Тоғызқұмалақ ойыны ертеде көшпенді қазақ арасына кеңінен тараған ойын. Осы тоғызқұмалақ ойынының атақты сыншысы, Тобықты ішіндегі көтібақ Боранбай ұлы Көрпебай 1823 жылы туған, ауқатты адам болған. Қыстауы Жидебайдағы Абай музейінде небары 5 шақырым жерде Шидің өлкесінде, Кеңгірбай бидің мазарының оңтүстігінде 1,5 шақырым. Көрпебайда мынадай әдет болған: Тоғызқұмалақтың ойын тақтасын қанжығасына байлап алып, ел аралап қонақтап жүріп ойнайтын болған.
Бірнеше күн Шыңғыстағы елді аралап, Ши бойындағы өз ауылына келе жатып, өзінің қой бағып жүрген қойшысына кездеседі. Ауылдың амандығын білген соң қойшысына: «Ауыл аман болса мен Абай ауылы жаққа кеттім»,- депті де, бұрылып, Жидебайдағы Абай аулына беттепті. Жидебайға келсе сыртта бес-алты ат байлаулы тұрса керек. Көрпебайдың іздегені осындай жиын. Бұған мән бермейді, себебі бұл ауылдан әрдайым қонақ үзілмейді. Бұл жай оған мәлім.
Үйге сәлем беріп кіріп келсе, Көкбай, Ермағамбет тағы бірнеше адам шай ішіп отыр екен, жасы үлкен Көрпебайға төрден орын береді. Амандықтан кейін жүріс жайын сұрағанда. Көрпебай өз қойшысына жолығып, ауыл амандығын білгеннен кейін осылай қарай бұрылып кеткенін айтты.
Сөз аңдып отырған Ермағамбет: «Абай аға, ақсақал өз аулының амандығын білгеннен кейін осы ауылдың амандығын білейін деп келген екен ғой»,- дегенде, үйдегілер ду күлісті.
Абай жымиып күлді де, аналарға: «Көрпе-екең тоғыз құмалақты жақсы ойнайды, осы ауылда қонақ бар шығар, ойнайын деп келді, қанжығасында тоғыз құмалақтың ойын тақтасы да байлаулы шығар»,- дегенде, Көрпебай: «Ол рас»,- деді. Барған жерде бұл ойынның жабдығы кездесе бермейді. Осы кезде Абай бар денесімен бұрылып Еркежанға: «Шайды жинат, бұлардың сайысын көрелік»,- деді. «Қайнаға да келді, мен тамақ астырайын»,- деп Еркежан шығып кетті. Көрпебайдың қанжыға-сындағы ойын тақтасы да әкелінді. Абай үйінде де тоғыз құмалақтың жабдықтары сай екен, қонақтар екіге бөлініп, ойынға кірісіп кетті. Абай төреші ретінде бақылап отырса керек. Шу дегеннен Көрпебай өзінің қарсыласы Ермағамбетті жаушы-жаужалаға келтірмей ұтысқа ие болды. Бұлар ойынды жалғастырып еді, Көрпебай есе бермей ұта берді. Көкбай бастаған екінші топпен ойнағанда Көрпебай оларды да ұтты. Осы үйдегі сайыста Көрпебай өзінің тоғызқұмалақ ойынының асқан шебер ойыншысы екенін көрсетті.
Абай Ермағамбет пен Көкбайға қарап: «Ақсақал біздің ауылдың амандығын жақсы білдірді емес пе! Онан да сендер осы Тобықтыда тоғызқұмалақтан Көрпебайды ұтатын ойыншы тауып әкеп ойнататын бол»,- деп Көкбай мен Ермағамбетке тапсырды. Өнер иесін жақсы бағалайтын Абай Көрпебайға құрмет көрсетті.
Қолға су құйылып, ет жеуге қам жасалады. Қазанасыға сойылған семіз жас жылқының жылы-жұмсағы мен семіз ісек қойдың басы салынған үйме табақ ақ май болып ет әкелінді. Көрпебай бастың ырымын жасап, Ермағамбетке осыдан мипалау жаса деп ұсынды. Өзі жамбастың майынан көлемді етіп кесіп алып бір толғап алды.
Көрпебай ет жеуге оңаза мешкей адам еді, оны Абай жақсы білетін. Етке бір адамға есесін жібермейтін Көкбайдың жайы да Абайға мәлім болатын. Ет туралып желіне бастады, осы кезде Көрпебай ақ майды іріктеп, қарбыта бастағанда, бағанадан ойыннан ұтылып, есесі кетіп отырған Көкбай оның үстіне еттен де есесі кетіп бара жатқанын сезіп былай депті:
Абай-ау, мынауың кім сұғанақ көк,
Ақ майды табады екен сығалап кеп.
Май мұның бірдеңесін өлтірген бе?
Асайды үсті-үстіне сыбалап кеп,-
дейді. Ет жеп отырғандар күліседі.
Ермағамбет: «Анау-мынау деп ажуалап қайтеміз, ақсақал бүгін бізге ойын мен тамақтан есе бермейтін болды. Амандықтың аяғы осыған соқты ғой»,- деп отырғандарды тағы күлдіреді. Ет желініп, бата жасалып, отырғандар анау-мынау жай әңгімеге кірісті. Қонақтар сыртқа шығады, таза ауада біраз болып желпініп үйге қайта кіреді. Бұл уақытта дастархан қайта жайылып, шайға қам жасалып жатса керек. Көрпебай өз орнына отырып жайғасқан кезде Абай Көкбайға қарап: «Сен ет пен ойыннан есем кетті, бір ауыз өлеңмен есемді қайтардым деп отырсың ғой, біздің ақсақал да бірдеме дер»,- деп Көрпебайға сөз тастады. Осы кезде Абайдың оң жағында отырған Еркежан да сөзге араласып: «Қайнағаның жауап қайтарар жөні келді»,- дегенде, Көрпебай: «Қарағым, Еркежан, мен сылдыр көмей ақын емеспін, осы бір тоғызқұмалақ ойынын әуестеніп құмартып ойнаймын. Онымен бірге Көкбай айтқандай, еттің майына да қырағылығым бар, оны да жасырмаймын. Ал енді, көп қаумалап қолқалап болмадындар, менің айтарым мынау: -Егер қисыны келмесе сөге көрмеңдер, көпшілік деп орнынан қозғалақтап:
Құралған Көкше атам әр тараптан,
Қу сөзге көмей-жағы сылдыр қаққан.
Ет жеуді осы Көкбай жек көрмейді,
Тегінде өледі ғой қылтамақтан,-
дегенде, үйдегілер пәлі-пәлі деп ду күліседі. Сонда Абай ауыр күрсініп: «Сендер күлесіңдер, мынаны пайымдарсыңдар ма, үйге қонақ келсе өлең айт дейсіңдер, ол өлең білмеймін десе ең болмағанда «Қара таудың басынан көш келедіні» білмейсің бе? – дейсіңдер. Сол «Қаратаудың басынан көш келеді» деген өлеңнің тарихын білмейсіңдер. Ол өлең қазақтың басынан кешкен қайғылы қасіреттің куәсі. Жоңғармен соғысып, қазақ жеңіліп қонысын тастап ауғанда айтылған:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,-
деген. Міне, көрдіңдер ме, өлең мағынасыз беталды айтыла бермейді. Көкбай мен Көрпебайдың бір-бір ауыз өлеңмен қақтығысында да өзіндік мағына бар. Қайран, қазақ-ай, бойында бар қасиетін орынды жерге жұмсамай, берекесіз нәрсенің соңына түсіп, қор болып өтіп барады. Ұрлық-қарлық, партия, алдау-арбау, қулық-сұмдық, «қор болып өстіп барасың»,- деп тоқтаған екен.
-Ей, Көкбай, есіңде болсын, ұмытпа, бағана айтып едім ғой, мына Көрпебайды ұтатын ойыншы тап деп, ұмытпа, есіңде болсын,- деді Абай.
Шайдан кейін Көрпебай қош айтысып қайтайын дегенде Абай оған: -Естідің ғой, Көкбай ойыншы тауып әкелгенде осы үйде үлкен айқасқа түсесің. Соған әзірлене беріңіз,- депті.
Көкбай 1856 жылы туып, 1926 жылы рак ауруынан қайтыс болған. Моласы Мұқырдың бойында өзінің ескі медресесінің жанында. Руы Көтібақ, Жиреншин Құлыке (Құлсүлеймен) деген ақыл, парасатты адам болған. Сол кісі Көкбай науқас деген соң, қасына өздеріне туысқан Ахметжанов Төлеухан дегенді ертіп Көкбайдікіне барыпты. Көңілін сұрай келген Құлыкеге былай депті: -Ертеде сенің Көрпебай деген ағаң Абайдікінде кездесіп, тоғызқұмалақ ойнадық, сонда Көрпебай бәрімізді ұтты. Ет келгенде Көрпебай еттің майын теріп жей берген соң мен оған «сұғанақ көк» деп бір ауыз өлең айтып едім, ол маған былай деп жауап қайтарды:
Құралған Көкше атам әр тараптан,
Қу сөзге көмей-жағы сылдыр қаққан.
Ет жеуді осы Көкбай жек көрмейді,
Түбінде өледі ғой қылтамақтан, -
деп еді. Сол айтқаны маған атқан оқтай тиді. Міне мен сол қылтамақтан өлейін деп жатырмын, айтқаны дәл келді,- депті.