ТӨЛЕУ АҚЫННЫҢ ТӨРТ КЕЗДЕСУІ


1898 жыл. 22 жасымда Тобықты, Жігітек рулары ұрлаған екі жылқымды іздеп шығып, Шыңғыс тауының сыртында «Кең қоныс» деген жерде отырған Абайдың ауылына келдім. Абай ауылына жақындағанымда алдымнан екі кісі жолықты. Олар Абайға амандасуға келе жатқан  Төленгіт Наушабай деген ақсақал екен. Жөн сұрасып болып,  төртеуіміз Абайдың үйіне келіп түстік.  Наушабай Абаймен бұрыннан таныс, сыйлас адам екен. Құшақтасып амандасты. Абай біраздан кейін менің жөнімді сұрады. Мен әке-шешемнің атын айтқан соң, балам шешең сау ма? – деді., мен аман-сау, - дедім. Алдымызға қымыз әкелгізді. Қымыз ішіп болған соң, Наушабай дәрет алайын деп тысқа шығуға қозғалды. Абай: - Наушабай, сен намаз оқушы ме едің?, - деді. - Иә, оқушы едім, - деді. - Олай болса, қонақ үйге барып оқы, - деді, біздің қасымызға бір жас жігітті қосып беріп, қонақ үйге жіберді. Наушабай намазын оқыды. Шай әкелді, шай іштік. Күн кеш болды, сонда қонатын болдық. Күн батып, шам жаққан соң Абай келді. Наушабай екеуі әңгімелесіп отырысты. Бір мезгілде Наушабай Абайға: - Абай, Сіздің әкеңіз Құнекең аса діншіл адам еді, сені қалайша дінге үйретпеді? Әкеңнің жолын неге ұстамадың, - деді. Сонда Абай: - Наушабай оның рас, әкем дін ұстасын деп жас күнімде Семейге медресеге берді, бірақ мен ақылым кіре білімге ұнамсыз екенін біліп, дін жолын ұстамадым,- деді. Наушабай: Сені кәріне алмады ма деп еді, алған жерлері де болды, бірақ ақылмен, дәлелмен мойындатпаған соң, қорқытқан, ұрысқан сөзіне ермедім, - деді. Наушабай: Құнекемнің нендей ұрысқан жері болды? - деп еді. - Жарайды сіз қоймадыңыз ғой, біраз әңгіме айтайын, - деп әңгімесін бастап кетті:- Менің жастау күнімде Ақшатау деген жерде Арғын, Найман жиылған үлкен съез болды.  Сол съезге барып енді үйіме қайтып келе жатыр едім, өзіміздің Тобықты Көкше Қаратай деген, бұрын ел ортасында шешен, білгіш атанған ақсақалға кездестім. Ол кісі менің әкеммен тұрғылас адам еді, тоқтап сәлем бердім, Қаратай сәлем алды. Бетіме бажырайып қарап тұрып: - Ой, бала, сен «бұрынғы адамдардан кейінгі біздің заманымыздағы жастар ақылды, білімді болады» дегенің рас па? - деді. Ол менің бұрын айтпаған сөзім еді.  Аз ойланып тұрдым да, айтқаным рас, - дедім. Сонда Қаратай ашуланып былай деді:- Бізде мақал бар: «ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» - дейтінбіз. «Қой асығын қолыңа ал,  қолайыңа жақса, сақа ғой», - дейтінбіз. Сол екі жолды ұстанып, бірлікті бұзбай, ат-асымыз көп болатын, бір басшыға билетіп, соның айтқанынан шықпайтынбыз, ендігі жастар, сендерге мұндай бірлік жоқ, бас бастарына би болып, мұнар тауға сыймағансыңдар, «бұрынғы адамнан қайтып ақылды, білімді болдық» деп айтасың, «атадан бала шерік кем туады» деген, Өскембайдан  Құнанбай шерік кем туды, сен Құнанбайдан шерік кем тудың, сенің барлық білімің Өскембайдың жартысындай-ақ емес пе, бұдан былай мұндай сөзді айтушы болма, - деді. Сонда мен:1. Қареке, сіздің айтқан көп ат, көп асыңыз адам жейтін тамақ емес еді, сендер бір малдарың арам өлсе, «сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа» деп жедіңдер. Малдарыңды қасқыр өлтіріп кетсе, «ер сарқытын ер жейді» деп, оны жедіңдер. «Бір малдың денесінің бірі адал, бірі арам бола ма» деп, бауыздап қанын жедіңдер. Біздің заманымызда ондай затты итке тастаймыз. Ол асымыздың көптігі емес пе.2. Сіздің заманыңыздағы адам түйе мен қой секілді болған. Жүз түйені бір шал бағады, шөк деп айқайласа, түйе тоқтай қалады. Мың қойды бір бала жаяды, шайт деп бір тас лақтырса, қой үйіріліп қалады. Ендігі адам жылқы сықылды. Жылқы соныдан соны шөп іздеп, бет-бетімен жайылады. Орынсыз әйт-шайға көнбейді, бізді бағуға қар жамылып, мұз төсенген қайратты ел жарайды. Қолдан құйған қой асығына біз бағынбаймыз. Сондықтан кейінгі жастар Сіздерден артық деп білеміз, - дедім.Сонда Қаратай сасып қалып, «ал ол сөзің дұрыс-ақ болсын. Дүниенің нұры Мұхамбет пайғамбар еді, сол пайғамбарға біздің туысымыз жақын емес пе?» - деді. Мен айттым: «дүниеде жарық нұр беріп тұратын күн. Күнге таудың басы жақын, бірақ осы биік таудың басында жаздай қар жатып, адам баласының  еш керегіне жарамайды.  Жазық дала күннен алыс, онда егін, шөп, жеміс шығып, адам мен мал содан пайдаланады. Сіздердің пайғамбарға жақындық-тарыңыз сол таудың басында күнге жақындығы сықылды кәрлі, суық, пайдасыз жақындық, - дедім.Сонда Қаратай:- Қап, бәлем, сені әкеңе айтып жазаңды бергізерміз,- деп жүріп кетті. Сол күні мен үйіме келдім. Әкемнің ауылы бөлек еді. Күн шыққан соң оянып, тысқа шықсам, 2-3 жолдасы бар Қаратай әкемнің үйіне кетіп бара жатыр екен. Мені шаққалы келе жатқанын білдім де, үйіме кіріп киініп, мен де бардым. Сәлем беріп үйге кірісімен әкем ұрысып ала жөнелді.  Қасына жақындамай босағада отырдым.  - Сен үлкенді сыйламайсың, құдайды білмейсің. Сенің көзіңді ойып, тіліңді кесейін деп жатты.  Мен қарсы сөз айтпай, тек отырдым. Ашуы басылған кезде  Қаратай масайрап, жау жеңген кісідей киімін шешініп, түзге шықпақшы болғанда, мен де бірге үйден шықтым.  Менің бетіме қарап: - Бала, қалай екен, кешегі шешендігің қайда, неге сөйлемейсің? - деді. Сонда мен айттым: - Япырай, сіздің ұятыңыз қайда, әкем мені ақылмен, сөзбен жеңді ме, сөздің жөнін айтсам, таяқпен ұрғалы отыр. Сіз сол шалыңмен мені тең сөйлестіріп, сонда жеңілсем, сонда айтсаңыз керек емес пе, қол зорлықты мақтан қылғаныңыз жөн бе? - дедім.- Бар, үйіңе кет, саған сөз айтып болмас, - деді. - Мен өз үйіме қайтып кеттім, - деді.Наушабай: - Абай, сен тілге, ақылға біздің қазақ баласынан астың ғой, көп адаммен сөйлестің ғой, сонда ақылыңа, сөзіңе орайлы сөз, ақыл тауып айтқан кісі болды ма? - деді.Абай азырақ ойланып отырды да:- Менің Әбдрахман деген балам бар еді, 9 жасында Семейге орыс мектебіне оқуға бердім. Ол школды оқып, бітірген соң Петербургқа оқуға жібердім. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге  келді.  Қарастырып байқасам, оқуды жақсы білген көрінеді. Баламның ақылын сынап білейін деп ойладым да бір күні жай әңгімелесіп отырдым. - Қалқам, Әбіш, осы жаратылыста ақ затты нәрсе асыл ма, қара  затты нәрсе асыл ма? - дедім. Әбіш: - Ақ затты нәрсе асыл ғой, - деді. Мен: олай емес, қара затты нәрсе асыл, - дедім. Бетіме  қарап күлді де: - Қараны қалай асыл дейсіз?- деді. Мен айттым:1. Адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді. Көздің ағы көрмейді, ортасындағы  кішкене қарашығы көреді. Қараның асылдығына осы дәлел.2. Қағаз ақ, одан адам оқып білім алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер, білім алады.3. Жас шақта адамның сақалы, шашы қара болады. Қартайса ағарады: жас күнде ақыл, білім қайрат көп болады. Шаш, сақал ағарып қалғанда қартайып ақыл, білім азаяды. 4. Мұхамбет пайғамбар құдайдың дидарын көруге қараңғы түнде барыпты дейді.  Күндіз ақ жарықта бармапты. Түн қара емес пе. Сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, - дедім.