Іс-шара әйгілі қытай мүсіншісі Юань Сикун жасаған және 2014 жылы наурызда Қытай астанасының орталығындағы «Чаоян» саябағында орнатылған Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.
Абай оқуларын ҚХР министрліктері мен ведомстволарының, ШЫҰ Хатшылығының өкілдері, Қытайдағы ТМД елдері дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, қазақстандық және қытайлық студенттер тыңдады.
Шығармашылық іс-шара қонақтары қазақ және қытай тілдеріндегі Абай шығармаларының жинақтарымен танысты.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде Абайдың шығармашылығы, оның қазақ философиясы мен әдеби тілді қалыптастырудағы рөлі туралы айтып берді.
Ш.Нұрышев 2015 жылдан бастап Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань жоғары оқу орындарында «Қазақстан орталықтары» мен қазақ тілі кафедралары ашылғанын, онда қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы және Абай шығармалары зерттелетінін хабарлады.
«Жыл сайынғы «Абай оқулары» игі дәстүрге айналды. Бұл іс-шара өзара құрметке негізделген екі елдің арасындағы рухани қарым-қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді», деп атап өтті Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі.