АБАЙДЫҢ САРА ЖОЛЫ

АБАЙДЫҢ САРА ЖОЛЫ

Абай – адамзаттың алыбы! Қазақ халқының көрнекті ақыны һәм композиторы! Алты Алаштың ағартушысы! Ұлы даланың ұлы ойшылы! Дара да дана данышпаны! Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы! Ғаламның ғұлама ғалымы һәм хакімі! Аты бес құрлыққа белгілі алып аудармашы! Осы сегіз қырлы, бір сырлы қасиеттері арқылы ол әлемдік құбылысқа айналды. Сондықтан Абай адамзат баласы үшін мәңгілік темірқазық болып қалары хақ.

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев» деп Ахмет Байтұр­сын­ұлы текке айтқан жоқ. Ол қазақ әде­бие­тінің негізін қалады. Мәні мен мазмұнын толықтырды.

«Өлең – сөздің патшасы,

сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін

айналасы», –

деп өзі айтпақшы, ол өлмес өлең мен қазаққа қажетті қара сөздің қалай жазылатынын үйретті. Білім беру саласымен арнайы айналысып, ғылыми еңбек жазбаса да, оның қаламынан туған кез келген туындыны адамзатты тәрбиелеудің құралы ретінде пайдалануға әбден болады. Себебі ол шығармалардың тәлім-тәрбиелік мәні зор, тағылымдық маңызы мол, үлгі-өнеге тұтар тұсы көп. Мысал үшін бір ғана «Сегіз аяқ» өлеңін талдап көрейікші. Сонда біздің бұл сөзімізге көзіңіз жете түседі. Негізі, Абай бұл шығармасын әбден толысқан шағында, яғни 1889 жылы жазған екен. Өлең 25 шумақтан тұрады. Бұл өлеңге көрнекті жазушы һәм ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің өзі: «Ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан зор шығарманың бірі», – деп жоғары баға берген. Сондықтан бас ақынның «Сегіз аяқ» өлеңін «Абай шығармаларының шыңы» деп айтуға толық негіз бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, енді өлеңге кезек берейік:

«Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл кердең наданның.

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды –

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз

Болмаған соң, айтпа сөз»,–

дей келе:

«Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде.

Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, беркін

Деп насихат бергенде,

Ұятсыз, арсыз салтынан,

Қалғып кетер артынан».

Немесе:

«Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей –

Тояды қарның тіленбей.

Я болмаса:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын.

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім»,–

деп әр шумақ сайын түйдек-түйдек ой айтады.

Міне, бұл өлеңде бір ғана ұлт­тың емес, бүкіл адамзат баласына ортақ ой мен пәлсапа, арман мен мақсат, бағыт пен бағдар, ха­кім­нің өзі айтқан ғақылия мен нақы­лия бар. Тіпті басым көпшілігі ел арасында мақал-мәтел ретінде жиі айтылады. Мәселен, «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң, айтпа сөз», «Бірің­ді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды – Әдеті надан адамның», «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз», «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде», «Еңбек қылсаң ерінбей – Тояды қарның тіленбей», «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім», «Моласындай бақсының Жалғыз қалдым – тап шыным!» деген даналықтары – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Бұл ғақылиялар тек бір өлеңнен алынды. Ал енді қара сөздерінен бірер мысал келтіріп көрейікші:

Абай – адамзат баласының сауа­тын ашып, асыл дініміз арқылы ғы­лымға жетелеген хакім. Мысалы, 10-сөзінде: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» десе, 38-сөзінде: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» дейді. Бұл сөз ұлы ұстаз Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзімен үндеседі. Сондай-ақ «Құ­дай Тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шектеусіз) болды. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса, өзің ни­һаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес» дейді 38-қара сөзінде. Ол аз болса: «Алланың Өзі де – рас, сөзі де – рас», «Адамды сүй, Алланың хикметін сүй» деп нақтылады. Бұл дана сөздер әлі де маңызын жоя қойған жоқ. Біз Алланың жолынан гөрі, өз пайдамызды көксеген жолдан шыға алмай келеміз. Сондықтан да біз Абай айтқан толық адам дәре­жесіне әлі күнге дейін жеткен жоқпыз. Өйткені Абайдың жо­лы – Хақ жолы. Сондықтан да біз тақы­рыпты «Абайдың жолы – сара жол» деп қойдық. Алла Тағала біздің елге осы жолға түсуді нәсіп етсін!

Жоғарыда біз дала данышпаны­ның «Сегіз аяқ» өлеңі мен бірнеше қара сөзінен ғана мысал келтірдік. Егер хакімнің бүкіл шығармасынан үзінді келтірер болсақ, онда бұл жаз­ба бірнеше кітапқа жүк болар еді. Ал енді осы құндылықтардың барлығы тұнып тұрған ұлттық идеология емес пе?! Ұлы ақынның шығар­маларын үкімет арнайы бағдарлама жасап, жүйе құрып, ретін тауып пай­далануы қажет, еліміздің облыс пен аудан орталықтарында, әр­бір елді мекендерінде, тіпті мекеме кеңселерінің төрінде көрнекі құралдар арқылы кеңінен насихаттауға тиіс. Хакім ғақылиялары әрі сауатты, әрі сапалы һәм көркем безендіріле тасқа басылып, қолжетімді бағамен сатылуы керек. Тіпті тегін таратса, нұр үстіне нұр.

Осы орайда айта кететін бір жайт, ұлттық идеология хакімнің ға­на шығармасынан тұрады деген түсінік тумауы керек. Ұлттық иде­ология өзегі ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыптан және басқа да қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің туын­дылары мен ұлт көсемдерінің мұраларынан тұрады. Өйткені олар – ұлы Абайдың шәкірттері. Біздің бұл сөзімізді Міржақып Дулатұлының: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға дейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да – сол. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқы­на сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» деп берген бағасы қолдап, қуаттай түседі. «Егер ісім өнсін десең – ретін тап» дейді хакім­нің өзі. Біздің елдік ісіміз – осы! Тек соның көзін табуымыз қажет. Сонда еліміздің іргетасы бекем, шаңырағы биік, керегесі кең болары хақ.

Абайды төрткүл дүниеге танытқан заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі: «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ендеше біз Абай деген мұхиттың тамшысын татып үлгердік пе? Оның тереңінен сусындау үшін не істеуіміз қажет? Әрине, Абайды игеруіміз керек. Ол оңай шағылатын жаңғақ емес. Абай – алынбайтын һәм бағынбайтын асу. Шыңына жету немесе тереңіне бойлау мүмкін емес. Сондықтан оның өміршең өлеңдері мен астары терең қара сөздерінен үлгі-өнеге алу үшін үлкен дайындықпен келгеніміз абзал. Өйткені Абайдың өзі:

«Ақылменен ойлап білген сөз,

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар», –

дейді. Яғни адамның бойында білім мен ілімге деген ынта-ықылас болуы шарт. Білімге шөліркеген жүрек болуға тиіс. Сонда ғана нәтижеге қол жетпек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев «Абай және XXI ға­сыр­дағы Қазақстан» атты мақаласын­да: «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бас­тау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт де­ге­німіз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темір­қазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлт­жанды азамат етіп тәрбиелеуге ша­қырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азамат­тарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» дегені мәлім.

 Міне, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сөзін бас­шы­­лыққа алып, ұлттық идеоло­гия­мыздың тамыры Абай шығарма­ларынан нәр алатындай жүйе жасауымыз қажет. Сонда ғана бағыт-бағдарымыз айқындалып, сара да дара жолға түсеміз.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің аға оқытушысы