Сонда Әбіш: - Оның бәрін немен ойлап білдіңіз? - деді. Мен: - Ақылмен ойлап білдім, - дедім. - Олай болса, ақыл мида болмай ма, ми ақ емес пе? - деді. - Екінші ақыл - нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? - деді.  Мен баламның тауып айтқан сөзіне разы болдым. Маңдайынан иіскедім.- Әй, Наушабай, сол Әбішімнің қайтыс болғанына биыл үш жыл өтті. Арманы әлі көңілімнен кетпейді, тірі болса, қазаққа зор басшылық қызмет етерлік адам болар еді, - деп көзіне жас келгендей болып үндемей отырып қалды. Онан кейін Наушабай сөз айтпады. Біз сол түні қонып, ертесінде жүріп кеттік».1891 жыл. Сентябрь айы. Қазақтың қойын қырқып, жүнін киіз басып жататын уақыты еді. Мұқыр болысына қарайтын Көкше еліндегі Аманжолдың баласы Бушан деген кісіні далада бір жау өлтіріп кеткен, соны біздің Шақантай деген еліміздің ұрылары өлтірді деп жала жауып, үстеріне арыз беріп, ішінде Бөдес деген жақсы кісіміз бар, төрт кісіні Қарқаралы арқылы шақыртып алып, Семей түрмесіне тұтқынға алған.Сол Абақтыға түскен кісіміз туралы Абайдан ақыл сұраймыз деп, алты кісі үйден шықтық. Мырзақан, Мәмбетей, Шоқбас деген жақсы адамдарымыз бар. Мен сонда 25 жаста едім. Жалпақ деген асудан асып, Аршалы мен  Ащысудың бойында отырған елге келіп, Ащысуды өрлей отырып, Абайдың ауылын таптық. Көкшенің Күйген бұлақ деген жерін сұрап, қонып, күзеп отыр екен. Үлкен  үйіне киіз бастырып, өзі оңаша ауылдың артына тіккен қонақ үйінде төсек-орын, көрпе-жастық, орамал, дастархан деген сықылды шаруашылығымен уақытша Еркежан деген бәйбішесімен екеуі отыр екен. Алдыңғы ауылында сыртылдаған сабау, шиге салып тепкен киіз, бір жерлерде білек салып, киізді баурап жатқан топ-топ әйелдер, үйді айнала «соқ, соқпасаң, тулақ шашу жоқ» деп жүгіріп ойнап жүрген  жас балалар. Тулақ шашуды жүн сабаған әйелдерге,  қой қырыққан қырықтықшы еркектерге береміз деп, даладан қазған жер ошақ, сойылған мал, асылған ет. Киізді шиге салып, домалатып, тартып, аяқтарымен теуіп жүріп, бірінің-бірі қолдарын иығына артып, екі-екіден ән салып жүрген әйелдерге қымызды үлкен шелекке құйып, қолына сырлы аяғын ұстап апарып беріп жатыр. Біреулері түрегеп тұрып, біреулері отырып ішіп, бірін-бірі ойнап түртіп қалып, қымыз шайқалып аузына төгіліп, былқылдап-сылқылдап, үйдің маңына жақын барса, ол үйдің әйелі алдына табаққа ірімшік, құртын салып, үстіне сары майын салып, алдарынан алып шығып, оны жас балалар талапайлап алып қашып, оған бір әйелдер ұрысып, бір әйелдер күліп көкбарын алып қашқандай  балалар бірінен-бірі алып қашып, ду базар той болып жатқан бір ауыл.Абайдың  келген қонақты алдынан шығып түсіріп алып тұратын, сайлап қойған бір-екі жігіттері болады екен, сол жігіттер  алдымыздан шығып, Абай өзі отырған қонақ үйге түсірді. Сәлем беріп, кіріп келдік. Келсек, Абай дөңгелек сырлы аласа үстелді алдына құрып, үстелдің шетіне үлкен мамық құс жастықты қойып, жастыққа омырауын төсеп, қолына бір кітап алып оқып отыр екен.  Не кітап екенін біз білмейміз. Сол жақтағы тізесіне жақын, көл жағасына саятқа шығып, салқындай сазда отырған аққудай бәйбішесі Еркежан отыр екен.  Абай біз кіріп келгенде кітабын жауып тастап орынан түрегелді.  Мырзақан, Мәмбетей,  Абаймен жақсы құрбылас, бұрын көріп жүрген таныс адамдары, түрегеп тұрып, төсіне төсін тигізіп, құшақтасып көрісті. Олардан кейін сол құшағын маған да жайып тұрды. Мен Абайға қолымның ұшын ғана әзер бердім. Оным Абайды жастық, жамандығынан  қорынғаным ба,  әйтеуір Абайдың құшағына кіріп көрісуге  бата алмағаным айқын. Ел-жұрт, ауыл-аймақ, ер-азамат аман ба, - деген қазақтың рәсімі амандығымен аман-есен айтысып отырыстық.