(«Абай жолы» роман-эпопеясының желісі бойынша)
Қатысушылар:
Дәрмен – жетім өскен жігіт.
Мәкен – Дайырдың ғашығы.
Абай – халық жанашыры, Дәрменнің ұстазы.
Әбіш – Абайдың баласы.
Мағаш – Әбіштің жұбайы.
Кәкітай – Абайдың інісі Ысқақтың баласы.
Әлмағамбет – Дәрменнің жолдастарының бірі.
Баймағамбет – Абайдың атқосшысы.
Дайыр – Мәкеннің әмеңгері.
Оразбай – алпауытты бай, Абайдың дұшпаны.
Қорабай – Дайырдың қолшоқпары.
Сейсеке – Есентайдың танысы, бай.
Есентай – Оразбайдың жақтасы, бай.
Шұбар – Абайдың бауыры.
Юнусбек халфе - мешіт дінбасысы.
Шәрібжан халфе – мешіт дінбасысы.
Маковецкий – ұлық.
Әбді – Дәрменнің жолдастарының бірі.
Әбен – Затон тұрғыны.
Айша – Әбеннің әйелі.
Сейіл – Абайдың танысы, қайықшы.
Түсіп – қайықшы жігіт.
Сот бастығы, тілмаш, офицер, председатель, қайықшы жігіттер, биші арулар.
1-шымылдық
1-перде
Айлы түн. Ауыл шеті. Қос ғашық шығады. Баяу толқыған ғашықтық әні ойнап тұрады.
Дәрмен. Осынау жиырма күн бойында сен менің жүрегімде бұрын өзім біліп барлап көрмеген өзгеше жалын тудырдың. Сенің жіңішке, сұңғақ бойың, сұлу көзің, шиедейін ернің, барынша нәзік сүйкімді жүзің маған өзгеше боп көрінеді. Гүлдей аңқыған исіңмен, жалындай ыстық лебіңмен бар тұла бойымды билеп алдың. (қимастық сезіммен) Сені қалай ғана өзге жанға қиярмын?
Мәкен. (ажары мұңлы) Сенің басың маған қандайлық екенін айтпай-ақ қояйын. Екеуміздің арамыздағы махаббат ыстық сәулелі, өзгеше таза қасиет сезімінен әсер ала туған махаббат есепті... Қанша сүйіп, жалын құша жүрсем де осы күйімді ешкімге, еш шақта ашпай сақтап қалу қолымнан келер деп жүруші едім. Уақыт өткен сайын шыдамсыздыққа көбірек ұшырасамын... Шыдай алар емеспін... (көзінде жас). Сенен айырылмақ ниетім жоқ.
Дәрмен. Жаным, аспандағы айым, менің де сені өзгеге қиярым жоқ...
Мәкен. Қорқамын... Дәрмен. Сенің басына қонған бақ емес, пәле боламын ба деп қорқамын.
Дәрмен. (жалбарына) Алмашы ауызына, ондай сөзді... Мәңгілік сертім болсын: мен сені әрдайым қорғап өтемін.
Дайырдың айғайы алыстан естіледі.
Дайыр. Мәкен қайдасын? Анау тұрған Мәкенсің бе? (әмір ете)Бері қарай бас, бері, маған бұр мойныңды? (Мәкен оның қасына тақалады) Бері таман жүр! Бас бері қарай! (Мәкенді қолынан тартады) Үйіңе қайт, қазір кет мынау кесір топтан! Шешеңнің қасына жет! Аз күнде келемін де аламын!
Мәкен. (қабақ шытып) Сізге не көрінді? Мұнша тасырлап неден бүліндіңіз?
Дайыр. Доғар сөзді, алма бетімнен! Жөнел қазір үйіңе!
Мәкен. Ақырмаңыз! Мен сіздің әйеліңіз болғам жоқ әлі. Болам деп те жүргем жоқ!
Дайыр. Өшір үніңді, жүзі қара!(қамшымен тартып жібереді)
Мәкен. Қуарған! Жауыз! (Дәрменге жалына қарайды)
Дәрмен. (қатуланып,араша түседі)Тоқтат! Айуанбысың? Не деген арсыз адамсың!
Дайыр. Тұр былай жолымнан. Ара түсем дейтін шығарсың, жерге қағармын шетіңнен!
Дәрмен. Мәкенді сендей айуанға қор қылмаспын! Әлім келгенше алысып өтермін.
Екеуі алыса кетеді.
Дәрмен. Қызды еркіне жібер. Өз қалауын жасасын.
Дайыр. Тапқан екенсің ақымақты. Мәкен менің өмірлік қосағым, жесірім. Оны менен ешкім тартып ала алмас!
Мәкен. (жан-жағына жалтақтай қарап) Кім бар? Көмектесіңдер... Қойындар енді! Қойсаңдаршы... өлтірді-ау... Көмектесіңдер!
Әбіш. (даусы алыстан естіледі) О не, немене, бұл кім?
Дайыр. Сенгенің Абай шығар! Абайың түгіл құдайынды пана тұтсаңда жерге тығармын! Ендігі ісім сенімен болсын! Сертім серт. Тарттырармын сазайыңды! (кетеді)
Мәкен. Еш жеріңе зақым келген жоқ па? Мен үшін сен күйетін болдың-ау?
Дәрмен. (ашуланып) Жаным, о дегенін? Сен үшін алысып өлсем арманым жоқ... Сені біреудің аяққа салып, таптағанын көріп тұра алмаймын?
Мәкен. Мәңгі қашқын болып өтуім бар, енді қайтіп Дайырдың жүзің көруден сескенемін. Құтқара көрші мені мына дауылдан...! (көзіне жас алып) Мен сендікпін... Жалғыз тастай көр ме мені!
Дәрмен. Ғашық жарым... (құшақтасады)
Әбіш. (жөтеліңкіреп) О немене? Жаңағы үстірт жүрген кім? Сендерге не болған?
