Ахат Шәкәрімұлы: ҚҰНАНБАЙ ТУРАЛЫ

Қазақтың қасиетті, ұлы адамының бірі – Құнанбай Өскенбайұлы. Ол кісінің жайынан аз сөз жазбақпын. Қазіргі кезде ол кісі туралы әңгімелер көтеріліп жүр. Әрине, Құнанбайдың жақсы жағы емес. Оны бай, жуан, зорлықшыл, арам, халықты қанаған деген сияқты неше түрлі жамандау. Тоқжанұлы Ғаббастың Құнанбайды жамандап Абайды да ұсақ байшыл ақын деп жазған кітабын оқыдым. Әлі де Құнанбайды жамандаушылар болар. Бірақ, менің ойыма мынау келеді: «Ер сыншысы - ел»,-дейді. Ел елге еңбек етекен ерін мақтайды.

Мен жасымнан Құнанбай туралы сөздерді оның басына арналып айтылған түрлі оқиғаларды көп есіттім. Бұл оқиғалардың көпшілігі тарихи шындық.

Құнанбай жайындағы әңгімелерді бірлі-жарым ғана емес. Көп адамдардан, халықтан естідім десем, мұным қате болмас. Және жамандаушылар – Құнанбай нашар тапты қанап, кедейлерге зорлық қылды десе, мен сол нашар кедейлердің: «Құнанбай әділ адам еді»,- деген сөздерін де көп есіттім.

Құнанбайдың немересінің баласы болған соң атасын мақтап отыр ғой дейтіндер де болар. Бірақ мен естіген елдің айтқандарын жазбақпын.

Тарих шындықты жақтайтын болса, халық анық жақсы адамын, өзі өсірген адал ұлын мақтайтын болса, түбінде жақсы адам бірді-жарым адамдардың жамандағанымен жаман болып кетпейді.

Өз дәуіріне қарай, елге еңбек етсем деген талап Құнанбайдың жасынан алдына қойған мақсаты.

Мен Құнанбай туралы елден, ақ сақалды аталардан, аналардан, оқыған, оқымаған адамдардан естіген шындық, нақтылы әңгімелерімен қоса Құнанбай жайында айтылған легенде сияқты оқиғаларды да жазбақпын. Неге десеңіз ескі тарихта болған атақты адамдардың басына халық неше түрлі ғажап қиял, керемет оқиғаларды қосып, әулиелік істерді істетеді, легенделер қосып мадақтайды. Менше, бұлары да жөн сияқты. Халық сүйген, жақсы көрген, ел қамын жеген адамын мақтағанда, жай адамда болмайтын қасиеттерді сол жақсы көрген адамына таңуы заңдылық та сияқты. Сондықтан, оларды керемет иесі етіп көрсетеді.

Әрине, Құнанбайға байланысты оқиғаларды, істеген істерін бәрін білемін десем, оным қате болар. Егер Құнанбай жақсы, ел сүйген адам болса, тарих оны тастамай өзімен бірге алып жүрер. Қайсы бір еліне еңбек етіп, артына із, белгі қалдырған, ел қамын ойлаған хан, патша княздар да тарихта болған жоқ па?! Мүмкін Құнанбай да сондай адамның бірі шығар. Менше, әр дәуірде халық өзінің ортасынан өз бастығын, өз көсемін туғызып отыратын сияқты. «Ерді ел туғызады» деген мақал бар ғой және тарихта да солай.

Егер Құнанбай жайын білгің келсе қорқытпай, үркітпей елден – халықтан сұра, ары зор, адамшылығы мол адамдардан сұра. Мені шылғи өтірік айтып отыр деуге өз арың да бара қоймас. Қажет етсең, керегіңді аларсың, керексізін тастарсың. Бірақ, мынаны ойла, феодал дәуірінде болсын, капитал дәуірінде болсын халық өзінің аяулы ұл-қыздарын туғызып отырады. Солардың бақыттылығымен, өмірін тілейді. Құнанбай сондай адам.

Құнанбайдың әкесі Өскенбай Кеңгірбайдан кейін Тобықтыға би болған, хат танитын адам. Халық Өскенбайды өте әділ болған деседі. «Ісің ақ болса, Өскенбайға бар» деген халық ауызында аңыз бар. Халық айтысына қарағанда, жат жердің адамдары Өскенбайға келіп, дауларын шештіреді екен. Құнанбайдың шешесі Найман ішінде Матай руының қызы – Зере өте есті, адал, момын, тақуа, жомарт ана болған.

1804 жылы Құнанбай дүниеге келеді. Ол туғанда өте ірі, толық, зор болады. Бұл туарда анасы түс көреді. Ол түсінде: ері Өскенбай алтын сақаны үйіріп отырғанын көреді. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жориды. Оны бір күн дәретсіз емізбейді. Зеренің өзі бертінде айтыпты: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ»,- деп. Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі балуандыққа өткір көзі ерлікке, басы ақылдылыққа сәйкестене біткен. Әкесі молдадан оқытып, Құнанбай шала хат танып қалса да әкесі Өскенбайға келген хаттарды біріне-бірін салыстырып, өз талабымен хатты толық танып, түрікше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болған.

Бала кезінен бастап, Құнанбай өте ұғымды, зерек, алғыр, бір естігенін, оқығанын ұмытпайтын болған. Ол ес біле бастағаннан әкесінің қасында отырып, көп әңгіме оқиғаларды биліктерді естіп, қазақтың өткір сөздерін, мақал-тақпақтарын нақыл сөздерін, батырлар, эпостық жырларын, тарихи оқиғаларды жадына сақтап алатын болған.

Жас күнінен шешендік өнерге, сөз тапқыш әдіске бейім болады. Адамдық борышты қалай ақтау керек деген сұрақ Құнанбайдың ойынан ерте кезден орын алған. Бұл сұрақты әкесіне, басқа ел адамдарына талай рет қойса да, толық жауап ала алмай жүрген. Өз әкесі Өскенбай халыққа еңбек етіп, адал болу керек, арын, адамшылығын сатпау керек деген ақыл айтқан. Енді Құнанбай тарихта халық қандай адамдарды жақсы көретінін, қандай адамды мақтап құрметтейтінін қарастырған. Асқан балуандарды, ел жауын жеңген батырларды, ел қорғаған ерлерді сүйетінін аңғарған. Және ел үшін дауға түсіп, ел намысын жоқтап, елін білім-өнерге бастаған адамдарды сүйетінін байқаған. Қайткенде туған елге, арысы халыққа адал еңбек еткен адам – адамдық борыштан құтылып, шын адам атына ие болады деген байламға келеді. Құнанбай ел алғысын алмай амандыққа қол жетпейтінін сезеді. «Батасыз ер жарымас, баталы ер арымас», «жаңбырменен жер көгерер, елмен ер көгерер», «Көп тілеуі көл болар, көлсіз тақыр шөл болар», «Ер керегін ел берер, ер еңбегін ел терер», «Ел қорғаған ер  болар, елсіз адам көр болар», «Адалдық адамдық белгісі, арамдық жамандық белгісі», «Көпті жамандаған көмусіз қалар», «Көп өрт сөндірер, залым өрт өндірер», «Көп түкірсе көл болар, көлсіз жерде шөл болар», «Көптен үйрен, арсыздан жирен», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Сайтандық қылма, сайтаннан иман қашар», «Құдай таза, сен де таза бол», «Нашарды қолда, момынды қорға» сындымақал-мәтелдерді Құнанбай ойына тоқып, аузынан тастамайды. Бұларға қоса мынадай сертке келеді:«Жанымнан малым садаға, арымнан жаным садаға»,- деп Құнанбай осы сертін бұзбай өтеді.

Құнанбай Шыңғыс тауының бауыр жағына құлай ағатын «Хан өзені» деген өзеннің таудан шыға беріс жағасында күнбатыс жағындағы «Би биігі» деген биіктің күнгей бетіндегі тастан салған қой қораның қасында қазақ үйде туған. Ол кезде қазақ там салуды білмеген. Тек қыста ық жерден қойға бола тастан қорған салып, қыста көшіп-қонып жүрген. Түтеген қаһарлы қарлы боранға, қақаған қызыл шұнақ аязға Құнанбайдың денесі әбден шынығып шыңдалып өскен.

Құнанбайдың туысын ел былай баяндайды: Қарлы боранды қыста, ақпанның қақаған аязында қыран жартасты шыңның заңғар басына аяздың өтіне, тастың үстіне бір жұмыртқа туып тастайды екен. Ол жұмыртқа қатты аязда шыдамай жарылып кетсе, анасы көріп, ол жарылған жұмыртқаны құздан төмен қарай атып жіберіп, келесі қыста және бір жұмыртқа туады екен. Сөйтіп, тек аяздан жарылмай қалған жұмыртқаны ғана басып шығарады екен. Ол балапан құстың құмайы болып шығады. Ата-анасы сол балапанды асырап, қанаттандырып, баулып жетілтеді екен. Құнанбайдың туысы сондай, - деседі. Және елдің айтысы: «Құнанбай ел тілегіне туды. Ол елі үшін еңбек ететін болады. Соның үшін жұрт болып тілеп, оны екі ажалдан, екі айдаудан алып қалдық. Құнанбай ажал мен айдаудың қармағына ілінгенде халық болып құдайдан жалынып тілеп, көз жасымызды көлдей төгіп, оның жанын алып қалдық» деседі. Мұны жас немересіне Құнанбайдың өзі де айтқан.

Тағы өзінің: «Елімнің менде өтелмес қарызы бар. Мені екі өлім ажалынан, екі айдаудан алып қалған елімнің тілеуі», - деген сөзі бар. Өскенбайдың әкесі Ырғызбай өте балуан батыр болған адам. Атақты Керей Ер Жәнібекке жолдас болып, талай жорықта ерлік көрсеткен. Сол ел қорғаудағы және ел намысын жібермеудегі ерлік-батырлығына сүйсініп Ер Жәнібек ағасы Есіргеміс батырдың қызы - қарындасы Ермекті Ырғызбайға қалыңсыз берген. Екі асылдан ер туар деген ойда болған.

1766 жылы Абылай хан мен Әбілпейіс ұлы жүзге болысып, Қоқанның қоған бегін қуып, Ташкенді босатқан тойында Ырғызбай балуанға түсіп, атақты қоңыраулы балуанды жығып, бәйгеге тіккен көп астықты алып, барған әскерлер азық қылған.

Құнанбай да 15 жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзі құрбы балуан дегендерді жығып, балуан атанған. 18 жастар шамасында Құнанбай жауырыны жерге тимеген Көтібақ руынан шыққан 15 жасынан әйгілі боп, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы жақын. Сеңгірбайға келіп: «Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпалық, жықсам да жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім», - дейді. Сөйтіп қазіргі Жарқымбай биігі деген таудың сайында екеуі кездесіп күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмеген. Олар айтпаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алған. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап кеткен. Сеңгірбай өлген соң қайсыңыз жықтыңыздар деген құрбы - достарына Құнанбай: Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес, - деп жауап берген.

Құнанбайдың өз айтысы: -Бір үлкен жиын той болып Найман, Тобықты арасындағы балуанға түстім, қарсыласқан балуанға күшім жететінін сезген соң, тез шалып алдым, қайырып тастай бергенде, аяғым тайып кетіп, өр жағыма шығып кеткен балуанның астына түсіп қалдым. Сөйтіп, қазақ күресі көбінесе қапы кетіреді екен және балуандықты қуғаннан басқа бір жол іздейін деп, жиырма жасымда күресті қойдым,- дейді.

Өскенбай Құнанбайға Найман табының Терістаңбалы руынан шыққан атақты Ағанас бидің қызы Күңкені айттырады. Өскенбай көбінесе, ел ішінде жиын, съезде жүреді. Не басқа елдің  шақыруымен сонда барып, дау-шарды бітіреді. Осындай кезеңдерде Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай тыңдап, әділдік, билік айтады, оған екі жағы да риза болып қайтады. Сол билікті кексе билер естігенде қисық деп айта алмайды.

Құнанбай билік айтқанда мынау би, мынау жуан, мынау аталы деп, олардың ажарына мансап - дәрежесіне қарамайды, тек істің ағына қарайды. Сондықтан, ел Құнанбайды әділ мырза деп атандырады. Құнанбайды қашан қажыға барғанша халық «Мырза» деп атаған. Оның екі түрлі жайты болды дейді ел: Ол басында бай болған жоқ, малы аз болған. Бірақ шын мұқтаж адамнан мал аяп көрген жоқ. Тай-жабағысымен әкесінен он екі жылқы енші алған, солардың мінуге жарайтындарының бәрін аты жоқ кедейлерге май ғып беретін болған. Тамағы жоқтарға асынан бөлгізіп беріп, жалаңаш адамдарға екі киімнің бірін беретін болған,- дейді. Екінші мырзалығы: «Дауласып келген адамдарға адал билігін айтып, ақылсұрағандардан таза кеңесін аямайтын еді,- деседі.

Құнанбайдың уәдеге берік, ұстамдылығы, қайратты, жігерлілігін, сабырлы, шешен, болжампаздығын ел аңыз етеді.

Өскенбай Құнанбайды он тоғыз жасында үйлендіріп, өзі отырған тасқораның күн шығыс жағындағы кезең астындағы сайдың алдына қондырады. Өскенбай өзіне біткен отыз шақты жылқысының он екісін Құнанбайдың еншісіне береді. Басқа мал Өскенбайда аз болады.

Құнанбай енші алған жылы қыс өте қатты болып, жылқы ерте март айында қолға келіп, сол жылқыларын Құнанбай жаяу бағады. Ол кезде Тобықты Шыңғыс ішіне жаңа орналасып, басқа Найман, Керей, Арғын, Уақ сияқты елдерді Шыңғыстан зорға дегенде қуып, жауласып, барымталасып тұрған кезі. Көбінесе, Тобықты Найманмен жиі шабыса беретін болған.

Оның негізгі себебі: Шыңғыс тауын, Арқаның қалмақ иемденіп қалған басқа да жерін қалмақтан босатып алғаннан кейін, ақтабан шұбырындыда Мұғаджар тауына ауып кеткен Тобықты руы көп уақытқа дейін ата-қоныс Шыңғысқа келе алмай жүргенде Шыңғыстың қалың ішіне Найман кіріп орналасып алады. Сыртын Керей иемденеді, бауырын Уақ иемденіп, Шаған өзенінің бойын Арғын алып қояды. Сөйтіп, Тобықты Шыңғысқа келген кезде Шыңғыс бос болмай, жоғарғы айтылған төрт ру елмен алысып, жерін қайта алуға тура келеді. Әрине, орналасып, бауыр басып қалған ел жерді жанжалсыз, ұрыссыз бере қоймайды. Олармен алысып, тартысып-дауласу - Кеңгірбайдың үлесіне тиеді. Сөйтіп аяғында Тобықты өзінің ата-қонысы Шыңғысты қан төгіс, жанжал, ұрыс, шабыс арқасында басқа елден босатып алады. Бірақ, шабыс, барымта, жанжал басылмайды. Сондықтан, басқа елдің шабындысынан құтылуға, малын, жерін қорғауға сайысқа түсетін, жаудан қорғайтын елге батыр керек.

Енді Құнанбай елін басқа жаудан қорғайтын ел қорғаны болуды, батырлықты аңсайды. Ер жігіттің қанаты ат, ерге аты сай болу керек. Бірақ Құнанбайда жауға мініп шабарлық ат жоқ. Оған қуса жететін, қашса құтылатын ерге серік ат керек. Ол енді Өскенбайдың үйінде отырған жоқ, бөлек үй, шаңырақ иесі болды. Елге жау тисе, қалай шаппай отыра алады? Елі үшін еңіреп туған ер ел жауымен шайқаспай қалай отыра алады?

Құнанбайдың ойына төңірекке атағы жайылған, алдына ат салмаған, өзінің атасы Ағанас бидің  әйгілі тор шолақ аты есіне түседі. Мен енші алып, бөлек отау болғанымды айтып, атамнан тор шолақ атты қалап сұрайын деп ойлайды. Осы оймен Құнанбай аяқ артуға жарайтын қызыл бестіге мініп, жолға екі қонып, Ағанас бидікіне келеді. Ағанас амандықты сұрап, еншіге 12 жылқы алғанын естіп, саған би бар жылқысын беріпті ғой. Өскенбайдың дәулеті маған белгілі ғой. Мал үлкен үйде болғаны жақсы емес пе, сен жоқ болсаң, онан аласың, ал үлкен үйде мал жоқ болса ол сенен ала ала ма?- дейді. Екі күннен соң Құнанбай қайтпақ болады. Ағанас ертеңгі асты ішкен соң, бәйбішесі мен бас жылқышысын шақырып алып: -Мына Құнанбай енші алып, бөлек отау болып шығыпты. Қазір он бес құлындайтын биесімен, бір айғыр үйірін және Күнке мен екеуі мінетін екі жақсы ат алғызып беріңдер, айдап қайтсын. Ел жайлауға шыққанда жүз қой, үйлерін артатын алты түйе алып кетер. Ал, енді өзіңнің қалаған-сұрағаның бар ма?- дейді. Құнанбай: -Мен басқа мал алмаймын, Торшолақ атты қалап келдім,- дегенде Ағанас би: Мен Торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң соны ал,- дейді. Құнанбай: -Мен басқа ештеме қалап келгем жоқ,- деп киіне бастағанда, Ағанастың бәйбішесі: -Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Балаңыздан тор атты несін аядыңыз?,- деді. Ағанас: -Мен бұдан ат аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір Тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға, аттанға шаппай отыра ала ма? Бұл жауға шапса, осы торы атпен шабады. Қара көрсе тоқтамайтын ат оны алып жауға кіреді, не мұның бейнетіне, не ажалына себеп болады. Сондықтан, бұған торы атты бере алмаймын. Басқа не аламын десе де қолын қақпаймын,- деп тысқа шығады. Құнанбай да тысқа шығып енесінің берген екі қоржын басы сәлемдемесін бөктеріп атына мінеді. Енесі көзіне жас іркіп, Құнанбайдың маңдайынан иіскеп сүйіп, амандасып, сәлем айтып қала береді.

Құнанбай кезең аса бергенде артынан шақырған дауыс естіп қараса жылқышы қолын бұлғап тұр екен. Қайта келгенде Ағанас: -Сені жақсы бола ма деуші едім. Сен жаман екенсің ғой. Бір тайды бермеді деп мойның түсіп кеткені қалай? Мен сенен бір тайды аяғаным жоқ дедім ғой. Енді маған сертпен торшолақ атты беремін. Топқа би мінсін, өзің ауыл арасына көкпарға, тойға мін. Бәйгеге қос. Бірақ, жауға мініп шабушы болма, ана берген малым берген,- дейді.  Құнанбай: -Қазір қыс жаман болып, жақ жұты болып, қыс аяғы қара суық болып тұр. Бұл жолы торы атты ғана алайын, басқасын кейін жер қарайып, күн жылығанда, көк шыққанда алармын,- дейді. Аздан кейін қылшығы түлеп алатаң болған қабырғасы жабық торы атты жылқышы ойнақтатып жетелеп алып келеді. Құнанбай торы атты жетекке алып, хош айтысып, елге тартады. Кезең асқан соң торы атқа ерді салып мініп алып, бестісін жетекке алып, жолға бір түнеп үйіне келеді.

Көктем шығып, күн жылынып, жер құлпырып көктеген кез. Қан өзенінің басында  екі саланы Қарабатыр және Әнет деген екі ру кедей ауылда қыстап шығып, күн жылынған соң Шыңғыстың күнгей бетіне көшіп қонған. Құнанбай атқаратіл болғанда торшолақ атты жаратып, ақтабан сойылды дайындап, белбеуге іліп, атты түнде байлап қоятын.

Бір күні таң қараңғысында тау жаңғырығып аттандаған дауыс естіліп, азан-қазан айғайға ұласады. Дауысты естіген Құнанбай атып тұрып, сойылын алып, атқа жайдақ мініп, өзенді өрлей жөнеле береді. Жолда сала-салалардан «қайдалап шапқан бірнеше адамдар қосылып, Шыңғыстың сыртқы биік жотасына шығады. Бұл кезде таң ағарып, жер беті айнадай болып көріне бастайды. Биікте бұрын шығып тұрғандардың бірі: Найман жауы болса керек. Мына сырт нашар елдің тай-тулағын тік көтере айдап кетті. Жау қарасы Томаша бауырына жаңа ғана кірді,- деді.

Осы кезде Бұшантай жазығынан жаудың да қарасы көрінеді. Сонда Отыншы ақсақал: «Дәмелі, аты әлді жігіттер іріктеліп жауды қуыңдар, бөгеңдер, арттарыңнан көп қолдар жетеді, енді тұрудың қажеті жоқ»,- деген соң, аты әлді, ер жігіттерден іріктеліп жиырма шақты жігіттер жау артынан жөнеп береді. Сол топпен бірге Құнанбайда шығады. Аз уақыттан соң бұларға, жылқыны айдап бара жатқандар алдыңғы белеске шыққанда, арғы жағындағы жазықтан жау қарасы көрінеді. Бұлар жауды көрген соң, ат басын ірікпей жөнеп береді. Алдындағы жау қарасын көрген торы ат басын бір шайқап ауыздықты жалғыз ауызға салып алып, құйындай жүйіткіп оқтай зулап, топтан қара үзіп жөнеп береді. Құнанбай аздап ат басын тежейін дегенге торы ат ерік бермей құстай ұшып, жауға тақайды. Мұны көрген жау бастығы, басында айыр қалпағы бар, қара құлын терісінен киген жарғағы бар, қолында қылжалаулы найзасы бар батыр: -Мынау бір ершікеш екен,  басқаларың жылқыны айдай беріңдер. Сегіз кісі қалып екі бөлініп, ортадан өткізіп сазайын берейік, орталарыңды  аша беріңдер,- деп найзаны оқталып, Құнанбайды тосып тұрады. Мұны көрген Құнанбай ат басын тартуға бой бермеген соң амалсыз екі топтың ортасынан өте беріп, қол ыңғайы жақтағы бірін ұрып жібергенде оң жақ кеудеге найза да сарт етіп қадала түседі, ат басы қайырылып тоқтайды. Жау найзаны екі рет басып аттан түсіре алмайды, үшінші рет басқанда найза ұңғысынан шарт етіп сынып кетеді. Сол кезде ортада қалған Құнанбай қарғып түсіп, тізгінді ат басынан қайырып екі қолын айқастырып, аттың шоқтығынан басып ат тамағына отырып алады. Жау айқастырған қолдан ұрып, саусақ сыртын талқандап жараласа да Құнанбай аттан айырылмайды. Сонда жау батыры: «Бір тайдан туған неме екен. Жүріңдер, қуғыншылар келіп қалды.Өзіне де қыларымды қылғамын, адам болса барып-барып адам болар»-деп жөней береді. «Иә, қылғансың» -деп Құнанбай атқа қайта мінбек болғанда, қарыстай шығып тұрған атқа тірелген кеудесіндегі сынған найзаны көреді, мықтап ұңғысынан ұстап тұрып, суырып алады. Сол кезде өзі құлап та түседі.  Артқылар келіп басын сүйеп, оң жақтағы емшегінің астын ала кіріп, оң жақ жауырынының астынан шыққан найзаның орнынан қан судай сорғалап шапши бастағанда Құнанбайды қырынан жатқызып, жиылған халық жараның екі жағынан кезектесіп қанын сорып тез-тез төгіп, қанды ішке жібермеу айласын жасайды. Ішке қанды жібермей, тез кезектесіп сорып төгуге жұрт тізіліп тұра қалады. Қайсы біреу қан ішіне кетіп, жүрегі айнып құсып та жатады. Бұл кезде Құнанбай аппақ шүперектей қуарып, өңі қашып, өлер тірілері белгісіз халде жатады. Қан әбден таусылған кезде, дайындап қойған ат қылын күйдіріп, ыстықтай жараның аузына қайталай басып отырады. Көйлекті жыртып алып жараны таңады.

Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам дейді Құнанбай немересі Шәкәрімге, қаным кеуіп барады екен, бір аяқ айран шалапты дем алмай бір-ақ жұтып аз дем алып айналама қарасам, төңірегім толған адам. Бәрінің көздерінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған, алладан тілек тілеп менің жанымды қалдыруын сұрап тұр екен. Мен аздан соң екінші аяқ сусынды тағы ішіп есімді жинай бастадым. Сол кезде жұрт «А, құдай! Ақсарбас, көк қасқа жолыңа айттық»,- деп шулап, күңіреніп жылап жіберді. «Егер ел тілегі болмағанда мен өлген адам едім. Көп тілеуі көл болып, көптің тілеуін құдай қабыл қылып, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыс сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде алдымнан кәрі аталар, қарт аналар, қатын-балалар шулап, а құдайлап шыққандағы, олардың маған деген кіршіксіз жүректерінің ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар. Қарабатырдың үлкен үйі Отыншыныкіне кіргізерде кәрі әже мені ұшықтап кіргізді. Отыншы айтқан ақсарыбасын сойып мені қалжалап, етті елге таратып, кешке ауылға алып келді. Мен жаз бойы теңге түсіп жүріп, жазылдым»,- дейді.

Құнанбайдың сол жарадан қалған оң жақ емшегінің астыңғы жағында алақандай беріш тартығы, оң жақ жауырынының астында бармақ басындай тыртық орны болған.

Құнанбай бұдан бұрын да, бала жігіт күнінде ажалға тап болып, одан және ел болып, құдайдан тілеп алып қалады.

Құнанбайға шешек шығып, өлім аузында жатады. Бірнеше күн ол ас-судан қалып, денесін көк шешек қаптап, екі көзін аштырмай, кірпігі қимылдаумен жатады. Аузын арандай ашқан ажал оны буындырып, жанын алқымына алып келеді. Құнанбай-ды оңаша үйге салып, ата-анасы бағып отырады. Ол жатқан үйді халық қоршап ажалға қарсы тұрады. Кемпірлер күндіктерін, шалдар кіселерін мойындарына салып, еркек-әйелдер еңіреп, құдайдан Құнанбайдың жанын қалдыруды сұрап тілек тілейді. Айтылмаған көк қасқа, ақсарыбас қалмайды. Міне, осындай ел тілегі бірнеше күнге созылады Ақырында ажалды халық тілегі жеңіп, Құнанбай тәуір болады. Бірақ, аямай алуға келген ажал оның нұрлы сұлу бетін аздап шұбарлап, сол жақ көзінде қабағының астын ала тарыдай ақ қалдырып кетеді. Бірақ беті шұбар, көзінде тарыдай ағы – оның қасиетін, адамгершілігін, халқының сүю махаббатын кеміте алмайды. Қайта ол халық тілегінің ажалмен алысып, ажалды жеңген белгісінің айғағы болып қалады. Мұны көріп, ауыр халды басынан өткізген Құнанбай бұрын ел үшін, адамшылық үшін еңбек етсем десе, енді біржола халқым алдында арыммен борыштымын, елімнен жаным садаға болсын деген сертін жүрегіне түйеді. Елінің екі ажалдан тілек тілеп алып қалуы Құнанбайдың халыққа деген сүйіспеншілік қасиетін қайрап жетілдіреді. Халық оның  абыройын көтеріп, атағын жайып, ақыл, адал адамгершілігі зор, әулие, парасатты деп, Құнанбай атын да атамай үлкендер оған «мырза» деп ат қояды. Жастар, балалар «Тәте» деп атайды. Сөйтіп, Құнанбайдың атағы өз елінен асып, басқа алыс елдерге жайыла бастайды.

Әкесі Өскенбай қайтыс болып, бір жылдан соң Қамбарлар отырған Көкшетауда үш жүздің баласының басын қосып, ат шаптырып ас береді. Ташкент, Бұхара маңындағы қазақтар да, жақын елдерден сыйлық алып, елдеріне шеттен қашып  келген адамдардан «сен сақта, саған әкелген кісіміз» деп салт басты жігіттерді тартуға әкеп береді. Мысалы, Кавказдан қашып келген Қазақбай (Ғабдолла), түбі серкеш солдаттан қашып Керей, Шүршіт ауылына сіңген Ғабитхан ноғай. Осындайларды Құнанбай тартуға әкелген құл демей, өз туысындай көріп әйел әперіп, алдарына мал салып, жер бөліп берген. Ғабитханға бар балаларын оқытқан. Мұндай әр рудан сіңгендердің саны көп. Оны керекті жерінде айтармын.

Сол әкесі Өскенбайға ас бергенде Құнанбай үш жүздің басты адамдарымен бас қосып сөйлесіп, олардың кім екендерін танып, өзінің кім екенін танытады. Сол аста атақты балта ақын Құнанбайға:

 

Өскенбай Бұхараның қақпасындай,

Айтқан сөзі – құранның тақтасындай.

Әлде болса орыны бос қалған жоқ.

Артында алтын қалды ат басындай,-

 

дейді.

Ат бәйгеге келіп, ас жанжалсыз тарағанына көңілі жай болған, неше күндей тыным көрмеген Құнанбай үйге кіріп, ұйықтап қалады. Бәйгеге берілетін, қоршауға қамалған, малдарды ел таратып алуға бата алмайды. Құнанбайды оятуға Балта ақынды жібереді. Сонда Балта Құнанбайға келіп:

 

Үш жүзді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін.

Қазақты түгел билеттің,

Алшысы мен тәйкесін.

Келсең кел дер кез келді ғой Құнеке-ай!

Кейіте беріп қайтесің, –

 

дейді.

Сонда, Құнанбай қоршауды аштырып, алдымен бәйгені, сыйлықты үлестіріп, артылған малдарды түн ортасына дейін нашарларға үлестіртеді. Сол Өскенбайға ас бергенде қазылған жерошақтардың орны бертінге дейін жататын. Мұндай ас қазақта сирек болған деседі ел.

Осы ас Құнанбайды бүкіл қазақ баласына танытады. Әрине, бұл асты да берген Құнанбай елі. Өзі жақсы көрген ел Құнанбайдан жанын тілеуін аямағанда, малын аяй ма?!

Әрине, Құнанбайдың өз елінде жауы, күндесі болған жоқ деуге болмайды. Құнанбайды көре алмай, алдынан шығып, жағасынан алып, жағаласқан туысқандары да болды.

Қазақтың тарихында өзін-өзі құртып, өсірмей келе жатқан осы күндестік, күншілдік, жақсыны күндеу, алға басқанның ақты қолдағанның жағасынан, аяғынан алу қаны бұзықтардың бойына біржолата сіңген дерт. Бұл дерттен арылатын күні болар ма екен?! Жоқ, осылай өтер ме екен. Ол белгісіз. Араздық, достық, қулық, алдау, өтірік, айла қоса жүреді. Сол - күндестігін Құнанбайға да істеп баққандар аз болған жоқ. Бірақ, оған орай адамгершілігі зор, сенімді адамдар, мысалы, Найман Барақ сияқтылар Құнанбайдың адамгершілігінің зор екенін байқаған. Атын ұмыттым сол кездегі орыс-поляктың Құнанбайға көп жолдас болған саяси тұтқындағы есті адамдары да Құнанбайдың адамгершілігін, әділдігін, шешен, берік, қайраттылығын байқаған. Жуандық, зорлық, өтірік, ұрлық-қарлық, қиянаты жоқ көпшілік Құнанбайды жан-тәнімен жақсы көрген. Құнанбайды ажалдан, бейнеттен айырып қалғандар да басына бақ, абырой әперген де солар. Солардың тілектестігі.

Құнанбай діншіл адам болған. Ол балгерсіген бақсы құшынаштарға, қисынсыз ырымдарға нанбаған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып, ұрлық қылуды, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген. Ол тек құдаймен көпке ғана бағынуды лайық деп санаған. Бұрын зекет беруді білмейтін байларға малынан зекет беруді орындатып, оларды нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірге бергізген. Арам өлген мал етін, қан, безді жейтіндерді де тыйған. Тобықты елінің ұрлығын пышақ кескендей тыйған. Бірақ оған сол өзінің аяғынан алған туыстары көнбеген. Ұрлығын қылдыра берген. Бірлі-жарым көнбеген ұрыларға аямай дүре салдырып, ұрлығын қойғызып, өз қолына ұстап жұмыс қылдырған. Бір молда насыбай харам деп айтты деп, насыбай атқандарды тотияйын езіп қоямын деп насыбай атушыны тыйған. Жұртқа құдайға құлшылық қыл, қиянаттан аулақ жүр деп, бұрын намаз оқымайтындарға да намаз оқытқан. Құнанбай атшабарларына біреудің бір тал қылын, рұхсатсыз алма деп қатты тапсыратын болған. Кенесарыны қуысып, Жалайыр еліне барғанда сол елдің бар әйелі орыстармен бірге сіздің бір жолдасыңыз білезік жүзік, сәукеле моншақтарымды алды деп арыз еткенде, жолдастарынан оның Төбет батыр екенін білген соң Төбетке дүре салдырып, әйелдің бар затын түгел таптырып берген. Қазақ балаларының оқығанын арман етіп көксеген Құнанбай өзінің күзегінен ең алғаш там салдырып сауын мал, азық жинап беріп, айналасындағы қазақ балаларын, өз балаларын оқытқан. Құнанбайдың алғаш қойған оқытушысы Байдалының Сарымолдасы деп аталып кеткен, руы ноғай Мұхамед деген жоғары оқуы бар адам болған. Онан кейін Ғабитханды қойған. Жылына Ташкентке бір рет керуен жіберіп, өрік, мейіз, күріш және шығыс әдебиетшілерінің шығармаларын, түрік тіліндегі кітаптарды «Мың бір түн» сияқты арғы замандағы ертегілерді, қисса кітаптарын алдырып, отыратын болған, бұларға қоса Ғибадат сламия, тапсір, мұхтасар сияқты түрлі діни кітаптарды да алдыратын болған. Сөйтіп, Сарымолда елге қосылмай, сол тамда балаларды оқытып жататын болған. Ол бала оқытқан күзеттің орны бүгін бар. Ол қонысты «ескі там» деп атайды.

Құнанбайдың бар балаларының қайсыбір басқа елден келіп оқығандардың, туыстарының, көршілерінің балаларының хатты жақсы танитындарының себебі сол. Өз баласы Халиолланы Құнанбай орысша Омбыдағы Кадет корпусынан оқытқан.

Құнанбай өз елінің арман-тілегін орындауда да барлық күш-жігерін салған. Басқа жуан көп рулардың істеген көп зорлықтарын, атақты адамдарын қорлаған қылықтарын көтермейтін болған. Олардың кегін, ар намысын қорғаған. Бірақ керегі не, Құнанбайдың өзі айтқандай: «Мені сырт жау алмайды, іш жауым өз бауырым алады», - дегені сияқты ішкі жауы, өз бауыры аяғынан, жағасынан алып, жауына қосылып, Құнанбайды да айдатқан, байлатқан, жаппаған жаласы, айтпаған өсегі, істемеген қастығы қалмаған.

Шыңғыс тауын («Найман күре» - Шыңғыс тауының монғолша алғашқы аты. «Найман күре найман деген сөз сегіз мағынасында ал Күре – өзен мағынасында, сонда «сегіз өзенді тау» - деген сөз болып шығады. Шыңғыс атануы Шыңғысхан (Темучин) келіп орнағанда, осы жерде ол әскер басшылығынан хан сайлаған. Шыңғыс ханды хан сайлағанда ақ киізге орап, көтеріп шығарған биік бар. Ол Шыңғыс биігі атанып, тау Шыңғыс тауы аталған себебі сол). Арғы замандағы жеті момын атанатын Атығай, Қарауыл, Бәсентиін, Қанжығалы, Тобықты, Саржетім, Шақшақ рулары жайлаған, солардың ата-мекені болған. Ол жерден бұларды қалмақтар қуып, Қаратуға Сырдың бойына барған. Одан 1722 жылдар шамасында қазақ «Ақтабан  шұбырындыға ұшырап, қалмақтан жеңіліп, Ордың қара ағашына Мұғаджар тауына барған. Содан бірнеше жылдан кейін, Абылайдың тұсында қалмақтан «Ақтабан шұбырындының» өшін алып, ата-қонысын босатып алған. Шыңғыс, Тарбағатай тауының аймақтарындағы қалмақтарды қуысуға, бірнеше қолмен Тобықты Мамай батыр келген. Ол Тобықтының билері Қараменде мен Кеңгірбайға Шыңғыс тауының қалмақтан босатылғанын айтқан. Сонда Қараменде мен Кеңгірбай ондағы туыстары Атығай, Қарауыл, Бәсентиін, Қанжығалыға ата қонысқа көшейік деп ұсыныс жасаған. Бірақ орналасып қалған олар көшпеген. Бұл арада бірталай уақыт өтіп кеткен. Аяғында Тобықты, Қанжығалы көшкен. Бұл кезде Шыңғыстың ішін Найман, сыртын Керей, бауырын Уақ, батысын Арғындар мекендеп алған. Шыңғыстың көп жерлерін алып, суығына кіріп орналасқан найманның Матай рулары болған. Шыңғысты басқа ел алып қойыпты дегенді естіп, Қанжығалы жолда Арғын мен Кіші жүздің жапсарында қалып қойған. Тек, аз ғана ат төбеліндей жеті ауылдың сабағы Тобықты көшкен. Тобықтыны Кеңгірбай би мен Мамай батыр бастап, 1780 жылдарға таяған кезде келіп Шығысқа кірген Кеңгірбай алдымен өз туысы Арғынмен айтыса-тартыса жүріп, Шаған өзенінің бойын алған. Одан кейін Уақты қуып Шыңғыстың бауыр жағын босатып алған. Одан соң «Үш балапан» деп аталатын Бөкенші, Хан, Қарауыл өзендерін Матайдан босатып, Шыңғыс сыртын-дағы «Барлыбай» өзенін Найманнан, арғы жайлауын Керейден босатып алған.

Орнығып қалған әрі жуан, әрі көп ру Найман Шыңғыстың күн шығыс жағындағы Құндызды өзенін бермей қалған. Бұл Шыңғыстың сегіз өзенінің бірі. Кеңгірбай мұны алғаш алам деп жүргенде қайтыс болған. Кеңгірбай өлерінде: «Құндыздыны ала алмай кеттім, Тобықтының жігерлі ері туса алар», - дейді, Кеңгірбайдың осы аманат арманын естіген қариялар Құнанбайға айтады. Бұл кезде Тобықты өсіп-өніп бес старшын, бес болыс елге айналады. Шыңғысқа келгеннен кейін, жер тапшылығынан екі жылдан соң, Қараменде Балқаш төңірегінде Тоқырауынға көшіп кетеді, олар қазір екі болыс ел.

Бұрын жер ала алмай жүрген нашар рулар Әнет, Бәкең, Жуантаяқ, Қарабатыр сияқты кедей руларды орналастыру Құнанбайдың үлесіне тиеді. Өздері әділ деген Құнанбайға арыздарын шағады. Құнанбай Тобықтының басты адамдарын шақыртып алып кеңеседі. Бұрын орнығып қалған жуандар нашар таптың балаларына жер бергісі келмейді. Құнанбай: «жер адамның жері емес, құдай жері, бір кісі үшін жаратқан жоқ, барлық адам баласы үшін жаратты. Қайта, жауды жанын қиып, белсене қуысқан сендер емес, осы нашар атаның балалары. Ел намысын қуған ерлер де солар», - дейді. Жуантаяқ руына сырттағы жайлаудан Уақпен жапсарлас бауырға дейін қоныс бөліп береді. Оған жалғас Бәкең руына жер кесіп береді. Ең нашар, кедей Әнет пен Қарабатыр еді, бұлар менің іш көйлегім сияқты еді. Бұларға өз тиесімнен берейін, қыс қыстауын, жаз жайлауын менімен жалғыз болсын деп Хан өзенінің бас тарауына орналастырады. Шыңғыстың бөктеріне қалған Әнет руларын орналастырады. Қарабатырдың қалғандарын Бөкенші өзенінің бас тартуына орналастырады. Әрине, бұған жуандар, аталы мықтылар разы болмайды, бірақ әділ Құнанбай оларға қарамайды.

Біз,- деді Құнанбай,- қолымыз жетсе, Найманнан Құндызды бойын даулап алуымыз керек. Егер жолымыз болып, Найман Құндызды бойын босатса, елдің сол жақ шетінен бастап алған жерге қарай ауысады. Бүгін жерді қимай отырғандар сол күнде және көнбей жүрмеңдер. Соны ескертемін. Бүкіл алынған жер көлеміне қарай ауыстырылатын болады,- дегенде, отырған көпшілік бұл ұсынысын мақұлдайды. Сөйтіп, Құнанбай бастап, Тобықты Найманнан Құндызды бойын даулайды.

Құндызды өзенінде Жетісу оязы мен Қарқаралы оязының бас қосқан съезі болады. Тобықты Найманнан Құндызды өзені ата-қонысым, Шыңғыстан аққан өзеннің бірі, Найман зорлықпен алып отыр дейді.

Екі ояз келісіп, өздерің биге салып, қазақ жолымен бітісіңдер, егер бітісе алмасаңдар, билігін біз айтамыз», - деп қазақтың өздеріне береді. Өңшең айтыс-тартысқа түсіп, дауға шебер болған шешендер керісіп, сөзге келісе алмайды. Тобықты билері жерді алғысы келеді, Найман билері жерден айырылғысы келмейді. Сөйтіп, олар тоқтамға келісе алмайды. Сонда Құнанбай тұрып: «Біз бұл керіспен дауды шеше алмайды екенбіз, өмірінде билік дауға түсіп, билік айтпаған адамға айтқызайық»,- дейді. Осыған Найман да Тобықты да тоқтасады. Бұған Найман Қисықты шығарады. Тобықты Мәмбетей руынан шыққан Доғал деген момын, адал адамды шығарады. Бұл екеуі де малды, момын адамдар.

Құнанбайдың сенімді атқосшысының бірі Керей руынан Жұмабай оны жорға Жұмабай деп атандырған. Ол өте пысық, сөз тапқыш адам болған. Оны Құнанбай ояздардың астарын дайындап, жұмыстарын орындап тұруға тағайындаған. Өзі жылпос жігіт ояздарға үйір болып алады, қолдарына су құйып орамалдарын дайындап тұратын, астарын жасап беретін сол. Айтқандарын екі қылмай әбден жағып алған.

«Құндызды» өзінің таудан шыға беріс жағасындағы қабақта ескі моланың орны бар. Ол мола үйілген тас, қалмақ моласы ма, қазақ моласы ма, кімдікі екені белгісіз. Сол молаға күнде ерте оншақты шалдар келіп, моланың басына отырып-отырып, күн батарда қайтады. Мұны күнде ерте тұрып, байқап жүретін ояздар: «Бұлар неге күнде анау жерге барып қайтады?»- деп жорға Жұмабайдан сұрайды. Сонда Жұмабай: «Тақсырлар, олар Тобықтының шалдары, анау үйілген ерте кезде өлген Тобықты-ның сол отырған шалдардың ата-бабаларының моласы. Енді екі ел мына Құндызды бойына таласып жатқанда, егер жер Найманға кетсе, қайран ата-бабаларымыздың моласы жат елде қалып, елдің малы таптайды ғой, бастарыңа келіп, дұға қылатын адам да болмайды,- ғой деп, соны уайымдап аталарының басына дұға оқып, қоштасып, күнде жыласып қайтады»,- дейді.

Қисық пен Доғал екеуі де бұрын билік айтып көрмеген, оңаша шығып Құндыздының жағасына келіп отырысады. Әлден уақытта Доғал: «Ау, Қисық екеуімізді билік айтуға зорлап шығарды. Құдайға да, адамға да ұятты болмай қандай билік айтамыз. Сен не айтқың келіп отыр», - дейді. Сонда, Қисық: «Жоқ, ақсақал, билікті өзің айт»- дейді. Осы керіспен екеуі көп отырады. Әлден уақытта, Қисық болмаған соң Доғал орнынан тұрып, құбылаға қарап, қолын жайып: «А, құдай! Адамдар да сенікі, жер де сенікі, сенің жаратқан жеріңе кесіп, пішіп билік айту күнә, қателесіп айтсам өзің кеш!- деп Қисыққа қарап, - біз несін таласамыз. Құдайдың өзі билігін айтып қойған жоқ па? Белгісін салып, өзеннің ағысымен, өзеннің күн шығыс жағы Наймандыкі, күн батыс жағы Тобықтыныкі болып, бөлік өзеннің арнасы болсын»,- дейді. Сонда Қисық: «Өзің Доғал десе Доғал екенсің ғой» дегенде, Доғал: «Өзің қисық десе Қисық екенсің ғой! Құдайдың өз бөлігіне риза болмайтын»- дейді. Сөйтіп, бұлар да келісе алмайды.

Бұған Наймандар разы болмай: «Құндызды шет бойын бұрыннан қоныстанып келеміз, бүкіл Шыңғысты алып, оған тоймай, Құндыздыға қол салдың ба Тобықты», - дейді. Сонда, Құнанбай: «Құндызды шет бойы Шыңғыстан бөлек емес, Шыңғыстың сегіз өзенінің бірі, мен Найман жерін даулап отырғаным жоқ, атам жеті момынның алған, қонған жерімді қайтар деп отырмын. Сен біз алыстан көшіп келгенше Шыңғысты иемденіп алдың. Көптігіңді істеп, ерімді қазаға ұшыраттың, малымды талауға салдың, зорлық жасап, енді жерімді бермей келдің, шығарған бидің кесіміне де көнбей отырсың. Онда ояздарға салайық»,- деп орнынан тұрып кетеді. Құнанбай ояздарға келіп, билерге салғанын қалай билік айтқанын, оған Найман адамдарының көнбегендерін түсіндіреді.

Екі ояз бас қосып, Тобықты, Найман кісілерін шақыртып алады. Найман бұрын өз жері екендігіне нақты дәлел айта алмайды, Құнанбай Шыңғыстың ескі тарихынан бастап, алғаш Шыңғысты жеті момын руларының қыстап, жайлағанын, одан қалмақ шабуылына ұшырап, көп жыл шетте жүргендерін, көп туыстары Орал жақта қалғанын, Тобықтының Шыңғысқа келгенін, Шыңғысты қалмақтан босатуға Тобықты батырларының қатысқанын, бұлар келгенше Шыңғысқа Найманның қоныстанып алғанын, екі ел арасында қанша жанжал соғыс болып, қанша адам өлгенін, қанша ауыл шабылып, қанша мал талауға түскенін, Найман зорлық қылып, бермей келгенін баяндайды.

Сонда, Қарқаралы оязы тұрып: «Бұл жер ежелден Тобықтының жері болғанына менің көзім әбден жетті. Бұл, біріншіден, Құнанбайдың дәлелі толық, Наймандікі зорлық, және бір үлкен дәлел: Біз осында келгелі, осы дау басталғалы Тобықтының бірнеше кәрі адамдары күнде ерте анау бұрынғы ата-бабаларының моласына барып, дұға қылып жүрді. Олар жеріміз Найманға кетсе, ата-бабаларымыздың молалары қалады-ау деп, уайымдап, қайғырып келіп жүргенін біз күнде көрдік. Ал, Найман сенің жерің болып, анау молалар ата-бабаларыңның моласы болса, біреуің барып, неге дұға оқымадыңдар? Сендер жақта бір адамның барғанын көргеніміз жоқ. Сондықтан, жер Тобықтынікі екені анық. Және бұрын айтылған билік дұрыс айтылған. Біздің айтарымыз: бөлік Құндызды өзенінің арнасы болсын. Құндызды шет бойынан Найман көшсін»,- дейді. Сөйтіп, Тобықты қолы жетпей келген Құндызды бойын қайтарып алады.

Ел: «Құнанбай ел намысын қуды, жұрт арманын орындады»,- деп алғысын жаудырды.

Ал, Құнанбай өз тұсындағы адамдармен мысалы: Тобықтыда Бөжей, Байсал, Қаратай сияқты тұрғыластары мен басқа елдің Найман, Барақтан басқа, Алшынбай, Тезек, Құсбек сияқты төре тұқымдарымен салыстырсақ, олардан қай жағынан болса да Құнанбайдың асқар таудай биік, олардан көш ілгері, парасатты адам екенін байқайсың. Құнанбайды не деп жамандасын, қандай адам жамандасын, оған ары бар, бойында адамшылық қасиеті бар адамның, келешек адамдардың нанбауы хақ. Елі, халқы сүйген адамын қалай жамандаса да, бар пәлені жапса да, оны халық, тарих алмайтынына кәміл сенемін.

Кейбіреуі: «Мейірімсіз Құнанбай келіні мен Қодарды жазықсыз асып өлтіреді»,- дейді. Оны Құнанбай неге істеді, не жазығы үшін істеді, оны тексермеді. Ол жазаны істетіп отырған ел, халық, ол Қодар өлген баласының әйелін өзі алған, оны неше жыл білдірмей тұрған. Ақыры ол қылмысы айқындалған. Жоғары діни орынға хабарлап, солардың үкімі бойынша өлтірілген. Туысы болса да, заңға, адамшылыққа жатпайтын, айуандық істі істегені үшін «атқа тисе, алтынды еріңді жақ» дегендейін, арға жатпайтын істі қылған жақынын да аямаған. Қодарға өтірік жала жауып, оның малын алайын дейтін Қодар бай емес, не өзіне қарсы тұрып жауласқан жау емес, құр жала жауып өлтірді деген сөзін тек Құнанбайды қайтсем жамандайын дегені болады. Бұған есі бар адам нанбайды.

Әрине, Құнанбайдың үстінен онымен алысқан жандар, айтқанын істейтін адамдарға да, неше түрлі жала жауып арыз бергізген, соған да нанасың ба, оны бергізіп жүрген алаяқ айласы көп жуандар емес пе? Меніңше Барақ, Құнанбай сияқты адамдарға ойлана қарау керек. Жоқ, біреуді көтеремін деп, екінші жазықсыз, елі халқы сүйген адамдарды көтермелеймін деген адамның құрбандылығына шалмау керек. Өйтем деушілердің өзі халық алдында, тарих алдында масқара болуы сөзсіз.

Қазақ орысқа әбден қарап, жаңа заң шығып, қандық қалып, оның орнына аға сұлтан-старшын сайланады. Құнанбай старшын аға сұлтан болған адам. Қазақ Құнанбай қарадан шығып хан, аға сұлтан болған деседі.

Құнанбайдың жігіт кезінде Қарқаралыда орта жүз қазағы бас қосқан жиналыс болады. Осыған Тобықты руының сайланған биі Құнанбай барады. Хандық қалған соң, аға сұлтан сайлану керек. Орта жүздің аға сұлтаны кім болмақ? Міне, жиынның шешетін жұмысы осы. Орта жүздің айтулы билері осы топта бас қосып кеңесіп, аға сұлтан сайламақ. Ал, бұрынғы хан тұқымдары (төрелер) аға сұлтандыққа таласып, енді аға сұлтан болмақ болады. Әкімдікке қырқысқан төре тұқымдары елден сайланып барған уәкілдерді екі бөліп алып, партия тартысына түседі. Әр рудан барған билер төре тұқымдарының әкімдікке таласып жүрген шонжарларының басын қосып, берекелесу сұрайды. Жаңа заңның жобасы оқылып түсіндіріледі. Кімді сайлау қазақтың билерінің ықтиярына беріледі. Билер үйге лық толады.

Төре тұқымдарының билері, бұл сұлтандық хандық орны болғандықтан, бұрыннан болып келген төре тұқымынан біреу сайлансын деген соң, төменде отырған Құнанбай орнынан тұрып, көптен сөз айтуға рұхсат алды.

Құнанбай: «Біз орыс патшасына қарадық  Бұрынғы хандық дәуірі қалды. Енді қазақтан аға сұлтан сайланатын болды. Ол қазақтың мұңы жоқтап, мұқтажын орындайтын адам болуы керек. Менше енді мынау төре тұқымы, хан тұқымы еді деп сайлай салудың керегі жоқ, халық қамын ойлайтын, адал адамды аға сұлтан сайлау керек»,- деді.

Сонда төрені жақтаушылар олардың шашбауын көтерушілер – хандық төре тұқымынан айырылып көрген жоқ. Аға сұлтан да төреден сайланады. Оған таласудың не орны бар? Төре баласы ежелден елді билеп келді, әлі де билейді десті.

Қазақ билерінің бірі ел намысына қазақ халқының намысына шаппай, төре тұқымдарына қайсаңдап жағынып отырғандарына зығыры қайнап отырған Құнанбай: «Төре тұқымына хандықты таңба етіп басып, өмірлік еншілеріне берген кім? Халқымыз қазақ. Аға сұлтан қазақтан неге сайланбайды. Қазақтың елді бастайтын, халық қамын ойлайтын кісісі жоқ па? «Төреге ерген ерін арқалайды»- деген қазақ. Төрені бастық қоямын деп, талай ғасыр ерін арқалап келгені жетпеді ме? Қазақ баласы төреден не көрдіңдер? Балаларыңды оқытып, көздеріңді ашты ма? Адалың-нан арамыңды айырып әділ билік қалды ма? Берекеңді сұрап, біріктіріп басыңды қосты ма? Басыңды біріктірмей біріңді-біріңе салып араларыңа от жағып, берекеңді кетіріп, екі бөліп партия араздық, күндестікті еккеннен басқа не істеді? Өз тізгініңді өз қолыңа алатын кезің келген жоқ па? Аға сұлтан сайлауды өз еркіңе беріп отыр. Менің айтарым - намыс жігерің болса, аға сұлтанды қазақтан сайла»,– дейді.

Төрені қолдаушы билер Құнанбайды ауызға қағып, төрені жақтай сөйлейді. Керейден барған Сарыбай биі орнынан тұрып, Құнанбайға қарап: «Ей бала, әлі шашыңның дымы да кепкен жоқ. Жап-жас басыңнан өзіңнен үлкендерге, төре тұқымдарына қалай қарсы келесің? Ежелден бастық болып келген тұқым әлі де бастайды»,- дейді. Сөйтіп, бұл жолы Құнанбай дауыстан жеңіліп төреден аға сұлтан сайланады.

Тобықты мен Керей жайлауы қатар. Құнанбай сайлаудан Керей билерімен бірге қайтады. Ел жайлауы Шақпаққа жеткенде Керей билері бөлініп елдеріне қайтады. Олар кезең асқанда Құнанбай жолдасы Мырзақанға: «Сен Сарыбай биді шақырып келші»,– деп жіберіп, өзі тосып тұрып қалады. Мырзақан биді ертіп келеді. Құнанбай оған дейін шылбырын шешіп бұғалықтап ыңғайланады. Сайлауда өзіне қарсы сөз айтқан би жанасып тақай бергенде, шылбырды мойнына тастап жіберіп, биді аттан жұлып алып, тақымға салып сүйрей жөнеледі. Әудем жерге дейін сүйретіп барып тастап кетеді.

Құнанбай Мырзақанды шақырып алып: «Анау өлген жоқ, есі ауып қалған шығар, атын апарып мінгізіп жібер»,- дейді. Мырзақан атын алып келсе, демін алып, есін жиып отыр екен, атына мінгізеді. Би атына мінген соң Мырзақанмен еріп Құнанбайдың артынан қуып жетіп, тымағын алып: «Не өлтіріп кет, не өкпеңді кешіп кет»,- деп жалынады. Сонда, Құнанбай: «Сіз маған түк қылған жоқсыз, бірақ, қазақтық қаныңыз, намысыңыз жоқ екен. Қазақтың қамын ойламай, төреге жағындыңыз. Мен сіздің соныңызға өкпеледім. Өз кегім емес, қазақ кегін алдым. Жау болсаңыз, жаулығыңызға, ел болсаңыз елдігіңізге тұрамын»,- дейді. Би: «Шын кешіп кет, мен жаңылдым, қателестім. Енді айтқан жеріңнен шығамын, өмірлік дос боламын»,- дейді. Құнанбай: «Қазақ аруағы кешсе, мен кештім»,- дейді. Сонымен, Сарыбай ауылы мен Құнанбай ауылының достығы бертінге дейін келді.

Осыдан бастап Құнанбайды жұрт тек өз елінің ғана емес, күллі қазақ халқының қамын ойлап, қазақ намысын жоқтайтын адамымыз деп ардақтады. Кейбір адамгершілігі зор төре тұқымдары да Құнанбайдың даналығын, адалдығын мойындап, Құнанбайды жақтады. Ал, мансапқор, әкімшілікке құмар төре тұқымдары Құнанбайды күндеп, оның көзін жоғалту жағын қарастырды. Онымен қабат Құнанбайды жақтаушыларды да бірге құртпақ болды. Жеңіп сайланған аға сұлтан мен билер Құнанбайдың, оны жақтаушылардың артына түсіп, Құнанбайдың өз елінен, өз қолтығынан жау іздеді. Олардың ол ойлары болды да.

Кеңгірбайдың немересі Бөжей Құнанбайға қарсы қас болып, төрелердің қолына қонып, Құнанбайға жау болып шықты. Сайланған ұлықтар Құнанбайдың көзін жоғалтып, орнына сені сайлаймыз деп Бөжейді желіктірді. Бұл жаулықты бір ғана Құнанбайға істеген жоқ, Құнанбайды жақтайтын, көпшілікті жақтайтын, қазақ қамын ойлайтын билердің, басты адамдардың бәріне істеді. Сөйтіп, Құнанбай бастаған бірнеше адамдарды ауыл шапты, кісі өлтірді, партия қылып, патша өкіметіне қарсы болды деп, талай пәле жауып, өтірік куәлерді салып, жоғары ұлыққа шақты. Үсті-үстіне берілген арыздар көбейіп тергеуге айналды. Сөйтіп, әр елден бірнеше кісі Омбыға жауапқа шақырылды, 1852 жылдың күз айларында Құнанбай айдалады, енді оның көзі жоғалады деген сөзді Құнанбайдың жаулары елге таратып жіберді.

Құнанбай үстінен арыз түсіп, Омбыға шақырылғанын айтты. Құнанбайдың айдалатынына көзі жеткен ел зар еңіреп: «Сені көрсеткен адамды өлтіреміз, соның қолында өлеміз»,- деп шуласты. Халқының ашуын сезген Құнанбай оларға сабыр айтты: «Өлушінің ажалы жетпесе, өлтірушінің қолы жетпес» деген бар емес пе? Халқым, арамды араммен жуғанымыз болмас, ақпен жуғанымыз жөн болар. «Ақ иіліп, сынбақ жоқ» деген ғой, ісіміз ақ қой, ағартар»,- деп жұбатты.

Құнанбай еліне амандасып аттанарда, жыламаған ешкім қалмады. Бірақ, берік қайратты Құнанбай көзіне жас алмай: «Халқым, аман бол! Көріскенше сендердің ақ тілектерің мені ажалдан да алып қалған, адал тілеумен баталарыңызды беріңіздер!»-деді. Жұрт еңіреп тұрып, Құнанбайдың аман келуін тілеп баталарын беріп шығарып салды. Құнанбай атқосшысы Мырзақанды ертіп жүріп кетті. Сөйтіп, көрсетілген бірнеше адам күз түсіп келе жатқан кезде, 1852 жылы Омбыдағы ұлыққа келді. Тергеуші олардың үстерінен арыз берілгендігін ол арыздардың қаралып тексерілетінін, қашан жұмыстары тергеліп біткенше, олардың поднадзор болып, күнде келіп көрініп тұратындарын айтты. Сөйтіп, олар әр жерден пәтер үй алып, күнде ұлыққа көрініп Омбыда жата берді.

Көп жатып қалатындарына көздері жеткен соң, атшыларын қаражат алып келуге елге қайтарады.

Мырзақан келді дегенді естіп, жұртшылық Құнанбай үйіне жиналды. Мырзақан Құнанбайдың сәлемін айтты. Өзіміздің елден Бөжей, Байсал бастап Құнанбайды көрсеткенін әңгімеледі. Бірақ, Мырза сіздерге көп сәлем айтты: «Елден кетерде айтқанмын – арамдық пен өтірік айтып кек алмалық деп, іс тексерілмей жатыр, іс қаралса ағарармыз»,- деді. Сөйтіп, Мырзахан қаражат алып Омбыға қайта кетті.

Бөжей мен Байсалдың бастап Құнанбайды көрсеткеніне көздері жеткен халық Бөжей мен Байсалға: «Құнанбайдың үстінен бергізген арыздарын қайтып алсын. Өтірік айтып, Құнанбайды айдатқандарына біз риза емеспіз, өздері келіп мына қауымға жауаптарын берсін»,– деп кісі жіберді.

Олар Құнанбайды айдатқан біз емеспіз, өзі төрелермен таласамын деп айдалғаны деп, нетүрлі сылтаулар айтып, жөн жауап бермеді. Жиналған халық: «егер Құнанбайды көрсетуден аман болса мұнда келсін, ақылдасып, Құнанбайды қуып, босатып алу жағын ойластырайық»,- деп екінші рет және кісі жіберді. Бөжей мен Байсал: «Құнанбай кетсе, ел қараң қалмайды, орнына біреу табылады, біз бара алмаймыз да,  берер ақылымыз да жоқ»,- деп қайтарады.

Олардың бұл жауабын естіген соң халық жиналып ақылдасады. Құнанбайдың айдауына себеп болған анық осылар. Біз алдымен Құнанбайдың кегін, көпшіліктің кегін осылардан аламыз деседі. Сөйтіп, ызыланған жұрт қарашаның қары жауып, ел қораға қонған кезде, жүздей жас жігіттерді дайындап, бір түнде Бөжей мен Байсалдың ауылдарын шаптырып, малдарын алғызады. Бұларға басшылық еткен Құнанбайдың қайратты, өжет інісі Майбасар болады. Олар қалаға шаптырып, тергеуші алдырады. Тергеушінің Бөжей ауылына келетінін естіп отырған Құнанбайды жақтайтын ақсақалдар ақылдасып маңайдағы түйелерді жинатып, түнде айдап алған қойлардың ізін түйелердің ізімен бастырып тастайды. Ақша мүлік жинап жорға Жұмабайға беріп, орайын тауып келген ұлыққа беруін тапсырады.

Кешікпей алынған малдың ізіне түсіп жүрген тергеушімен бірге көп адам көрінеді. Олардың алдынан Жұмабай шығып, жекелене бергенде тергеушіге жанаса келіп, амандасқан болып ақша мен жамбыны тергеушінің қойнына тығып жібереді. Тергеуші Бөжей мен Байсалдан алынған мал қой деп жазып алынған. Бұл түсіп келе жатқан іздер түйелердікі болған соң, оған  қоса қойнына көп олжа тығылып кеткен тергеуші қаһарлы бетінен қайтып ат үстінде тұрып, қамшысымен іздерді ұрып: «Айт шыныңды, сен Құнанбайдікі мал ізі ме? Жоқ Бөжейдікі, Байсалдікі мал ізі ме?- дейді. – Міне, із жауап бермейді, сендердікі қой болады, ал бұл түйе болады. Бас қатыру керек жоқ, сендердікі өтірік жала»,- деп бұл жолы тергеуші қайтып кетеді. Бөжей мен Байсал да кісі жиып мал алып, ел іші кезек барымталасып, жауласып жатады.

Құнанбайдың інісі Майбасардың үстінен арыз бергізіп, оны да Омбыға жауапқа шақыртады. Майбасар босап шығады. Құнанбайлардың ісі көпке созылады, тергеусіз жатып қалады.

Қыс түсіп, мұз қатады. Айдалғандар Омбыға күнде барып ұлыққа көрініп, жұмыстарының қашан тергелетінін сұрайды, ұлық оларға әзір белгісіз деп жауап береді.

Омбыға айдалып барғандар әр пәтерде тұрып, басын қосып ақылдасып тұратын тұрақты үйлері бомаған соң, біреуіміздің үйіміз болуға керек, біз көп жатып алуға айналдық, бәріміз осы жерде әйел алайық деседі. Сөйтіп кеңесіп, ақша жинап, Құнанбайға Омбыда тұратын шалақазақ ноғайдың қызы Әйбәт дегенді алып беріп, бөлек үйге шығарып, күнде сол Құнанбайдың үйінде бас қосып ақылдасып, құмалақ ойнап, күндерін өткізіп жатады.

Қыс қатайып, қарлы боран соғып, қақаған аяз да қысады. Тергеу болмай, зарығып жатқандар да қамығып, қажып, бала-шағаларын, елді сағынып, жүдей бастайды. Бүйткен тіршіліктен ақ өлім де артық шығар дескендер де болады. Осы жағдайды сезген Құнанбай түнімен толғанып шығады.

Ертеңінде барлық жауаптағылар күндегі әдетінше, ұлықтың кішкене жалғыз бөлмесіне лық толады. Сонда Құнанбай ұлыққа: «Қыс болса мынау, сіздің кеңсеңіз суық, осылардың бәрін күнде топырлатып қайтесіз, келгенімізге қанша болды, қашатын адамның жоқтығына көзіңіз жеткен жоқ па? Бәріміз үшін күнде біреуіміз келіп тұрсақ болмай ма? Егер бірі қашса сол адам жауап берер еді. Бәріміз күнде топырлауымыздың қажеті қанша?»- дейді. Бәрі де осы тілекті айтып: «Тақсыр қашатынымыз жоқ, тек бәрімізге жауапты болып күнде Құнанбай ғана келіп тұрсын»,- деседі. Осыған тергеуші де келісіп, Құнанбай ұлыққа күнде келіп кісілерді түгелдеп, қол қойып тұратын болады.

Құнанбай бөлек үй болған соң, Мырзаханға екі атты жемге байлаттырып, семіртіп қойғызады. Январь айының ортасында жолдастарына Құнанбай бір кеңес айтады: «Сендер елге қайтып жүре беріңдер. Ұлыққа мен ғана көрініп тұратын болдым ғой. Егер тергеу болатын болса, сендерге хабар етермін, соған дейін үйде жата беріңдер, кейінгісін өзім көрейін»,- дейді. Сөйтіп, осыған келісіп, бірге барған барлық жауапты жолдастарын елдеріне қайтарып жібереді. Өзі күндегідей ұлыққа көрініп тұрады.

Қасындағы жолдастары елге кеткен соң, бірнеше күннен кейін ертемен тұрып, Құнанбай, Мырзахан екеуі ұлықтың кеңсесіне кіреді. Күн қатты аяз, кеңсе іші суық болады. Біраз отырған соң Құнанбай тергеушіге: «Кеңсеңіз өте суық екен. Ауырып отыр едім, от жаққызсаңыз екен»,- дейді. Тергеуші: «От жағушы кетіп қалды»,- дейді. Сонда Құнанбай: «мына менің жолдасым жағады» деген соң, тергеуші ризалық білдіреді. Құнанбай ымдаған соң, Мырзақан сырттан кесулі қарағайды алып келіп, толтырып пешке отын салады. Қарағай заулап жана бастайды. Сол кезде, Құнанбай тергеушіге: «Біз не үшін жауапты болып жатырмыз, біздің жұмысымыз қайсы, ісімізбен танысып  көріуімізге бола ма?- дейді. Тергеуші сендердің істерің міне деп ескі шкафтан топ-топ жұмысты алып, столдың үстіне үйе бастайды. «Сендер ауыл шапқансыңдар, мал ұрлағансыңдар, кісі өлтіргенсіңдер, патшаға қарсы болғансыңдар, мұнымен сендер айдалмағанда мен айдаламын ба?»- деп,  зеки бастайды. «Сендер қырғыздар қарақшы, ұры, залымсыңдар!»- дейді. Сол кезде пештегі отын жанып, қызыл шоққа айналады. Мұны байқап отырған Құнанбай Мырзаханға есіктің шотын сал деп ым қағады. Мырзахан есіктің шотын сала бергенде, Құнанбай қарсы отырған тергеушіні бас салып, шаштан алып, тізерлетіп, жаныштап тастайды да Мырзаханға: «Бар жұмысты отқа сал деп бұйырады. Мырзахан стол үстінде тұрған бар қағазды алып пешке салады. Сонда Құнанбай Мырзаханның сасып, қолы қалтырағанын байқап: «қорықпа, мен не көрсем соны көресің. Асықпа, қағаздың арасы жанбай қалады, көсеумен әбден араластыр»,- дейді. Сөйтіп жұмысты тегіс өртеп, тергеушіні талдырып, есікті сыртынан тіреттіріп, бір бержағайды шақырттырып алып соған түсіп үйіне келеді. Келісімен екі атты шанаға жектіріп, Құнанбай, әйелі Әйбәт шанаға отырып, Мырзаханға аттарды айдатып, Ертісті өрлей елге тартып береді. Бірақ, Әйбәт деген әйелі бала көтермей, еліне келген соң бір жылдан кейін қайтыс болады. Содан Құнанбай жұмысы 1853 жылдың жазында ғана қысқартылады.

* * *

1934 жыл, Шымкент қаласы. «Абай романы» жазылып шықты. Құнанбайдың жаман атағы бұрынғыдан да ұлғайтылып кеңінен тарады. Көзінің тарыдай ағы да жоғалып, бір жақ көзі ағып түскен соқыр болып шыға келді. Абай жақсы, Құнанбай залым, зорлықшыл болып шықты. Құнанбай Кеңгірбайдың немересі. Бөжейдің ауылын нақақтан шапты, адал ақ жүрек, ел қамын ойлаған Кеңгірбайдың немересі Базаралыны нақақтан айдатып жіберді. Тіпті жерін тартып аламын деп, нақақтан Қодар мен келінін де өлтірді. Бар зорлық-зомбылық Құнанбайдың басына үйілді.

Ал, мен Құнанбайды мақтап жазып отырмын. Сонда, мен тірек етіп неге сеніп жазып отырмын, енді Құнанбайды мақтаудың орны бар ма? Орны бар, өйткені мен болған тарихи Құнанбайды жазып отырмын. Ел, халық сүйген Құнанбайды айтып отырмын. Және тарих түбінде шын жақсы болған адамды тастамайтын болса, сол тарих тастамайтын жақсы Құнанбайды жазып отырмын. Әлі де Құнанбайды жамандаған елді көргенім жоқ. Ашып айтсам, Құнанбайды жамандады деп жұрт жазушыға наразы да. Бірақ, астарын алып тастап қарағанда, Абайды тәрбиелеуші Құнанбай жаман Құнанай да болмас. Жазушыға мына жайт та себеп болуы мүмкін: Біздің қазақ оқығандарының көбінің  ауруы бар. Өткен кезде біреу би яки хан болса, оның адамгершілігімен, оның шешендік, тапқырлығымен істеген еңбегімен санаспай, хан, патша болса, елді қанады, би болса, пара алды деп ат тонын ала қашады. Өткір сөздерді, мақал тақпақтарды, нақылдарды шығарған тілмар шешендер болған. Әрине елді шауып, қан төгіп, нашарларды қанаған хандар болған. Пара алған билер де бар. Осыларды айыру керек емес пе?

Онан соң, біреуді байдың, жуынның тұқымы деп жамандады. Оларша байдың, жуанның тұқымы болса, жақсы болмайды деп жориды. Осыған байланысты өзіміз білетін, ел білетін кейбір орта буындағы адамдарымыздың өмірбаянын  оқысаңыз кедей, нашар, жалшы табынан шыққан болады. Өтірік айтып мұның қандай қажеті бар? Қазақтан шыққан ағартушылар Шоқан, Ыбырай, Абай - бәрі жуан төре, билердің балалары. Толстой, Пушкин де сорлы кісінің балалары емес. Хан, патша, сұлтандардың мансабына қарай емес, адамгершілігіне, көптің қамын ойлауына қарай бағалау керек. Және ол адамның істеген ісін, ұстаған бетін, сол өз дәуірінің таразысына салып, сол дәуірдің кезімен өлшеу керек. Негізгі ескеретін жұмыс – ол адамды халық сүйді ме, оған халық қалай баға берді, міне осы жағын тексеру керек. Тілінен майын ағызатын, сөзге жүйрік, жайдары шешендердің ұста тілдері жоқты бар етіп, барды жоқ етіп нандыруға әлі келеді. Біз Құнанбайды жамандап жастардың құлағына сіңіріп тастадық. Енді ол Құнанбай жақсы бола алмайды деу де қате. Егер Құнанбай шын жақсы болған болса, оны кейінгілер, осы күнгі жастар еріксіз тауып алады. Тарих оларға еріксіз тауып береді. Асыл еш уақытта жойылып кетпейді. Көмілгенмен шірімейді. Сол асылды жамандаған біз шіриміз.

Мен Құнанбаймен алысқан Бөжей туралы айтпаймын. Өйткені жоғарыда айтылған аз сөзден оқушылар байқар. Ал, Базаралын айдатқан Құнанбай емес. Ол әлемге айқын, оған дәлелдің де қажеті жоқ.

Найман Барақ төремен Құнанбай екеуі көп жолдас болып, ұлы жиын съездерде билік айтып, жиі кездесіп жүрген. Және, тату құрбы, қатты қалжыңдасатын болған. Мысалы, бір күні Құнанбай имам болып, Барақ оған ұйып, екеуі намаз оқыпты. Намаз оқып болған соң, Барақ Құнанбайға: «Құнанбай, сен осы намазыңды қайта оқы, сен намаздың шартын бұздың, қусырған қолыңды кіндіктен төмен ұстамай, әйелдерше кіндігіңнен жоғары ұстап тұрдың, бұл намазын болған жоқ»,- дейді. Сонда Құнанбай: «Барақ, сенің оқып жүрген намазыңның бәрі анық ынтаңмен оқып жүрген намаз емес екен. Сен құдайды, жұртты алдау үшін ғана оқиды екенсің. Намаз оқығанда ниетіңді дүниеге аударып тұрады екенсің. Сен шын ниетіңді құдайға аудармай, менің қолымның қалай тұрғанына ниетіңді аударыпсың. Мен намаз оқығанда бар ниетімді құдайға аударамын, шын тілек тілеймін. Ал сен намаз оқығанда бар ойың дүниеде болады екен. Сондықтан, менің бір намазым қаза болса, сенің жасыңнан оқыған бар намазың қаза екен»,- депті.

Күздің кезінде Аягөз маңында үлкен съез болып, Құнанбай мен Барақ қазақ үйде отырады. Үй ортасында қара қидың оты жанып тұрады. Барақ қара шақшаны қонышынан суырып алып, насыбай атады. Сонда Құнанбай Бараққа: «әрі ысырап, әрі харам, осы насыбайда не өшің қалды? Осы былғаныш харамды иман айтатын аузыңа саласың. Осыдан нәпсіңді Қалай тия алмайсың? Мұны қойсаң нетті»,- дейді. Сонда Барақ: «ал, енді мен насыбайды қойдым, нәпсімді тыйдым, сенің көргенін осы болса»- деп, шақшасын жанып тұрған отқа лақтырып жіберіп: «сайтанға еріп, нәпсісін тия алмай, құдай қоспаған, ар сүймеген істі істеп, өзінін келінін қатын қылған өз Олжайыңды көрмей, менің насыбайымды көрдің ғой» дейді, ол кім деп сұраса да Барақ айтпайды. Бірақ, естігенін анық екенін оңашада айтып береді, қай Олжайың екенін өзің тап, менің атын айтуым лайық емес»,- деген сөзді айтады. Съезден қайтып келген соң Құнанбай Олжайдың басты адамдарын жиып алып, Барақтың бетіне басқан сөзін айтып береді. Біраз уақыт өткеннен кейін, Бөкеншінің басты адамдары - Сүйіндік би мен Тайлақбай келіп, келінін алып жүрген Бөкенші ішінде Борсақ атанатын таптан Қодар екенін айтады. Қодар өзі палуан, ожар, тоңмойын адам болады. Ол баласы өліп, жесір қалған келінін алып, елге қосылмай Шыңғыстың ішінде жалғыз үй қалатын болған.

Құнанбай бұл сөзді естіген соң, мұның анықтығын білу керектігін ақылдасады. Ол үшін әр рудан адал, өтірік айтпайтын үш адамды жолаушы жүрген етіп, Қодар жайын білуге жібереді. Олар Қодардыкіне барып түсіп, алыс жерге жолаушылап бара жатқан адам болып ас ішіп, түнде жүріп кетеді. Үйдегілер жатты-ау деген мезгілде, жолаушылар байпақшаң, білдірмей келіп Қодардың келінімен жолығып жатқанын көреді. Бұған анық көздері жеткен соң, ел адамдары жоғары діни орны Муфтиге кісі жіберіп, мұндай іске шариғатта қандай жаза берілетінін сұратады. Муфтиден – ондайларды дарға асып, таспен атып, аяусыз жаза беру керек деген ахбар келеді. Сөйтіп, Қодарды ұстап алып келіп, сұрап мойнына салғанда: «Құдай баламды алды – мен құдайға ерегісіп істедім»,- деген. Қодардың келіні мен екеуінің өлтірілуі жайы осы. Қандай адам, қандай заң Қодардың айуандық ісін ақтай алар екен?

Қодардың баласы Көгетай, оның баласы Қиясбайды біз көрдік. Ол Абайдың ағасы Тәңірбердімен құрдас. Қодар өлгенде Абай бармақ түгілі туған да жоқ шығар. Құнанбай, атасы Қодар сайтанға еріп, құдай қоспаған адам баласына жатпайтын кінамен өліп еді деп, онан қалған Қиясбайды қатты еркелеткен және балаларына еркелетіңдер деп тапсырған. Содан ел, әрі Құнанбай балалары, әсіресе Абай еркелетіп кетті. Мұны жазбаса да болатын еді. Бірақ, мен басындағы айтқаныма қарай тарих шындығын жаздым. Ал, шынында былай қарау керек. Жазушы тарих жазып отырған жоқ қой. Ол роман жазды ғой. Оған болмаған істі де жазуға, не өзгертіп жазуға ерік бар емес пе? Жазушының мына сөзі де рас. Жазушымен оңаша сөйлесіп: «Осы романдағы адамдар кәдімгі мен білетін адамдар ма?» дегенімде, жазушы: «Тек олардың аты ұқсас болғанымен, дәл өздері емес, істеген істері де емес, және мұнда біржола жоқ адамдар да бар?»- деп, бірнеше кейіпкерлердің (Айдар, Ажар т.б.) аттарын атады. «Бәрі Абай үшін, қазақ үшін айтылған»,- деді. Осы дұрыс болуға керек. Тағы бір айтқаны - тип, прототип дегендер болады деп ұқтырып еді. Мұнда жағымды адамдардың жағымсыз болып, жағымсыз адамдардың жағымды болып жазылғаны сөзсіз. Мысалы, Абайды қара жерге отырғызып, алдап кететін, үстінен арыз беріп жамандайтын Ербол – жағымды кейіпкер болып шығады. Бұл біз білетін Ербол емес, жазушының ойдан қосқан, өзі жасаған Ерболы т.б. Абайдың:

 

Күшік асырап ит еттім,

Балтырымды қанатты.

Мергендікке үйреттім,

Мерген болды, мені атты,-

 

деген Ерболы емес пе!

Осы романдағы Құнанбайдың қалыпсыз зорлық, жуан-дықтарын алып тастап, адамшылық, беріктік, ұстамдылық, сөзге шешендігін ойшылдығын қалдырса, Құнанбайдың, мен айтып отырған Құнанбайдың өзі шыға келеді. Жазушы ақын, жақсы Құнанбайды өзі іздеп тауып алсын деп отырған жоқ па?!

Қазақтың келешек қамын ойлап, келешекті болжап, сол қараңғы кезде, орыс мәдениетіне бой ұрып, балаларын орысша оқуға берген, дін оқуы болса да, қазақ баласының жайын ойлап, жағдай туғызған, үй салып, мешіт салдырып, балаларды оқыттырған сергек, сезімтал Құнанбайды басқа надан, тоғышар, зорлықшыл, парақор, өз басын ғана ойлайтын өзімшіл, топас би, жуандармен бірге найзаға түйрей, олармен бірге қоқсыққа қосып өртеп жіберемін деу дұрыс болмас. Оған асыл жаралған Құнанбай өртене де қоймас!

Құнанбай орыс халқының мәдениетін, өнерін сүйген адам дедік. Бұған дәлел: ол өзінің балаларын жиып алып, орыс халқының білім-өнерін үйренбей қазаққа жақсы өмір болмайды. Біреуіңді орыс мектебіне берейін деген ойым бар еді. Осыған қайсысың барасыңдар?- дейді. Сонда, Айқыз деген кіші әйелінен туған Қалиолла деген баласы: «Тәте, батаңызды берсеңіз мен барайын»,- дейді. Қалиолла оны бітіріп шығып, қызмет істеп жүргенде, жиырманың ішінде қайтыс болады. Абайды, немере бауырларын алғаш орыс мәдениетімен, әдебиетімен таныстырған – Халел. Жылда демалысқа келгенде, орыс әдебиетшілерінің шығармаларын ала келіп, жақындарына таныстырып, орыс әдебиетін білмей адам болу, адамшылық борышты ақтау қиын дейтін де осы Халел. Осыдан бастап Құнанбайдың баласы, немерелері, ауыл-аймақтың балалары орыс тілін үйреніп, әдебиетін оқуға ұмтылып, орыс әңгімелерін ертек етіп айтатын болған. Петр патша туралы ертектер сол күннен бастап айтылатын болған. Абайдың, Пушкин, Лермонтов, Крылов және басқаларды аударуы, Шәкәрімнің Пушкин, Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударуы сол Халелдің нұсқауымен болған жетістіктер.

Құнанбайдың әділдік, адамгершілік атағы, халықтың оны сүюі арта береді. Алғашқы сайлаудан кейін Құнанбайды аға сұлтан етіп сайлайды. Құнанбайдың әділ, ақылды таза, халқына адал еңбек еткендігіне қазақтан басқа да, мәдениетті жұрттың адамдарының да көздері жететін уақыт келер!

Құнанбай жалпы қазақ балаларын оқытуға, оның ішінде нашар адамдардың балалары оқуға Қарқаралы қаласынан құдайы қылып, медресе салдырып, Хасен деген адамды оқытушыға тағайындап, қазақ балаларын оқыттырған. Содан оқып, көздерін ашып шыққан қанша қазақ балалары болмады? Олар Құнанбайға не алғыс айтпады дейсің? Ол Медреседе әлі бар болатын. Құнанбайдың осындай еткен еңбегін бағалап, халқының ардақтайтын себебі сондықтан. Құнанбай жасынан өте зерек болған деп баста айттық. Осыған байланысты ол оқымаған орыс тілін де аздап білген.

Құнанбайдың ауылы жайлауға барғанда ауылының үстінен  Қарқаралыға баратын үлкен қара жолмен көп мұжықтар жүріп, солар келіп сусын ішкенде, олармен орысша сөйлескендерін естіген де бар. Бір мұжық шара аяқпен берген қымызды тауыса алмағанда: «Пей, пей, твоя остатка некто не пьет»,- деп айтты дейді Құнанбайдың немересі. Сонда немересі: «Тәте, сіз орысша біледі екенсіз ғой,- дегенде: -Біздікі қарадүрсін, естігеннен үйренген ғой»,- деп күліпті Құнанбай.

Құнанбай халық тілегін де ұлық бұйрығын да қалтқысыз орындап отырған адам. Елдің айтысы, Құнанбай нашар старшынға кедей, кемтарға налок тарттырмай, ұлық шығынын малды ауылдарға, малы жетерлік адамдарға тарттырып отырған. Ол кемтарға өте жомарт еді,- дейді халық. Сондықтан, нашар, қорлық-зорлық көргендер, кемтарлар Құнанбайдың төңірегіне көп жиналған. Қазаннан, Орынбордан қашып келген ноғайлар, Кавказдан қашып келген серкеш, Қаратаудан асып келген қожалар, ұлы жүзден қашып келгендер, Найман, Арғын, Уақтан келгендер, тіпті Тобықтының басқа руларынан келіп пана-лағандар өзінің асыранды бала етіп алғандары бар. Баста айтқанымыздай, осылардың көпшілігіне әйел әперіп үйлі-баранды етіп, әрқайсысына қыстау берген Құнанбай. Былай айтқанда, Құнанбай адал адамның баласын алалаған жоқ. Сонан бәрі Құнанбайдың қолтығына сыйды. Олардың бәрі туысындай болып кетті. Олардан қалған тұқымдар әлі күнге дейін бар. Әлі күнге дейін Құнанбай аруағын сыйлайды. Құнанбай сондайлар үшін, жері жоқ нашарлар үшін, зорлық-зомбылық көргендер үшін елдің әділетсіз жуандарымен алысты. Құнанбайды жамандау-шылар: «Ол Жігітек Көтібақтың айыпқа бірнеше қыстаулық жер алды»,- дейді.

Оның ақиқаты былай: Құнанбай Омбыдан келген соң, ел жиналады. Бөжей мен Байсалды да шақырып алады. Құнанбай өзі жоқта болған жанжалды тексеріп, барымтаны қайтарғызады. Оған Көкше Қаратай бастаған елдің билері билік айтады. Құнанбайды көрсетуші, оған жау болған жігітектен Бөжей, Көтібақтан Байсал екені анықталады. Билер Бөжей мен Байларға көп мал айыбын, Құнанбайдың шыққан шығынын төлетпек болады. Сонда Құнанбай: «Оларға малдан айып салмаңдар, мен арымды малға сатпаймын деген сертім бар. Және халық сұрады, мен оларды кештім. Бірақ бұл екі атаның баласына айтатын менің өкпем басқа. Ол мынау: мен Құндызды бойын Найманнан даулап, қайырып алдым. Мырза баласын солай қарай жылжытып, Көкше атам баласын да жер ауыстыруға көндірдім. Менің бұл екі туысқаным бірге туғанын бұлдап айтқаныма көнбеді. Жер бөлісіне көнбеді. Жерсіз нашар таптар көбейді. Көздерің көрді, оларды зорға орналастырдым. Енді басқа елдерге келгендер көнбейді. Олар іздеп келді, атамыздың абыройына, арысы Тобықты аруағына қорғалағалы келді. Менің атам болғанда, бұлардың атасы емес пе? Неге ата аруағын, ел аруағын бұлар сыйламайды. Қазіргі келгендердің өздері бір-бір ауыл болды. Оларға жер керек емес пе? Құдайдың жаратқан жері барлық адамға ортақ емес пе? Олар бізге келген жоқ. Саған келді дейді. Олары дау бола ма? Мен елдікімін, елімнің баласымын, олар мен деп келсе, ел деп келген жоқ па? Мінеки, менің бұларға өкпем сол. Бұлар ел намысын қорғап, ата аруағын сыйлайтын болса, айтқанға көнсін. Ел аруағын паналап келгендердің біразын орналастыратын жер бөліп берсін. Жоқ, елдің табысына ғана ортақпын десе оларын айтсын»,- дейді Құнанбай.

Осыған жиналған ел адамдары билік айтып Жігітектен, Көтібақтан жер кесіп береді. Осы алған жерге Құнанбай басқа рулардан келгендердің бірнешеуін орналастырады. Олардың барлығы Құнанбай өлгенше сол жерде отырады. Құнанбай өлген соң олардың қайсы біреулерін жуандар қуып жіберіп, жерін тартып алып, жерсіз халге түсіреді. Бұл жерінен айырыл-ғандардың қайсы біреулері Құнанбай өлген соң әділет те өлді деп Құнанбайдың моласын құшақтап, жылай-жылай қош айтып шыққан жеріне кетті. Онымен қоймай Құнанбайдың өзі орналастырған нашар таптың балалары Қарабатырдың кейбіреуін қыстауын тартып алып, қыстаусыз тастайды. Аяғында оларды Құнанбайдың немересі Шәкәрім өз жерінен жер бөліп беріп орналастырады.

Құнанбай ойда жүрген бір арманын істемек болады. Ел жайлауға шығып, өзінің белгілі қонысы Байқошқар өзенінің сағасына барып қонады. Құнанбай, Жігітек, Көтібақ, Бөкенші, Көкшенің басты адамдарын шақыртып алдырады. Қаратай бастаған Көкше адамдары, Бөжей бастаған Жігітек адамдары Байсал бастатаған Көтібақ адамдары, Сүйіндік бастаған Бөкенші адамдары келеді.

Сол кезде осылардың араздығы бір түрлі. Олар бірімен-бірі қандай араз партия болса да, жай кезде құмалақ ойнасып, әңгімелесіп, тату кісідей жүріседі екен. Бірінен-бірі ескі сөздерді, тарихи уақиғаларды сұрасып отырады екен.

Сүйтіп, Құнанбайдың үйіне Олжай мен Көкшенің басты адамдары лық толды. Құнанбай бұларды неге шақырғанын айтады. Құнанбай сөзін былай бастайды: «Баяғыда қалмақ пен қазақ соғысында Қалмақтың атақты батыры – Шарышпен Абылай жекпе-жек шығып, басын алған. Осыған орай, қалмақтың ханы Қоңтажы Абылайды өлтірем деп, аңдытып, аяғында қолға түсіріп алған екен. Сонда Абылай үш ауыз сөзбен құтылған екен өлімнен дегенді бәрің білесіңдер. Сөйтіп, Абылайды өлімнен босатып, Қоңтажы Абылайға: «Елің егін сала ма?»- дегенде, Абылай: «Егін салмайды»,- депті. Сонда Қоңтажы: «Елің жер емшегін ембесе, әлі де орнықпаса, жер емшегін ембей, ел болып орнықпайды, орнықпаса ел болмайды»,– деген екен. Және білімді адамдар – отырықшыға айналмай, елге білім – өнер орнамайды – деседі. Қай ел болсын егін салып, еңбек қылып, қала болмай, ер жете алмайды, білім-өнер бос қалады. Білім-өнер болмаса, елдікте сән болмайды.

Біз не бітірдік, жағаластық, жауластық, алыстық - жұлыстық, өмірді осымен өткіздік. Елге істеген еңбегіміз, артымызға үлгі етерлік іс қалдырдық па? Жоқ. Айуан екеш айуан да тұқымының, ұрқының жақсы болуына қамқорлық  жасайды, тұқымның қамын жейді. Біз адамбыз ғой, біз неге келешек ұрпағымыз үшін қам жемейміз? Сондықтан, маған бір ой түсіп жүр. Осы ойымды сендерге ашып айтып, ақылдаспақпын. Қаратай сенде де, Бөжей сенде де, Сүйіндік сенде де, Байсал сенде де, менде де нашар малы аз кедейлер көп. Осы кедейлердің басын қосып, керекті көлік-саймандарын алып беріп бір жерге отырықшылыққа орналастырсақ. Олар еңбек етіп, егін салар еді. Жер емшегін емер еді. Олардың балалары оқып, білім-өнер үйренер еді. Қазына да жәрдем етіп, медресе салып, басқа адамдардың да балалары оқыр еді. Ал, малдыларға қала бол деп, бұл күнде көндіре алмайсың. Малсыздарға аздап мал-қаражат жинап беріп, егінге қолайлы жер берсең, олар көнер еді. Егер көнбегендері болса, зорлауға да болады ғой. Еңбектің жемісін көрген соң, өздері де құнығады ғой. Осы істі істесек, адамшылық борышымызға да, елдің болашағына да пайдалы деп отырмын. Егер осыған келіссек, бұларға егін шығатын, суы мол жер керек. Сондай қолайлы жер Қаратай, Бөжей, Байсал, мен төртеуіміздің қарауымызда бар. Мен Байқошқар өзенін даласымен босатсам, Бөжей, Байсал, Қарашоқы, Жәнібекті босатса, Қаратай Бақанас өзенін босатса. Осы екі өзеннен тоған алып, даласына егін салып, қала болып орнар еді. Сүйтсек, біз елге айтарлықтай жақсы жоба қалдырған болар едік»,– деді.

- Мырза-ау! Барлық қызықты жайлауды кедейлерге беріп, біз қайда қамаламыз?- деп шулай жөнелді. Сонда Құнанбай: « -Бізге басқа жер жетпей ме? Бір-бір қоныс шегінгеннен неміз кетеді. Бүгінгі өз басымызды ойлап, елдің келешегін ойламағанымыз жөн ба? Біз жерді бөтенге береміз бе? Өзіміздің елдің нашарларына бергелі отырмыз ғой. Біз елге не еңбек етіп, не жақсылық қылдық? Жағаластық-алыстық, партияластық осымен өтіп бара жатқамыз жоқ па? Енді тоқталып, ел қамын, келешегін ойлайтын уақытымыз жетті емес пе? Өлсек жерді ала кетпейтініміз анық емес пе? Сол кедейлердің еңбегі жанып, өнерге айналса, өз балаларымыздың, немерелеріміздің соған ұмтылып кіріспейтініне кепіл бола аламыз ба?»- деді Құнанбай.

Қанша ұқтырып айтса да, жуандар сөзге көнбеді. Жайлаудағы қоныстарын қимай: «Жер адамның бауыр еті, Құнанбай елді қала қылмақ. Қала болғанша, мола бол дегендей, оған орыс әкелмек, баласын орысқа беріп, шоқындырып, енді елді шоқындырмақ. Құнанбай шатасқан»,- деп сыртынан жамандап қайтысты.

Құнанбай осы ойына жете алмағанын арман етіп, бертінге дейін айтатын болды.

Керейдің нашар жатақтары егін салуға Байқошқар ағысын сұрағанда, Құнанбай оларға рұқсат етіп, егін салдырды. Ол егіндіктердің орны бертінге дейін жататын.

Көкше табынан шыққан Табылды деген адамның інісі Қарқаралы маңында қолға түсіп, абақтыға жабылып қалады. Бұл хабарды Табылды естиді. Ол інісіне тамақ беріп тұруға келінін алып, Қарқаралыға жүрмек болады. Осы қарсаңға Қарқаралыға ақша өткізуге тілмаш жүрмек болады. Соның пар атының басын ұстай баруға Табылды шығады. Ол келінін қоса алып, тілмаштың көшірі болып жүріп кетеді. Қарқаралыға бір күндік жер қалғанда, жолаушылар бір бұлақтың басына келіп түнейді. Түнде бұлақтың  төменгі жағындағы көгалға ат жаюға Табылды кетеді. Әлден уақытта, әйелдің айғайлаған дауысын естиді. Табылды жүгіріп келсе, келіні жылап отырады. Не болды деп сұраса, келіні: «Мені мына орыс әуреледі»,- дейді. Сол жерде Табылды тілмашты бас салып сабап, бар киімін шешіп алып, арбаның дөңгелегіне мықтап таңып, ақшасын, алты атарын алып, екі атқа екеуі мініп, жөнеп береді. Келінін бір ауылға тастап, Табылды Қарқаралыға келеді. Інісіне тамақ беремін, жолығамын деп жүріп інісін де шығарып алып қашып кетеді.

Артынан бұл іс білініп, ұлықтар қазақ басшыларын қысып, Табылды табылмай, қашқын болып кетеді. Осыдан кейін Таылды жол тосып жүріп, Семейден Аягөзге бара жатқан, екі ат жеккен шаналы майорға кездеседі. Табылды қасында бір немере інісі бар, майорды Тасбекет маңында тонап, өлтіріп, қасасын аузына тістетіп, қазақ көшірді өлтірмей, байлап тастап, екі атты, қару-жарағын алып кетеді.

Бұл хабар елге жайылған соң, елге ұлықтар солдаттар алып шығып ылаулап, сойыс жеп елдің тас-талқаның шығарады. Қазақ орыстар елден белгілі жүйрік аттарды алуға шығады. Торғай руынан Садырбай дегеннің әйгілі сұр атын алуға келеді. Қазақ орыс сырттан: «Атты шығар»,- деп Садырбайға айғайлайды. Садырбай шығып: «Тақсыр, түсіңіз не боп қалды?- дегенде, қазақ орыс: «Түсуге уақыт жоқ, майорды сенің қазағың өлтіріп кеткен»,- дейді. Сонда Садырбай: «Ойбай-ай! Не дейсіз? Майорды қалай өлтірген»,– дегенде, қазақ орыс: «Не қалай өлтіргені бар, басын кесіп, қасасын аузына тістетіп кеткен, көп оттамай атты әкел»,- деп ақырады. Сонда Садырбай: «Қасасы емес, тақсырдың аузындағы найы шығар», - деп қазақ орысты алдандырып жүріп, қораның сыртқы есігінен атын баласына мінгізіп қашырып үлгереді. «Майордың аузындағы найы шығар» деген сөз елге мақал боп тарап кетеді. Қазақтың бірнеше басты адамдарын Қарқаралыға жауып қояды. Тілмашты тонау Қарқаралы маңында болғандықтан алғашында Қарқаралы маңындағы қазақ басшы-лары жабылады. Артынан, майорды өлтіру Найман мен Тобықты жапсарында болып, Барақ пен Құнанбай неге жабылмайды деген арыз түседі. Осыдан кейін Қарқаралыға Барақ пен Құнанбай да жабылады. Тергеуші: «Табылдыны табасыңдар, тілмашты тонап, майорды өлтірген сол, оны таппасаңдар орнына өздерің айдаласыңдар»,- дейді.

Құнанбай ұлықтарға арыз етеді: «Бірнеше адамды бұл төрт қабырғаға төрт жыл қамасаңыздар да, Табылды мұнда өзі келмейді, егер Табылды керек болса, бізді босатыңыз. Біз Табылдыны іздейік»,- дейді. Ұлықтар ақылдасып, бұл жөн екен егер Табылды табылмаса, орнына өздерің айдаласыңдар, тапсаңдар босайсыңдар. Осыған қол қойып, бармақтарынды басыңдар»,- дейді. Ол кезде бармақ басуды бас кетуден кем көрмейтін кез. Бармақ басып, басын байлап беруге ешкімнің батылы бармайды. Құнанбай мен Барақ бастап, қол қойып, бармақтарын басады. Сөйтіп, Табылдыны табамыз деп, олар босанады.

Тұтқыннан босанған қазақ басшылары ақылдасқанда, Құнанбай оларға: «Барлығың үйлеріне барып жатыңдар. Табылдыны Барақ екеуіміз ізделік»,- деп кеңес береді.

Еліне ардақты, халқы жақсы көретін Құнанбай мен Барағы қамалған соң, олардың қамын жеген ел Табылдыны сұрастырып, оның бір немере інісімен Қытайға қашып кеткенін анықтайды. Сол хабарды Барақ пен Құнанбайға жеткізеді.

Құнанбай мен Барақ ұлықтан рұқсат қағаз алып, екеуі атшы ертіп, Қытайға қарайтын Қызай еліне жүріп кетеді. Ол кезде Қытайға қараған қазақтарды Әлен төренің билеп тұрған кезі. Төренің өзі қартайып, орнына баласы сайланған мезгіл. Құнанбай мен Барақ барғанда, төре баласы елдегі съезде жүрген кезі екен.

Әлен төре Құнанбай мен Барақ келген соң, үй тіккізіп, съездегі баласын шақыртады. Баласы келген соң, Әлен төре: «Бұлардың келген жұмысын айтып, елді жинап, жақсы жауабын беріңдер. Қарсы келіп жүрмеңдер. Бұл екеуінің де атағы ерте шыққан адамдар. Бұларды орысқа қараған барлық қазақ қадірлейді. Сендер де силап жіберіңдер»,- дейді. Сонда баласы: «Құнанбай, Барақ болса да өз елінде шығар. Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады, мен бұта құрлы болмаймын ба?»- дейді. Әкесі: «Жоқ, балам, оның болмайды. Бұл екеуі де адамның көкжалы болып жаралған. Жөн жауап бермесең, кегін алатын айласын табатын оларда ақыл да бар, қайрат та бар. Барақ «Көкжал» атанған. Анау жылдарда Қытай уәкілі әр елдің басты адамдарын қабылдағанда, оның ішінде осы Барақ та болған. Бәріміз Қытай уәкілін қарсы алғанымызда, бәріміз қол қусырып басымызды жерге игенде, Барақ басын жерге имей, қолын қусырып тік тұрған. Сонда Қытай билеушісі: «Сен неге басыңды имейсің»,- дегенде. Барақ: «Сен құдай емессің, адамсың, қолымды қусырып, амандастым, жерге бас иіп жығылу құдайға ғана арналған, саған арналған жоқ»,- деп жауап берген. Сонда Қытай әкімі жеңіліп, Барақты қасына отырғызған. Ол: «Найман туысың, ал Құнанбай қарадан асып туған ақылды, халқына адал атағы жайылған ардагер. Жақсы күтіп, ісін бітіріп жібер»,- дейді. «Және өзің барып сәлем бер. Аңдаусыз басып, мін тақтырып жүрме»,- деп тапсырады.

Әлен төренің баласы атшабары екеуі бірдей жақсы киінеді екен, көрген адамдар өңінен болмаса, киімдерінен айыра алмайды екен. Әкесінен шыққан соң, төре баласы атшабарына айтады: «Құнанбай мен Бараққа барайық, олардың әулиелігін байқайық, сен бұрын кіріп, менен жоғары отыр»,- дейді. Екеуі тігілген үйге  келіп, айтқанындай атшабар бұрын кіріп, сәлем беріп, жоғары отырады. Амандасып, ел жайын сұрастырып отырғанда Құнанбай төре баласына қадала қарап: «Төмен отырсам да, төрелігімді білдіремін дейсің бе? Жоғары шығып өз орныңа отыр»,- дейді. Олар үйден шығып өз әкесіне келіп, көргендерін айтады.

Сонда, Әлен: «Шырағым айттым ғой, елдің басты адамдарын жинап, дұрыс жауабын беріп қайтар»,- дейді.

Ертеңінде елдің басты адамдары жиналып, Құнанбай мен Барақтың келген шаруаларын сұрайды. Сөзді Құнанбай бастайды: «Ағайын, саған тілмашты тонап, майорды өлтірген Табылды қашып келіп отыр. Біз соны іздеп келдік. Біздің бірнеше басты адамдарымыздың бастары байлауда, қолхатпен босады. Мынау Барақ екеуіміздің бастарымыз да кепілдікте. Табылдыны таппасақ, бәріміз де айдалатын болып отырмыз. Бізге Табылдыны қайтарсаңыздар, құдайға да адамгершілікке де дұрыс істеген-деріңіз болады. Қазақтың бірнеше басты адамдарының айдалуы қалай, бір Табылдының айдалуы қалай? «Еркек тоқты құрбан-дық» деген бар емес пе?- дегенде, Қызайдың бір биі: «Ей, Құнанбай мырза! Жаһит-Маһит деп шариғатыңды, құдайды сұқпай-ақ қой. Бұл жерге бала оқытқалы, шариғат айтқалы келгеміз жоқ қой. Қысқасы Табылдыны бер дейсіз ғой»,- дегенде, түгі тік тұрып, өңі бұзылған Құнанбай биге өткір көзімен қадала қарап: «Дұрыс айтасың, батырым! Байжігіттің құдаймен шариғат десе, ат тонын ала қашатыны ежелден белгілі ғой»,- деп аяғын айта бергенде жанында отырған Барақ Құнанбайдың білегінен ұстай алып: «Мырза, өмірімде салған бір-ақ қолқам болсын, осы сөзіңнің майын маған қишы»,- дейді. Сонда Құнанбай Бараққа қарап шын сұрағанын аңғарып: «Бердім» дейді. Онан кейінгі сөзді Барақ жаймалап ала жөнеледі: «Қызай, сен менің көп Найманымның бауырласы, қандас туысқанысың. Біз қан жұтып, басымыз айдауда, тағдырымыз біреудің қолында тұрғанда, сен қалай болыспай май ішіп отыра аласың? Майордың өлімі үшін қандас туысың айдалып, шабылып жатса, сендер қалай тыныш отыра аласың? Ертең осындай іс өз бастарыңа келмесіне кім кепіл? Құнанбай айтқандай, Табылды ел құрбаны болып қанша басты адамдарын арысы өлімнен, берісі қинаудан алып қалып бір өзі кетсе, оның арманы бар ма?»- деп сөзін аз үзген кезде, қалың топтың ішінен басына ақ орамал тартқан Табылды атып тұрып: «Ей, туысқан! Қашып келіп қорғаладым. Сіздер қорғаттыңыздар, көп рахмет! Қазақтың бірнеше басты адамдарын мына Құнанбай мен Барақтың бастарын байлатып, жауапқа қалдырып, ел сүйген халыққа қадірлі болған ардагерлерімді ренжітіп жолым да болмас, тіршілігімнің мәні де болмас. Мені беріңдер, мен барайын қауым! Құнанбай мен Барақтан бір-ақ тілегім бар. Енді майорды өлтіргенде қасымда інім бар еді, сол інімнің аман қалуын қорғасаңыздар болғаны»,-дейді. Сонда Құнанбай: «Інің аман қалады. Майордың өлгеніне жалғыз ғана куә өзің байлап кеткен атшы қазақ. Бір кісі куәлікке жүрмейді. Майор өліп қалды, жауапта жалғызбын деп отырып ал. Мойныңа салатын екі куә табылмайды. Және ол атшымен де сөйлесіп, ініңді аман қалдыру жағын Барақ екеуіміз табармыз»,- дейді.

Құнанбай мен Барақ Табылдыны ертіп алып елге тартып жүріп кетеді.

Былай шыққан соң Құнанбай Бараққа: «Төре менен сіз не қолқа алдыңыз, мен не айтпақ едім?»- дейді. Сонда Барақ Қызайдың биіне: «Біз шариғат айтқалы келгеміз жоқ қой»,- дегенде, сен Қызай, құдай десе ат тоныңды ала қашасың. Қызай атасыз, саған құдай, шарағаттың керегі не дегелі отыр едің, мен соны сезіп, сөзіңнің аяғын қолқалап алғаным сол. Егер сен сол сөзді айтсаң, бізге Табылдыны бермей жіберетін еді. Бұлар Қытайға қарайды. Біз білмейміз деп қисық жауап берсе не істейміз»,-дейді. Құнанбай Бараққа қалжыңдап: «Барақ менен төмен жерің осы, мен арым, намысым кететін жерде жанымды аяп, кезекті сөзімді айтпай қала алмаймын»,- дейді.

Бұлар жүріп отырып Шәуешекті басып, үлкен қара жолға түседі. Бұлар түс мезгілінде Қарақолда жатқан жүкті арбалы, ақ шатыр тіккен керуенге кездеседі. Бұлақ басында екі қара арғымақты суарып тұрған жас қазақ жігітіне жолығып жөн сұрайды. Ол: «Әкәми бай Шәуешекке жүк апара жатыр, анау шатыр сонікі»,- дейді. Жігіт Әкәмидің қоста екенін де айтады. Құнанбай жігітке: «Руың қай ел,- дейді. Ол: «Орыс Қаржау Жуантаяқпын»,- дейді. Сонда Құнанбай: «Сен Құнанбайды білесің бе?»- дейді. Жігіт: «Білемін,- дегенде: -Сол білетін Құнанбайың - мен, сен менің елімнің адамы екенсің. Бір мешерге жалшы болып жүргенің лайық па? Саған жұмыс тауып берем. Бүгін мен осында болам, мына екі арғымақты алып елге қайт. Сондық еңбегің сіңген шығар. Егер осыны істемесең, көкке ұшсаң аяғыңнан, жерге кірсең шашыңнан тартып, қайда кірсең де қоймаймын. Мешерге жауабын өзім берем. Осы айтқанымды істейсің бе?- дейді. Жігіт: «Қазірден бастап істеймін»,- деп уағыда береді.

Құнанбай Бараққа: «Сен Табылдыны ертіп, жүре бер, мен бәйбәтшаға амандасып шығайын»- деп, жолдасы Мырзақанды ертіп Әкәмидің қасына түседі. Бұлар кірсе бәйбәтша төсекте жатыр екен, басын көтеріп сәлем беріп, қарсы алады. Әкәми атқосшысына тамақ әзірле»,- деп әмір етеді. Сонда Құнанбай: «Етке қарамаймыз, жеңіл тағам істеп жіберсін»,- дейді. Аздан соң шай жасалып, палау жеп, шайға қанып алады. Шай құйып отырған жігіт дастархан жинап, самаурынды алып кеткенде: «есікті аңди тұр» деп Мырзақанға ым қағып, қасында отырған Әкәмиді бас салып, екі тақымының арасына қысып отырып, шашын құрдай айғыздап, бір жақ мұртын, бір жақ сақалын пышақпен алып, лақтай бақыртып дүре салады. Әлді қысымда жатқан Әкәми қимылдауға шамасы келмей: «Мырза-ай! Не жазығым бар еді»,- деп  еңірейді. Сонда Құнанбай: «Сенің маған қылған еш жазығың жоқ. Баяғыда уақтар Қабекеңнің (Кеңгірбайдың) сақалын кескенде, сенің пара беріп, жалдама ноғай солдаттарын жіберуіңмен болған. Әйтпесе, Уақтар Қабакеңнің ауылын шаппас еді. Тек соның ғана кегін алдым. Енді дос болсаң достығыңа, қас болсаң қастығыңа шыдаймын»,- деп қостан шығып, атқа мініп жүріп кетеді.

Кеңгірбайдың сақалын Уақтар кесті деген жәйт былай болған: Тобықты Шыңғысқа келгенде, Уақтар Шұнай, Доғалаң  тауларына дейін жайлап иемденіп алған. Олармен Тобықты көп уақыт алысып, ақыры Көкен тауына дейін, онан да асырып Уақтарды қуып, Семейтауды да алған. Сол Семейтауда Кеңгірбайдың «тас үйген» деген биігі бар. Ол күні бүгін де сол атпен аталады. Кеңгірбай қанша уақыт сол Семейтау маңын, Арқалық бұлағын жайлап жүрген. Бір жылы Кеңгірбай ауылы сол Арқалық бұлағын жайлап отырады. Сонда бір түнде Уақтар мылтықты солдаттар алып келіп, көп кісімен Кеңгірбай ауылын қамап, Кеңгірбайды әріс етіп Семейге алып кетеді. Кейінгі елге хабар барып, артынан Көбей қуып жетеді. Бірақ, солдаттар мылтық кезеп, Көбейді Кеңгірбайға жуытпайды. Сонда, Кеңгірбай дауыстап:

 

Жар жағалай жүгірген ақ киімді,

Атым Көбей дегенде жұрт сүйінді.

Бір жастан, екі жастан тоқсан сиыр,

Мұны тапқан жігітке не қиынды,-

 

деп жұмбақтайды. Соны естіген соң елге келіп: «Қабакем сөйлесіп, тайынша аралас тоқсан сиырға басын босатып алмақ болған екен, осыны жинауымыз керек»,- деп елге хабар-ландырады. Бұл хабарды Балқаштағы Тобықтылар естіп, Қараменде би екі кісі жібереді. Бермек сиырдың жартысын біз төлейміз, қазір айдап жетуге қиын, ол жақтан жинап қырық бес сиыр беріңдер. Оған орай малды біз де айдатамыз. Кеңгірбайды босатып алыңдар»,- дейді. Сөйтіп, Кеңгірбайды тоқсан сиыр беріп, ел босатып алады. Артынан Кеңгірбай ауылының шабуыл жайын тексере келіп, Әкәмидің бұл іске араласып Уақтан пара алып, ноғайдың жас солдаттарын жалдап жібергені анықталады. Кеңгірбай Уақтан кегін ала алмай кетеді. Кеңгірбайдың ауылын қамап, өзін әріске алғанда бір Уақ: «Әй, сенен-ақ көрдік-ау»- деп, сақалының ұшын кесіп алыпты. Міне, Құнанбайдың Әкәмиді сабап, шашын сай-сай ғып алып, бір жақ мұртын, жарты сақалын, қасын қырып тастағаны сол. Кеңгірбайдың ала алмай кеткен кегін қайтарғаны.

Табылдыны алып Құнанбай мен Барақ оязға келеді. Ояз Құнанбайға қаһарлы дауыспен: «Сені жазықсыз біреуді тонап, дүре салып, шашын мұртын, қасын құрдай қырып, азапқа салсын деп жібергенім жоқ! Қашқынды тапсын деп жібердік! Әкәмиді сабап, өзін масқаралап, мүлкін талап жолкесерлік қылуың қалай?!»- дейді. Сонда, Құнанбай: «Маған жабылмайтын жала бар ма? Партия қылатын кім – Құнанбай. Ауыл шабатын, барымта алатын кім – Құнанбай. Кім айдалсын – Құнанбай айдалсын. Кім абақтыға жабылсын - Құнанбай жабылсын. Құнанбайдың жақсылық ісі ұлыққа көрінбейді. Кім Құнанбайды жала жауып жамандап көрсетсе, соның сөзі мақұл болады. Енді Құнанбай жолкесер болып қараланады. Ақшаның буымен арақ ішіп, мас болып, өз қызметкерлерімен төбелесіп, таяқ жеген көпесті сабап, тонаған да Құнанбай болады. Құнанбайдың өз мүлкі өзіне жетеді. Басқаның мал-мүлкінің Құнанбайға қажеті жоқ. Құнанбайға екі аяғын басып тұратын екі алақандай жер бересіңдер ме, жоқ бермейсіңдер ме, болмаса Құнанбайдың көзін құрту керек емес пе!»- дейді. Сөйтіп, Әкәмидің Құнанбайдың үстінен берген арызы аяқсыз қалып, оны сабап, білгенін істеген, екі арғымағын алып кеткен Жуантаяқ жас жігіт болып есептеліп, одан екі арғымағын қуған Әкәми ештеме өндіре алмайды. Құнанбайдың қаһарына ілінген көпес енді оның саудасы қыр арасына бұрынғыдай шалқып жүре алмайтынын ойлап, үлкен қауыпта қалады. Құнанбаймен татуласпай, кірешілерінің жүре алмайтынын, саудасының пайдасынан қалатынын сезеді. Сондықтан ол Құнанбайға келіп, кешу сұрап, дос болуды қалайды. Құнанбай: «Достасуға да, қастасуға да жараймын деп бұрын айтқанмын»,- дейді. Екеуі содан бастап тату болып, Әкәмидің сұрауы бойынша Құнанбай қалаға келгенде сонда түсіп жүретін болады.

Табылдыға сот болады. Қаралаушы тергеуші одан жауап алады: -Тілмашты тонаған сен бе?- дейді. Табылды: -Мен тақсыр,- дейді.Тергеуші: -Неге тонадың, не жазығы бар?- дейді. Табылды: -Тақсыр, ол менің келінімді зорламақ болды. Қалай сабамайын оны? Егер біреу сіздің не қатыныңызға, не сондай жақын адамыңызға хайуандық жасаймын десе қайтер едіңіз? Сіз атып тастар едіңіз. Қайта мен тілмашты ол жолы өлтірмей, тірі тастап кеттім,- дейді. Тергеуші: -Майорды тонап өлтірген сен бе? Табылды: -Тақсыр, мен. Тергеуші: -Неге тонап, азаптап өлтірдің? Табылды: -Тақсыр, ол менің келінімді зорламақ болғанда мен өлтірмей, оған дүре салып, арбаға таңып кеткен едім, сонда өлтірмей кеткеніме өкініп жүретінмін. Екінші кездескенде оны өлтіріп, сені тыншытпай жүрген қасаң ғой, қасаңды тістеп жат деп қасасын кесіп алып тісіне тістетіп кеткенім рас. Тергеуші:

-Бұл өлтіргенің тілмаш емес, майор ғой. Табылды: -Тақсыр, көзі көк, өзі сары, шашы жалбыраған тілмаш сияқты болған соң, оны тілмаш деп өлтірдім. Майор екенін білгем жоқ. Тергеуші:

-Майорды өлтіргенде қасындағы кім? Табылды: -Тақсыр, қасымда ешкім болған жоқ,- дейді. Сөйтіп, Табылдының майорды өлтіргенде қасында біреу болғанына нақты куә табылмайды. Тірі қалған атшы: «Екі кісі сияқты болып көрініп еді, күн кешкіріп қалған мезгіл, боран еді»,- деп нақты мойындата алмайды. Сот Табылдыға ату жазасын кеседі.

Құнанбай мен Барақ Табылдыны бір күн кепілге сұрап алып, түнімен қастарына алып, ертеңінде бір ноғай молдасын қосып, атылатын жерге барғанша иман айтып баруын тапсырады. Табылдының басына ақ бөзден қапшық кигізіп, екі солдат айдап жүреді. Кетіп бара жатып Табылды молдаға: -Мына сирек қапшықтан екі жағымдағы солдат айқын көрініп келеді. Бұлардың біреуінің кеңірдегін суырып алып, анасы атқанша өлтіре алар едім. Онда қандай өлімнен өлгенім болады,- дейді. Сонда, молданың өңі қашып: -Онда шаһит өлімі болмайды,- дейді.

Сөйтіп, Семейдің шетіне апарып Табылдыны атады. Табылды атылған жерде қара ала ағаш бертінге дейін тұратын қазіргі станса жақта.

1874 жылы Құнанбай 70 жасында Меккеге бармақ болады. Елін жиып алып кешу алысады. Халық Құнанбайдың оң сапарын тілеп, аман келуін сұрасады.

Құнанбай қасына өзінің асырап алған баласы – Ізқұттұны ертпек болады. Ешкім де Ізқұттыны асыранды демейді. Оның асыранды болуының себебі былай: Құнанбаймен бірге туысқан әпкесі – Тойбаланы Найман ішінде Тоқабай табынан шыққан атақты бір ауылға ұзатады. Тойбала бала көтермеген соң, бірнеше жылдан кейін Тойбаланың күйеуі екінші әйел алады. Оған бірнеше жыл өтіп кетеді. Құнабай аға сұлтан кезінде, сол Тоқабай жағындағы съезге барып, әпкесіне амандаса барғанда, Тойбаланың үстіне тоқал алып, одан екі бала болғанын есітеді. Тойбаланың үстіне бұрынғы қайын жұртына хабарламай тоқал әперген қазақ жолына жатпайтын ғұрып деп, Құнанбай Тоқабайдың басты адамдарына құдасының үстінен шағым етеді. Менің әпкем бала көтермесе, баласына екінші әйел айттыратынын маған хабарлауы жөн еді. Мен елден бір балдызын берген болар едім. Не басқаны алуға ырзалық берген болар едім. Құдаларының ырзалығын алмай, не хабарламай, баласына тоқал әперуі қалай дейді. Осыдан Тоқабайдың билері қарсы дау айта алмайды. Хабарламай баласына екінші әйел әпергені үшін Тойбаланың атасына айып кеспек болады. Сөйтіп, тоғыз-тоғыздан айып кеседі. Сонда, Құнанбай: «Мен мал айып алмаймын. Алсам кісі алам және кісі алғанда өзім бала қылып алатын ана екі жиеннің біреуін аламын»,- дейді. Тоқабай билер айыпқа кісі беруге арланады. Оны берсек, құл берді дейді ғой жұрт деп қиналады. Екіншіден, Құнанбайдың қалағанын бермей, ренжітіп жақындықты үзіп кетпеу жағын тағы ойласады. Сөйтіп, билер Тойбалаға ақылдасады. Сонда Тойбала: «Оның алған бетінен қайтпайтын, өкпелесе көрмей кетуге шыдайтын, айтқан сөзін орындап, уағдасында тұратын қасиеті бар еді. Ал, жақыннан кетіспейік десеңіздер, баланы берейік»,- дейді. Тойбала солай келісіп, тоқалдан туған екі баланың кішісін Құнанбайға беруге келіседі. Құнанбайды қайта шақыртып алып, Тойбала: «Саған кіші жиеніңді береміз, өз балаңдай етіп өсіресің. Егер оған кемшілік көрсетсең, біреуге көз түрткі етсең, өлгенде екі қолым жағаңда болады, осынымды ұмытпа»,- дейді. Құнанбай «Өз баламнан кем ұстамаймын» деп уағыдасын береді. Баланы Құнанбай текпешекке салып, бір жорға құнанға мінгізіп алып келеді. Оның атын Ізқұтты қойып, бала қылып тәрбиелеп өсіреді. Ізқұтты өте өжет, қайратты жігерлі, сергек болып өседі. Ат үстінде де, жаяуға да әлді жігіт болып, әсіресе, айбалтаға өте шебер болады. Ізқұттының замандастары оның өжет және шапшаңдығын әңгіме ететін. «Ол өзіне төніп келген екі сойылды айбалтамен қағып, басына дарытпаушы еді»,- дейді. Құнанбайды жаулап Жігітектің, Көтібақтың жуандары ұры-қарыларды еліктіріп, Құнанбайды өлтіреміз деп жүргенде, Ізқұтты түнде Құнанбайды сыртынан күзетіп жүретін болған. Мұны сезген Құнанбай, Ізқұтты шақырып алып: «мені күзетуді қой балам, ажалым жетсе сен күзетсең де өлем, ал ажалым жетпесе, өлтірушінің қолы жетпес»,- дейді. Атақты қырғын соғыстың бірі – «Мұсақұл соғысы» деген болған. Мұсақұл деген жер аты. Сол жерге Құнанбай мен Бөжей таласып, қол жиып соғысқан. Атақты Қараке деген айбалта, найзаға шебер батыр Бөжей қолын бастап, Құнанбай қолына тиіседі. Сол соғыста Ізқұтты Қаракемен жекпе-жек келіп, Қаракені айбалтамен шауып, маңдай терісін мұрыны-мен қоса аузына түсіреді. Сөйтіп, қол басшысын түсіріп, жауын жеңіп шығады. Қараке өлмейді, бірақ беті тыртық, мұрны пұшық болып жазылады.

Міне, Құнанбайдың Меккеге ертіп барғаны - «Кіші қажы» атанатын атқосшы серігі осы – Ізқұтты. Сол Ізқұттыға Құнанбай әйел әперіп, енші беріп, қыстау беріп, бөлек ауыл қондырады. Оның екі әйелінен жеті баласы болып, бірнеше үйлі жан болып, өсіп өнеді. Ізқұтты Құнанбайдан тумады деп, мен де ойламаған емес едім. Оны кейіннен ғана білдім. Ізқұттыдан туған балаларды «аға, ата» дейтін едік.

1924 жылы Құнанбайдың бір шөбересі Ізқұттының баласы атымды ұрлады деп, жала жауып сотқа берді. Бірақ, сот бір жыл абақты кессе де, қуып ағарып шықты алты айдан кейін. Ол Ізқұттының кенже баласы Қажығайдар дейтін еді. Ол алты ай нақақтан жатқанына және «сен құлсың» деген сөзге қорланып Тоқабайлармен байланыс жасап, 1927 жылы Тоқабайдан жиырма шақты кісілер келіп, көшпек болды. Июнь айында олар Шәкәрім-нен ырзалық батасын аламыз деп, қоштасуға келді. Сонда мен 27 жаста едім. Кісі өлгеннен кем болмай, қатын-қалаш, бала-шаға, шал-кемпірлер жылап шулағанда естіген жұрттың тақаты қалмады. Сонда сақалынан жас сорғалап отырып, Шәкәрімнің айтқан сөзі күні бүгін құлағымда тұрғандай болады. Сондағы көрініс, күңіренген қоштасу әлі есімде тұрғандай жүрегімді елжіретеді. Әсіресе Шәкәрімнің: «Бұл мен өлген соң болмады ғой. Көзім тірісінде көрдім-ау»,- деп зарлағаны, ақ шашты аналардың, ақ сақалды аталардың бала, аға жеңгелердің жер күңірентіп жылаған дауыстары, ауыл адамдары бір белес Ізқұтты ұрпақтарын шығарып салып, қоштасып қалған көріністері көкейімде мәңгі қалды. Сөйтіп, Ізқұттының ең үлкен баласы – Молдахмет мұнда қалып, өзге алты баласы Найман Тоқабай ішіне көшіп кетеді.

Құнанбайдың Меккеге жүретінін естіген соң, Шәкәрімнің шешесі Төлебике өзінің күндесі Ботантайды, балаларын жиып алып ақылдасып, қалаға мал саттырып, Құнанбайдың жол қаражатына деп ақша апарып береді. Құнанбайды келін балалары «Тәте» дейді. Құнанбай Меккеге жүрерде екі келіні балаларын ертіп, батасын алып қаламыз деп Құнанбайдікіне келеді. Сонда Құнанбай үйінің бір жағына шымылдық құрғызып, екі келініне рұқсат беріп, өз үстіне кіргізіп алады:

-Қарағым келіндерім, мен сендерге үлкен борыштымын. Сендер бірің 34 жаста, бірің 29 жаста Құдайбердіден жесір қалдыңдар. Одан қалған бес баланы ер жеткізіп, тәрбиелеп өсірдіңдер. Балаға деген аналық мейірімдеріңді басқа ешбір өмірге айырбастамай, тек мына немерелерімді адам етіп шығаруға жұмсадыңдар. Міне сол еңбектерің бүгін өтеліп, бұлар ешкімге көзтүрткі болмай ер жетті. Екеуіңнің осы қарыздарың менің мойнымда, екеуің не қаласаңдар беремін деп еткен уағда бар еді. Және мынау отырған балаларым мен немерелеріме өлгенше сендерді сыйлап өтіңдер деп көзбе- көз тапсырмақ едім. Құдайберді - менің төл басым еді. Ол бір анадан жалғыз болып, жастай қайтыс болып, артына жас балаларын қалдырып кетіп еді. Сол ақ үрпек балапандарын аялап өсірген сендер. Сендердің бұл балаларда да өтелмес қарыздарың бар. Құдайберді өткенде балалары жетімдік көрмей, ер жетер ме деп арман еткен едім. Сол арман орындалды, оған құдайдан соң, екі келінім сендер себеп болдыңдар. Құдайбердінің балалары қағу-түрту көріп жүрсе маған арылмас қайғы болар еді. Сондықтан екеуіңнің менде қарыздарың бар деуім сол.

Құдайбердінің балаларының ренжігенін ұнатпасаң, өзің Әмірді неге байлаттың дейтіндер де болар. Мен Әмірді жын-сайтанға ерме, бұзықтық қылма, біреудің нақағын бұзып, құдай қоспаған, халық ұнатпаған іс қылма деп, Мұхаметжан екеуін байлаттым. Бірақ, босатып ақылымды айттым. Әлі де сендерге айтамын, арамдық, бұзықтық жолға түсіп, адамшылық арыңды кетірмеңдер. Қай-қайсының ардан безіп, арамдық қылсаң жолдарың болмайды. Адалды қолдасаңдар ғана құдайға жөн болып, халыққа жағасыңдар!-дейді Құнанбай.

Құнанбай Меккеге барған соң, ондағы жалпы жағдаймен танысады. Онда нашар, кедей адамдар келсе түсетін, тегін жататын орынның жоқтығын байқайды. Осы оймен ол Меккеге барған қазақ байларының басын қосып: -Біз осында Құдай жолы деп келдік бәріміз нашар емеспіз, жететін қаражатымыз бар. Ал, осында қаражаты жоқ, кемтар келсе қайда жатпақ, пұл төлеп жатуға шамасы келмесе не істемек? Сондықтан, біз ортамыздан ақша жинап, бір жатақхана салдырып, құдайы қылсақ, оған нашар кемтарлар келсе, үлкен сауап болмай ма? Және құр қажы болып қайтқанға мәз болмай, халыққа оның ішінде нашарларға жәрдемі тиетін іс істеп қайтқанымыз жөн емес пе? Бізді көріп тағы біреулер осындай игілікті істі істеп, бірте-бірте үлкен сауап істер істеліп жатпай ма? –дейді.

Осыны айтқан соң, қазақ қажылары орталарынан ақша жинап, бұл істі басқарып орындауды Құнанбайға тапсырады. Құнанбай ағаштан астылы-үстілі үлкен жатақхана салдырып, құдайы қылып, оған Қанатбай деген адамды күзетші, басқарушы етіп тағайындап қайтады.

Әрі өжет, әрі қайратты жас Ізқұтты, қайратты қайтып қалған Құнанбайға жол ауырлығын көрсетпей, елге алып келеді. Меккеден келген соң Құнанбай ел ісіне кіріспей, үйде отырып қалады. Ел ісіне оның балалары араласады. Қайратты Құнанбай дүние ісіне көз салып, көңіл аудармай, 1885 жылы август айында 81 жасында қайтыс болады. Денесі өзі Халилолла деген баласына салдарған, өз қорасы қасында Ақшоқыдағы зиратқа жерленеді. Құнанбай өте шешен сөз тапқыр адам болған. Оның сөйлеген сөзін естігендер Құнанбайдың сөзі бұлақтай ағып, өлеңдей қисынып тыңдаушыны ұйытып жіберетін еді деседі. Құнанбай нақыл сөздерді де қолданатын, бірді-жарым ауыз өлең де шығаратын адам болған. Бірақ, өлең жазып, оның жолына түспеген көрінеді. Нақыл сөздері, бірлі-жарым айтқан өлеңі ұмытылған: «Көптен ажал да жасқанар, адалдан арам да жасқанар», «Елге еңбек етсең бермесін аласың, қиянат етсең тамұққа жанасың», «Арсыздық малға байланысты, адамдық арға байланысты» дегендері бар.

«Көптің күшіне сен, басшының ісіне сен», «Жанымнан малым садаға, арымнан жаным садаға» деген сияқты нақыл сөздері де болған.

Құнанбай Омбыға айдалғанда жолдас болған бір адам, кейінгі кезде Сібірге айдалып, күні біткен соң қайтып арып шаршап Семейге жетеді. Қайыршы қалпында еліне баруға арланады және Құнанбай есіне түсіп, Құнанбай ауылын сұрастырып қалашыларға ілесіп, Құнанбай ауылына тартады. Бірде жаяу, бірде қалашылардың көліктеріне мініп, Семейден жүз шақырым жердегі бір ауылға келіп бір үйге шамасы бітіп зорға жетеді. Ол үй иесінен Құнанбай ауылына жетуге көлік сұрайды. Үй иесі: «Құнанбай ауылы анау тұр»,- деп қораны көрсетіп, бір бас білетін өгізін беріп: «есік алдына барған соң бас жібін түріп қоя бер ауылға өгіздің өзі келеді»,- дейді. Әлгі жолаушы Құнанбай ауылына келіп үйге сәлем беріп кіреді. Үйде көп адамдар отырады. Бұл есік жақта отырып қалады. Аз уақытта кейін Құнанбай әлгі жолаушыға қарап баяғы досы екенін танып, оған қарай орнынан тұрып бара жатып былай дейді:

 

Жаңылмас, қате баспас хан бола ма?

Тапжылмас, табан таймас жан бола ма?

Бәйгеге күнде қоссаң алдын бермес,

Тұлпарда арықтаса сән бола ма?

 

Кер заман кез келсе адам жаңылмай ма?

Кемеңгер келелі істе танылмай ма?

Айнымас таза жүрек, сенімді дос,

Тарығып, талған кезде табылмай ма?

 

Шықпайды жан, кесімді қаза келмей,

Асыл ерлер өтті ме наза көрмей?

Елі үшін еңбек етіп азап тартқан,

Мақшарда бейіске енер, жаза көрмей!–

 

деп, досын құшақтап амандасып, қасына отырғызыпты. Бірнеше күн силап, қонақ қылып, жақсылап киім кигізіп, ат мінгізіп еліне қайтарыпты. Құнанбайдың бұл жолдасы руы Керей, Бейсеке деген адам Құнанбай қайтыс болғанша соғымын, керек–жарағын алып тұрған.

 

* * *

 

Мен 1934 жылы бастаған Құнанбай туралы естелігімде: «Құнанбай әділ ақылды парасатты, еліне еңбек еткен адам болса, оны халқы сүйсе тарих тастамайды»,- дегенмін. Сол айтқаным бүгін дәл шықты.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1964 жылы 28 февральда шыққан санында «Ғасырлар қойнауынан Поляк перзенті – Қазақ туралы» – деген, және сол газеттің 1964 жылы 6 мартта шыққан санында «Ғасырлар қойнауынан – Барақ батыр, Құнанбай туралы» – деген екі мақала басылып шықты. Бұл мақалаларды жазған Ф.Стеклова.

Ф.Стеклова осы мақалаларды бұдан бір ғасыр бұрын айдалған Поляктың демократ революционер ардагер ұлы – Адольф Янушкевичтің күнделікті жазған хаттарына және сол заманда бұдан жүз жыл бұрын Парижде «Адольф Янушкевичтің өмірі және оның Қырғыздар даласынан жазған хаттары» деп басылып шыққан кітаптан алған көрінеді. Екінші рет сол кітап 1875 жылы Берлинде басылып шығады. Ф.Стеклова осында тарихта болған шындыққа сеніп жазған.

Осы екі мақаланы оқыған адам Барақ пен Құнанбай, және Қазақ жайы туралы қандай пікір айтар екен.

Адольф Янушкевич шылғи өтірік айтып отыр деуге кімнің адамшылық ары барар екен. Поляктың 25 жыл айдау жазасына кесілген демократ-революционері, халқының бостандығын арман еткен аяулы перзенті Янушкевичті кім қадірлемейді. Оның аты тарихтан мәңгі орын алды. Бостандықты көксеген жұртына еңбек еткен ердің келбеті адал адамдардың жүрегінде қалды. Озбыр өзімшілдер, басқаны көре алмайтын күншілдер алмаса, Янушкевичтің бір ауыз сөзін не асырып, не жасырып айтты деуге ұяты жоқтардың ғана аузы барады.

Янушкевич дәл көрген, білген уақиғаларын айтып отыр. Ол ешкімге де жалынышты емес. Оған өзінің ары ғана қожа. Ақыл-парасат иесі болған, құлашы кең халықтың болашақ бақытына сенген алдыңғыны болжай алған ойшыл Янушкевичтің қазақтың келешегі туралы айтқан саналы пікірінің үзіндісін айтсақ та жетіп жатыр.

Ол Густав Зелинскийге жазған бір хатында, қазақтың бір өлеңшісінің өлең айтқанын суреттей келіп, былай дейді: «Мен осының бәрін бүкіл дүние жабайы тағы деп санайтын адамдардың ортасында далада тыңдап отырмын! Бұдан бірнеше күн бұрын, екі ел болып партия тартысқан жиында, шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім. Сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп-білмеген жандардың жезтаңдай тілмарлығына таң-тамаша болып қол шапалақтаған едім. Ал, бүгін алдымда не оқи, не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Мен бұлардың өнеріне қайран қалудамын. Олардың әні жаныма азық болғандай жүрегіме жылу бергендей. Міне, осындай жандарды жабайы деуге бола ма? Жоқ, болайды! Еш мүмкін емес. «Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес. Күндердің күнінде  қырғыздың (қазақтың) бетпақшөліне де мәдениеттің рухы кіреді, оның ұшқынынан жарық сәуле пайда болады. Сөйтіп бүгінгі көшпелі қырғыз-қазақ қазір өзінің басынан аса қарап тұрған халықтардың ортасынан ойып орын алатын күнде тақады!».

Янушкевичтің осы терең қатесіз ойының өзінен қандай адам екені айқын көрінеді. Сонау 1846 жылдарда осындай саналы, ақиқат парасатты ойды кім айта алады екен? Қандай адам Янушкевичтің осы айтқанын теріс деп айта алар екен?

Бұл Янушкевичтің айтқан үзіндісін келтіріп отырғаным әлі де болса, оның айтқанына сене қоймайтындар болар дегендіктен бірақ, жоғарыда айтылды, бір есалаң біреу болмаса, Янушкевичті қате айтты деп ешкім де айта алмас.

Янушкевичтің Барақ сұлтан туралы не айтқанын, Бараққа қандай баға бергенін өздерің оқып көрерсіңдер! Өзім естелік жазып отырған Құнанбай туралы Янушкевич не айтты қысқаша соған тоқтайын.

Адольф Янушкевич ең алдымен патша үкіметіне қаны қас адам ол халықтардың ортақ азаттығын ұран етіп ұстаған демократ- революционердің бірі. 1846 жылы Густав Зелинскийге мынандай хат жазады: «Ташкент – Бұхар – Қырғыздар (қазақтар) арасындағы дау маған – халқының ішінде қадірі жүрген бүкіл дала тайпаларының жарық жұлдызындай екі адамын танытты. Мен саған Барақ Сұлтан мен Құнанбай би жайынан аз ғана әңгіме шертейін»- дейді. Сөйтіп, Барақ пен Құнанбай туралы айтады.

Құнанбай туралы Янушкевич былай дейді: «Құнанбай би Барақтан бір-екі жас қана үлкен бұл да бүкіл әлемге әйгілі адам. Құнанбай қара халықтан шыққан, жаратылыстан ақыл-парасаты дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды, оған жақсылық қылсам дейді. Елінің ежелгі жол-жобасына, әлқұранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Россия өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережесіне жетік. Қара қылды қақ жаратын әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры, оны жұрт пайғамбарындай көреді. Сондықтан, одан ақыл кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатыр. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қызметке сайланып қойылған. Елден ерек білгіштігінің арқасында, бұл қызметті тасаяқтай қағыстырып, тамаша, жақсы атқарады, оның айтқаны екі болмайды, қабағын қақса іс орнына келіп жатады.

Жасында ол сұлу жігіт екен, қазір шешектің дағынан беті шұбар болып қалған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек шығып өлім аузынан қалыпты. Құнанбай бұлбұлдай сайрап сөйлеп кеткенде, тыңдаған қалайық бетінің шұбарын мүлде ұмытады. Көркін кетіріп, ажарын алған ауыр науқастың зардабын айтқанда, ол өзі де тебірене сөйлейді. Сонда мұның тілегін тілеп, саламаттығын сұраған халықтың ықыласына сіңірген еңбегіне, қадір-қасиетіне айғақ болғандай.

–Жанталасып қиналып ажалмен алысып жатқанымда, зар илеген қалың топ басыма тігілген отауды күні–түні бірдей қамап тұрып алды. Елімнің көл қылып төккен көзінің жасы мені обып болып бара жатқан өртті сөндірді. Халқым менің өмірімді алладан сұрап алды,– деді.

Оннан аса сұлтан, бес-алты мырза бүгін бізден шай ішті. Осы ру басы ел иесі деген барлық ақсүйектердің шама-шарқын Поляктың: «Паң сарайына, сарайы паңға сай» – (ағама жеңгем сай, яғни, ақ сүйектердің ақылы басынан аспайды деген мағынада) деген жалғыз ауыз мақалымен бітіруге болады.

Барақтың қасында ақсүйектерді (сұлтандарды) жан деуге болмайды. Ал, бай атаулы Құнанбайдың ұлтарағына тұрмайды»,- дейді Янушкевич.

Осы Янушкевичтің Құнанбайға берген бағасы. Янушкевич тарихи болған халқын сүйген, халқы оны сүйген Құнанбайды айтып отыр.

Естеліктің басында да айтқанмын, тоғышар өзімшілдер, күншілдер жамандағанымен – халқы үшін еңбек еткен, халқы ардақтаған адамын тарих жойған емес! Сондықтан, Құнанбай мәңгі өшпейтін адам.

 

* * *

 

Янушкевичтің Құнанбайға қандай баға бергенін, халық Құнанбайды қалай қадірлеп, қалай құрметтегенін айтық. Енді осы өзіміз білетін заманда, Аякөз қаласында туып өскен Сабыржан Ғаббасовты кім білмейді? Сондай ардагер азаматты кім қадірлемейді. Ақ бандыларының қолынан азаппен өлтірілген жас коммунист Сабыржанның өліміне кімнің жаны ашымайды. Ол Совет адамдарының жүрегінде қалып, тарихтан мәңгі өшпес орын алды. Ол Совет өкіметін орнатуға бар күш-жігерін салған, ақ бандылармен ашық шайқасқан ардагер жалынды жас революционер, әрі қалам қайраткері еді.

Ғаббасов «Айқап» журналының 1915 жылғы 6 санында «Тарих қазақ жайынан» деген ұзақ мақалсында былай дейді: «Марқұм Құнанбай мырза өте ақылды, сабырлы, халық сүюші, ғылым мағрифатқа құмар, биік дана азамат еді»,- деп мақтайды Құнанбайды. Ғаббасовтың айтып отырғаны Абайдың әкесі Құнанбай ма? Жоқ басқа Құнанбай ма?- деп күдіктенушілер болар.

Ол Абайдың әкесі Құнанбайды айтып отыр. Ғаббасов осы мақаласында және былай дейді: «Баласы марқұм Абай Құнанбай мырзаның кім екенін жұртқа білдірді. Өткеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза мен Абай марқұмды жұрт жадына қадірлі ақсақал Шәкәрім мырза Құдайберді баласы да түсіреді» деген. Міне, Ғаббасовтың айтып отырғаны – біз естелік жазып отырған Құнанбай екені анық. Янушкевичпен Ғаббасовтың айтып отырғандары Абайдың әкесі Құнанбай. Ғаббасовтың жоғарыда жазған сөзіне қарасаңыз да Құнанбайдың қандай адам болғанын байқайсыз. Янушкевич те, Ғаббасовта тарихта болған. Халқы сүйген, ақылды, шешен, адал, парасатты халқына еңбек еткен Құнанбайды айтып отыр.