Соның арқасында, айтқанша болмай, дыбысы суылдап, ақ көбігі бұрқырап екі кісілеп көтерген самауырын шай келіп қалды. Үстелдің үстіне дастархан жайып, оның үстіне ақ бауырсақ, ақ тоқаш, қант, кәмпит, өрік, мейіз неше түрлі жемістер араластырып түгел төкті.Мырзақанның дәм шайнайтын тісі жоқ еді. Сондықтан бауырсақты бәкімен жарып, шайға салып жейтін еді. Қантты кішкене тістеуік  темірмен ұстап, шағып аузына салып отыратын еді.  Алдымызға шай жасалған соң Мырзақан бәкісі мен  тістеуік темірін қалтасынан алып үстелдің үстіне қойды. Сонда Абай: - Мырзақан, мына көкпеңбек темірің не, біреуді жарып тастағалы отырсың ба? - деп күлді.  Мырзақан: - Тісім жоқ, қантты шағып, бәкімен  бауырсақты  жарып жеймін, - деді. - Тіс неге салдырып алмайсың, - деді Абай. - Тісті қайтып салады, тіс салына ма, - деді Мырзақан таңырқап.- Тіс салынады, мен салдырып алдым, - деп жалған тістерін көрсетті Абай.  - Оны қалай салады? - деді тағы да Мырзақан Абайдың бетіне қарап. - Оны Семейде салады. Мен тоғыз тісім түсіп еді, тіс салушыға барып, тіс салып бер, - дедім. Тіс салушы тоғыз тіске он теңгенді берсең салып берем, - деді. - Мен оның үстіне бір теңгеден қосып, жүз теңгеден берейін, бірақ жақсы ғып салып бер, - дедім. Айтқанымдай жақсы ғып салып берді. Жақсы болды, - деді.Алғаш аузыма салғанда бөтен бір нәрсе тұрғандай, тіпті жабағы жүн тістеп отырғандай, ішім бысып, қапа болып, оған мен де шыдап, үш күнге дейін аузымнан алмадым. Содан кейін үйреніп кеттім. Осының бірін алып қойсам, орны олқыланып тұратын болды.  Таңартең бір шайып, жатарда алып бір шайып, салып отырам, әйтпесе базданып, иістеніп кетеді. Жақсы болды тамақ шайнауға ешбір кемшілігім жоқ. Сен де тіс салдырып ал, - деді. - Жүз теңгеге тіс салдырғанша, жүз теңгеге жұмсақ, тәтті тамақ алып ішсем болмай ма, - деп күлді Мырзақан.- Дүниеде бір күн тұрсаң да, салдырып алған жақсы, - деді Абай.Ол уақыттар ақшаның қамбат күні, мәселен жүз теңге жүз тоқты, үлкен болса,  50 бойдақ.Осы Абайдың тісі туралы сөзден сөз туып, «япырмай адамға тіс те салады екен», - деп әлгіні таңырқап отырдық. Абайдың тісін көзіміз көрмесе, нанатын емес едік, өйткені халықтың мәдениеті өнер-білімге тіпті қараңғы кезі еді.Сонда Абай отырғандарға: - Сіздер тамаша қып таңырқап отырсыздар. Бұл тіс деген  ұсақ нәрсе. Адам баласының табатын өнері, білімі әлі көп. Құдай тағаланың адамнан асыл жаратқан мақұлығы жоқ. Адам баласына жансызға жан салуға рұқсат жоқ, одан басқаның бәрінің де кілті бар. Өнер білімнің кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіздер, құс болып, қанат қағып аспанда, ұшып жүргенді де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, өзгерісі болады. Адам баласы осы күнгі балалардың мал өсіріп, сенен мен артық бай боламын деп таласқан бәсеке байлығындай, өнерге сенен мен артылам деп өнер  арттыруға таласады. Мал байлық бәсекесі болмайды, өнер бәсекесі болады. Осы күні көз салатыны да бар, бұлардың бәрі де ұсақ өнер, келешектегі болашақты әрбір тәжірибеден көріп, сезіп отырмыз. Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз, біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер, - деді. Бұл менің көз көріп, Абайдың аузынан естіген  естегі сөзім.
