(Абай және отарлау саясаты)
I
Адамзаттың ақыл-ойының даму тарихы туралы сөз қозғалғанда, мына біз, қазақ ұлтының перзенттері, жат жұрттардың алдына даналықтың үлгісі ретінде неге Абайды мақтанышпен атаймыз?
Әлем толық танып болмаған, олардың жүрегіне жетіп, санасына сіңбеген, оның үстіне мүлдем өзге ойлау жүйесі мен өмір сүру құбылысына ие тұлғаны дүниеауилық даналармен қатар қоюымызға, тіпті кей тұста оған ешкімді теңгермеуімізге қақымыз бар ма?
Ар-ұятымызды, ұлттық намысымызды, ой-парасатымызды кепілдікке бере отырып, ашығын айтайық: еш алаңсыз сеніммен "Бар" деп мәлімдей аламыз. Өйткені, Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Ол тек қана қазақ елінің тегін тектегенде ғана қасиеті артатын ұлы тұлға емес, қадым заманынан бері көшпенділер мәдениетінің барлық болмысын бойына сіңірген жиынтық қасиет. Абай қазақ ұлтының ұлт боп өмір сүргендігінің және ұлт ретінде өмір сүруге хұқы барлығының кепілі. Себебі, дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Өзге де дара тұлғалар қазақ жерінде өмір сүрді. Алайда соның барлығы тұтаса келіп Абайды толықтырады.
Бұл – шындық. Себебі...
Абай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көркем ойының мүмкіндігін танытқан, сол арқылы адамзат санасының дамуына үлес қосқан дара дана. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов туралы:
"Мұхтар Әуезов – бүкіл түркі халқының әлемдік мәдениетке қосқан ұлы үлесі" – деп пікір білдірген Шыңғыс Айтматовтың бұл сөзін сәл өзгертіп:
"Абай – мұқым көшпелілер мәдениетінің әлемдік рухани қазынаға қосқан ұлы үлесі" – деп айтуға болады.
Өйткені, Абайдың өмірі мен шығармасы – көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, танымның, мәдениеттің, салт-сананың, рухани өмірдің, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың алмағайып арбасқан тұсының толық көрінісі болып табылады.
Шығармаларындағы ұлы тоғыс пен толғаныстарды былай қойғанда, оның жеке өмірінің өзі ірі-ірі рухани және дүниеауи трагедияларға толы болды.
Ол ескі көшпенді өмір мен жаңа қоғамдық қатынастардың қақтығысып "бір заманды екінші заман илемек болып" жатқан тұста өмір сүргендіктен де – бүкіл болмыс-бітімі мен ойлау жүйесі "дәстүрлі қазақ пен дәстүрлі ақындардан" мүлдем бөлекше тұрды. Абай өзінің тіршіліктегі харакеті арқылы еркін елінің ен жайлаудан айрылып, ұлы отарлық бұғауға түсіп, көшпелі өмірдің бодандықта булығатынына көзі анық жетті. Әсіресе, ұлтының "Жан бостандығының тұншыққаны" оған қатты батты.
Абай көшпелі заманның соңғы, жаңа низамның алғашқы Ұлы тұлғасы болды. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен рухани дүниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы катарсисі (?) тұсында ұлы ақын өмірге келді. Абай өзінің "заманды заман билеп" жатқан тұстағы арпалысты сезімін ақылына суарып, өткен мен жаңаның арасындағы құбылыстарды тең байқап, оны өлеңіне өзек етті. Абайдың өлеңдеріндегі Ұлы күйзелісінің, "жүрегінің басына у мен дерттің толуының" және:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың –
деуінің запыранды қыжылы осында.
