Орыс қорасы туралы не білеміз?

Шыңғыстау!

Бұл – қойнауы қазынаға толған, қатпар-қатпар тастары келмеске кеткен көп жылдардан сыр шерткен, әлем әдебиетінің жарық жұлдызы Абайды дүниеге әкелген, мұхиттай терең Мұхтарды тудырған, Алаш рухын аспанға шығаруға барын салған Шәкәрімді қанаттандырған қасиетті жер.

Осынау ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр далада тылсым мекендер мен ескі ғұрыптың болмысын айшықтайтын ескерткіштер алыстан менмұндалап көрінеді. Сондай ескерткіштердің бірі – Орыс қорасы (суреті беріліп отыр).

Ресейдегі крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін жерсіз орыс шаруалары Қазақстан территориясына ағыла бастады. Семей жері де қоныс аударушы-шаруалардың мекеніне айналды. Солардың бірқатары Шыңғыс өңірі, Жидебай аймағына келіп қоныстанады. Қазіргі уақытта ол жерде тұрғын жайлардың орындары ғана сақталған. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында сол қоныс аударып келген орыс шаруаларының қазақ жеріне көшіп келуі және олардың қазақ кедейлеріне көмегі аса тартымды суреттелген. Орыс қорасы – сол қорық жеріндегі тарихи ескерткіштердің қатарына жататын орын.

Абай шығармашылығының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттарына, сондай-ақ, орыс әдебиеті реализмнің әсері мен оның қазақ әдебиетінде өрістеуі мәселесіне назар аударғанымыз жөн. Саяси көзқарастары үшін жер аударылып келген Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, С.С.Гросс, А.А.Леонтьев т.б. орыс оқымыстыларының ақынның шығармашылығына тигізген ықпалы орасан зор екенін айтап айтуымыз керек.

Қорыта келе, сол замандардан бері орыс пен қазақ арасындағы адами қарым-қатынас бір арнаға түйісіп, сыйластықтың сәулесі өшкен емес. Ойшыл ақынды ұлықтаған ұрпақ озық елдердің мәдениетіне қашан да құрметпен қарайды.

Біржан Ахмер,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері.