ҚҰСАЙЫНОВ ҚАСЕННІҢ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАНДАРЫ

1877 жылы шамасында Абай болыс болды деген ұзын-құлақ хабар таралып жүрді. Абайдың болыс болуына қуанғандар да, күйінгендер де көп болды. Қуанғандардың көбі біреуде есесі кетіп, қолы жетпей жүргендер. Олар Абайдың әділетінен мархамат күткендер. Ал, кейін күйінгендер-ел ішіндегі ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықты кәсіп еткендер еді. Осының екінші тобына жататын Құсайын Абайдың ұрыны жек көретініне қанық болатын. Ол үйіне келіп, әкесіне: -Абай болыс болатын болыпты,- деп еді, әкесі: -Ендеше саудамыз біткен екен қара құлақ қасқырдың соры деп біздің кәсібіміз Абайдың шыйқанының ауызына тиеді,- деп әкелі-балалы ұрылар қатты сасады. -Балам бұл елде отырып, нді жан сақтай алмаймыз, онан да осы бастан мына көршілес Сыбанға көшіп кетелік,- деді. Құсайынның әкесі әрі-бері ойланып отырды да: «Туған жер мен өскен елді тастап, сыбанға барғанда не күйде, қандай халде боламыз, онан да сол Абайдың өзіне барайын»,- деп Қарасақау Абайдікіне келеді.

Қоңыр күз. Абай ауылы күзеткен қыстауына кеше ғана көшіп-қонып, күздік соғымын сойып жатқан еді. Қарасақау сәлем беріп, кіріп келсе, Абайдың үйі лық толы кісі екен.

Абай оның бетіне қарайды да:

- Сен кімсің?- дейді.

- Мен Көкше Қыйқымбайдың баласымын.

- Қыйқымбайдың ұры Қарасақауы сен бе едің?

- Иә, Абай аға.

Абай бұдан басқа сөз айтпайды. Үйдегі кісілермен сөзге айналып кетеді. Шай ішіп, ет жейді. Бірақ көңілдегі арман айтылмайды.

Күн кешкірді, көп кісімен бірге Қарасақау да қонып қалды. Қонақтардың сөз әлпеттеріне қарағанда ішінде Абайға атшабар болғысы келетіндері барлығы байқалды. Олар ел жайын, қызмет жайын білетіндіктерін айтып отырды. Тамақ ішіп болған соң барлық қонақтар қонақ үйге барып жайғасты. Алдарына салған шөпті тапалап шашып, көп ат қорада тықыршып тұр, түн ұзақ, уақыт бір ұйықтап оянған мезгіл еді.

Қарасақау киімін киініп, аттарды жаюға қорадан шығып келе жатқанда қасында қолына фонарь ұстаған бәйбішесі бар, тысқа шығып келе жатқан Абай қарсы жолығып:

- Қайда баруға жиналдың?- дейді.

- Алдарындағы шөбін жеп қойып, аттар тықыршып тұрған соң дәтім шыдамай, далаға шығарып жаяйын деп едім,- дейді.

- Онда жарайды, бірақ аттардан айрылып қалма, жем жеп жүрген аттар ауылына қашып, ит-құс жазым қылмасын, қонақ аты қолда игі,- деп үйге кіріп кетті.

Абаймен бетпе-бет сөйлескенге төбесі көкке тиіп, төңірегі төрт құбыла болғандай болып Қарасақау қорадағы аттардың бәрін далаға апарып, таңертең шай ішетін мезгілде ауылға айдап келіп, кең қораға кіргізіп, ауызын бекітіп шығады. Соны шөпке бүйірі шығып, тойынып келген аттарды көріп Абай Қарасақауға риза болғандай, жылы шырай көз қарасын білдіріп, үйге қарай аяңдады да, бір тың ойды қорытқан пішінмен шайға отырады. Етке тойып түні бойы қаталап шыққан қонақтар да қою шайды ішуге кіріседі.

Шайдан кейін қонақтардың қайсыбірі аттанып кетеді. Көбі сол күні тағы қонады. Кеткендердің орнына бір топ кісі тағы сау ете түсті. Күндіз-түні қойылған самауырдың, ішілген шайдың, асылған еттің есебі жоқ. Сырт көзге не бір ас беріп, не бір той жасап жатқан үйге ұқсайды. Бұрын бұл үйдің сырын білмегендер осынша қонақбастылыққа қалай шыдап отыр дерліктей. Ал, шынында сонша топтылы қонақ үшін берілген мол тамақ Абай үйіне бір шәугім шай бергендей де болмайды. Қайта келген қонақты қарсы алу, күту, аттандыру ауылдың сән-салтанатына айналған сияқты. Ол күні Абай Қарасақауға ешнәрсе айтпайды. Ол да өздігінен батымдылық істей алмай, Абай өзі бастап, өзі айтпас па екен деген үмітпен ұзақ күнді оздырады. Кеш қарайып, күн батқан соң, күндегі әдетпен Қарасақау ат бағайын деп тысқа шығып келе жатқанда Абай тағы жолығады.

Ол күні аттарды жайырақ айдап келіп, қонақ үйге барып шешініп жатқанда Абай оны шақыртады.

- Иә, сәт, өзі бастап бірдеме дейтін болғаны-ау,- деп, зор қуанышпен үйге кіріп барады.

- Отыр, Қарасақау, шай іш,- дейді Абай оған.

Олар шай ішіп отырғанда Абайдың інісі Оспан келеді. Амандықты сұрасқаннан кейін Оспан:

- Абай аға, атшабар алдыңыз ба?- дейді.

- Мен жақсымын дегендер толып жатыр, бірақ олардың аттарын бағуға бір-бір атшы керек көрінеді. Қыйқымбайдың мына ұры баласы осында екі қонып еді, ешкім тапсырмай өзі түн ортасында барлық қонақтың, ауылдың аттарын бақты. Түбінде ұрлығын қойса, осы адам бола ма деймін.

- Иә, Қарасақау, сен ұрлығыңды қойып, Абай ағама атшабар бол, бұрынғы ұрлағаныңды сұраса, шыныңды айт. Оны төлеуге өз малың жетпесе, борышыңды мен төлейін. Борыштан құтылып, таза арық болсаң, жеттігіп адам болып кетесің,- дейді.

Қарасақау қуанғаннан: «Жарайды, еңбектен жанымды аямаймын, бір ауыз өтірік айтып, біреудің ала жібін аттамаймын»,- деп шын уәдесін береді.

- Олай болса, қорадағы семіз көк атты ерттеп мініп, Арқатқа почта апар,- дейді Абай. Ол орнынан ұшып тұрып, көк атты ерттеп мініп, тайын жақын ауылдағы бір құдасына тапсырып, әкесіне: «Құдай жарылғады, мен Абайға атшабар болдым. Қорыққан адамның өзі пана болды»,- деп сәлем айтады.

Содан былай Абайға жиырма жеті жыл жолдас болып, адал қызмет етеді.

1900 жылы мен 13-те едім. Біздің Көкшенің жайлауы Айнабұлақ деген жерге Абайдың ауылы көшіп келіп қонды деп Абайдікіндегі әкем Қарасақау үйге келді де: -Бір тоқтыны сойып, Абай ауылына ерулік алып кел, мен сонда бара берейін,- дегенге мен де әкеммен ілесіп Абайдікіне келдім. Жолда келе жатып, тақияма бүлдірген толтырып алдым. Біз ауылға келсек, Абайдың өзіне күркешік үй тігіпті, үлкен үйлерінің керегелері жаңа жайылып жатыр екен. Әкем екеуіміз Абай отырған үйге сәлем беріп, кіріп  келгенде:

- Әй, Қарасақау, мынау сенің балаң ба?- деді Абай.

- Иә, сізді көремін деп қалмай келді.

- Балам, қолыңдағың не?- деп сұрады Абай, менің тақиямды нұсқап.

- Жеңгелеріме берейін деп жолдан бүлдірген теріп әкеліп едім, - дедім. Абай қасында отырған бір жігітке:

- Барып Қамашты шақырып келші,- деді. Жігіт барып Абайдың Әубәкірінің әйелі - Қамашты ертіп келді.

- Қарағым, Қамаш, мына Қарасақаудың баласы саған бүлдірген теріп әкеліпті, соны ал да, өзіне жақсы қылып көйлек-ыстан тігіп кигіз,- деді. Маған қайта қарады да;

- Оқып жүрсің бе?- деді.

- Оқып жүрмін, ата, бірақ қарындаш-қағазым жоқ.

- Балаңа неге қағаз, қарындаш алып бермейсің? деді Абай менің  әкеме.

- Әпергенмін, бірақ жоғалтып алған шығар,- деді сасып қалған әкем.

- Әй, Қарасақау, сенің әкең де оқымаған, өзің де оқымаған адамсыңдар, егер де сендер оқыған болсаңдар Көкшенің бір білікті адамы болар едіңдер. Енді мына балаңды оқыт, керегін толық етіп тауып бер, оқымай адам болмайды,- деді де қасында тұрған сары сандықты ашып, маған 20 шақты табақ қағаз, бір қарындаш алып берді. Үстіме көйлек-ыстан киіп, қарындаш-қағазға қарық болып қуанып, ертеңінде үйге қайттым.