Ол өз ұлты басынан кешіп отырған екі өмірдің де Уы мен Балын қанып ішті. "Ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей" – деуінің өзі сондықтан. Абайдың "жүрегін ашып көрген адамның жанынан шошуы да" тарихи зандылық. Өйткені:
"Ұлы тұлғалардың өмірдегі қаракеті – халық өмірінің көзге түсер талмалы тұсына дәп келді. Ұлы тұлғалар көзге көрінбейтін жұмбақ құбылыс арқылы төңірегімен тіл табыса отырып, көпшіліктің ұсақ-түйек, быт-шыты шыққан мүддесі мен мұратының басын қосып, өзінің жеке толғанысы арқылы оны ұлы мақсат пен күреске жұмылдырады; сөйте отырып, сол қоғамның бойына жиған қуат-күші мен мүмкіндігін ашады да оның бұдан әрі қарайғы даму жолын көрсетіп береді. Мұндай ұлы қайраткерлік – халықтық сананың даму көрсеткіші әрі олардың тағдырының қай бағытта даму керектігінің құбылнамасы болып табылады. Сол тұлғаның келбетінен біз, айнаға қарағандағы өз сұқпытымызды көреміз, сол бейненің жанар оты арқылы өзіміздің жүрегімізге үңілеміз, сонда олар бізге – өзімізді-өзімізге түсіндіріп береді. Ұлылардың құлпытасының қасиеттілігі сонда, олар халықтың ұлттық санасына үнемі жан бітіріп отырады".
Ұлы Пушкин қақында айтылған В.О.Ключевскийдің бұл сөзін Абайға қарата қолдануға да болады. Ол өзінің туындылары арқылы қазақ ұлтының "бас-басына би болған... өңкей қиқым" мүдделерінің басын қосып, ұлттық тұтас мақсатқа айналдырды. Сол арқылы жол көрсетті. Әрқайсымыздың "жүрегімізге үңіліп", "қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп, "бірінді қазақ – бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" – деп рухымызды тұтастырып, мүддемізді біріктіріп кетті. Абайдың қазақ халқының алдындағы ұлы қайраткерлігінің бір сарасы осы.
Жалпы, Абайды толық түсіну үшін оның өскен ортасын және сол тұстағы бодандық пен толықтай басыбайлы отаршылдыққа бет алған қазақ елінің басынан кешкен заманы мен тұйыққа тірелген тағдырын жан-жақты әрі тереңдеп саралау қажет. Себебі, "желмен бірге желдей ескен" еркін тіршілікке отаршыл темір бұғау түсті. Ғасырлардан бері кең даланы емен жайлап, қаздай тізіліп, қозғалуын тоқтатпаған Ұлы Көш құрдымға кеп тірелді. Енді бір аттаса – тарихтың шыңырауына кұлап, діні де, тілі де, салт-дәстүрі де, ойлау жүйесі де, күнкөріс қам-қаракеті де, түрі мен киімі де, билік пен заң жүйесі де, тәлім-тәрбие ғұрпы да құрып, Басыбайлылықтың жылымы жұтып қоюға әзір тұр еді. Өйткені, Жаһангер Жаһил Империя – Ресейдің саясаты:
"Егер мемлекеттің мүддесі қажет ететін болса – онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім қарсы болмайды" – деген қомағайлық пен қорқау пиғылға негізделген болатын.
Яғни, Өзінің қандастарын – "басыбайлы шаруаларды еркіндікке шығара отырып, оның есесіне "Азияның қақпасы" (Петр I сөзі) – қазақ даласын толықтай Басыбайлы бейшараға айналдырып, қазақтарды шоқындыру еді, егер оған көнбесе – "үлгі үшін әскери серуен жасап", оларды жер бетінен бүтіндей жойып жіберу еді. Жаһил Жаһангерге – 123 ел емес, жер керек болатын. Қазақ даласын отарлаудың жоспарын жасаған сұрқия саясаткер граф Нессельрод Николай I патшаға:
"Өкіметтің шекарадан тыс жерге көз тігудегі басты мақсаты – егін егетін жерді игеру... Ол үшін: қазақтардан көшіп жүрген мекендерінен кетіп, жерді тазартуын талап ету керек" – деп жазды.
Ал, қазақ халқын айламен, аярлықпен алдарқата отырып шоқындыру, оған көнбесе қызыл қырғынға батырып, "крест жорығын" жасау туралы 1891 жылғы және 1902 жылғы Архирей басқармасының хатымен Абай таныс еді. Абай рухани сәйкессіздікті өлеңдерінде де, қара сөздерінде де ашына айтты.
Ұрысса орыс,
Елге болыс,
Үйден үрген ит құсап –
шыға келетінін Абай өзінің "етекбасты" өмірінде күнде көрді.
Ол отаршылдық биліктің ғұнсырлығына барынша жеккөрініштілікпен қарады.
Өкінішке орай тұңғиық заманның тұтқасын таба алмады.
Бодан елдің ұлы түгілі ұлы империяның төл перзенттері де тұйыққа тірелген Ресейдің тұңғиықтан шығар жолын таба алмай жанталасты. П.Я.Чаадаевтың да отаншыл жүрегі булыға соғып: "Жат халықтардың ғана мүддесі үшін емес, ең бастысы соның (Ресейдің – Т.Ж.) өз мүддесі үшін оны (Ресейді – Т.Ж.) жаңа жолмен жүруге мәжбүр етсек – өте пайдалы болар еді-ау" – деп күйінді. Жатқа да, жақынға да ескерте кететін жай: біздің пікіріміз ешқашанда орыс ұлтына қарсы бағытталмаған. Отаршыл империялық жүйеге деген қарсылық. Ол жүйе ең алдымен орыс ұлтының дамуын тежеп, орыс тарихын сергелдеңге салып, орыс ұлтының тағдырына кесірін тигізді. Сондықтан да шам көріп, шамкөстік таныту – өз тарихын сыйламау болып табылады. Ал, отаршыл саясатты ешкім де ақтай алмайды.
Абайдың тағдыры мен тауқыметті толғаныстарының тамырын өзі өмір сүрген заманынан, отаршылдық езгіден бөліп алып қарау мүмкін емес. Осы уақытқа дейін Абайдың зарға толы өлеңдерін бай мен болысқа ғана қаратыла айтылған, орыстың шенеуніктерін ғана әшкерелеген деп бағалап келдік. Шындығына сайғанда, Абай осы туындылар арқылы Ресейдің отаршылдық пиғылын, құлдыққа айналдырмақ болған құлқын қолқасымен суыра әшкереледі. Әйтпесе:
Орыс айтты: Өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сыйласаң бек көрем деп.
Бұзылмаса оған жұрт түзелген жоқ, —
деп еріккеннен айтты дейсіз бе?
Мейлі бай, болыс, кедей, қыдырмашы, жарлы, жағымпаз, жақсы мен жаман туралы болсын, мейлі ұлықпен билік, Алла мен Ар туралы болсын, қай өлеңін алсаңыз да онда ең алдымен "елінің мүддесі" қозғалады. Абайды "Ел" деген ұғымды қарауылға ала отырып түсіндірме – қарабайырлыққа ұрыну деген сөз. Біз оның Ең Ұлы Нысанасын, "гүлденген ой өлкесін" жапырақсыз, тамырсыз қалдырдық та, ақ сөңкеге айналған ағаш сияқты жаттанды, сықиған сілтемелермен бүркемеледік.
Өйткені:
Абай – кез келген идеология үшін ең қауіпті тұлға.
Ол ешқандай ақыл-ойдың, сезім тамырдың, биліктің, заңның өлшеміне сыймайды. "Қалай айтылып кетсе – жайы сол". Ал ондай адамды: отаршыл саясатты мойындады, "дүниенің кілті" – отарлануда, онсыз өмірің тұл деп – айтты деп түсіндіру кәдімгі тоңмойындық, топастық. Егерде рухани тәуелділіктің халықты жұтататын қылқұрт екенін сезінбесе, Абай онда "жан бостандығы" туралы пікір қозғамас еді. Ол осынау теріс баққан заманның бетін бері қайырып, елімен еншілестіргісі келді. Оны өзі:
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып, –
деп мойындады да.
