Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл
Үстіміздегі жылы дүлдүл ақын, күміс көмей әнші, дарынды сазгер, Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Аудан көлемінде ұлы талант иесінің атаулы мерекесі қандай деңгейде атап өтелмек, мұражайдың оған дайындығы қалай? Жалпы мұражайдың 25 жылдық тарихына үңілсек деген оймен Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражай бөлімінің меңгерушісі Разуев Әбен Тұйғынұлымен сұхбаттасқан едік.
Разуев Әбен Тұйғынұлы
- Әбен Тұйғынұлы, Әсет мұражайы Республикадағы ақынға арналған жалғыз мұражай. Биыл аманшылық болса бабамыздың туғанына 150 жыл толмақ. Әңгімеміздің басын осы мұражайдың ашылуы туралы аздаған шегініс жасап бастасақ қайтеді ?
- 1984 жылы қараша айында сол кездегі Семей облысы Мақаншы аудандық партия комитетінің І- хатшысы марқұм Исмағұлов Жақан Смағұлұлы ауданның идеология майданының шағын белсенділермен кеңес өткізіп, алашқа аты шыққан Әсет ақынды қалай да елге таныту туралы өз ойын ортаға салды. Оның алдында ғана бір жыл шамасы бұрын Әсеттей әншіні әспеттеу үшін бастама көтеріп, ауданда Әсет әнінің атымен аталатын «Інжу-Маржан» ансамблін құру туралы ұсыныс енгізген еді. Осы кездесуден кейін тапсырманың дені мәдениет бөлімін басқарып отырған маған және аупарткомның нұсқаушысы, халықтық мәдениеттің жанашыры Оразбек Бекбосынов ағаға жүктелді. Сол жылдардан бастап болашақ Әсет мұражайының іргесін қаладық десек артық айтқандық емес. Арысы Фрунзе / Бішкек / қаласынан, берісі Талдықорған, Қарағанды, Жезқазған, Алматы облысының жерлерінен ел кезіп, көненің көздерінен деректер іздедік. 1985 жылы ауданға басшы болып О. А. Арғынбеков келгеннен кейін жұмысымыз ілгерлей түсті. Ж. Сымағұлов бастамақ болған істі кейінгі басшы одан әрі түлетті. Бірінші басшы қолдап отырған соң жұмысыңа да жол ашылады екен. Алматыдағы Ғылым Академиясынан бастап, Министрліктердің де табалдырығын тоздырдық. Талпынғанның, ізденгеннің ықпалы болар, 1989 жылы желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшылығы кеңейтілген Қеңес өткізіп, онда ақын, әнші, композитор Әсет Найманбайұлының туғанына 125 жыл толуына арналған мерекені салтанатты түрде өткізу жөнінде арнаулы комиссия құрды. Комиссия төрағасы болып мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев тағайындалып еді. Ал 1990 жылы 19 наурызда Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің № 114 қаулысы шығып, халық композиторы, әнші, әрі ақын Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекет деңгейінде мәдени шара өткізу жөнінде шешім қабылданды. Сол жылы мемлекеттік комиссия құрылды.
- Әбеке, сіздер қазір Абай мұражайының бір бөлімісіздер. Әсет мұражайының Абай мемлекеттік қорық мұражайының құрамына кіру себебіне тоқтала кетсеңіз ?
- 1990 жылы 19 қыркүйекте Қазақ ССР-і Мәдениет жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің № 219 бұйрығымен Семейдегі Абайдың Мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық « Жидебай – Бөрілі » қорық мұражайының Әсет Найманбайұлы әдеби – мемориалдық мұражай бөлімі болып ашылдық. Оның себебі; Әсет Абайдың ақын шәкірттерінің бірі. Академик Қайым Мұхаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында Әсетке ерекше тоқталады. Әсет Абайдың айналасындағы басқа ақындарға қарағанда Ұлы тұлғаға ұқсаған, әрі шығармашылығы өте жақын, синкреттік өнері бойына дарыған бірден-бір талант иесі. 1898 – 91 жылдары Әсет Абай ауылында болған, Абайдан тағлым алған. Шығыстың ұлы ғұламалары Фараби, Фердауси, Низами, Навои, Омар Хайям, Ибн Сина сынды данышпандарының өсиеттерін бойына сіңірген. Батыстың Гейне, Гете, Байрон, орыстың А. Пушкин, М. Лермонтов, Л.Толстой, А. Чехов, И. Крылов, Гоголь сияқты Ұлы тұлғаларының шығармаларына қаныққан, Абайдың жанында жүріп өмірдің мәніне ден қойған. Абайға Әсетті таныстырған адамның кім екені белгісіз. Алғаш рет Әсетті көргенде Абай оның оғаш мінезіне тіксініп, сын да айтқан. «Абайдың осы бір сыны өміріме азық болды, өмірімнің соңына дейін ұстаз тұтам» - деп айтқан екен Әсет. Міне, сондықтан шәкіртімін деп санаған Әсеттің, оның атына ашылған мұражайының Абай қанатының астында болуы заңды құбылыс.
- Ертеректе «Әсет мұражайын салуға қаржы бөлініп еді»- деп естуші едік. Сіздер пайдаланған бұрынғы мұражай ғимараты пайдалануға қолайсыз болды ма, жоқ әлде талапқа сай болмады ма?
- Рас айтасыз. 1990 жылы жазда Әсет мұражайын салу үшін жобалық құны белгіленіп, сметасы жасалып, сызбасы дайындалған болатын. Қазақстан архитекторлар Одағының сол кездегі төрағасы Айтмырза Рүстембеков Мақаншыға келіп, екеуміз бір апта шамасында болашақ мұражайды жобалағанбыз. Келісім шартқа да қол қойғанбыз. Мұражай 3 қабатты болып салынбақ болатын. Ішінде экспозициялық залдан басқа, концерттік зал, кітапхана, өнер адамдарының дайындық бөлмелері, қор, мұрағат бөлмелері жоспарланған еді. Тіпті алғашқы нольдік циклі жасалып, жері қазылған, құрылысы басталған да болатын. Амал не, Кеңестік жүйе тарқағаннан кейін қаржы болмай, құрылыс тоқтап қалды. Содан кейін дайындықты тоқтатпай, 1990 жылы қараша айының 28 жұлдызында Халық депутаттары Мақаншы аудандық Кеңесі Атқару комитетінің №293 /17 шешімімен Мақаншы ауылында орналасқан аудандық мәдениет бөліміне тиесілі бұрынғы өлкетану музей үйінің ғимараты қолдағы бар жәдігерлерімен Әсет Найманбайұлы мұражайының меншігіне /иелігіне / берілді. Мұражай үйі 1991 жылы Семейдегі Абайдың Мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының қолдауымен қайта қалпына келтіріліп, жөндеуден өткізілді. Оған жөндеуге 63 000 сом қаржы бөлінді. Келесі көктемде, яғный 1992 жылы 24 сәуірде Әсеттің туғанына 125 жыл толуына орай мұражай салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат 1950 жылы іргесіне тас қаланып құйма кірпіштен салынған. Алғашқы кезде оған шағын электр станциясы орналасқан екен. Кейіннен аудандық комсомол комитетінің кеңсесі, аудандық пионерлер үйі, балалар бақшасы, өлкетану музейі, аудандық мәдениет бөлімінің саябақтағы ойын автоматтары орналасып келген еді. Жалпы көлемі 162,7 шаршы метр, ауданы 488, 2 шаршы метр, пайдалы жері 72,6 шаршы метр болатын үйде 1 экспозициялық зал және 2 шағын жұмыс бөлмесі ғана орналасты. Мұражай деген аты болмаса, онда айтарлықтай шаралар өткізуге немесе экскурсия жүргізуге мүмкіндік болмаған еді. Тіпті жинақталған жәдігерлерді қоятын орын да болмады. Сөйтіп бұл ғимаратта 2003 жылға дейін қоныстандық.
- Мұражайдың алғашқы меңгерушісі Оразбек аға туралы не айтасыз?
- Мұражайдың алғашқы меңгерушісі болып, белгілі журналист, жазушы, әрі Әсетті зерттеуші, сол кездегі аудандық «Білім» қоғамының төрағасы Оразбек Майжанұлы Бекбосынов ағамыз тағайындалды. Ұзақ жылдар аудандық партия Комитетіне нұсқаушы, Мақаншы ауданында шығатын «Ленин туы» газетінде Бас редактор болған Оразбек ағаның көңілге түйгені, көргені өте көп еді. Алғаш Әсет туралы деректер іздеген кезде мен ол кісімен көп әңгімелестім, көп пікірлестім. Мен Орекеңдей таза, пәк адамды кездестірген емеспін. Ертеректе ата-анасынан айырылып жетім қалған Орекеңді Көктұма /Бақты/ қаласындағы Әсеттің әйелі Тәтежан шешеміздің қолында бірер жыл тұруға тағдыр жазыпты. «Тәте шешеміздің қолынан дәм татып едім»-деп үнемі айтып отырушы еді. 1992 – 1997 жылдар аралығында жұмыс істеген Оразбек ағамыздың мұражай жұмысын қалыптастырып, іргесінің қатаюына қосқан үлесі, артында қалған еңбектері айтарлықтай мол еді. 1997 жылдан бастап ол кісі денсаулығына байланысты қызметтен босап, орынын маған қалдырды.
- Әбен Тұйғынұлы, Мұражайды 20 жылдай уақыт басқарып келесіз. Көргеніңіз бен көңілге түйгеніңіз не?
- Ең бірінші халық арасынан шыққан өнер адамдарына деген қызығушылық болар. Бала кезімізде ауыл арасында көргені көп талант иелерінің ән-жырларын көп тыңдаушы едім. Солардың арасында Қ. Әділбеков, Б. Мәсәлімов, М. Бабасов сынды Әсеттің алдын көрген, жанында жүріп атының тізгінін ұстаған, әнін тыңдап жанына сая тапқан дала жұлдыздары болып еді. 1980 жылдардан бастап Аудандық мәдениет бөлімін басқарып жүрген кездерімде, Әсет жөнінде деректер іздеп, жәдігерлер жинаумен айналысып жүрсем де, тікелей мұражайды басқару мен үшін алғашқы кезеңдерде өте қиынға түсті. Мұражайдың алғашқы қылыптасу кезеңі 1992 – 1999 жылдары өте қиын болды. Бюджеттік мекемелер жабылып, қызметкерлер қысқыртылуға ұшырап, еліміз ерекше қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатқан уақытта, бізді ғылыми бағытта ізденістер жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізу емес, мұражайды қалай сақтап қалу көп алаңдатушы еді. Солай бола тұрса да қажырлылық таныттық. Қызметкелеріміз қолға алатын 2000 – 3500 теңге аралығындағы еңбек ақыларына қанағат етті. 1997 жылы мамыр айының аяғында Семей облысы таратылып, оған қарасты бұрынғы Мақаншы ауданы көрші Үржар ауданына қосылғаннан кейін, босап қалған, 1951 жылы күйдірілген қыш кірпіштен салынған, алғашқы кезде балалар бақшасы, кейін 1989 жылдары аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесіне берілген ғимаратты сол кездегі Үржар ауданының әкімі Д. М. Сейілхановқа барып сұрауыма тура келді. Азаматтығына рахмет, сөзімізді жерге тастамады. Үржар ауданы әкімінің 1997 жылға 21 шілдедегі № 01 – 44 Ө өкімімен ғимарат мұражай иелігіне алынды. Бұл ғимарат орналасқан аумақтың жер көлемі 0,461 га. Ауданы 2242,00 шаршы метр. Мұражай болуға әбден лайық еді. Мақаншыда құрлысы басталмақ болған 3 қабатты жаңа типті мұражай құрылысы басталмай жатып тоқтап қалғаннан кейін, бұл біз үшін үлкен олжа болды. Дайын тұрған құрылыс жабдықтары болмаса да 2 – 3 жыл жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2003 жылдан бастап мұражайды осы ғимаратқа көшірдік. Аруағы риза болсын, сол кездегі ауыл әкімінің орынбасары Мәзәмбиев Мәденнің күш шығаруының арқасында атқарған жұмысымыз ұшан теңіз десем артық айтқандық емес. Бұрынғы ескі ғимарат үйі бұзылып, оның ауласы осы ғимаратпен қосылды. Ескі үйдің орынына 2007 жылы белгілі мүсінші, Үржарлық Оразанбай Бекбаев сомдаған Әсет ақынның ескерткіш бюсті қойылды. Мұнда 3 экспозициялық зал, 1 акт залы, 3 жұмыс бөлмесі, мұрағат, сақтау және қор бөлмелері жабдықталған. Мұражайды ағымдағы жөндеуден өткізіп қалпына келтіру үшін 2009 жылы Абайдың Мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық қорық мұражайынан 3,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Орталықтан шалғайда орналасқандықтан болар шынын айтқанда басшылардың назарына іліне де бермедік. Жыл сайынға жөндеу жұмыстарын жасауға қаржы мәселесі қолбайлау болды. Анау бір жылы облыс әкімі Ж.С. Кәріпжановтың берген 1 миллион сомасын сол кездегі Үржар ауданының әкімі Б.Т. Жанақовтан даулап жүріп ала алмай күдерімізді үзген күніміз де болды. Қайсы бірін айтайық, өткен күндер тарих қойнауына кетті ғой. Міне, осы әңгімеден кейін менің көңілге түйгенім, сезімі сеңгір, ойы асқар, көңілі дархан, жаны жайсаң адамдардың жаныңнан табылып , қол ұшын беруін адамдықтың зор қасиеті деп айтар едім. Қандай да бір бастаманың қолдаушысы жергілікті жердің бірінші басшысы болмаса ісіңнің алға жылжымайтыны айқын екен. Оны бүгінде көріп жүрміз.
- Мұражай құндылықтарынан нені ерекше атар едіңіз?
- 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай аудандық өлкетану мұражайын ашқанымызда, соның бір бұрышын Әсетке арнадық. / Көктұма/ Бақты ауылына барып Әсеттің ұлы Қожеке әкеміздің үйінен 62 жәдігер іріктеп алдық. Ал 1992 жылы сәуірде мұражай отау болып шаңырақ көтергенде бар жоғы 340 дана қолжазбалар мен көне дүниелерді экспозицияға шығарып, көрмеге қойып едік. Біздің бүгінгі барлық құндылықтарымыздың бастамасы осы жәдігерлерден бастау алады. Бүгінде мұражайдың жәдігерлерінің саны айтарлықтай молайды. Барлық дүниелер Әсет ұрпақтарының, Әсет заманының, Әсеттің көзін көрген шежіреші-қазыналы қарттарымыздан қалған естеліктер мен қолжазбалардан және олар ұстаған бұйымдардан тұрады. Мұражайда бәлендей алтынмен апталған, күміспен күптелген құнды заттар жоқ. Ондағы бар дүние әдеби – мемориалды құндылықтар. Сондықтан да мұражай «әдеби-мемориалды» - деп аталады. Аса бір бағалы жәдігер ол Әсет бабамыздың өзі ұстаған, жанында жүріп иіссіңді болып қалған – ақынға 1880 жылдары ұстазы Тінәкә Далдаоғылы жазып берген бойтұмары мен оқыған құран кітабы. Жалпы алды 120 жыл, арты 70 – 80 жыл болған Әсеттің әйелі Тәтежан шешеміздің, қызы Шамшыфару ( Сәмогей), ұлы Қожекенің ұстаған дүниелері. Берісі Қожекенің әйелі Қамария жеңгеміздің үй мүліктері де осы жерден орын алған. Алдағы уақытта Әсет ұрпақтарынан жинақталмаған жәдігерлер болса алып, мұражай қорын толықтырмақпыз. Семейдегі Абай мұражайының да қорында сақтаулы көне жәдігерлерлер біздің Әсет мұражайының экспозициялық залын толтырып қалар деген ойымыз бар.
- Әбен Тұйғынұлы, алдағы жоспарларыңыз қалай. Әсеттің туғанына 150 жыл толу мерекесі келе жатыр. Оны қалай тойламақсыздар?
