егіннің ебін,                         

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап мал ізде...   

 

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық...

 

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ -

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой -

Бес асыл іс көнсеңіз...

 

Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл берсеңіз, - дейді.

Қайраткер Абай қараңғыда қармалаған халыққа өзінің мінезімен, өнер-білімімен, ісімен үлгі, жетекші болатын адамдарды: жақсы мінезді, өнерлі, талапты, жігерлі, іскер жастарды, ел мұңын өз мүңы ететін, елге жөн-жосық сілтейтін, ел тарихын өзгертетін ер, азаматты дәріптеді, арман етті.

Осы ретте ақын көптеген шығармаларында адамның жақсы, жарасымды мінез-құлықтарын, ізгі, асқақ ой-сезімдерін, көңіл-күйлерін, үлгілі, шын, таза достық, махаббат істерін бейнеледі, жырлады; жыл мезгілдерін, өмірді, өсуді меңзейтін жаратылыс құбылыстарын, әсем табиғат көріністерін суреттеді.

Сонымен, Абай өмірді, өз заманының шындығын, өз заманындағы қазақ халқы өмірінің шындығын жан-жақты, кең шеңберлі, терең мағыналы етіп жырлаған үлкен реалист ақын; өзінің ақындық өнерімен халқына қызмет еткен азамат, әлеуметтік қайраткер.

¥лы философ, ұлы сыншы В.Г. Белинский айтады: «...кімде кім жаратылысында дарынды, талантты болса, сол ақын болады. Бірақ ақындық таланттың да шама-шарқы бар, ол әркімде әр түрлі, әр дәрежеде болады. Бір ақынның таланты, шабыты шампан шарабы сияқты, құлпырып, быжылдап, қайнап, көбіктенеді, адамды тез есіріп, тез басылады. Екінші ақынның таланты, шабыты жиектері жайнаған көк орай шалғынды таза, мөлдір өзен сияқты ағып жатады. Үшінші ақынның таланты, шабыты Ниагр ұшан суы тәрізді тулап, толқындап, сарқырап, көбік шашып атқылап тұрады. Төртінші ақынның таланты, шабыты қиыры жоқ, түбі жоқ, бетінде күмбез аспан дүниесі: ай мен күн, жыпырлаған жұлдыз, түнерген, нажағай атқан бұлт бейнесі көрініп тұрған, толқындары әр қилы қайықтарды, алып кемелерді айдап бара жатқан, тұңғиық, жұмбақты түбі неше түрлі, ірілі-уақты жәндіктер дүниесіне, інжу, маржан ормандары мен ақық, седеп тауларына толы, мейлі жайшылықта болсын, мейлі дауылда болсын әрі зәулім, әрі салтанатты шалқып жатқан мұқит тәрізді», - дейді (үш томдық шығармасы, 1-том, 652-бет, 1948 ж., Москва).

Абайды, ойланып тұрмай-ақ, ұлы сыншы келісті етіп бейнелеген төртінші ақын қатарына жатқызуға, Абайдың ақындық таланты, күші, поэзиясы сол ақын құрамдас деп айтуға болады деп білеміз.

Қазақтың Абайдан бұрынғы, Абай тұсындағы әдебиетінде өлең, жырдың, соның ішінде лирикалық өлең, жырдың тек бір жанры ғана: саяси лирика ғана болушы еді. Ол түгелдей насихат, үгіт, арнау, мақтау, жерлеу болып, келісі, кестесі жоқ сырдаң, шешен сөз, тақпақ, мақал, мәтел болып келуші еді. Мысалы:

 

Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұспаның сені басқа ұрсын!

Хан емессің лаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің, аянсың

Айыр құйрық шаянсың, -

(«Махамбеттің Жәңгірге айтқаны»)

 

болып, яки:

 

        ... Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

             Кел балалар оқылық.

             Оқығанды көңілге

             Ықыласпен тоқылық.

             Біз надан боп өсірдік

             Иектегі сақалды.

     «Өнер - жігіт көркі», - деп,          

             Ескермедік мақалды.

             Біз болмасақ, сіз барсыз,

             Үміт еткен достарым,

             Сіздерге бердім батамды, -

(Ыбырай)

 

болып келер еді.

Оңы мен солынан, шығысы мен батысынан көргені көп, алған нәрі, жол азығы мол, өзінің алдында: «Мақсұтым - тіл ұстартып өнер шашпақ», - деп міндет қойған талантты Абай қазақ поэзиясын дамыта, байыта түсті. Ол, ең алдымен, қазақ поэзиясында бұрыннан бар, әлгі саяси лирика жанрын дамытты, ұстартты; оның үстіне, қазақ әдебиетіне лириканың мәдениетті елдер поэзиясында болатын басқа жанрларын тыңнан, тұңғыш рет енгізді: махаббат, табиғат, көңіл күйі лирикасын қосты.

Ақындық талантына, күшіне қарай кей ақын лириканың бір-екі жанрына, айтайық, махаббат лирикасы мен көңіл күйі лирикасына, кей ақын лириканың тағы бір-екі жанрына, айтайық, саяси лирика мен табиғат лирикасьна, енді бір ақын лириканың барлық жанрына ұста, күшті болады.

Абай соңғы айтылған ақын қатарына жатады. Ол лириканың барлық жанрын бірдей, күшті етіп келтіреді: саяси лириканы да, махаббат лирикасын да, табиғат лирикасын да, көңіл-күйі лирикасын да мейлінше күшті, мейлінше сұлу етіп келтіреді.

Абай саяси-әлеуметтік лирикасының бірсыпырасында оқушыға дүңие, жаратылыс, қоғамдық тұрмыс, заман, күнделікті тіршілік жөнінде, өмір, өлім, жастық, кәрілік, әділдік, жауыздық, достық, қастық жөнінде, адамның қасиеті, қоғамдық міндеті, мінез-құлқы, еңбек, өнер, білім, дін, ғылым, тәлім-тәрбие жөнінде байсалды үгіт, насихат сөйлейді, байыпты ақыл, кеңес береді, терең, философиялық ой, түю, сезіну, шешім айтады. Бұл ретте ақын - жалынды үгітші, асқан ақылгөй, үлкен философ.

Абай саяси-әлеуметтік лирикасының енді бірсыпырасында қазақ қауымының оғаш, өрескел, ескі, зиянды ғұрып-әдеттерін, мінез-қылықтарын, әсіресе, бай-жуандардың, қожа-молдалардың, би, болыстардың, әкім-ұлықтардың дөрекілік, надандық, жемқорлық, мансапқұмарлық, озбырлық, зұлымдық іс-әрекеттерін, ой-пиғылдарын әшкерелейді. Ызалы жүрекпен, долы қол, улы сиямен, ащы тілмен сынайды, мысқыл, сықақ, әжуа, күлкі етеді.

Мысалы, ол жөн-жосық білмей, өнер іздемей, кәсіп қылмай, тек ел қыдырып, сөз жүгіртіп, жұрттың ынтымақ, берекесін бұзып жүрген адамды - қуды өткір сөздермен, жарасымды теңеу, суретпен былай шенейді, сықақ етеді:

Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ,

Оларға жөн арамнъң сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

Бір әршепке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып, басады алшақ.

Қарсы алдына жымырып келтірем деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жазды күні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар: ол дағы аппақ.

Керегеге сабауды шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Қу шалбар қулығына болған айғақ,

Тізесін созғылайды  қалталанса-ақ...

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.

Бет-аузын сөз сөйлесе жүз құбылтып,

Қас кермек, мойнын бұрмақ, қоразданбақ...

Бәрі жарасты сурет, айқын портрет, өткір сықақ болып келеді. Осы сияқты, Абай болысты өз сырын өзіне сөйлетіп, әшкерелейді, келістіріп әжуа, күлкі етеді.

Болыс болдым мінекей,  

Бар малымды шығындап.

Түйеде қоң, атта жал

Қалмады елге тығындап...

.. .Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырьндап.

Сиез бар десе, жүрегім

Орнықпайды, суылдап,

Сыртқыларға сыр бермей,

Құр күлемін жымыңдап…

Күн батқанша шабамын,

Арлы-берлі далпылдап.

Етек кеткен жайылып,

Ат көтіне жалпылдап.

Оязға жетсін деген боп,

Боқтап жүрмін барқылдап.

Кейбіреуге таяғым

Тиіп те кетті бартылдап...-

дейді. Абайдың тағы бірсыпыра өлеңдері осылай келеді.

Бұл орайда Абай асқан сықақшы. Орыс халқының классик жазушылары Гоголь мен Щедрин сияқты сатирик. Әшкерелеу, мінеп, шенеу, сықақ, әжуа, күлкі - Абай поэзиясыньң, әсіресе, Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасының әрі мықты өзегі, биік шыңы, әрі өзіне тән бір ерекшелігі.                             

Махаббат, достық туралы лирикасында Абай жұртқа махаббат, достықтың мәнін түсіндіреді, соларға әдемі сөз, әсем суретпен философиялық анықтама береді. Махаббат, достық болмаған жерде кісілік өмір жоқ: ойын-күлкі, дүние-мал, пайда, мақтан - бәрі тұл.

 

Махаббатсыз дүниедос,

Хайуанға оны қосыңдар.

 

Адам өмірінің көркі махаббат, достық, татулық, сұхбаттық, - дейді.

Абай өз тұсындағы кейбір жастардың, дос құрбылардың, қыздар мен жігіттердің махаббат, достық, сұхбаттың жөніндегі тұрақсыздығына, опасыздығына, әншейін көрсе қызарлығына ренжіп, налиды. Кей жастар мақтан қуады, оңғақ бұлдай, тез өзгереді.

 

Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,

Тілеуі, жақсылығы - бәрі сату...-

дейді.

Абай жас қауымға, жігіттер мен қыздарға шын, таза, адал, баянды, ізгі махаббат, достықты, татулық, сұхбаттылықты өсиет етеді. Сүйгенді сүю, досқа достық жасау, бірін-бірі сыйлау, құрметтеу, осының бәрін шын көңілден істеу, бәрінде саналы, принципті, тұрақты болу - адамдық қасиет.

 

Қызды сүйсең, бір-ақ сүй, таңдап тауып,

Көрсе қызар, күнде асық - диуаналық..

Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,

Қажымас, қайта айнымас қайран тату...

Шын көңілімен сүйсе екен, кімді сүйсе,

Бір сөзімен тұрса екен, жанса, күйсе...

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Бірінді бірің ғиззат, құрмет етіс

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, -

деп насихат айтады.

Абай махаббат, достық туралы лирикасының бірсыпырасында сұлудың, сүйіскен жастардың, қыз бен жігіттің сыртқы сыр, сымбатын, ішкі дүниесін, жүрек күйін, күлкі, қуанышын, мұң-зарын бейнелейді. Әр алуан сырмен, бояумен көңілге қонымды, көрікті, дәл етіп суреттейді, қыз бен жігіттің сөзі, хаты етіп баяндайды.

Мысалы, ол сұлу қыздың сурет-портретін былай келтіреді:

 

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласыз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал-қызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген іш қайнайды.

Сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы.

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай, мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел, тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолан, қара шашы бар, жібек талды,

Торғындай толқындырып, көз тандайды...

Осы сияқты, Абай ғашық жастардың аулақта кездескендегі кейіп-келбеттерін былай береді:

Қызарып, сұрланып,

Лүпілдеп жүрегі,

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі керегі...

Екі ғашык, құмарлы,

Бір жолдан қайта алмай,

Жолықса, ол зарлы

Сөз жөндеп айта алмай.

Иығы түйісіп,

Тұмандап көздері;

Аяңдап ақырын,    

Жүрекпен алысып;     

Сыбырын, тықырын, 

Көңілмен танысып.

Демалыс ысынып,

Саусағы суынып,

Белгісіз қысылып,

Пішіні құбылып,

Үндемей сүйісіп,

Mac болып өздері.        

Қысқасы, Абай сұлудың сыр, сымбатын, ғашықтардың оңаша кездескендегі сыртқы бейнесін, жүріс-тұрысын, көңіл-күйін, ой-сезімін өте шебер келтірген. Тегі, Абай - адамның сыр, сымбатын, ішкі дүниесін, психологиясын беруге, солай кісінің бейне-образын жасауға ұста ақын. Бұл - Абайдың бүкіл поэзиясының, әсіресе, махаббат лирикасының бір күшті жағы, тағы бір биік шыңы, аса маңызды ерекшелігі.