Толғана жүріп түңілді, түңіле жүріп толғанды, ақыры – торықты. Оны торықтырған "барымта мен партияның" "мастығы", "апиыншысы" (құмар) болған "сыпыра елірме" ("белая горячка"), сұрқия ("провакатор") болған елі және... елін солай мәңгүрттендірген Жаһангер Жаһил – Империяның басыбайлы отарлау пиғылы!
Абай мұны білді және білгенде қандай! Сондықтан да:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың –
деп отыр.
Бұл дегеніңіз бір кітапқа жүк болуға татитын астарлы сөз.
ІІ
Зады, Ұлылардың пікірімен тым еркін араласуға болмайды. Бұл өте қауіпті жайт. Себебі, даналардың ой астарының қат-қабаты көп және сол пікірдің қилы-қилы жағдайда және басқаша емеурінмен айтылуы мүмкін. Сол сияқты Абайдың да сөздерін өз ойыңа бағындыра қолдану аса иждаһаттылықты талап етеді. Өре мен ойдың арасындағы жіктің жымдаспай қалатын жайлары өте жиі ұшырасады. Философиялық ұғымдарды былай қоя тұрып жоғарыда келтірілген "Тоғызыншы сөздегі": "тірі емеспін" деген ұғыммен "Қайғы шығар ілімнен" дегенді қалай талқыласақ болады? Абайдың шығармаларындағы қасіретті сарынды (трагизмді) оның өмір сүрген заманынан көріп келдік. Бұл дұрыс.
Бірақ сол заманның қай қасіреті оның жүрегін "қырық жамау етті" әрі "жабықтырды"?
Дұрыс, Абай өз заманына сыймады. "Халқы надан болды". Билік пен мансапты көкседі. Сол үшін бір-бірінің жағасынан алды. "Айтысты. Тартысты. Жұлысты". Абайдың өзі де ел ісіне он үш жасынан бастап араласты. Өзі сынаған "тартыстан" елу жасқа дейін бойын аулақ салған жоқ. Еркімен болсын, еріксіз болсын, әйтеуір өз дәуіріндегі ірі оқиғалардың ішінде жүрді. Сырт қалған жоқ. Қазақ халқын қалай билеу керектігі туралы Заң жобасын да жасады. Былайша айтқанда Абай өз дәуіріндегі қазақ халқының ең бақытты әрі беделді адамының қолы жетер игіліктің бәрін көрді.
Ендеше халқына қарап торығатындай ұлы себеп жоқ.
Ұлылар қай заманда да жалғыз. Олар қай дәуірде өмір сүрсе де өз заманынан озып туады. Соның барлығы дүниеден түңілуге алып келмейді. Гетенің, Пушкиннің, Толстойдың кезінде Билік пен мансап мәселесі болмады деп кім айта алады.
Ендеше Абайдың өз елінен жерінетіндей реті жоқ екен.
Бай мен кедейдің арасындағы әлеуметтік тартыс Абай шығармаларындағы басты трагизм емес. Түңілудің түбірі басқада.
Әйтпесе, "байлар да мал қызығын біле алмай жүр" демес еді.
Ол халқын жақсылыққа бағыттады. Ол үшін күресті. Ақыры түңілді. Түңілгенде ұлтынан үмітсізденген жоқ. Ұлтының болашақ тағдырының тұманда тұрғаны күйіндірді. Оны түңілдірген біз осы уақытқа дейін жігін ашпай келген ұлы империялық отарлаудың жаһилдік және өте сұрқия саясаты еді. Абайдың орыс білімі туралы жылы пікірлерінен мысал алып, оны сол халыққа дәлірек айтсақ орыс ұлтына емес, ұлы империяға деген шексіз махаббатының белгісі ретінде даурығыса жамырап, оны ұранға айналдырды. Менің ойымша бұл әрекет арқылы біз Абайға қиянат жасап келдік. Өзіңіз ойлаңызшы, өзге-өзге ұлы Абай өз ұлтынын отарлық езгіде тұншығып отырғанын сезбеуі, көрмеуі, ол туралы ойланбауы мүмкін бе? Егер ойлана қалса, онда қазақ халқының азат ел болғанын қаламады дейсіз бе? Олай болуы мүмкін емес. Елінің бұғауда тұрғанын және ол бұғаудың бір күні тұзаққа айналарын білді.