* * *Мен өмірде Абайдың алтын жүзін төрт-ақ рет көрдім. 1896 жылы ақырғы рет Семейде көрдім. Жатқан пәтер үйіне сәлем берейін деп келсем, үй сыртында, ашық қораның ішінде жүр екен. Қасында орта жасқа келген бір адам жүр. Өз елінің адамы болуы керек, кім екенін, аты-жөнін білгенім жоқ. Қасына келіп сәлем бердім.  Сәлем алып амандасты, Абайға келгендегі ойымдағы мақсат жалғыз сәлем емес, аузынан басқаша сөз есту. Сөзіне сұлу қыздай ғашықпын. Ұқпасам да, ұстамасам да естігім келе берді. Сонша құмар болсам да, Абайды бірдеме деп жанап сұрап сөйлете алатын кісі тағы мен емес. Сөйлетуші біреу болама екен, болмаса өзі сөйлесер ме екен деген ойым. Абай құдайдың күнін көрерлік, ашық әуеге шығалық деп далаға шықты. Күн шығармақ ыстық еді.  Үйдің көлеңкесінде бір бөренеге келіп отырды. Үстінде қазақша тіккен бешпет - шалбары бар.  Белағаш жақтағы қалың қарағай көрініп тұр. - Осынау қалың қарайған қарағай ма, - деп сұрады қасындағы адамнан..- Иә, қарағай, - деді ол адам.- Оның ар жағында не бар?- Оның әр жағында пәлен жер бар, - деді қасындағы.- Онан әрі не бар?- Одан әрі пәлен бар,- деді қасындағы тағы да.Мен ішімнен  Абай осы жерді өзі білмей ме, әлде әншейін мынаны жас баладай сөйлетіп, ермек қып отыр-ау. Ана байғұс өзіңіз білмейсіз бе, менен несін сұрайсыз деп несіне айтпайды екен деп ішімнен ойладым да кетіп қалдым. Абай мен көргенде  екі түрлі мақаммен сөйлейді екен. Бір түрі сыбырлап сөйлегеннің алдында баяулатып, қоңыр майда үнмен сөйлейді.  Екінші түрі көтеріңкі, күңгірлеген, адамға не қатты емес, не ақырын емес, құлаққа бір түрлі жайлы тиіп, қоңырлатып сөйлейтін еді. Абай сөйлегенде мейлі ескі ғасырларда болып өткен пайғамбарлардан  сөйлесін, мейлі патшалардан сөйлесін, болмаса өзінің өміріндегі көрген-білгендерін сөйлесін, қандай әңгіме сөйлесе, сол айтылып отырған затты көз алдына елестетіп, көрініп тұрғандай ұғынатын еді. Адамға сөздің кестесін өрнектеп, ұғындырып айтуы сондайлық, өзімше ойладым, Абай үзбей сөйлеп отырса, мейлі ескі тарихтан сөйлесін, сөз ұғуды талап етіп, құлағын төсеп, көңіл берген ынталы талапты адамның бір сөткеге ұйқы, тамақ ойына келетін емес. Тек Абай сөйлеп отырсын, Абайдың бір сәтке әңгімесін тыңдаған адам баласы өмірлік азығын арқалап алып шығуына болады.  Бірақ мен ақымақтығымнан өмірлік түгілі бір күндік те алып шығып пайдаланбадым ғой. 
Төлеу Көбдіков.30/I – 1945 жыл.