Абайдың табиғат лирикасы жыл мезгілдері, жазғытұрым, жаз, күз, қыс туралы, табиғат құбылыстары туралы болып келеді. Бірақ Абай соларды оңаша, жеке-дара, тек өзін ғана алып суреттемейді. Көбінше, үнемі қоғам өміріне, адам тұрмысына, адамның іс-әрекетіне, көңіл-күйіне байланысты сөз етеді, суреттейді.

Мысалы, «Жаз» деген өлеңінде шілдедегі даланы, «өзен жағасына келіп қонып жатқан бай ауылды суреттейді; күз айлары өлеңдерінде күзгі күн райын, дала көрінісін суреттей келіп, бай мен кедейдің күзді күнгі күй-жайын, ой-қиялын баяндайды. Жазғытұрым, қыс туралы өлеңдерінде де осылай істейді.

Қазақтың Абайдан бұрынғы, Абай тұсындағы кейбір ақындары бірді-екілі орайда жыл мезгілдері туралы сөз етсе, сөз арасында айта қойса, оны:

 

Болғанда сары жұлдыз жаз келеді,

Жаз өтсе, оған жалғас қыс келеді...

Сәуірде көтерілер рақмет туы... –

 

деген сияқты етіп келтірер еді.

Абай жыл мезгілдерін, табиғат құбылыстарын олай жалаң сөзбен, жалпылап айтпайды, дәл, нақты, кестелі етіп айтады. Ол, бір жағьнан, жыл мезгілдерімен, солардың құбылыс-көріністерімен шаруа күйін, адам тұрмысын, күн райы мен адам райын үндес, ұйқас, жарас етіп, бірін-бірі меңзейтін, бірін-бірі аңғартатын, айқындай түсетін етіп келтіреді; екінші жағынан, осының бәрін айтпайды, суреттейді, кескіндейді; әр алуан сыр, бояу, кестемен, теңеу, шендестірулермен бейнелейді; атын да атайды, суретін де салады; көңілге де құяды, көзге де елестетеді.

Мысалы, «Қыс» деген өлеңінде ол қысты ақ киімді, денелі, ақ сақалды, ашулы, соқыр, мылқау шал келбетінде суреттейді. Оның суретін, іс, қылығын былай бейнелейді:

 

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды,

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды,

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды.

¥шпадай бөрік киген оқшырайтып,

Аяз бенен қызарып, ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Бурадай бұрық-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Абайдың табиғат лирикасы - Абай поэзиясының зор мәдениеттілікпен,  күшті  ақындықпен, тамаша шеберлікпен  жазылған  бір саласы, ақын, шығармаларының тағы бір биік шыңы.

Абай поэзиясының бір мол саласы, биік шыңдарының бірі - оның көңіл-күйі лирикасы. Абайдың көңіл-күйі лирикасы: «Жүрегім менің қырық жамау», «Жүрегім нені сезесің?», «Жүрегім ойбай соқпа енді!», «Көңілім менің қараңғы», «Көңіл  құсы  құйқылжыр шартарапқа», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Сап-сап, көңілім, caп көнілім», «Не іздейсің көңілім, не іздейсің!», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген сияқты болып келеді.

Абай бұл саладағы лирикасында өзінің сырын, ойын, сезімін, өзінің түйгенін, білгенін, күй-жайын, көңіл-күйін, өзінің қайғы-шерін, күлкі-қуанышын, жиреніш, сүйінішін, өзінің қиял-арманын баяндайды, әсем жыр етеді. Яғни ақын көбінше, үнемі тек өзімен өзі болады, өз жүрегі, өз көңілімен өзі сырласып, мұңдасады, тек өз жүрегінің күйін шертеді, өз көңілін күйттейді.

Бұған қарап, Абайды ел-жұрттан бөлініп, жалғыз, дара қалған адам, дарашыл ақын деп қорытуға, бағалауға болар еді. Бірақ, В.Г. Белинский айтады: «Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке басы, «Мені» туралы айтса, ол жалпы көпшілік туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны, өйткені ұлы ақынның тұлғасында жалпы адам баласына тән қасиеттің бәрі де бар, болады», - дейді (Таңдамалы шығармалары. Москва, 1947, 148- бет).

Сондықтан Абайдың жабығуы, қамығуы, мұңды сыры, жүрек шері - бәрі оның тек өзіне, жеке басына ғана тән қалып емес, заманына, заманындағы қазақ бұқарасына тән қалып. Абайдың қайғы-мұңы, ыза-кегі, қиял-арманы заманның, сол замандағы қазақ бұқарасының қайғы-мұңы, ыза-кегі, қиял-арманы деп білу қажет. Сол үшін де Абай - халықтық, халық ақыны, заман ұлы.

Сонымен, Абай жалаң, бірыңғай не саяси лириканың, не махаббат, табиғат лирикасының, не көңіл-күйі лирикасының ақыны емес, ол лириканың барлық түр-жанрына бірдей. Оның лирикасы көп қырлы. Онда заманның, халықтың дәл сиқы, күйі де, әділ, өткір сыны да бар; шыбынсыз жаз да, қаһарлы қатты қыс та бар; онда мұң-шер, күлкі-қуаныш та, ыза-кек, қайрат-жігер де, терең ақыл-ой, нәзік сезім де, ыстық махаббат, қаһарлы ашу да, әсем табиғат та, қар, мұз, от, жалын да бар - бәрі бар.

Абайдың лирикасы құлақтан кіріп, бойды алатын, оқушыға әр түрлі ой салатын, оның көзін емес, көңілін ашатын терең мағыналы, асқақ жанды, өткірдің жүзі,  кестенің бізі салған өрнек, ою, әшекей, кесте тәрізді, аса көркем лирика. Сол үшін де ақын: «Сөз түзелді, оқушы сен де түзел», - дейді.

Абай қазақ әдебиетінде шын мағынасьнда өлең-өнер, көркем лирика жасады.

 

* * *

Абай қазақтың өзінен бұрынғы ақын, жыраулары өлеңдерінің құрылысын: тілін, кестесін, ұйқасын, өлшемін сынайды:

 

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.

Әтгең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, -


дейді.           

Сонымен бірге, Абай, әуелі, өлең деген не, соған анықтама береді:

 

Өлең деген - әр сөздің ұнасымы,

Сөз қосарлық орайлы жарасымы.

Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,

Оған кімнің ұнасар таласуы, -

 

дейді. Осыдан кейін, Абай өлеңге өзінше талап, шарт қояды. Ол:

 

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,

Ол - ақынның білімсіз бишарасы, -

 

дейді. Мұны Абайдың эстетикалық көзқарасы, өлең заңы деуге болады.

Абай қазақ халқының бұрынгы ақындық мәдениетін пайдалана отырып, көрші, туыс халықтардың классик әдебиетінен үйрене отырып, өз өлеңдерін осы өзі айтқандай етіп, өзінің өлеңге берген анықтамасына, талабына сай етіп жазған. Мұны мына жағдайлардан айқын көруге болады:

Қазақтың бұрынғы ақын, жырауларының өлең, жырлары, ауыз әдебиеті тәрізді, көп сөзді, ұзын сөзді келер еді; олар айтайын деген ой-пікірлерін көп сөзбен, алыстан оратып келіп айтар еді; тармақ буьндарын толтыру, тармак, аяқтарын ұйқастыру үшін мағынасыз, көлденең сөздерді кірістіре берер еді.

Абай өлеңдерінде ондай көп сөзділік жоқ. Абай сөзді таңдап, іріктеп алады, үнемдеп қолданады; аз сөзбен көп мағына береді; ойға жомарт, сөзге сараң. Ол өлеңнің әр тармағын қиыннан қиыстырады, түзу мағыналы, тәтті сөзді, ұнасымды үнді, жарасымды суретті етіп келтіреді.

Абай айтайын деген ой-пікірлерін дәл, еркін, айқын айту үшін өлеңдерін мағыналы, өткір, көрікті етіп келтіру үшін қазақ халқының негізгі сөз қорын
түгел пайдалану үстіне ескі, диалект сөздерді де, шет сөздерді де қолданады. Бірақ оларды өзінен бұрыңғы, өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты сән үшін, өзінің шет тілді білетінін аңғарту үшін қажетсіз, орынсыз қолданып, сөзді шұбарлап, тіпті бұзып жібермейді, зәру қажет болғанда ғана қолданады, Әбден біліп, орынды, жарасымды етіп қолданады. Мұны оның орыс тілінен алған, кірістірген сөздерінен айқын көруге болады.

Абай өлеңдерінде орыс тілінен: виноват, коренной, счет, пошел, ладонь, нуль, прощение, судья, съезд, закон, чин, доктор, пьяница, такт, бутылка, рюмка, стакан, химия, лавка, барабан, самбродный, уголовный, дознание, образование, назначение, минута, сила, единица, интерңат, штык, картечь, форма, альбом, монастырь, гулять, визит, каталажка деген сөздерді, тағы басқа бірсыпыра сөздерді қолдаңған. Осыларды ол, әлгі айтқандай, зәру қажет болғанда ғана алған, ойын айқын аңғарту, өткір айту үшін, кейде сықақ, мысқыл үшін қолданған. Мысалы, Абайдың солай қолданған сөздерінің біразы мына түрде:

 

«Еннатайына кәлкәусар»

П о ш е л дереу күнәкар.

(«Абыралыға»)

 

Самородный сары алтын

Саудасыз берсең алмайды

(«Патша құдай...»)

 

Прощение  жазуға

Тырысар келсе шамасы...

 

Бұл іске кім в и н о в а т ?

Я Семейдің қаласы...

 

М е л і ш сауда сықылды күлкі сатып,

Алса қоймас, араны тағы тоймас.

(«Жігіттер...»)

 

Котелешка көбейді

Сөгіс өтіп, тозды ажар

(«Күлембайға»)

 

Біліп кeп тұрған лапкасын,

Бұзып талқан етіпті.

(«Қазаға ұрынған крестьян»)

 

Көгалды  қуып  голайттап,

Қызықпен жүріп жазды алған.

(«Шегіртке мен құмырсқа»)

 

Алыс болса іздеп тап,

Кореннойға кіруге.

Адал жүріп, адал тұр,

Счетың тура келуге

(«Интернатта»)

 

        Е д и н и ц а жақсысы

  Ерген елі бейне н ө л

(«Сәулең болса»)

 

Сыпыра елерме, сұрқия, 

Көп пьяншик нені ұғар?

(«Менсінбеуші едім...»)

Абай шет сөздерді, әсіресе, орыс тілінен алған сөздерін өте жарасымды етіп қолданған. Осыдан олардың көбі қазақтың сөз құрамына еніп кетті.

Абай - данышпан, сөзге бай, тілге ұста ақын. Ол өз шығармаларында қазақ халқының бұрынды-соңды сөз қорын, сөз құрамын түгел, сарқа пайдалану, шет сөздерді орынды қолдану үстіне, солардың негізінде өзі жаңа сөздер, жаңа сөйлемдер ойлап шығарды. Және соның бәрін де өте ұста, ұнамды, көңілге қонымды етіп шығарды. Олар тез сіңісіп, қазақтың қолтума сөзі, қолтума сөйлемі болып кетті.

Абай жаңа сөздерді, эпитет, теңеу сияқты сөз образдарын екі түрлі жолмен жасаған: 1) бұрын жоқ, әдебиетте қолданылмаған сөздер жасау, табу жолымен, 2) бұрын бар, әдебиетте қолданылған сөздерді жаңғырту, жаңа мағына беріп қолдану жолымен жасаған. Мысалы, бұрын жоқ, әдебиетте қолданылмаған сөздердің біразын Абай мына реттерде қолданған:

 

Тың тұяқ күнім сөйтсе де

Қарбаңдадым өкімдеп...

Алқыны күшті асаулар,

Ноқтаға басы керілді.

(« К үлембайға » )

Пайдасыз ақыл,

Байлаусыз  т а қ ы л

Атадан бала ойы өзге

(«Сегіз аяқ»)

 

Ұстай алмадым бірін де,

К е к і д і кейін шегініп.

( «Менсінбеуші ем...»)

 

Анттасып  а л қ а й д ы

Сен тентек демеске

(«Антпенен тарқайды») 


Артынан ол «нем?» деп,
Ұялып  к е з н е с і п.          

(«Ысытқан, суытқан»)

 

 

Қ ұ б ы л ғ а бәрі зерек қой,

Бәрі жасық тоқтауға...

Жамандық, жақсылыққа қарар салқын,

Долығы тез басылып, қайтар қарқын...

 

Осындағы «өкімдеп», «алқыны», «тақыл», «кекіді», «алқайды», «кезнесіп», «құбылға», «долығы» деген сөздер - жаңа, бұрын әдебиетте қолданылмаған, тек Абай ғана тапқан, қолданған сөздер.

Абай бұрын бар, қолданылып жүрген сөздерді мына түрде жаңғыртып, жаңа мағына беріп қолданған:

 

Жер қорығыш ж е л к е к шал

Желіп жүріп б о з д а й д ы

(«Жақсылық ұзақ тұрмайды»)

 

Жақсы әнді тыңдасаң ойкөзімен...

Ө м і р сәуле көрінер судай тұнық

(«Көңіл құсы құйқылжыр...»)

 

Талаптың мініп тұлпарын,

Тас қияға өрледің

(«Абдырахманның өліміне»)

 

Боламын деп жүргенде болат қайтып,

Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім             

 («Ғабидоллаға»)

 

Ит көрген ешкі көзденіп,

Елерме, жынды сөзденіп,

(«Әсетке»)

 

Шығып кетер, я қалғыр,

Оған ақыл-арам без

(«Білімдіден шыққан сөз»)

 

Білгенге жол бос,

Болсайшы қол  бос

Талаптың д ә м і н татуға.

(«Сегіз аяқ»)

 

 

Күңгірт көңілім сырласар

      Сұрғылт тартқан бейуаққа,

      Төмен қарап мұңдасар

      Ой жіберіп әр жаққа...

 

       Адасқан күшік секілді,

    Ұлы п  ж ұ р т қ а  қайтқан  о й, 

 

       Өкінді, жолың бекінді,

       Әуре болма, оны қой.

(«Көлеңке басын ұзартып»)

 

.. .Сол қасқырша алақтап түк таппадым,

Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

(«Лай суға май бітпес...»)

Бұл үзінділердегі «желкек шал», «ой көзімен», «талаптың мініп тұлпарын», «болат қайтып», «ит көрген ешкі көзденіп», «елерме, жынды сөзденіп», «арам без», «талаптың дәмі», «күңгірт көңіл», «көңіл төмен қарап», «адасқан күшік секілді... ой», «көңілдің жайлауы», «жалтаңдаған жас жүрек», «жас жүрек жайып, саусағын» деген сөздер Абайдан бұрын, Абайдан бұрынғы әдебиетте бұлай айтылмайтын, қолданылмайтын, бұларды тек Абай ғана осылай қиыстырып, жаңғыртып, жаңа мән беріп қолданған.

Осы ізбенен, яғни бұрын бар, қолданылып жүрген сөздерді жаңғыртып, жаңа мағына беріп қолдану ізімен, Абай көп ретте қазақтың бұрынғы мақал, мәтелдерін де жаңғыртып, септелуін өзгертіп, өткірлеп қолданған, солардың негізінде өзі жаңа мақал, мәтел, фигуралық сөздер жасаған.

Мысалы, Абай бұрынғы: «Еңбек етсең емерсің» деген мақалды:

 

Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей,-

 

деп, «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген мақалды:

 

Екі кеме құйрығын

Ұста, жетсе бұйрығың, -

деп, «Жарлының бір тойғаны - шала байығаны» деген мақалды:

 

Бір тойған - шала байыған деген қазақ, 

Ет көрінсе кәйтеді күйсей бермей, -

 

деп өзгертіп, ұстартып қолданған. Абай өлеңдерінде мақал, мәтелді көп қолданған.

Жаңа сөйлемдерді Абай көбінше орыс тілінің үлгісімен, әсер-ықпалымен жасаған. Мысалы, оның жаңадан жасаған сөйлемдерінің біразы былай болып келеді:

 

Толқынын жүрегінің хаттай таныр   

(«Жігіттер ойын арзан...»)

 

 

Мен - сынық жан, жамағанмен,

Түзеле алман түрленіп.

(«Евгений Онегин»)

 

Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап.

(«Жартас»)

 

 

 Уақыттай, өзі жүйрік ат мінеміз

(«Тұтқындағы батыр»)

 

Жас өмір - алтын, күміс жарқылдаған...

 

Ел аулақта, оңаша қолына алып,

Көңліндегі сабағын айтып тынар.

(«Татьянаның хаты»)

 

Қысқасы, жаңа сөздер, эпитеттер, теңеулер, жаңа сөйлемдер жасау, қазақтың әдеби тілін дамыту, ұстарту жөнінде Абайдың қазақта әлі теңдесі жоқ. Өзі тапқан, жасаған жаңа сөздер, жаңа эпитет, теңеулер, жаңа сөйлемдер, мақал, мәтелдер Абай өлеңдерін тағы да дәл, өткір, көрікті етті.

Абай өлеңдерін көріктеуге өте ұста. Бұл жөнде ол эпитеттің, салыстыру-теңеудің, ауыстыру-шендестірудің (тропаның), әсірелеудің, фигуралық сөздердің әрі неше алуан түрлерін қолданады, әрі оларды неше алуан етіп қолданады. Бұл оның әрбір өлеңінен айқын көрініп отырады; кей өлеңдері бастан-аяқ кілең эпитеттермен, теңеулермен, шендестірулермен, әсірелеулермен келеді. Және де өте жарастықты, көрікті болып келеді. Мысалы, ол жақсы атты былай суреттейді:

 

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Аузы омыртқа шығыңқы, майда жалды

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

 

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жотасы болса күшті...

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

 

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жер соғары сіңірлі, аяғы тік,

Жауырыны етсіз жалпақ тақтайдай-ақ.

 

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келген ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі шығыңқы,аламайлы.

 

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

 

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел һәм тынышты мініп жүрсек.

Екі көзін төңкеріп,қабырғалап,

Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек...

 

Өлеңді көріктеу, өлеңнің кестесін келтіру жөнінде де Абайдың қазақта әлі теңдесі жоқ; қазақтың бұрын-соңды ақындарының ешқайсысы өлеңді Абай сияқты ұста, келісті көріктеген емес.

 

***

Абай өлеңнің композициясын, шумағын, өлшемін, ұйқасын тастан ойғандай етіп келтіреді. Оның өлеңдерінің шумағы, композициясы жинақы: тақырыбына, ой жүйесіне лайық орынды, заңды басталып, орынды, заңды аяқталады, оларда артық, оғаш тұрған, кем қалған шумақ,тармақ болмайды. Сондай-ақ, оның өлеңдерінің буыны, бунағы, ұйқасы, ішкі мағынасы жағынан да, сыртқы тұлғасы жағынан да, үні, өлшемі жағынан да бір-бірімен қабысып, әбден үйлесіп, дәлме-дәл келіп тұрады.

Абай қазақ халқының ертедегі, өзінен бұрынғы өлеңдерінің түр-үлгілерін: өлшемін, шумағын, ұйқасын түгел, сарқа пайдаланды. Соларды пайдаланып, орыс ақындарынан көріп, өз өлеңдерінің өлшемін, шумағын, ұйқасын түрлендірді, сол арқылы қазақ өлеңінің құрылысын ұстартты, ілгері дамытты.

Бізде бұған дейін Абай қазақ өлеңінің өлшеміне өзгеріс енгізді: қазақ өлеңдері бұрын тек 11 буынды, 7, 8 буынды ғана болып келуші еді, Абай аралас келетін 3—4—5 буынды, 5—6—7 буынды, бірыңғай келетін 7, 8 буынды өлеңдер шығарды деп айтылып, жазылып келді.

Бұл бекер, қате. Абай қазақ өлеңінің өлшемін өзгерткен жоқ. 3—4—5, 5—6—7, 7, 8 буынды өлеңдер қазақта Абайдан бұрын да бар болатын. Бірақ, олар ұзақ жыр, дастандарда аз қолданылатын, тек бірді-екілі ғана қолданылатын. Олар көбінше мақал, жұмбақ, шешен сөз болып келетін ұсақ өлең, жырларда ғана болатын. Мысалы:

 

Етігі жаман

   /5/

Төрге шыға алмас

   /6/

Жеңі жаман

   /4/

Ac іше алмас

  /5/   .

Яки:

 

Тиме десем

 

 

  /4/

Тиеді

 /3/

Ти десем

 /4/

Тимейді, -

  /3/

 

деген  сияқты болып.  келетін.

Абай 

Абай осыларды өлең жырға, дастанға енгізді, некен-саяқ енгізбей, көп етіп енгізді; жөнге келтірді, заңды етті.

Бізде бұған дейін Абай қазақ өлеңінің ұйқасына жаңалықтар енгізді: қазақ өлеңдері бұрын тек ақсақ (аа—а) ұйқаспен, айнымалы (әр жерде әр түрлі
болып, өзгеріп отырады) ұйқаспен ғана келуші еді. Абай егіз (аабб) ұйқасты, аттамалы (абаб) ұйқасты шығарды деп айтылып, жазылып келді.   

 

Абай қазақ, өлеңдерінің ұйқастарына жаңалық енгізгені рас, бірақ әлгі ұйқастар Абайдың енгізген жаңалықтары емес. Бұл ұйқастар қазақта Абайдан
бұрын да бар болатын. Тек олар ұзақ өлең-жырларда, дастандарда аз қолданылатын, көбінше мақал, жұмбақ, шешен сөз болып келетін шағын өлең, жырларда ғана қолданылатын. Мысалы:          

 

Таныған жерге —

    a

Бой сыйлы.

    б

 Танымаған жерге —

    a

 Тон сыйлы.             

    б

 

Айымсың, балам, айымсың,                           а                                                              

 

Жылқыда тұлпар тайымсың.                         а

 

 

Apт, балам, жұрттан

арт балам,                          б

 

Дұшпанға қылма мәрт балам, -                              б

 

 

деген сияқты болып келетін. Абай осыларды көптеген өлең, жырларында қолданды, жөнге келтірді, заңды етті.

Сонымен бірге, Абай қазақтың өзінен бұрынғы өлеңдерінің шумағы, ұйқасы негізінде жаңа шумақтар, ұйқастар ойлап шығарды. Абайдан бұрынғы қазақ өлеңдерінің шумағы, көбінше, үш түрлі болып:

а) үш тармақты, б) төрт тармақты, в) көп тармақты болып келуші еді. Көп тармақты болғанда айнымалы: бір есе 6,8,10 тармақты, біресе 12,14,16 тармақты болып келуші еді. Абай осыларды бір ізге келтіріп, нақпа-нақ етіп, өзінше шумақтап, өзінше ұйқастырды.

Атап айтқанда, Абай 17 өлең, жырын, әлгіндей, өзінше шумақтап, өзінше ұйқастырған. Олар: 1) «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», 2) «Қор болды жаным», 3) «Қуаты оттай бұрқырап», 4) «Ем таба алмай», 5) «Бай сейілді», 6) «Бойы бұлғаң», 7) «Кешегі Оспан», 8) «Сен мені не етесің?», 9) «Қатыны мен Масақбай  («Сырмақ қып астына»), 10) «Ата-анаға көз қуаныш», 11) «Тайға міндік, тойға шаптық», 12) «Сегіз аяқ» («Алыстан сермеп»), 13) «Бұралыл тұрып», 14) «Қарашада өмір тұр», 15) «Келдік талай жерге енді», 16) «Білімдіден шыққан сөз», 17) «Сап-сап көнілім, caп көнілім!».

Абайдың бұл өлең, жырлары өздерінің шумақтары жағынан үш түрлі болып келеді: а) Алты тармақты, б)Жеті тармақты, в) Сегіз тармақты.