Біліп қана қойған жоқ, басынан кешірді.
Өмірінің соңғы жылдарындағы ақын жүрегін жаралаған ең ауыр оқиғалардың бірі – патша жандаралдарының үйін тінтуі және оны астыртын бақылауға алуы еді. Дала данышпаны дәл сол жылы рухани басыбайлылықтың қазақ халқына мықтап төнгеніне көзі жетті. Оның түңілуіне себепкер жайдың бірі осы. "Мұсылман діншілдерінің реакциялық қозғалысы туралы" қылмыстық іс қозғап, соған Абайды да іліктіре кетеді. Тінту кезінде төмендегі "Жарлық" Абайдың үйінен табылады. Тергеу ісінде тіркеулі тұрған "Жарлық" қазақты шоқындыру туралы мәселе қозғайды. Бұл "Жарлықты" Абай оқыған. Біз де оқиық:
"1891 жылы қыркүйек айында Діни (архирей) басқарма Мәртебелі Ағзамға мұсылмандардың арасында Иса пайғамбардың православиелік дінін тарату туралы ұсыныс айтқан еді. 1902 жылы наурызда Мәртебелі Ағзамның бекіткен заңына сәйкес мемлекеттік құпия істер жөніндегі кеңесші: "Патшаның бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге Ережеге байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен, "олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс - деген желеумен жүргізілуі тиіс. "Өздері православие дініне өтуге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енеді" – деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек" – деп нұсқау берді.
Бұл құжатты оқығанда Абайдың қандай көңіл күйде болғанын түсіну қиын емес. Таным тұрғысынан алғанда оның халқын заман-ақыр күтіп тұр еді. Өмірінің соңында "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деп өлең жазған және қара сөздерінде дін мен иман туралы бірнеше ғақлия жазған Абайды рухани шоқындырудың еш қисыны жоқ болатын. Сондай-ақ, Семей қаласындағы діни айтыстар да Абайға мәлім болатын. Шіркеудің тақуаларымен Абайдың өзі де бірнеше рет айтысқа түсті. Елінің ертеңін ойлаған жан үшін осы құжаттың өзі де жүрегінің басына у құюға жетіп жатыр еді.
Абай жаһангерлік бодандықты, рухани тәуелділікті, ұлттық езгіні өте жақсы сезінді. Сонда өз қолыңнан билігің кетіп отырған нәрсең не? Тәуелділік! Тәуелділік болғанда жай тәуелділік емес, толық тәуелділік! Осы толық тәуелділік дегеніміз не? Ол – экономикалық, саяси-әлеуметтік, әкімшілік және ең бастысы рухани тәуелділік! Абай сол тәуелділіктің әрқайсысын терең сезініп, құмыға отырып өлеңмен ой түйген. "Үмітсіздіктің басы" жеке өзінің тағдырында емес, Елінің басыбайлылығында жатыр. Ол – елінің ертеңін ойлап түңілген. Абай жеке өзінің ғана емес, мұқым елінің рухани бостандығын аңсаған. Ол Елін емінтіп қойған Басыбайлылықты "өңшең нольден" көрген. Соған іші удай ашыған Абай:
"Сократқа у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол –
көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал" – дейді.
Сол көптің бірі – бізбіз. Ал, қалай көмпіс болдық, ол дербес әңгіме.
Тұрсын Жұртбай
"Күйесің, жүрек... сүйесің..." кітабынан