- Мәселе той-тойлаумен ғана өлшенбеу керек. Әсеттей ұлы тұлғаның болмысын, бізге белгісіз бет-бейнесін, кескін – келбетін біз әлі аша алмай келеміз. Өйткені Әсет өмірі мен шығармашылығы әдебиет қойнауына жұмбақ болып кірді, жұмбақ болып келе жатыр. «Абайдай арт жағына сөз қалдыра алмаған» ақынның жазба дүниесі жоқ. Бізге жеткен құндылықтар – ол құлақтан құлаққа жеткен, ауыздан – ауызға айтылған естеліктер, есте қалған әңгімелер. Көзі көрген құйма құлақ даналарымыздың бірен-саран қолжазбалары. 19-ғасырдағы Қазақ мәдениетінің Ақан, Біржан, Мәди, Балуан-Шолақ, Естай, Мұхит сынды алыптарының қатарында Әсеттің орыны ерекше болуы керек. Әсет шығармалары әдеби талдауға түсіп, бір арнаға жүйеленген жоқ. Биыл міне, Әсет бабамыздың туғанына 150 жыл толмақ. Біз Абай қорық-мұражайының мұрындық болуымен Республикалық деңгейде ғылыми тәжірибелік конференция өткізіп, ең алдымен Әсеттің қазақ әдебиетіндегі орынын аша түскеніміз абзал. Ал тойлау, еске түсіру - ол бүгінгі ұрпаққа Әсеттей Ұлы бабаның бұл өмірде болғанын, ғұмыр кешкенін баяндау ғана. Дегенмен оның өзі жоғары деңгейде өтуі керек. Үстіміздегі жылы мұражай ішінің интерьерін түбегейлі қайта өзгертпекпіз. Оның тақырыптық-экспозициялық жоспары Абай мұражайының директоры Болатбек Жүнісбекұлының басшылығымен, ғылыми бөлім жетекшісі Маржан Біржанқызының тікелей қатысуымен қайта жасалды. Сол бойынша қазір материалдар жинақталып жатыр. Есіңізде ме, 1991 жылғы тамыз айында Мақаншыда өткен Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толу мерекесі, Әсет ақынның туғанына 125 жыл толған салтанатын Республика көлемінде атап өтуіміз. Ұлыларды ұлықтау бізді көп нәрсеге үйретті. Сол арқылы тарихқа көз салып, өткенімізге ой жібердік. Жоғарыда айтқанымдай, қандай бастама болмасын бірінші басшының бастамасымен басталып, қолдауымен жүзеге асып жатса бағымыз. Олардың айтқанын орындайтын, сөзінде тұратын, шешімді болғаны жақсы ғой. Мен бүгінгі Үржар ауданын басқарып отырған Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің бойынан осы қасиетті байқаймын.
- Әсет шығармалары қандай деңгейде жарық көрді. Алдағы жоспарда оқырмандарға ұсынатын қандай сыйларыңыз бар?
- Ертеректе зерттеуші ғалымдарымыздың бірен-саран жариялаған мақалалары болмаса, Әсет шығармалары жеке кітап болып баспадан басылып шықпады. 1968 жылы баспадан жарық көрген алғашқы кітаптың көлемі онша үлкен болмады. Зерттеуші Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен шыққан кітапқа ақынның 34 өлеңі, 4 қисса-дастаны 4 айтысы ғана сыйды. Одан кейін жазушы Б. Нұржекеевтың және жерлесіміз Б. Абылқасымовтың құрастырған жинағы 1988 жылы шықты. Ол әрине алдыңғы кітапқа қарағанда тереңірек зерттелген, жан-жақты талданған көлемді кітап болды. 1989 жылы Шинжиаң баспасынан Б. Әлімбекұлы мен М. Шипанұлының құрастыруымен «Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп...» атты, 1992 жылы Алматыдағы «өнер» баспасынан Қ. Жүзбасов құрастырған «Інжу маржан» атты әндер жинақтары шықты. Қ. Толыбаевтың Әсеттің өмірі туралы жазған тұңғыш роман-новелласы 1995 жылы «жазушы» баспасынан жарық көрді. Осыдан кейін 5 жыл өткенде Қытай астанасы Бежиндегі «Ұлттар» баспасынан Н. Қалиоллаұлының құрастыруымен 2 томдық Әсет шығармалары жарық көрді. Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы бүгінге дейінгі кітаптардың жалпы саны осы ғана. Кейінгі жылдарды Әсет тақырыбын өздерінің ғылыми еңбектеріне арқау етіп, ақын шығармаларына зерттеу жасаған Талдықорғандық Сайлау Қожағұлұлының, Семейлік Жанар Айтованың еңбектерін жоғары бағалар едім. Дегенмен Әсет шығармаларының хронологиялық кестесі жасалынбады. Бұл ғұмыр болса алдағы уақыттың еншісінде дер едім. Ақынның туғанына 150 жыл толу мерекесі қарсаңында, бүгінге дейінгі Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізген зерттеулерімізді, жинақталған тың деректерді жеке кітап етіп шығарсақ деген ойымыз бар. Сондай-ақ Әсеттің біраз әндері және оның шығу тарихы туралы көлемі 160 беттік кітап компьютерде терулі, баспаға дайын. Оның сыртында Бежинде шыққан 2 томдық кітап төте жазудан кирилицаға аударылып, біраз толықтырулар мен дайын тұр. Егер автордың рұхсаты келсе, Абай мұражайының баспаханасы арқылы ол да оқырмандарға жол тартар. Сонымен қатар той қонақтарына ұсынатын көлемі 35 және 45 беттен тұратын «Әсет мұражайының тарихы» және «Әсеттің ұрпақтары» атты иллюстративті 2 буклет кітапша баспаға дайын.
