Абай музейінде Әсет ақынның өмірі мен шығармашылығының зерттелуі

 «Әсет Найманбайұлының шығармашылығының, баспа бетінде көруінің және оның зерттелуін шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – (1924-1958) Әсетті ауыз әдебиетіне және «Евгений Онегин» аудармасына байланысты алып зерттеумен сипатталса, екінші кезең – (1958-1970) ақын шығармаларының жинақталуымен, олардың неғұрлым толық жарық көруімен және оның бүкіл поэзиясына қатысты зерттеумен сипатталады»,- деп жазады Б.Абылқасымов «Әсет шығармаларының зерттелуі» атты мақаласында. Ақын шығармашылығының зерттелу кезендерін көрсетіп отырғанымыз – әдебиеттетанудағы жаңалықтар Абай қорық-музейіндегі ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор жиналуымен тығыз байланысты. 

Бірінші кезең – 1924-1958 жылдар. Осы жылдар аралығында, яғни 1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы кезінде Абай музейі ашылды. Ұлы ақын жайында материалдарды зерттеу, жинастырумен бірге Абайдың ақындық-өнер айналасындағы шәкірттері туралы материалдар да мұражайдың ғылыми қорына кіре басталды. Мұражай қорында Әсет Найманбайұлының шығармашылығына байланысты материалдардың тіркелуі 1949 жылдан басталады. Ғылыми қордың Бас тіркеу кітабында  араб қарпімен жазылған ақынның «Қызыл табан, ағаш ат»,  «Олжабай-Бипа» дастандарының қолжазбаларын алматылық азамат А.Құдышев 1949 жылы 1-ші желтоқсан күні музейге тапсырған деп көрсетілген.

Екінші кезең – 1958-1970 жылдар аралығындағы кезеңде:

- Әсеттің Қытайда 1945 жылы жарық көрген «Сәлиха-Сәмен» кітабының фотокөшірмесі мұражай қорына 1959 жылы түседі. Бұл поэманы әріптесіміз болған Құдайбердиев Ахат ақсақал 1982 жылы қазіргі әріпке аударып, «Әсет Найманбайұлының «Сәлиха-Сәмен» поэмасы және таңдамалы өлеңдер кітабының аудармасы», - деп қол қойған.

- Осы жылы (1959) ақынның 1918 жылы Шығыс Түркестанның Шәуешек қаласында Алаш азаматтарымен түскен фотосуретінің көшірмесі қабылданды. Фотосуретке түсірген Мұхамеджан Юсупов деген азамат. Бұл фотосуреттің тарихи туралы 1990 жылы 18 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде Никар Бафинаның «Асыл ағаларды суреттке түсірген кім?» атты көлемді мақаласы жарияланған. 

- 1964 жылы жазушы Сапаев Ғазиз ағамыз Әсет Найманбайұлының бірнеше қисса-дастандарының қолжазбаларын тапсырды. «Ағайым Шәріп Хасеновтің аузынан жазып алдым. 24 қараша 1964 жыл», - деп көрсетіп, ақынның бізге белгілі «Қызыл табан, ағаш ат», «Сәлиха-Сәмен» дастандары мен 736 жолдық «Нұғман-Нағым» және 320 жолдық «Гүлзипа-Гнияр төре» қиссаларының қазіргі әріптермен жазылған қолжазбалары.

- 1968 жылы «Жазушы» баспасы ақынның тұңғыш рет шығармалар жинағын жеке кітап етіп басып шығарды. Жинақты Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған. Құрастырушылар: Б.Адамбаев, С.Ордалиев. Осы баспадан Б.Нұржекеев пен Б.Абылқасымовтың басшылығымен 1988 жылы ақынның шығармалары  жарық көрді. Пікір жазған А.Адамбаев. Екі жинақта мұражайдың кітап қорына еніп, музей қызметкерлерінің әсеттанудағы негізгі құралдары болып келеді. Кейінгі жылдары мемлекеттік баспалардан шыққан «Әсет Найманбайұлы. Інжу-Маржан» (–Алматы: «Өнер», 1992) әндер жинағы мен Қ.Толыбаевтың «Әсет» (–Алматы: 1995) роман-новелласын да айтып кетуіміз керек.

            Әсеттануда аталған кезеңдерге үшінші кезеңді қосуға болады – Республикамыздың Тәуелсіздік жылдарында ақын шығармашылығының зерттелуі. 1990 жылы 19-шы наурызда  ҚР Министрлер Кеңесі Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі Семей облысына қарасты Мақаншыда мұражай ашу жөнінде қаулы қабылдады. Ақын мұражайы – Абай қорық-музейінің бір бөлімі ретінде ашылатын болып, Әсет Найманбайұлын – Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер ретінде көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Абай қорық-музейінде Әсет Найманбайұлы туралы материалдарды зерттеу мен жинау жұмыстары ақын музейінің ашылуымен байланысты болды. Осы жылдан бастап «Әсет заманы мен өскен ортасы», «Абай және Әсет», «Әсеттің қисса-дастандары», «Әсет-айтыс ақыны», «Әсет өлеңдері», «Әсет әнші-сазгер» сияқты тақырыптар белгіленіп, зерттеу жұмыстарының арқасында мұражай қорына бірталай материалдар жиналды.

Біріншіден: ақын туралы жазған барлық әсеттанушылардың мақалалары мен зерттеулері анықталып, кітапханалар мен жеке қорлардан, баспа беттерінен қарастырылды. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған О.Орынтаевтың «Әсет ақын» мақаласынан бастап, С.Ордалиев, Б.Адамбаев, Б.Кенжебаев, Б.Нұржекеев, Қ.Мұхамедханов, Б.Абылқасымов, Қ.Толыбаев, Д.Рақышев, Х.Әдібаев, А.Түгелбаев, С.Дәуітов, т.б. зерттеушілердің мақалалары және баспа бетінде жарық көрген ақын шығармалары жиналды және осы күнге дейін жиналып келеді. Ақырғы жылдары ақын шығармаларын зерттеп, әсеттану іліміне өз үлестерін қосқан Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (-Алматы: «Дәуір», 1994, 3-ші кітабы), Т.Төлековтің «Ұрпаққа айтарым бар» (2003), С.Қожағұлдың «Әсет ақын» (–Алматы: «Қазақ тарихы», 2003), Ж.Аитованың «Әсет ақын» (монографиялық зерттеу) (-Семей: 2012) еңбектері де жинақталды.

Екіншіден: ақын шығармаларының қолжазбаларын жинау жұмыстары жалғастырылды. Ғылыми ізденістер мен іссапарлардың арқасында Қали Нұпбаев, Мырзахмет Құсайынов, Махмұт Сүттібаев, Мағрышай Жәнібеков, Иманділда Құсайынов, Оразбек Бекбосынов, Дариға Қалиева сияқты сақтаған, жинаған ақын өлеңдері мен дастандарының  қолжазбалары мұражай қорына алынды. Солардың ішінде «Біржан-Сара» айтысы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасының 1933 жылы Шәуешек қаласында жазып алған, 1994 жылы 90 жастағы Сатыбалды Қарымсақұлының қолжазбалары да музей қорын толықтырды.

Үшіншіден: Тәуелсіздік жылдары Қытай Халық Республикасына жолсапарлар ұйымдастыруға мүмкіндік туып, ақын өмірінің ақырғы жылдары туралы деректер, сонда жарық көрген ақын шығармаларының басылымдары, зерттеушілердің мақалалары мен еңбектері, қариялардың естеліктері, ақынның жиені Нәшен ақсақал туралы материалдар жиналды. Солардың ішінде  1989 жылы Үрімжі қаласының «Халық» баспасынан жарық көрген «Әсет әндері» жинағы, Ә.Найманбайұлының туғанына 125 жылуына арналған 1992 жылғы «Шұғыла» атты альманах-журналының №9 саны, 2000 жылы Бежиндегі «Ұлттар» баспасынан шыққан 2 томдық «Әсет шығармалары» (құрастырушы Нұртаза Қалиоллаұлы),  Үрімжіде басылған З.Сәніктің «Әсет ақынның  жиені Нәшен» кітабы қолымызға тиді.

Төртіншіден: Әсет ақынның туыстық айналасы мен ұрпақтары туралы материалдар, соның ішінде ақын балаларының үй мүліктері, тұтынған тұрмыстық заттары мұражай қорына жинақталды. Осы заттардың ішінде Әсет ақынға қатысты – ақынның бойтұмарын айтып кетуге болады. Бұл затты Әсеттің келіні, Қожекенің бірінші әйелі Гауһария музейге 1991 жылы тапсырды.

Музей болғандықтан Ә.Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын ашатын Қазақстан қыл-қалам шеберлерінің туындыларына тоқталған да жөн болар. Қазір қорымызда сақталған Я.Нимец, А.Қасенов, А.Отыншынов, Н.Өтепбаев, В.Шереметьев салған ақынның бірнеше портреттерін, О.Бекбаев жасаған ақынның мүсінін, М.Беляев пен Н.Егоров сияқты суретшілердің Әсет ақынның шығармашылығына байланысты туындыларын айтуға болады.

Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты материалдар жинақталып, сарапталып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, солардың нәтижесі – 1992 жылы 24 сәуірде Әсет мұражайы ашылды. Кешені кең, сәулетті алаңы бар, Мақаншы орталығындағы ғиматаратта орналасқан мұражай 25 жыл бойы қазақтың дүлдүл ақыны Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосып, өз көрермендерін қабылдап келеді.

Ақынның 150 жылдығына орай мұражай экпозициясын өзгерту, жаңарту жоспарланғандықтан ғылыми-зерттеу жұмыстары тағы да қолға алынып, жаңа экспозицияның тұжырымдамасы мен тақырыптық жоспары дайындалды. Енді Әсет мұражайы кеңейтілген үш залда қанатын жаятын болады. Негізінде музей экспозициясы әрбір тұлғаны жан-жақты көрсетуге бағытталады. Оның жеке заттары, қолжазбалары, тірі кезіндегі басылымдары сияқты материалдар тұлғаның шығармашылық лабораториясын ашуда негізгі рөл атқарады. Әсет ақынға келсек, бізге жеткен бір ғана фотосуреті және мемориалды заттарынан – бойтұмары ғана бар. Ақын бейнесін ашуға бұл жәдігерлер аз болғандықтан, біз осы жолы, біріншіден, Әсет ақынның өз  шығармаларына, екіншіден, шығармаларының қолжазбалары мен естеліктерге ерекше көңіл бөлдік. Міне, осы материалдарды пайдаланып ақын бейнесін жан-жақты ашып көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мұражайға келушілер тек қана шығармашылығымен танысып қана қоймай, өзі «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» дегендей, оның қазақ тарихындағы орны, қандай адам болғанын, дүниеге көзқарасы, замандастарымен қарым-қатынасы, мінезі мен отбасы туралы, бір сөзбен айтқанда, Әсет ақын – заманының Тұлғасы, ұлы Абайдың дарынды шәкірті болған бейнесін көру керек.

  

М.Мұхамедова,

 Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкері