Әлемдік ой алыптарының ғұмырлық белестерінен сыр шертер «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы бойынша шығатын кітаптардың қатары, қазақтың тағы бір ұлы тұлғасының есімімен толықты. Құдайға шүкір, танымал орыс жазушысы, сыншы, әдебиеттанушы, «Культура» баспасының бас редакторы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Николай Анастасьевтың «Абай» атты кітабының тұсауы Астанада кесілді. Ресейлік жазушы Николай Анастасьев бұған дейін де Ұлы Абайды әлемге танытқан, Мұхтар Әуезовтей классикті зерттеп, «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы бойынша жазылған кітабының арқауы еткен болатын. Бұл жолы Анастасьев Әуезов әлемі арқылы шымшытырығы мен тылсыми иірімдері алдыңғысынан да зор Абай әлеміне жол тауыпты.
Абайтануға қосылған қомақты үлес
Биыл «Өнегелі адамдар өмірі» сериясының шығып жатқанына 120 жыл толыпты. Оқырманға жол алған «Абай» кітабы санақ бойынша «ӨАӨ» сериясымен жарық көрген 169-шы
кітап. Оқырманға түсінікті болу үшін «Өнегелі адамдар өмірі» сериясының өзіне тоқталсақ, Кеңес Одағы кезінде бұл серияны 1933 жылы орыс жазушысы М.Горький негізін қалаған деп келді. Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, ең алғаш 1890 жылы орыс ағартушысы Ф.Ф.Павленоков аталмыш сериямен көркем-өмірбаяндық кітаптарды шығарудың негізін салған екен. Оның алғашқы кітабы ұлы Абайдың көзі тірі кезінде жарық көріп үлгерген. Кейіннен оқырман көңілінен шығып, көп таралымға ие болған кітапты 1920 жылдары Мәскеу, Ленинград баспалары да басып шығара бастапты. Тек 1933 жылы ғана М.Горкий халықтың үлкен ықыласына бөленген дүниені сол кездегі Үкімет басшыларына айтып жүріп үлкен серияға айналдырады. 1938 жылы аталған серия «Молодая гвардия» басылымының иелігіне берілді. Содан бері «ӨАӨ» сериясының басылымы үзіліп көрген емес.
Қазақ үшін Абай ұлы тұлға. Ол бізден кейінгі ұрпаққа да солай, барша салтанатымен ұлы рух ескерткіші болып қала береді. Бірақ «осы Абайды қазақ жұртынан тысқары жердегі халықтар біле ме, білмей ме?» деген сауал туындағанда біраз күмілжіп қаламыз. Мүмкін ұлылығы, даналығы, бәлки данышпандығы болар, бірақ, Абайдың орыс тіліндегі аудармасын да әлі күнге дейін дұрыстап жаза алмай жүрміз. Абай Құнанбаевты орыс орыстың, испан испанның, ағылшын ағылшынның, неміс немістің көзімен биігінде қарап біліп жатса, бұдан біздің абыройымыз асқақтамаса аласармайды. Әлемнің әр халқы, әр әдебиеті Абайдың ұлылығын мойындап, танып тағзым етсе, бүгінгі ұрпақтың орындайтын ең үлкен парызы да сол болар еді. Сондықтан, бұл сериядан Абай атамыздың орын алуы «біздің мәдени өміріміздегі айтулы оқиға» деп атауға тұрады. Абайдың әлемнің ақыл-ой алыптарының қатарында тұруы, оған өз дәрежесіне лайықты кітаптың жазылуы бүгінгі ұрпақтың атқаруға тиіс міндетінің бірі болатын.
Әрине, Анастасьевке мың да бір рахмет. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту да парызымыз. Әлбетте, аузымызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Өткенге үңілсек, қазақтан тұңғыш рет бұл сериямен 1972 жылы Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллині», сонан соң бертінде ғана Едіге Уәлихановтың «Кенесарысы», Ирина Стрелкованың «Шоқан Уәлихановы», Медеу Сәрсекеевтың «Қаныш Сәтбаевы» жарық көріп үлгерген. Жалпы, «Мұхтар Әуезовтен» кейін кешігіңкіреп болса да «Абай» жарыққа шығып отыр екен…
. Алайда атам қазақ өсиеттеген, «біткен іске сын жоқ. Бітірген кісіде мін жоқ». Атақты кітаптың кезекті шығарылымы зиялылар тарапынан «ТМД аумағындағы соны жаңалық» деген баға алуда. Өз кезегінде кітаптың жарық көруі үшін ерең еңбек сіңірген жиырмасыншы ғасырдағы Америка әдебиетінің маманы Николай Анастасьев те қаражаяудан емес. Майталман зерттеуші бас-аяғы 20 монография мен мыңға жуық ғылыми-публистикалық мақала-шолулардың авторы. Ол сондай-ақ Владимир Набоков, Эрнест Хемингуей, Уильям Фолкнер сынды әлемдік деңгейдегі классиктердің мірін зерттеген әдебиетсыны білгірі де. Шығармашылығында әлем әдебиетінің айырықша құбылыстарына көп көңіл бөлген қаламгердің туындылары Ресейде, АҚШ-та және Еуропаның көптеген елдерінде басылып шыққан. Оның «Феномен Набокова», «Творчество Эрнеста Хэменгуея», «Владелец Йокнапатофы» сынды танымал шығармалары таптырмайтын дүниелерге айналды. Бірақ осыған қарамастан Анастасьев посткеңестік кеңістіктің шығармашыл тұлғаларын да назардан тыс қалдырып көрмеген жан. Сондықтан да болар, артық-кем таңданыссыз оның бір кездегі Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығына арналған «Гүл тостағанындағы аспан: Әбдіжәміл Нұрпейісов кітаптары әлемдік әдебиет айдынында» («Небо в чашечке цветка: Абдижамил Нурпеисов и его книги в мировом литературном пейзаже») атты монографиясы біраз сеңнің қозғалуына түрткі болған еді. Одан кейінгі жарыққа шыққан белгілі қаламгер Мұхтар Әуезовтың өміріне, шығармашылығына қатысты белгісіз деректерді қамтыған “Мұхтар Әуезов” атты кітап «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы бойынша басылып, игілікті істің жалғасы ретінде танылды.
Кітапта Мұхтар Әуезовтың өз заманындағы билікпен қандай қатынаста болғаны баяндалып, сол кездегі солақай саясатқа байланысты “Абай жолы” романынан түсіп қалған мәліметтер келтірген-ді. Cонымен қатар, кітапта қаламгер хаттарынан үзінділер, замандастарының деректері берілген болатын. Енді міне, тап сол сарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтпақшы, «Абай» кітабы арқылы трилогия өз межесіне жетті. Автордың өзі мойындағанындай, бұл сабақтастықта Әбдіжәміл Нұрпейісов – ұшар басы, Мұхтар Әуезов – діңгегі, ал, Абай –осынау асыл ағаштың тамыры іспеттес. Бұл расымен де қайсыбір ақпарат шолушысы жазғандай, қазақ жазушыларының соңғы жүз жылдағы рухани сабақтастығының көрінісі.
Ұстазды ұлықтаған үш Мұхтар
Ресми таратылған мәліметтерге қарағанда, кітап Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша шығып отыр. Осы ретте бір айта кетерлігі, «Барымыз бен нарымыз» болып отырған ұлы Абайдың адами, рухани, шығармашылық болмысына әбден таптаурынға айналған көзқарастар жүйесінде емес, керісінше Еуроатлантикалық өркениет призмасы арқылы еуропалықтар көзімен де қарауды жөн көрген бастамашы топ өз мақсаттарының үдесінен шыққан да секілді. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде де шығарылымы тоқтамаған үшбу серия жыл сайын 20-30 өмірбаяндық кітап толғап келеді. Ал жалпы таралымы 100 миллионнан асқан баспа-бренді бетіне көтерілу ауыз толтырып айтатындай-ақ елеулі іс. . Рас, заманында өктем саясаттың, өткінші идеологияның қиғаштығымен қалыптасқан түсініктерді талқандауда бұл әрекеттер тым аз. Абайды Абай еткен тек орыс мәдениеті емес, ең алдымен исламдық қазақ пен шығыс мәдениеті екенін, батысқа содан кейін барып бет бұрғанын басқаның емес, ең алдымен сондай пікір қалыптастырғандардың өз ұрпақтары қолымен аша түсу алысты көздеген ұтымды стратегия. Мәселен, Абай өлеңдері мен қарасөздерін¬де араб, парсы сөздері, діни риторикалар, тек қана мұсылман өркениеті негізінде ғана түсіндіріп беруге болатын канондық ұғымдар тізбегі, мұның бәрі де жаңаша, заманауи тұрғыда қарастырылуды қажет етеді. Мұтакалинмин мен мантикинге құрық салып, бүтін бір исламдық пәлсафа ағымдарының өзегіне түскен Абайды орыс зерттеушісі жеткілікті дәрежеде, заманауи келбет-танымда көрсете алғаны анық. Абай орыс тілін ғана емес, араб, парсы тілдерін де білген, яғни үш қайнардан (қазақ, шығыс, батыс мәдениеті) сусындап, іс жүзінде бүкіл әлемдік ой-сананың жетістігін бойына сіңірген тұлға. Олай болса, Абай шығармашылығы мен өміріне жасалған бұл қалам тарту да сол асқар биіктікті танудың жаңа бір кезеңі дерліктей құнды.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның айтуынша, мұндай нәтижеге жеткен серия әлемде жоққа тән көрінеді. Сонымен қатар аталмыш айдар анау-мынау адамға беріле бермейді екен. Енді сондай беделді сериямен қазақтың бас ақыны һәм ақылманы Абайдың өмірбаяны көркем кестеленген кітаптың 150 миллиондық ормандай халқы бар орыс оқырманына жол тартуы, сөз жоқ, мақтан тұтарлық ірі шара. . Жалпы, БАҚ беттерінде кеңінен жарияланғандай, Министрдің мемлекеттік қызметтегі қауырт шаруаларына қарамастан, уақыт тауып, шараға арнайы келуінде де үлкен мән бар екен. Мұхтар Абрарұлы Николай Анастасьевпен 2001 жылы оның қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі санатындағы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы туралы жоғарыда аталып өткен «Гүл тостағанындағы аспан: Әбдіжәміл Нұрпейісов кітаптары әлемдік әдебиет айдынында» атты кітабының тұсаукесерінде танысыпты. Сол кезден басталған жылы қарым-қатынас жалғасын тауып, шығармашылық һәм достық байланысқа ұласқан. Күндердің бір күнінде Мұхтар Абрарұлы жазушы-профессорға «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы үшін Мұхтар Әуезов тақырыбын жазуды ұсынады. Нәтижесінде аталмыш айдар бойынша қазақтың ұлыларына арналып бұған дейін шыққан санаулы бес кітаптың бірі Әуезовке бұйырғаны белгілі. Содан соң Мұхтар Абрарұлы аға-досына енді Абайды жазу жөнінде және кеңес береді. Көріп отырғанымыздай, ол кеңестің де құр идея түрінде қалып қоймай, толықтай жүзеге асқандығына бәріміз бір кісідей куә болып отырмыз. . Осы арада журналист Батырболат Айтболат атап өткен бір сын-сипатқа тоқталмасқа болмайды. Бәрін айт та бірін айт, әлдебір символикалық нышаны бардай мына бір жайт ойға оралады: «ғұмырын абайтануды арналы сала ретінде қалыптастырып-негіздеуге, кемеңгерді өз қазағына танытуға арнап, соған ғаламат еңбек сіңірген Мұхтар Әуезов, Абайдың таңдамалы өлеңдерінің 1981 жылы Мәскеуден шыққан жинағын құрастыруға көп күш-жігерін жұмсаған Мұхтар Мағауин, енді, міне, «Абай» кітабының Мәскеудің атақты «ЖЗЛ»-дан жарыққа шығуына мұрындық болған Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза. Құдауанда, үшеуі де Мұхтар!..»
Айтса айтқандай-ақ, қарап отырсақ, Абайдың әрбір жаңа ашылуын бейне Мұхтарлардың ғана маңдайына жазып қойғандай, әрбір тарихи баспалдақта бір жаңа Мұхтар шығып отырыпты. Мұны тәңірі төбесіне тұтқан ұлы тұлғалардың ұлы ұстазға көрсетер қызметі мен тағдырлы миссиясы демеске лажымыз жоқ.
Түйін
Кешегі күн абайтану аясының тағы да кеңейе түскендігімен айшықталса керек. Ең бастысы, қазақ қаламгерінің өміріндегі, шығармашылығындағы белгісіз тұстарды әлемге таныстыратын кітап жарыққа шықты. Талас жоқ, бұған дейін шығып келді, әлі де шыға берер. Бірақ осындай ұлағатты іске қазақ санасының кешігіп жететіні толғандырады. Әйтпесе, басқасы басқа Абайдай ұлы тұлғамыздың кешігіп барып тиесілі әлемдік баспа биігіне көтерілуі сын еді. Тек, біздің айтпағымыз ол емес. Жүрегімізден үзіп жеткізсек дегеніміз, ұлтының ұйытқысы болуға талап қылып жүрген Мұхтар Абрарұлының шегелеп айтқанындай, «қазақ халқының өткені де бүгіні де болашағы да бір – Абаймен тікелей байланысты. Абай біздің ұлттық төлқұжатымыз. Осы кітаппен руханиятымыздың ең үлкен шамшырақ-маягы әлем үстінде жарқырай түсті». Сонау 1940 жылдары әзірбайжандардың Низамиі, содан соң 50, әлде 60-ыншы жылдары татар ағайынның Тоқайы осы «ӨАӨ»-ден шыққанда біз Абайымыздың содан жарық көретін күнін арман еткен болсақ, бұл сол арманның жүзеге асуының жарқын дәлелі. Абай атамыз әлемнің ұлы ғұламасы Аристотельден бастау алған ұлылардың қатарынан ойып тұрып өз орнын алды. Кітап енді жарық көріп жатқаннан кейін оған баға беру де қиын, оны уақыт көрсетеді. Қалай дегенде де бұл еңбек Абайтануға қосылған үлкен бір үлес екендігіне шүбә келтірмейміз. Алла жазса, алдағы уақытта кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы міндетті түрде жарық көреді. Біз сол күнді асыға күтетін боламыз. Ал бұдан былай «Қазақстанның мәдениет қайраткері» белгісін таққан Николай Анастасьевтің қаламынан сүбелі еңбектер қайнар бұлақтан бұрқырап шыққандай төгіле береді деген ойдамыз.
Абылайхан Қалназар, Бейбітгүл Исаева
«Ана тілі» газеті 5 маусым 2009 жыл