- Аудан көлемінде салтанатты шараны өткізуге қандай қолдау көрсетілуде?
- Әсет бабамыздың туғанына 150 жыл толу мерекесін өз деңгейінде атап өту анау 2013 жылы қазан айында аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің Әсет мұражайына келгенінде өз аузынан шыққан бастамасы болатын. Олай болса аудан басшысы бізге емес, біз аудан басшысына қолдау көрсеткеніміз абзал шығар. Өткен жылы аудандық бюджеттен 23 миллион теңге қаржы бөлініп мұражайдың ауласын абаттандырдық. Мақаншы ауылының келбеті өзгерді. «Әсет Найманбайұлы» жеке қорын аштық. Ауданымыздың мекеме-ұйым қызметкерлеріне рахмет. Бір күндік еңбек ақыларын аударып берді. Алтайдан - Атырауға, Жетісудан – Арқаға дейінгі ұлан ғайыр даламыздан Әсеттей бабамызға қолдау көрсетер азаматтар табылып жатса қанеки. Биыл көктем шыға салысымен мұражайдың ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Әсет шыққан тұғырды аласартқысы келмесе, шекпенді азаматтар Әсетше айтқанда, «Біріне бірі серік екеу болып» жетпегенін жалғар деген үміттеміз. Біраз шаруаның басын қайырып, бүгінге дейін Әсетті өмірге қайта әкелдік. Осыдан артық не керек, бұған дейінгі ғасырда істелмеген жұмыс атқарылды. Мерекені өткізетін аудандық «ұйымдастыру комиссиясы» құрылды. Оның құрамындағы бөлім басшылары мен жауапты адамдардың атқаратын жұмыстары да белгіленді. Алда тек соны жүзеге асыру басты міндет болмақ. Бірлігіміз жарасса, бұл сыннан да сүрінбей өтеріміз хақ. Шаруаның беті бері қарап, 2017 жылдың бағдары анықталған күзде, аудан халқына тартылар сый, шашылар шашу Әсет бабамыздың әнімен өрнектелеріне куә боламыз.
- Әбен Тұйғынұлы ! атқарылар жұмыстың ауқымы кең, көлемі үлкен екен. Абырой берсін. Өзекжарды әңгімеңізге рахмет!
- Сізге де рахмет ! Айтпақшы әңгімеміз газет бетіне жарияланып, елге тарап жатса мырза жігіттердің назарында жүрсін. Мұражай қорының жеке шотын еске сала кетейін. Айып болмас.
Әсеттің әйелі Тәтежанның текемет киізі
Әсет мұражайының кіреберіс қақпасы
Әсеттің қызы Шамшабанудің (Самөгей) шымылдығы
Әсетұлы Қожекенің шапаны
Бірінші экспозициялық залдың ішкі көрінісі
Қордың мекен жайы: 071724 ШҚО. Үржар ауданы Мақаншы ауылы Қабанбай көшесі 31 үй
Есеп айырысу шоты: «Әсет Найманбаевтың» жеке қоры БИН - 160740001084,
ИИН – KZ59563Ғ350000067834, БИК - KPSTKZKA Банк - Филиал АО «Казпочта»
с. Урджар Код 17
Қосымша хабар алу үшін: Байланыс желісі: 8 722 39 4 – 14 – 36, 8 775 307 42 55, 8 777 380 35 51
Сұхбатты жүргізген: Қазақстан Журналистер Одағының
мүшесі Мұратқазы Саябаев