АБАЙ ЖӘНЕ ӘСЕТ

Әсет он тоғызыншы ғасырдың соңымен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүріп, өзімен бірге ғұмыр кешкен қазақ мәдениетін дамытушы ұлы тұлғалардың көш басында бола алды. Қазақ поэзиясының алыптарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров Әсет туралы былай дейді. «Біздің, бізге жақын замандарда атын естіген әншілеріміз: Біржан, Ақан, Әсет, Мұхит, Естай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ыбырайлар болса, осылардың  әндері деген әннің өзі де бір-бірінен бөлек-бөлек жатады. Айталық, Біржан аспанға өрлеп, даурығып салады. Әсет  аспанға да өрлейді, жерде де жорғалайды... Бұлар дала музыкасының әрі актері ( салушысы ), әрі авторы (шығарушысы ).  Бұлардай ойдан ән салушы енді жоқ. Ендігі жерде ел әнін тыңнан салушыны есту қиын болар.»   Аз ғана сүрген ғұмырында Әсет (1867-1923ж.ж.) халық көңілінің кең сарайынан орын алып, өзінің ғажайып өнерімен асқан әншілігімен өзінен бұрынғы өмір сүрген өнер иелерінің асқақ жырларын, әсем әндерін жалғады. Жай жалғаған жоқ, ағыны қатты тау суындай өзен болып қосылды

Әсеттің ақындық өнерге қосылуы - оның жаңа үлгімен дастандар жазып, қазақ поэзиясына тың жол салуы, музыка жағынан да жаңаша үлгідегі әндер тудырып, қазақтың классикалық әндерінің мазмұнын байытуы, өресін биіктетуі. Ғасыр ішінде сирек және ерекше дарынымен туатын осындай өнер иесінің еңбегін төл бойындағы ақындық, композиторлық, әншілік әрі шебер орындаушылық қасиеттерімен  дәлелдеуге  болады.

1960-жылы елімізде басылған «Дастандар» жинағында зерттеуші Ханғали Сүйіншәлиев: «Пушкин орыс мәдениетінде романтикалық мектеп жасаған болса, Абай да айналасына тілектес шәкірттерін жинап, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет т.б. ақындарды тәрбиелеп шығарды. Бұл жастар Абай бастаған романтикалық поэзия жанрын ілгерлетті, көлемді, шытрман оқиғалы поэмалар жазды. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар тобын туғызды» - деп жазды. Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнер талабын көрген Абай 1889 жылы өзінің «Әсетке» деген өлеңінде:

Біреуден біреу артылса,

Өнері өлшеніп тартылса.

Оқыған, білген, білген-ақ

Надан, надан-ақ сан қылса.

.............................................

Кісіде бар болса талап,

Отырмас ол бой балап;

Жүрер, әр қайдан ізденер,

Алар өзі сүйгенін қалап  –  деп   арнау  жазып

өнер  иесінің  келешегіне жөн сілтейді. Әсет туралы А.Жұбанов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Адамбаев сынды қаламгерлеріміз бен О. Орынтаев, Б. Ысқақов, Қ. Мұхаметқанов, Б. Кенжалиев, Б. Нұржекеев, Б. Абылқасымов сияқты зерттеушілеріміз өздерінің бағалы пікірлерін жазып, тың ойларын қосып келді. Өз кезегінде Шинжаңның Тарбағатай, Іле аймақтарында тұратын Мәлік Шипанұлы, Нұртаза Қалиоллаұлы, Жүмәділ Маман, Ғалым Қанапияұлы, Зейнолла Сәнік, Асқар Игенұлы, Омарқан Асылұлы сияқты қаламгерлер мен жазушы-зерттермендер де Әсет шығармаларының ұлттық ерекшеліктеріне, ақындық, әншілік,  орындаушылық шеберлігіне сүйініш білдіріп, ұлы талант иесінің қазақ саз мәдениетіне қосқан аса қомақты үлесіне шолулар  жасады. Әсеттің мәдени тарихымыздағы орны туралы бұдан кейінде талай зерттеушілеріміз бағалы еңбектерін жаза беретініне әрине күмәніміз жоқ.

Мақаншыдағы  Әсет  ұражай экспозициясындағы  аса  ауқымды бір  бөлімнің мазмұны  Абай мен Әсет арасындағы өзара шығармашылық байланыс  туралы, ұлы ақынның Әсетке деген ерекше ілтипаты, ықыласы, қамқорлығы айналасында  өрбиді.    Бөлім  « Абай – ұстаз да, мұның алдына келген, сөз ұғатын, ынталы, талапты жастардың бәрі – шәкірт.  Абай  іні, бала, ағайындарына  мағналы тәрбиеші бола бастайды...  Жалғыз өз  өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың  сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші  болады.  Сол мақсатпен Көкен  еліндегі  Мұқа деген скрипкашыны ауылына алғызады.  Тағы сол жылы Әсет  деген ақынды да  сақтайды.  Осымен 1891 жылға шейінгі өмірі  Абайдың  ең мағналы өткізген  жылдары  болады » - деген  М.О. Әуезовтың анықтамасымен  ашылады. Әсет шығармашылығына әсер еткен, оны ақын етіп тәрбиелеген негізгі күш, біріншіден, халқымыздың  бай  ауыз әдебиеті болса, ақынның одан кейін ұстазы – Абай.    Ұлы Абай – ақындық, әншілік өнер жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз. Абайдан батыстың озық ойлы ғұламалары туралы, шығыстың ғажайып даналарының еңбектерін көңіліне тоқып, үйреніп, олардың философиялық ой – тұжырымдарына қанығады.  Әсеттің  Абай алдынан алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелері, кейіннен шығарған шығыс халықтарының аңыз-ертегілерінің желісі мен құрылған  барлық жыр - дастандарына  арқау  болады.  Әсет Абайды ұстаз тұтып, оның жанында болған күндерінде өзінің ғұмырына жетерлік азық алғандығын мойындайды.  Тіпті өлім аузында жатып та  Абайды аузына алуы, Абайша қызмет ете алмағанына өкінуі,  өзін Абайдан кіші ұстауы – Ұлылық алдындағы ізеттілігі,  парасаттылығы.

«Абайдай арт жағына сөз  қалдырып,

Жақсе еді-ау әтеген ай өлу деген», -

деп Абайдай мол мұраларын жазып қалдыра алмағанын өкінішпен жырласа, Евгений Онегин поэмасының алғашқы жолдарын :                           

« Қазақтың  Абайындай  болмасам да,

Бұл жерде өз тілімде айтып берем», -

деп бастап кезінде  көп оқымағандығын, жастық шақтың есерлігімен  білімге сусындай алмағандығын өкінішпен  жырға қосады.  Бұл жерде Әсет  өзін  қорсынып отырған жоқ, керісінше ұлы ұстаз алдында шәкірт екендігін ашып  көрсеткендігі.     Айтыс бәйгесімен  өлең жырдың додасына  түсе жүріп ел ішіне аты шыға бастаған жалынды жас Әсеттің ұлы ақынның алдына келіп, кеменгер ұстаз сынынан өткен шағы 22-23 жас шамасы еді. Мұражайдағы осы бөлімде  Абай мен Әсет арасындағы әдеби шығармашылық байланысқа   арналады.    Әсетті  алғаш рет Абайға  таныстырған адамның кім екендігі және Абай алдына  қалай келгендігі  туралы  нақты дерек жоқ.  Алайда  Абай  Әсетті  алғаш  көргенде  тек  әнші  ғана  деп  білген.   Әсеттің  жоғарғы  диапозонды  ащы  дауысының  Абайға  алғаш  ұнамағаны  да  айқын.  Оның  үстіне  сар далада   құландай  жортып  жүрген  Әсеттің   өр  мінезі  де  Абайға  оғаш  көрінеді.  Алғашқы  кездесуден  бір жыл өткен соң,  Әсет  әндерін  тыңдай отырып  сарапқа  салған  Абай  оның  «Інжу - Маржан»  әнін  алғаш  рет  тыңдап,  құлақ  құрышы  қанбағаннан  сон  да   бірнеше  рет  қайталап  айтқызған  екен.  Ән әуенінің  ерекшелігіне  таң  қалған  Абай  «Міне, ән  төресі  осы  болар,  алаштың  даласы  әлі-ақ  сенің  әнің мен  тербеледі» - деген  еді.   Көрмеден  сол сияқты әдебиетші  Б. Кенжебаевтың, «Әсет»,  халық ақыны Ғ.Игенсаровтың «Абай мен Әсет» атты мақалалары және Абайдың «Әсетке» атты өлеңі,   Абай   журналының   бірнеше  саны,  сондай-ақ    Қ. Мұхаметқановтың «Абайдың ақын шәкірттері»  жинақтары тағы  басқа  зерттеулер  қойылған.  Бұдан басқа академик М.О.Әуезов Әсеттің  ақынның  Абай ауылында 1889-91 жылдары болып, ұлы Абайдың алдынан тағылым алғандығын жазса, абайтанушы ғалым Қ.Мухаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында Әсетке үлкен орын беріп, субелі тұжырымдарын жасайды.

Жалпы  Әсет  әндері  кең  тынысты,  мол иірімді  болып  келгендіктен,  оны  орындау  екінің  бірінің  қолынан  келе  бермейді.  Ән  құрылысында  Жетісудың  нәзік   үні, Арқаның ащы  дауысы,  Батыстың  екпіні желдірмесі,  Алтайдың  ойнақы  әуені   жиі  кездеседі.

 

Әбен Разуев