Дәрмен. Әбіш аға, енді шыдай алар емеспін. Дайырдың осы салған әлегі де жетер! Абайдай әз ағаның басына кейіс салмай өтсем деуші едім. Жұртқа әлек салам деп қорқамын...
Әбіш. Дәрмен, сен жасқанба! Мен білемін, сен, әсіресе, Абай ағанды қинаймын ғой, дос-жаранды әлекке салам ғой деп жасқанатын шығарсың. Ең алдымен осындай күдікті жой. Әрине, жеңіл емес. Ауыр әлек, үлкен салмақ саласың дос-жараныңа. Бірақ сен Дәрмен болмай әлде біреу болсаң, бұлай жасқану, именуге болады. Ал сенің басын үшін, мен айтайын, өзім де, әкем де бір салмағыңды күйінбей көтереміз. Менің бұл сөздерімді Мәкен екеуін, әсте, естеріңнен шығармаңдар!
Дәрмен. Әбіш аға, сізге көп рахмет! Қиын шақта қолдау көрсетер сіздей жақыным болғанына қуанамын. «Жүк ауырын нар көтерер» дегендей нар тәуекелге бел буып, дәл осы түн Мәкенді алып қашсам ба деймін. Сіз не дейсіз, бұл іске?
Әбіш. Сүйген жаныннан айырылып қал ма? (Мәкенге қарап)Мәкен келісімін берсе, қолдаушың барда көзді жұмда тарта бер. (Мәкен келісімін бергендей күй танытады)
Әбіш өз жөніне кетеді. Қыз бен жігіт тәуекел етіп, қашпаққа бел буады.
2-перде.
Оразбай үйі. Оразбай, Сейсеке, Есентай үшеуі әңгімелесіп отырады.
Оразбай. (паңданып) Иә, биылғы жыл күнім оңынан туған жыл болып тұр. Алда, бір өзің жар бола гөр...
Сейсеке. (жағымпаздана) Иншалла... молынан болғай!
Кенет Дайыр кіріп келеді. Дайырды көріп, Оразбай таңырқаған күй танытады.
Оразбай. Дайырмысың? Сені де көретін күн болады екен-ау. Байқаймын ашулысың ғой? Иә, не асығыс?
Дайыр. (аптыға сөйлеп) Сізден көмек сұрағалы келіп тұрмын.
Оразбай. Иә, не боп қалды?
Дайыр. Сіз бен біздің жауымыз бір болғалы тұр, байеке. Әлгі орыссымақ Абайыңыз бен қасындағы бөлтіріктері қосылып, менің де жолымды кеспек. Жесірім Мәкенді қанатының астына алып, маған қарсы қойып отыр. Жауымның қолында өлмей, намысымды жер қып кеткен оң жақтағы жесірім Мәкеннің жолында өлмей, тоқтамақ емеспін. Сабыр, тақат таппаймын. Қолыңыздан келер көмегіңіз, етер себебіңіз болса, енді бірігіп қам қылып көрейік.
Оразбай. Е, Абай тағы құтырайын деген екен ғой. Осы жолы жақсылап сазайыңды тарттырармын... Әлі-ақ осы қылғандары үшін опық жер...
Дайыр. Мәкенді Абайдың жігіті Дәрмен алып қашып отыр. Жеті-сегіз кісі болып, қалаға осы іңірде жетіп, тізгін ұшымен шапқылап отырып, осы қақпаға асығыс келіп отырмын.
Оразбай. Олай болса, аянып қалма. Қолыннан келгенше алысып өт! (тістеніп) Мен де аянып қалмаспын.
Сейсеке. Қазіргі жастар да құтырайын деген екен. Ата жолы, дәстүрден аттап қайда бармақ. Өздірінше анау орыстың романдарынан оқығандарын, қазақ арасында істемек қой. Сіздей ата жолын қуған аталы кісілер тұрғанда олары бола қоймас!
Есентай. (жағаласа сөйлеп) Соның бәрін азғырып жүрген қу Абай.
Оразбай. Ол ойлағаны бола қоймас. Қазір қолма-қол жауабын аламын. Өзгені емес, дәл осы жолы қос қолыммен сол Ыбырайды жағадан аламын. Аламын да шөке түсіріп, табанымның астына саламын. (сәл аял жасап) Мен дегенің тек осы сертімнің ғана үстінде табыл, соңымда бол! Есентай, Сейсеке екеуін дәл қазір Ыбырайға жөнеліңдер! Айтқанымның бәрін мүлткісіз жеткізіңдер!
Есентай. Бұйырсаңыз болды, байеке. Басын әкелуге дайынбыз...
Есентай мен Сейсеке жедел жүріп кетеді. Дайыр да олармен қоса шығады.
Есентай. (Сейсекеге сыбырлай сөйлеп) Бай, сен қыр сахараның талас-тартысын сүймейсің де, шорқақсың ғой! Қасымда отырсаң болды. Анау жаумен сөйлесетін сөзді менің өзіме қоя бер, тек үндемей отыра бер. Соныңда жетеді! (бүйірінен түртіп қалады)
3-перде.
Кешкі уақыт. Үй іші. Шам жағулы. Үстел басында ойға батып отырған Абай. Қасында Шұбар. Абай не ойланып отыр екен деп аңдап отырғандай. Дәрмен асыға кіріп келеді.
Дәрмен. Армысыз Абай аға! ( Шұбар Дәрменге жирене қарайды, қайдан келе қалды дегендей)
Абай. Кештетіп жүрген кім десем, сен екенсің ғой. Кел отыр, жайғас. (Дәрмен отырады, Абай Дәрменнің жүзіне қадала қарап) Не айтпағыңды да барлап отырғандаймын. Бар жайдан қанықпын. Берік жайға жайғасып көріңдер! Ұлыққа арыз жазып, сол арызбен Мәкенді енгізуден басқаша шара жоқ. Әбіш арыз жазсын, ар жаққа өтіңдер. Өзен жағасында, Затон елінде, тұратын Сейіл деген қайықшы бар. Соны тауып алып, арғы жағаға өтіңдер. (бір жапырақ қағазды ұсына беріп) Мына хатты Әбішке табыстарсың!
Шұбар. О не іс тағы? Айтсаңдаршы! Жау шапты ма, не болды?
Абай. (қабат шытып) Шешеуін табайын деп ең. Саған қатысы жоқ, жайына отыр.
Шұбар. Жазығым сұрағаным ба? (күбірлеп) Білгеніңді істе!
Дәрмен. Рахмет аға. Мен үшін сіз күйетін болдыңыз-ау.
Абай. Артық сөзді қой! Жөнел енді!
Дәрмен тысқа шығады. Тыста тұрғандардың қасына келеді.
Кәкітай. Не деді? Ұрысқан, кейіген жоқ па?
Дәрмен. Ұрысқан жоқ. Бірақ андауымша, менің жайымнан бұрын да Абай ағам бір кейіс, күйініш үстінде отырған тәрізді!(асыға сөйлеп) Маған ұрысқан жоқ. Бірақ көп сөзде қатқан жоқ. (хатты Кәкітайға ұсынып) Мынау хатты жаңа Абай ағам Әбішке жазып еді. Хатты Әбішке жеткізші, жөнін айтпай, үндемей беріп еді. Осы істің жайы болар. Әлде көмек, ақыл айтып жатқан шығар!
Кәкітай хатты алып жүріп кетеді. Дәрмен Мәкенді қолынан жетектей асығыс жүріп кетеді. Бұлармен бірге Әлмағамбет, Әбді де жөнеледі. Ізін ала Есентай мен Сейсеке Абайға келеді.
Есентай. Ассалаумағалейкум, Ыбырай.
Абай. Уағалейкум ассалам. Иә, Есентай түнделетіп не жүріс?
Есентай. (қысқа сөйлеп) Өзіңде біліп отырған шығарсың? Екі қашқынды қанатынның астына алғанынды қой. Олар отпен ойнап жүр. Дәрменнің осы құтырғаны да жетер! Мәкенді жайына қойсын! Мәкен - Дайырдың жесірі. Інісі Қайырдың айттырғаны. Шешесі мен Мәкенге қамқор болып отырған да сол - Дайыр. Сөзді созып қайтемін... Жә, Ыбырай, бұл жайында не айтасың?
Абай. Әуелгі сөзді өзің айт, бастаған жайынды аяқта. Не ниетпен келіп ең, сонынды айт!
Есентай. Ең әуелі мақсұт еткенім – сенің не дейтініңді білу! Айт, не айтасың мынауыңа!
Абай. Мен айтсам, жастардікі оғаттық, олар айыпты. Ал менің айтарым сол!
Есентай. Айыпты, жазықты ғой, ендеше жазасы не болады?
Абай. Сен айтшы, сендерше жазасы не болсын?
Есентай. Жазасы сол. Ыбырай құптамаса, ұстамасын бүлікті! Қолыма берсін, мойындарына арқан тақтырып, сүйретіп өлтіремін!- дейді Оразбай.
Абай. (сабырлы үнмен) Басқаға бітпеймін дей ме?
Есентай. (Абайдың сабырлы болып, жайбарақат отырғанына таңғала түсіп) Басқаны ауызға да алдырмаймын дейді.
Абай. Ол заман өткен! (кенет қатуланып) Ол не деп отыр, сен елші боп не әкеп отырсың өзің? Қай заманда, қайда отырмын деп ойлайсыңдар?
Есентай. Ей, Ыбырай, шешендік салыстыра келгем жоқ! Ендеше қалғанын тыңда. Оразбай осы жолы қашқындар ғана емес, Ыбырайдың дәл өзін қанды мойын айыпкер етіп, табанымның астына салып таптамай тыңбаймын! - деді. – Жігітекке саяр бір қуды, бұзықты ол ұстаса, бұ қаланың ішінде қалған бар бұзықты мен ұстай білемін! Соның бәрін Ыбырайдың өз соңына қаптатып салып, қан қақсату менің де қолымнан келер! Аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Көзін ашып қарасың, Ыбырай! – деді.
Абай. Сен келіс сөзді әкелмей, кетіс сөзді әкеліпсің ғой. Бар, жөнел, ендеше! Айта бар Оразбайға... істеп көрсін жауыздығын, бірақ өкініп жүрмесін! Жер тәңірісіп құтырыпты ғой, жерге қағатын күш бар екенін ұмытпасын! (бұйыра) Шық, бар, жүре бер!
Есентай. (шыға бере) Біз айтар сөзді айттық, ендігі шешімді өзін қабылдарсың! Байқағайсын...Оразбай қатулы. Шалыс басып жүрме!
Есентайлар шығып кетеді. Артынан Шұбар шығады.
Шұбар. Ей, тоқтай тұрыңдаршы! (екеуінің қасына тақалып) Оразбайға сәлем айта барыңдар. Абайдың мына қылып отырғанын мен де құптамаймын. Қолымнан келер көмегім болса аянып қалмаспын. Ал, іздегендерің жаңа ғана осында келіп кетті. Абай оларды арғы жағаға жіберді. Тездетіп жүрсеңдер, қуып жетесіңдер. Тағы хабары болса, айта жатармын. Ал, жөнеліңдер!
Есентай. Біреуде болса Құнанбай ұрпағында жөні түзу адам бар екен-ау. Оған да шүкір...
Есентайлар жедел жүріп кетеді. Артынан қарап Шұбар қалады.
4-перде.
Ай туа бастаған шақ. Өзен жағасы. Қайықшылар.Сейіл бастаған 3-4 жігіт қайықтарынан түсіп келе жатады. Алдарынан Дайыр, Қорабайлар шыға келеді.
Қорабай. (көре сала) Бізді де арғы жағаға алып өтіңдер!
Дайыр. ( қайықтан түсіп келе жаткан Сейілге бас сала) немене, қара түнде қандай қара ниетті жүргіншіні тасыдың, кімді өткіздің, әуелі соны айт?!
Сейіл. (Дайырды көрмеген адамдай күй танытып, қайықшыларға тіл қатады) Күректерді алыңдар, желкеңді түсіруді ұмытпаңдар!
Дайыр. Тоқта, түспеңдер! Сейіл бізді арғы жағаға алып өт! Алдыңғылар төлеген ақшаны, біз де төлейміз! Асығыс, тығыз жұмысымыз бар, көмек ет! Алып өт бізді! (Сейіл көңіл бөлмейді, ақыра сөйлеп) Немене, Сейіл, саған менің ақшам арам ба? Жауап та бермей жотаңды неге көрсетесің? Қара түнде қысылып келіп тұрмын, жұмысымыз тығыз. (бұйрық беріп) Мін қайыққа қайтадан!
Сейіл. (сабырлы күйде) Онсызда жұмыстан кешігіп қайттым. Қара түнде қара баспаса, Ертісті арлы-берлі кезген қайықшыны қашан көрдің? Енді қыбыр етер жайым жоқ. Асығыс болсаң таңертен кел, қазір менің қайығым саған тимейді! (ілгекті темір сүйменін арқасына салып алып, қайықшы жігіттерге) Тараңдар, жігіттер!
Дайыр. (енді айлаға көшіп, жұмсара сөйлеп) Кімді өткіздің, ендеше, сол жөніңді айт. Неге оның айтқанына көніп, қараңғыда қайық саласың да, біз келсек сылтау айтасың? Тым құрыса, жөніңді айт!(ашуланып) Сені осы түнде тұрғызған қай әулие?
Қорабай. (қосыла сөйлеп) Тым құрыса, соны айт! Өткізгенің қала адамы ма, танисың ба? Жоқ, әлде қыр адамы, бөгде жандар ма? Соныңды ғана айтшы?
Сейіл. Менің танысым ақша, жігіт! Мың сан адамды өткізіп жүріп, көбінің жүзіне қарамайтын, кім екенін аңдамайтын Сейіл бар. Іңір қараңғысында қайыққа мінген жүргіншінің орысы, қазағын да, қаласы, даласын да аңдаған мен жоқпын. (үйіне қарай аяндап кете береді)
Сейілден үмітін үзген Қорабай кейіндеп қала берген Түсіп деген қайықшыны айналдыра бастайды.
Қорабай. Кім? Сен тоқтай тұршы? Өзін түріңе қарасам тап-тамаша адам сияқтысың, бәлкім, сен байқап қалған шығарсың. (қулана) Қиналып тұрмыз, көмектесе көр.
Түсіп. Менің жүргіншілерде еш шаруам жоқ. Қайда барады, не үшін барады – өз шаруалары. Ал, енді мен жөңіме жүрейін.
Қорабай. (қолына ақша ұстата беріп) Қатты қиналып тұрмыз, көмектесе көрші. Ойланып көрші, бәлкім, есіңе түсер?!
Түсіп. Бұлардың өткізгені үш жігіт, бір әйел. Тәрізі қыр адамдары сияқты. Кейбір сөздерінен аңдағаным ар жаққа, Затонға баратын тәрізді. Ал, жақсы, менің бар білетінім осы. (кетеді)
Қорабай. (сәл ойлана түсіп) Солардың нақ өзі. Асығыс әрекет ету керек.
Дайыр. Жүр, жөнел! Осы түннен асырмайық. Жасырынды ашамын, жау көңілін басамын!
Қорабай. (айқайлай) Қайық, қайық! Қайықшы! Жақын қайықшы қайда?
Жігіттер дабырласып, қайыққа қарай кетеді.
5-перде.
Таң қылаң бере бастаған шақ. Затон. Әбен үйі. Өзара сыбырласқан адамдар. Дәрмен, Мәкен, Әбді, Әлмағамбет,Әбен, Айша.
Әбен. Алдымен айналаға сақ болып, жасырына тұру біраз күннің міндеті екенін естеріңнен шығармаңдар! Мен қолымнан келер көмекті аянып қалмаспын! Абайдай ағаның қолдауына ие болған бұл істі бізде қате демеспіз. (Кәкітай Әбішке баратын болып жинала бастайды)
Дәрмен. Осындай қиын шақта қасымнан табыла білгеңдерің үшін өмір бойы қарыздар боп өтермін.
Әбіш, Мағаш, Кәкітай үшеуі келеді. Мағаш пен Мәкен жылап көріседі.
Әбіш. (Дәрменді құшақтап) Айнала қауіп-қатер болса да, қазір бір-ақ нәрсеге ырзамын. Қаладан мен кетпей тұрып жеткендерің бір жақсы болды. Әлім жеткенше, қолымнан келгенше, Дәрмен, Мәкен екеуің үшін аянарым жоқ. Ертең ұлықтар кеңселеріне мынау арыздармен өзім кіремін. Екеуіңе айтарым: «Қыбыр етпей, қиналмай, бірде-бір нәрсені ойға алмай, тек тыныш бола беріңдер. Енді сендер етер әрекет бітті. Қалған тауқымет менде, мына Кәкітайда. Жау да жаман, бірақ жағаласып та қалар заман. Істер істі істедіңде, енді тек өкіне көрмендер! Осы тұрған аз ғана топ, жаңағы сөзімді бәріңе түгел айтып өтінгелі келдім. Мына Мағаштың да айтары, өтінері осы болса керек.
Мағаш. (Мәкенді құшақтап тұрып) Мәкен менің бір туғаннан бетер жаным деген жақын досым. Сенің басыңа осындай қысталаң күн туғанда, тағдырың қатерде тұрғанда мен де тыныштық таба алар емеспін.
Мәкен. Не көрсем де шыдағаным. (жылай бастады)
Дәрмен. Жаным Мәкен. (қасына тақала беріп) Шыдарсың сен. Шыдайсың, білемін.
Әбіш. Бос уайымға салынғанды қойыңдар! Бәріде өз қалпына келеді. Әлі-ақ бұл күндер де ұмыт болып қалар. Ал, енді мен іске кірісейін. Еш уайымға салыңбаңдар! Мына арызға өз қолынды қой! (Мәкен арызды алып, оқығандай болып, қағаз соңына өз қолын қояды) Менен жақсы хабар күтіңдер! Сау болыңдар!
Мағаш. Болаттай берік болыңдар! Мәкен, өзіңді күт. Уайымға салын ба! (Әбіш, Мағаш, Кәкітай үшеуі кетеді)
Әбен. (Әбішті шығарып салып) Естеріңде болсын, түнде келгенде де көше бойлап жүрмегейсіздер. Бұл Затонға түндегі жүрістің өзі де әр үйдің итін үргізіп, елеңдетіп тұрады. «Кім келеді, кім кетті, қайда кеттінемен кетті!» дегендей қазақ емес пе, осы отырған Затон елінің өзі де сұрағыш-ақ, естігіш-ақ болады. Соны ойлап, қазір мен, сіздерді қақпадан қырға, елсізге шығаратын бір жолға салып жіберейін. Келгенде, кеткенде тек сол жолмен ғана жүргейсіздер!
Дәрмен мен Мәкен оңаша қалады. Дәрмен «Айттым сәлем, қаламқас» әнің шырқай жөнеледі. Сәл үнсіздіктен соң үй ішінде абыр-сабыр басталады.
Айша. Ойбай, жанданып, жетіп қалды кеселдер.
Дайыр. А, қап бәлем, түстің бе қолға?! Көрсетемін саған, біреудің жесірін алып қашқанның қандай болатынын. Қырамын шетіннен. Шық бері, күшті болсаң... Көрейін әуселеңді... Сенің аңсағанын осы шығар... (қамшымен Дәрменді тартып жібереді)
Үй ішінде қырғын төбелес басталады. Екі жақта бір-бірімен жан берісе алысады.
Әбен. (алыса жүріп) Сенен осыдан басқа көмек жоқ. Шап, жөнел де жет Әбішке, Кәкітайға жет. Тез жөнел! (Әлмағамбет топтан сытыла шығып кетеді)
Дәрмен мен Мәкенді қолдарын байлап алып кетеді. Әбендер арттарынан қуып кетеді. Әбіш, Кәкітай, Әлмағанбет үшеуі келеді.
Айша. Шабыңдар, жетіңдер, көп болған жоқ. Паромға шейін жетсеңдер! Жаңада ғана кетті. Қаптап келіп, қырғын жасап кетті. Әбді ғана Дәрмен мен Мәкеннің үстіне жығылып, пәрмене боп, қолына қанжар алып арбаға бірге мінді.
Әбіш. (Әлмағамбетке қарап) Мыналарға сен көмек ет, қасында бол, көршілерін жи! (паромға жөнеледі)
6-перде.
Паром. Дайырлар Дәрмен мен Мәкенді алып кетіп барады. Әбіш қасына орыс офицерін ертіп келеді.
Әбіш. Қайтар, тез қайтар! Кейін қайт! (офицерге қарап) Мынау паром үстінде жаңа ғана Затонда болған разбойдың, қантөгістің айыпкерлері кетіп барады. Бұл қылмыстылармен, бұзықтармен солардың құрбандықтары да бар осында. Мен барып полицейскийлерді ертіп келемін. Соған шекті тапсырылатын міндет – паромды қайта жүргізбей, қыбыр еткізбей, ішінен бірде-бір кісіні шығармай осы жағада ұстауыңызды сұраймын. Сізге бұйрық беруші военно-полевая артиллерияның поручигі Ускенбаев! Ұқтыңыз ба?
Офицер. Так точно, ваше благодорие, господин поручик!
Әбіш кетеді. Әбен бастаған Затонның бірнеше алып жігіттері келеді.
Әбен. Қайда Дайыр? Қайда қанышер Қорабай?
Дайыр. Әкеннің көз-құны бар ма еді? Мен – Дайыр!
Әбен. (сақалынан ұстап) Мә, Дайыр сен болсаң!
Паром үсті төбелеске айналады.
Әбен. Жалғыз тамшы қаным қалғанша бұл екеуінің басына сенің таяғынды тигізбеймін, Дайыр! Сертім, антым сол. Қара қанынды ағызамын. Тақап көр, тиіп көр.
Дайыр. Абайдың айдағанымен жүретін ит немелер, сендер де құтырайын дедіңдер ме? Бастарыңа әңгір таяқ ойнатармын.
Әбіш және Маковецкий бастаған полицейскийлер келеді.
Әбіш. (Маковецкийдің қасына келіп) Мына сойқаңды тоқтатуыңызды өтінемін. Бұл бұзықтар адам жанын қинағаннан басқаны білмейді.
Маковецкий. Барлығын ұстап, бөлімшеге апарыңдар!
Төбелесті тоқтатады. Дайыр, Қорабай, Дәрмен, Мәкенді ұстап, кеңсеге әкетеді. Дайырдың жігіттері Оразбай үйіне қарай шаба жөнеледі.
7-перде.
Маковецкий кеңсесі. Мәкеннен жауап алуды.
Маковецкий. (әрі-бері айнала жүріп) Берген арызыңыздан қайтпайсыз ба, осындағы сөзіңізде тұрасыз ба? Жоқ, бүгінгідей жанжал, әлек, қантөгісті көрген соң, бұрыңғы байлауыңыздан қайтпайсыз ба? Қайта ойланамын деп ойламайсыз ба? Соны айтыңызшы?!
Мәкен. Тақсыр, мен көптен зар шеккен жылаулармын! Қалада әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгенмін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын? (жұтына сөйлеп) Екі айтарым жоқ. Сол арыздағы сөзім сөз! Мен мынау Дәрмен деген адамға өз өмірімді өз еркіммен қоссам деп ем. Тілек әкеп тұрмын сіздің алдыңызға. Сол өтінішім бойынша ноқталы басыма, қасіретті халіме қорған болыңыз деймін. Азаттық тілеймін ақ патшаның әділ заңынан!
Маковецкий. (Әбішке арнап) Поручик мырза Ускенбаев, мен сізге бір жайды мәлім етейін! Әзімқызы Мәкеннің арыз, тілегі патшалық кеңселеріне жеткен соң ескерусіз, тексерусіз қалмайды. Әрине, әдетте, бұндай істердің баршасы сахараның өз заңы мен шариғаты бойынша тексеріліп, шешіліп келген. Біздің кеңселер алдына бұл істер бұрын келіп түспейтін-ді. Ол ретке қарасақ, Әзімова қазақ даласынан Россия заңы арқылы өз басына азаттық тілеуші бірінші әйел. Сонымен қатар Шығыс әйелінің эмансипациясы үшін алысушы бірінші әйел деуге де болады. Поручик Ускенбаев мырза , бұл іске сіздің араласуыңыз бен менің араласуымды әділет үшін араласудың бір түрі деп түсінейік. Бұдан былайғы тексеру, шешу, қорытулар – бәрі де сот байлауы бойынша болады.
Әбіш. Менің ойымдағыны айтыңыз-ау. (Мәкенге қарап) Даланың жабайылығынан қашқан панасыз, айласыз жастарды патшалық әкімшілігінің панасына әкеліп отырмын.
Маковецкий. Бұл іс жайында толық анықтап білейін! Оған дейін күте алсаңыздар күте тұрыңыздар!
Маковецкий арғы бөлмеге кіріп кетеді. Оразбайлар кеңсеге кіріп келеді.
Оразбай. (жыландай жиырыла) Болмай жатып пәле қуғызды ма әкең саған? Тек тұрысып көріңдер әкең екеуін!... Өлісер жерге жетіпсің, өкінбе тек!
Әбіш. (табалап) Мен пәле қуғам жоқ. Бірақ пәле тудырам деушімен алысуға шықтым. Біліп қойыңыз, ардан, аяныштан аттаған жыртқыш жауыз болса, оған қарсы мен де әкесіз-ақ шыға аламын! Аянбастан, өкінбестен алыса білемін!... Есіңде болсын, ақсақал!
Оразбай. Көрермін, шығып көр... Шыдап көр көлденең!...
Маковецкий істің мән-жайын анықтап келеді. Әбішке алдағы болатын сот істері жайында айтады.
Маковецкий. (ұрысып) Тоқтатыңыздар! Бұл не деген бассыздық? Сіздерге алысар орын бұл емес. Тыныш тұра алмайды екенсіздер шығып тұрыңыздар! (ашуы басылып, Әбішке тақала беріп) Бұл істі мен тергеймін, сот тергейді. Менің араласқан себебім: қалада, мен билеп тұрған орында қантөгіс, жанжал болғандықтан соған ғана тиым салудың әрекеті болатын. Мен қазір қызды да, оны қуып дау айтушылар – баршанды да сот алдына айдаймын. Ендігі сөзді сол жерде айтып, дау, дәлелдеріңді сол мекемеде шешкізесіңдер!
Оразбай. Рас, ояз сөзі бастан аяқ орынды. Заңға келсек, біз тентек. Сотқа жіберсін, заңға келсін. Мақұл-ақ, бірақ мынадай бір өтінішке ояз да, сот та теріс деп қарсы шықпас дейміз! Тергеу бүгін бітпейді, бірталайға созылады. Олай болса, қашқын қыз қайда болмақ керек? Сол қашқын жігіттінің қатыны боп қасында қала бермек пе? Онда соттың тергеуі не керек? Кесімі кімге дәрі! Дау үлкені сол екі бүліктің қосылу-қосылмауы турасында емес пе? Ендеше, ей, Маковецкий! Мейлің, өзің шеш мейлі, сотың кессін. Бірақ дәл қазір бүлік қыз бен бұзық жігітті тізе қостырып отырғызба, қазір айырындар! Айырып тұрып тергендер! Біздің өтінішімізді ескерсең, қыз бен жігітті екі бөліп, екеуін екі абақты да ұста!
Маковецкий. (жиіркене қарап) Байеке, сіздің бұл айтқаныңыздың барлығы патша әкімшілігінің заңдарына жат. Тергеуді заң бойынша жүзеге асырамыз.
Оразбай. Бірақ... мұсылман әйелдерінің неке, талақ жөндері шариғатқа тиісті. Бұл жайды мешіттердің имамдары, мұсылман дінбасылары шешуге жол! Бұл істі халқымыздың заңына беріңіздер! Патшалық заңы бұл шаққа шейін біздің құда болу, қалың төлеу, қыз ұзату, жесір алу жөндегі заңымызға қол сұқпаған болатын!
Шамалы уақыттан соң Абай мен Баймағанбет келеді. Бар жұрт енді не болар екен деп таңданып тұрады.
Оразбай. (Абайды көре сала) Тағы салдың ба өртіңді?.. Өрте!.. Өртеп қал, Абай!
Абай. Өрт деймісің?! Өрттің бәрі жаман дегенді саған кім айтты?!
Оразбай. Иә, өрт жақсылық демексің ғой сонымен, ә?
Абай. Өрттің жаманы да бар, жақсысы да бар. Шіріген шеңгел, қуарған түп-түбір, кәрі тікенектерді әдейі өртейтін де кез болады. «Орынына жаңа көк шықсын», «анау жол берсін» деп өрт салады. Бар пәлені білгенде соны білмей, не қара басты?
Оразбай Абай жаққа қолын бір сілтеді де, сырт береді. Маковецкий мен председатель, Мәкен үшеуі келеді.
Председатель. (жан-жағына барлай қарап) Округ соты ерекше шара есебінде сахарадан қашып келген, патшалық сотына арыз берген Әзімқызының ісін уақытша өз қарамағына алуға ұйғарады. Іс-тергеу аяқтап болғанша Әзімқызы қалада болады. Оны қуған адамдарға да, алып қашқан адамдарға да берілмейді. Алысқан екі жақтың адамдары оған кездеспес үшін, іс-тергеуге әсер етіп, кедергі жасамас үшін, Әзімқызы үкім байлауы күніне шейін полицияның надзоры астында болады. Біздің шешім осылай.
Офицер. Ханым, жүріңіз! Сіз біздің қарауымызда боласыз.
Мәкенді бөлек алып кетеді. Дәрмен қимай қоштасады.
Дәрмен. Жалғыз жарым, қамықпа, мықты бол!.. Шыда!.. Шыдай түс!.. Зор үмітпен күтем сені!..
Мәкен. (көзіне жас алып) Қош бол, арыстандай асылым...
Жиылған жұрт тарай бастайды.
8-перде.
Үй іші. Абай, Әбіш, Кәкітай үшеуі болып жатқан жайлардан сөз етісіп отырады.
Кәкітай. Мәкенмен жан баласын кездестірмейді. Оның қазіргі жағдайының қандай екенін пішіп айтудың өзі екі талай дүние. Ал Дәрмен болса, күндіз-түні ұйқы көрмей, уайым үстінде. Сыр ашып сөйлесуден қалды. Жүзінен күлкі кеткелі қашан.
Әбіш. Болған іске болаттай берік болған жөн... (сәл үнсіздіктен кейін) Оразбай бастаған барша дінбасылары, мешіттің имам, халфелері әкімшілік орындарына барып, бұл істі өз қолдарына беруін өтінген көрінеді. Әйтседе, бұл жолы әділет жеңетініне күмәнім жоқ. Бар Затон халқы бізді қолдап, сотқа барып куәлік етуде. Бұның өзі Мәкен ісін анағұрлым жеңілдете түседі.
Абай. Айтқанын келсін... тіл-аузын тасқа... Өз жайын не болды? Шақырту келді ме?
Әбіш. Алматыға шақыртып жатыр. Осы істі бітірісімен жолға шығамын.
Оразбайдың жіберуімен Шәрібжан халфе мен Юнусбек халфе Абайға келеді. Абайды азғырып, ойынан қайтармақ ниетімен келген екен. Баймағамбет екі халфені Абай отырған бөлмеге алып кіреді.
Шәрібжан. Армысыз? Мен Шәрібжан халфе жәнне мына қасымдағы Юнусбек халфе сізге арнайы келіп отырмыз. Әнеукүнгі Мәкен қыздың ісі жайында сізбен сөйлескелі келдік, Абай.
Абай. Е, әлгі мешіттен шыққан мерез, бүлік халфе сенбісің?
Шәрібжан. (кіжініп) Әй, Абай мырза, мені ғайыптадыңыз ғой! Абай мырза, әй-әй!
Юнусбек. Абай мырза, мұсылман қауымының қай заманда, қай мекенде болса да, тетігі мен тиегі иманы еді. Халық-надан, заман-иман, ынсаптың азған заманы. Сіздей қауым, халық ұстазы болатын адам ислам жолынан закон жолын, яғни діні жат қауым жолын артық санаса, сіздің соңынызға ерген қауым мен нәсілдерде қандай иман, еғтиқат қалады? Біз сізден мұсылманшылық иманы үшін, осы іс уақытында өзгеше ойлануды күткен едік.
Абай. (ашулана түсіп) Сіз, дін адамдары, осы қаланың қазірет, ишан, ғұламалары осындай жайға өздеріңіз араласуды шарт, қажет деп біліпсіздер. Айтайық, оларыңыз жөн болсын. Бірақ осындайда ынсапты, ожданды, ар-иманды несіне ауызға алып, көмей толтыра, көпірте сөйлейсіздер? Неге риямен, екіжүзділікпен сәттің арасында жүз құбылып, жалған жолда жүресіздер?
Юнусбек. Қалай, қалайша?
Абай. (бұйрық ете) Сабыр, сабыр... солайша! Риялық, екіжүзділік дейтінім: сіздер кеше мен бүгін, барлық мешіттердің ұстаздары, имам, қазіреті болып, ең алдымен патшалық кеңсесінің, орыс чиновниктерінің, бөтен дін адамдарының, яғни кәпір қауымының ұлықтарына бардыңыздар! Бар ажар, назарларыңды салып, неше алуан айла, дәлелмен жалынып та, жалбарынып көрдіңіздер. Жағынып, мақтап сөйлеп, өтініштер айтып шықтыңыздар. Мешіттеріңіздің мөрлерін былшита басып, нелер шебер жазылған хұснихат, арыздарыңызды өбектеп апарып, жағына кіргіздіңіздер. Енді міне, менің үстіме келіп, үйіме кіре бере жаңа ғана өздеріңіз мадақтай мақтап шыққан патшалық әкімдерін жамандап, ыянаттай келесіздер. Бұның аты не? Барып тұрған екі жүзділік, жалғаншылық, масқаралық емес пе? Жеке адам жалғыз басымен, өз бетімен осындайды істесе, біз соны көре тұра жерге түкірер едік! Жиіркенгеннен өртенгендей болар едік. Сіздердің мына мінездеріңізді не деп ауызға аламыз? Қайтіп жиренбей, ренжімей атаймыз? Мен сіздер шығып келген сол мешіт, сол дін атынан намыс етер едім әуелі! Қорланар едім осындай мінездерің үшін! Жалғаншы, қиянатшы жүзі құрысын! Демеске не шарам қалды? Барыңыз, жөнеле беріңіз! Менен осыдан өзге есітер сөз, алар сыйларыңыз болмас!
Баймағамбет. (жол көрсеткендей мінез танытып) Бар, жөнеліңдер... Қай беттерімен келген... ардан безгендер...
Осы тұста тыстан Дәрмен ішкі Абайлар отырған бөлмеге кіреді. Төрде ілулі тұрған домбыраны қолына алып, дыңғырлата жөнелді.
Дәрмен. (жан-жағына барлай қарап, Әбішке бұрылып сөйлейді) Бұл күнде, бұл шақтарда менен шығатын жыр мен сыр қандай боларын аңдайсыңдар ғой! Әлі ешкімге айтпаған, ашпаған, іште ғана оралып жүрген ырғақтар бар еді. Көзіме көрінсе, тірі болсам ең алдымен Мәкеннің өзіне елден бұрын айтармын деп ем, Әбіш, сапар жүріп барасың! Бүгін айтпасам естімей, білмей кетуің мүмкін. Мәкеннің өзі жоқ болса да, достары отыр ғой. Соны ойлап ашпағанымды ашайын. (жанары мұңлы)
Әбіш. Шырқашы бір... тамылжытып, құйқылжытып... жанымызды тебіренте,шырқашы! Сенің әсем даусыңды тағы бір естіп кетейін.
«Көзімнің қарасын» әндете жөнеледі.
9-перде.
Дәрменнің түсі. Қоңыр әуен сарнап тұрады. Түсінде билеп жүрген көп арулар алыстан мұңарланып көзіне шалынады. Сол жаққа қарай асыға жүгіреді. Сан қыздар арасынан Мәкенді іздейді. Таба алмай саңдалады. Қиналады. Мұңданады. Қайта жүгіреді. Қайта іздейді.
Мәкен. (кенет алыстан қол бұлғап) Мен мұндамын... Келші менің қасыма...!
Дәрмен асыға жүгіріп жетеді. Бірақ жете бергенде Мәкен көп қыздар арасына кіріп жоқ болады.
Дәрмен. Қайдасын, Мәкен? Менен неге қашасын?
Мәкен. Мен мұндамын... Жәрдемдесе көр маған...! Құтқаршы мені...
Дәрмен. Мен бармын, жақындамын! Тез жетемін...! (қолын созады)
Қайтадан жүгірейін десе, жүгіре алмайды. Мәкенге қолын созса, жетпейді. Жан-жағынан шырмап алған көп арулар Дәрменді кейін қарай тартады. Алыстан мұнарланып Мәкен бейнесі көзге шалынады. Көмек сұрай қолын бұлғайды. Дәрмен әрі-бері жүгіре басы айналып, жерге талып құлайды. Арулар ғайып болады. Біраз уақыттан кейін есін жиып, оянады. Қолында Мәкеннің орамалы. Қайдан пайда болғаны белгісіз. Жан-жағына жалтақтай қарап, Мәкенді іздегендей болады. Орамалды ашып қараса, ішінде жазуы бар екен.
Дәрмен. (дауыстап) Мен кешікпей келемін....
Ән ойнайды. Дәрмен кетеді.
10-перде.
Сот кеңсесі. Мәкеннің ісі қозғалады. Екі жақтың бар адамы жиналған.
Сот бастығы. Бері қарай, бері таман жақындай түсіңіз!
Тілмаш. (сот төрағасының сөзің аудара бастайды) Барлық түскен арыздарды сот басқармасы түгелімен қарап шығып, мынадай шешім шығарды. Патшалық законына сүйенген округ соты Мәкен басына азаттық береді. Ал қалың мал, мүлік дауын шешуді қазақтың өзінің заңына бұйырады. Әзімқызы Мәкенді бұрын төленген қалыңмал бойынша зорлықпен алам деуші Шақарұлы Дайырдың талабын сот теріс деп табады. Дайырға тимей, өзінің таңдаған адамына тиюге қызға рұқсат етіледі. Қыз қолына азаттық қағазын береді. Шақарұлы мен Ысқақұлы Кәкітай келісіп, тыныштық табысатын болсын.
Дәрмен. Иә, Алла мың қата шүкір!
Кәкітай. (Дәрменді құшақтап) Әділет билік құрды деген осы...
Осылайша сот аяқталады. Жұрт тарай бастайды.
Абай. (Дәрменді қолтығынан ала құшақтай түсіп) Жауыздықпен әрбір кездесу, табандасып белдесу, әмісе, осылай аяқталғай-ақ та! Осылай тынсашы!
Дәрмен. Рахмет сізге, Абай аға! Осының бәрі сіздің арқаңызда. Баршаңызға алғыс айтамын.
Есентай. (Оразбайды шынтағынан мытып, Абай жақты нұсқап) Жауланып, өкпесі қабынып бара жатқанын қарашы!
Оразбай. (тістеніп) Бара түссін барарына.... Аса түссін, бүлдіре түссін Ыбырай! Бұны бір қан тартып барады ғой. Тілеген сыбағасын тартармын... Тостым алдын тағы да, үндеме!
Мәкенді сот кеңсесінен алып шығады, жұртпен жылап көріседі. Дәрмен мен Мәкен оңаша қалады. «Көзімнің қарасы» әні шырқалып тұрады.
Дәрмен. Жарқ етпес, қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Мәкен. Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды рмза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табылса да.
«Мәкен қыздың дауы» осылайша аяқталады. Қос ғашық қол ұстасып, иен далаға, күнбатысқа қарай, аяндай жөнеледі. Кенет алыстан Абай үні естіледі: Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Шымылдық.
Авторы: Астана қаласы Еуразия Ұлттық Университеті Журналистика кафедрасының 1-курс студенті Түсіпов Мырзабек