Абай 7 өлеңін алты тармақты етіп жазған. Олар үш түрлі ұйқаспен келеді. Мысалы, біреуі («Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін») былай келеді:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,           a

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,             a

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.          a

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, —

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.             a

 

Екеуі («Қор болды жаным», «Қуаты оттай бұрқырап») былай келеді:

 

Қор болды жаным,                         a

Сенсіз де менің күнім,                   б

Бек бітті халім,                             a

Тағдырдан келген зұлым,              б

Тағдыр етсе алла,                        в

Не көрмейді пәнда.                      в

 

Төртеуі («Ем таба алмай», «Бай сейілді», «Бойы бұлғаң», «Кешегі Оспан») былай келеді:

 

Ем таба алмай,                            a

От жалындай,                              a

Толды қайғы кеудеге.                 б

Сырласа алмай,                           a

Сөз аша алмай,                            a

Бендеге.                                        б

Абай 4 өлеңін жеті тармақты етіп жазған. Олар («Тайға міндік, тойға шаптық», «Сен мені не етесің?», «Сырмақ қып астына», «Ата-анаға көз қуаныш») мынадай үш түрлі ұйқаспен келеді:

 

1.Сен мені не етесің?                   а

Мені тастап,                               б 

Өнер бастап,                              б

Жайыңа                                    —

Және алдап,                              в

Арбап                                       в

Өз бетіңмен сен кетесің.             В

 

2.Сырмақ қып астына                 a

Байының тоқымын,                    б

Отының басына                         a

Төрінің қоқымын,                      б

Бүксітіп,                                  в

Бықсытып,                               в

Қоқсытып келтірді.                  —

 

3.Ата-анаға көз қуаныш            a

Алдына алған еркесі,                б

Көкірегіне көп жұбаныш           a

Гүлденіп ой өлкесі.                   б

Еркелік кетті,                          в

Ер жетті                                  в

He бітті?                                 В

 

Абай сегіз тармақты етіп үш өлең жазған. Оның екеуі («Сегіз аяқ», «Бұралып тұрып») былай болып қиысады:

 

Алыстан сермеп,                           a

Жүректен тербеп,                         a

Шымырлап бойға жайылған.           б

Киуадан шауып,                           в

Қисынын тауып,                           в

Тағыны жетіп қайырған.                б

Толғауы тоқсан қызыл тіл,             г

Сөйлеймін десең өзің біл.                                                 

 

Абайдың сегіз тармақты етіп жазған үшінші өлеңі («Қарашада өмір түр»). Ол былай болып келеді:

 

Қарашада өмір тұр                      a

Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?         б

Арттағы майда көңіл жүр            a

Жалынсаң қайтып келер ме?       б

Майдағы жұрттың іші қар,          в

Бәйшешек қарға өнер ме?           б

Ішінде кімнің оты бар                 в

Қар жауса да сөнер ме?              Б

 

Көрсетілген өлеңдерден басқа Абайдың үш өлеңінің шумағы, ұйқасы өзінше, әр жерде әр түрлі болып келеді. Олар: «Келдік талай жерге енді», «Білімдіден шыққан сөз», «Сап-сап көңілім, caп көңілім!» деген өлеңдері.

«Келдік талай жерге ендінің» бастапқы шумағы алты тармақты болып, өз алдына бір ұйқаспен келеді де, қалған шумақтары біресе үш, біресе төрт, біресе бес тармақ болып, өз алдына бір ұйқаспен келеді. Ал, өлеңнің ұзына бойы бір ұйқаспен жалғасып отырады. Тиісті шумақтарын теріп алғанда, былай болып келеді:

 

1. Келдік талай жерге енді,              a

Кіруге-ақ қалдық көрге енді,            a

       Қызыл тілім буынсыз,               б

Сөзімде жаз бар шыбынсыз,  —

Тыңдаушымды ұғымсыз                   б

Қылып тәңірім бергенді                   a

 

2. Осы жасқа келгенше,                в

Өршеленіп өлгенше                      в

Таба алмадым еш адам    —

Біздің сөзге ергенді                     a

 

3. Өмірдің өрін тауысып,             г

Білімсізбен алысып,                   г

Шықтық міне белге енді             a

 

6. Балапан құстай оңдалып,       д

Қанатыңды қомданып,               д

Жатпа ұяда қорғанып.              д

Ұш көңілім, көкке көргі енді!     а

 

13. Адам деген даңқым бар        е

Адам қылмас халқым бар,         е

Өтірік пен өсекке                   —

Бәйге атындай аңқылдар,         е

Тұла бойым шіміренді.             а

 

«Білімдіден шыққан сөздің» бір шумағы ақсақ ұйқас, басқа шумақтары өз алдына бір ұйқас болып келеді. Өлеңнің бас аяғы, әлгі өлең сияқты, бір ұйқаспен жалғанып отырады. Былай болып келеді:

 

 

Білімдіден шыққан сөз               a

Талаптыға болсын кез.               a
Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз.             a

 

 

Жүрегі - айна, көңілі - ояу,         б

Сөз тындамас ол баяу,               б

Өз өнері тұр таяу                        б

Ұқпасын ба сөзді тез.                  a

Әбілет басқан елерме                  в

Сөзге жуық келер ме?                 в

Түзу сөзге сенер ме?                   в

Түзелмесін білген ез                    a

 

«Сап-сап көңілім, caп көңілім!» бес шумақ. Оның екі шумағы 10 тармақтан, бір шумағы 14, бір шумағы 16, бір шумағы 9 тармақты. Әр шумағы «Сап-сап көңі-лім, caп көнілім!» деп басталады. Бірінші, екінші, бесінші шумақтарының басқы тармақтары тегіс ерікті ұйқаспен келеді; үщінші, төртінші шумақтарының басқы тармақтары бірді-екілі жерде айнымалы, басқа жерлерінде ерікті ұйқаспен келеді. Мысалы, бірінші,
үшінші шумақтары былай:

 

1. Caп-caп көңілім, caп көңілім! a

Саяламай, сай таппай,              б

He күн туды басыңа,             —

Күні-түні жай таппай?              б
Сен жайыңа жүргенмен             ---          

Қыз өлеме бай таппай?               б                                           

Түн кезгенің мақұл ма            —
Жан-жағыңа жалтақтай.            б                                           

Өлермін деп жүрмісің,            —

Мұнан басқа жай таппай?          б

 

3. Сап-сап көңілім, caп көңілім!   a

Сана қылма бекерге .                 в

Сан қылғанмен пайда жоқ,          г

Дүние даяр өтерге,                    в

Ажал даяр жетерге.                   в                         

Бейнет көрмей дәулет жоқ          г                                   

Әлі барып келерге,                    в

Оныменен бойыңа   —

Иман, дөулет бітер ме?              д

Адалды сатсаң арамға,  —

Құдай қабыл етер ме?               д

Қыз сүйеді мені деп,    —

Оған көңіл көтерме!                  д

 

Абай көбінше өлеңдерін бастан-аяқ бірыңғай ұйқаспен келтіреді: кейде бір, кейде екі түрлі ұйқаспен қиыстырады. Сонда да ол қайталамай, құрғақ сөз етіп жібермей, үнемі әрі мағыналы, әрі шебер ұйқастырды.

Әдейі санадық, Абайдың 20-З0 өлеңі осылай бірыңғай ұйқаспен келеді екен. Олардың ішінде ақынның «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық», «Ішім өлген, сыртым сау», «Сәулең болса кеудеңде», «Балалық өлді білдің бе?», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген сияқты әйгілі, ұзақ өлеңдері де бар.

Мысалы, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» 48 тармақ. Соның ұйқасатын тармақтары (36 тармағы) бір түрлі ұйқаспен келеді: «сергек», «кермек», «ермек», «өлмек», «келмек», «өзгермек», «жеңбек», «көрмек», «көнбек», «еңбек», «көлбек», «шөлмек», «білмек», «жүрмек», «өткізбек», «ілмек», «үйренбек», «сенбек», «бергек», «көтерілмек», «жиренбек», «бөлмек», «дүрмек», «күлмек», «өкірмек», «демек», «өрнек», «жемек», «көмек», «өршеленбек», «әлек», «меңгермек», «теңгермек», «келтірмек» деген сөздермен келеді. Еш жерде бір ұйқас екі айтылмайды.

Бұрынғы қазақ өлеңдерінің тармақ ұйқастары көбінше не бір жалаң «шу деді», «жөнеді», «барады», «келеді» деген сияқты етістік сөздермен, не «таға қылдым», «жаға қылдым», «саба қылдым» деген сияқты етістік жалғанған сөздермен келуші еді.

Абай өз өлеңдерінде тармақ ұйқастарын, бір жағынан, көбінше зат есімдермен келтіреді, екінші жағынан, әр қилы етіп, түрлендіріп келтіреді. Кейде тіпті «ақ», «да», «де», «ау» деген сияқты демеушелермен де ұйқастырады, орынды, жарасымды етіп ұйқастырады.

Абай өлеңнің түрін, құрылысын үнемі оның мағынасына, өзінің айтайын деген ой-пікіріне байланысты құбылтып отырады: шумақты, өлшем, ұйқасты араластырып қолданады, еркін қиыстырады, ойын дәл, толық айтуға мүмкіндік беретін өлшем, ұйқастарды көп қолданады.

Абай кейде өлеңді сөз ұйқасы емес, ой ұйқасымен де келтіреді. Оның орысшадан аударған «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» деген өлеңі осылай келеді:

 

 Дүрілдеген нажағай,                  a

 Бұрқыраған жауынның,              б

      Ашылмағы бар ма басынан,    в

      Бағы қайтқан жауыңның?       г

Мен орманға барғанда,                д

Неше түрлі гүл ұстап,                  е

Қайтушы едім қолыма.                ж

Гүлдер түгіл бүл күнде,               з
Шөп тағы жоқ маңымда.                                                

Осы тоғыз тармақ өлеңнің екі тармағында ғана сөз ұйқасы («жауынның», жауыңның» деген сияқты) бар, ол да тіпті көмескі. Ал қалған тармақтарының бірде бірінде сөз ұйқасы жоқ. Бірақ өлең болып оқылады. Себебі ішкі мағынасы ұйқасып жатыр, бір ойды білдіріп тұр.

Абай өлеңдерінің бірсыпырасын 3—4—5—6—7 буынмен, аттамалы егіз, аралас ұйқастармен келтіріп, бірсыпырасын өзінше шумақтап, өзінше ұйқастырып, кейде өлеңді сөз ұйқасына, емес, ой ұйқасына құрып, ол қазақ өленіндегі силлаботоникалық өлең нысаналарын айқындай түсті.

Абай қазақтың қиыннан қиыстырылған, тілге жеңіл, жүрекке жылы, айналасы теп-тегіс, жұмыр өлеңін, іші алтын, сырты күміс сөз патшасын жасады.

 

***

 

Абай - қазақ халқының данышпан ақыны, ұлы ақыл-ойшысы, жігерлі қоғам қайраткері.

Абай халқын сүйді; халқының көшін жаңа жолға, өнер-білім, өсу жолына, орыс халқымен бірлесу, сонан үлгі, өнеге алу жолына бастады; халкының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолында қажымай еңбек етті; қазақ елінің бүгінгідей ерікті, бай, мәдениетті, күшті, бақытты ел болуын көкседі.

Абай қазақтың әрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы үшін, өнерлі, білімді, қайратты, мінезді болу үшін, ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдіру үшін күресті; оларды халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды.

Абай қазақтың жаңа, сыншыл-реалистік әдебиетін - мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер,кестесі көркем әдебиетін - жасады, шын мағынасында өлең өнерін жасады; Абай өлеңдері - мәңгі жасайтын асыл сөз қазынасы, ол - қазақ халқының Абай тұсындағы тұрмыс суреті; дүние тануы, мінез-құлқы, мұң-зары, тілек-арманы; жапа көрген, көп шыдамдылық пен жақсы болашаққа сенген халықтың бейнесі.

 

Көп адам дүниеге бой алдырган,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, -

 

деген өз өлеңін Абайдың өзі жөнінде айтуға болады. Абай халқының асыл азаматы болғандықтан мәңгі өлмейді. Біздің барлық жұртшылығымыз, Советтік Социалистік Отанымыз осындай өлмес, өшпес Абайды қадірлейді.

1925-1954

Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының

мәселелері (Мақалалар жинағы). -  Алматы: Ғылым, 1973.