Мен Абайдың кіші інісі Оспанның үйіне Еркежан бәйбішенің қолына келін болып түстім. Ол кезде 17 жаста едім. Еркежан бәйбішені Абай әйелдікке алып, інісінің үйіне кірген екен. Мен Абай отырған үйге келін болып түскеніме өзімді бақыттымын деп санадым. Мен қазақтың басқа келіндеріндей қайнағадан қайрыла қашатын, енеден еңкейе қашатын, жасы үлкеннің бәрінен жасқанатын, ертеден кешке дейін келіп жатқан қариялардың бәріне тізе бүгіп сәлем ететін келін болғам жоқ.
Мен түскеннен кейін әкем шақырып алып:
«Қарағым, Қамаш, ата-енеңді сыйлау, үлкенді қадірлеу бетіңді жауып ұялып, тізе бүгіп сәлем етіп, жан біткеннен жасқаншақ болудан басталмайды.
Алдымен менің өз алдымда бетіңді аш, сәлем етпей-ақ, осы үйдің ішінде өзіңнің оң жақта жүргеніңдегідей, қаймықпай жүре бер. Мына Еркежан екеумізді ата-ене деп қарамай, әке-апа деп қара, менің тілегім осы», – деп өз алдында менің басымдағы желегімді алғызды. Сол күннен бастап мен оң жақтағыдай еркін жүретін болдым. Біздің ауылдың үлкен-кішісі Абайды әке деп санайды екен, сондықтан мен де әке деп атайтын болдым.
…Әкемнің киімдерін мен тігетін едім. Жаңа киім тігіп жатқанымызда қасымызға келіп, тігіліп жатқан киімді көріп, тігісі жатық, жақсы екен, үлгісі сұлу, ұнамды екен деп мақтайтын, сол киімді киген соң балаша мәз-мәйрам болып қуанатын. Әкем кербез емес еді, бірақ киімді өте таза ұстап киетін, киімің ескі болса да таза болсын, сыны кетпесін, күтіп ки деп ақылын айтып отыратын.
… Бір күні үйге Бұланбай деген бір ақсақал келді. Әкеммен сәлемдесіп болып төр алдына отырып еді. Әкем Бұланбай түрегелші деді. Бұланбай сасқалақтап қалып ұшып түрегелді. Әкем қасына шақырып алды да, Еркежан, мына Бұланбайға екі қойдың терісін әкеп берші, байқұстың қойы аз еді, тонының етегі қысқарып кетіпті, үйіне барғасын жалғатып алсын деді. Біз түсіне алмай қалдық. Бұланбайдың мың жарым қойы бар еді. Байқасақ, ол ішінен ұзын қара шапан киіпті де, сыртынан сары тон киіпті. Тонның етегі шапанынан бір қарыс қысқа екен. Бұланбайды қайтадан шешіндірді де, тоныңды ішінен, шапаныңды сыртынан киші, көрейік деді. Бұланбай қайта киініп еді, әкем айнала қарады да, міне, өзіңе-өзің қарашы, әрі сыртың бүтін, әрі ішің жылы, көлденеңнен қараған адам да сенің киіміңе күле қарамайды. Қысты күні шапан аязды да жібермейді. Ал тоныңды аяз қысып, қатырып, бойыңды суық алып, тез тоңасың. Ең болмаса қолыңдағыны ұқсатсаңшы, енді шешініп отыр да, келген жұмысыңды айта бер деді…
Жазып алған И. МАҚАТОВ.
«Өркениет» газеті, 4-бет, 31-желтоқсан, 1994 жыл.