АБАЙ – қазақтың ақыл-ойының аласармас асқақ шыңы. Оның шығармашылығын насихаттап, өміршең ойларын көкірегімізге құю мақсатында 2020 жылдан бері «10 тамыз – Абай күнін» тойлап келеміз. Осыған орай Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханада «Абайды Оқимыз – Читаем Абая» тақырыбында кітап көрмесін һәм әдеби челлендж өтуде.
Кітапхананың оқу залында хакімнің өмірі мен тағдырын бейнелейтін энциклопедиялар, анықтамалықтар, кітаптар ұсынылған. Атап айтсақ, филология ғылымдарының докторы М.Мырзахметұлының «Абайтану: 175 жыл» атты 7 томдық құжаттар жинағымен танысуға болады. Қ.Көшербаевтың «Абай: шығармашылықтарының академиялық толық жинағы» редакциясымен шыққан 3 томдық шығармалар жинағында XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы өкілдерінің өлеңдері, әндері, замандастарының естеліктері, аудармалары жинақталған.
– Көрмеде «Ата-Мұра» баспасынан шыққан «Қара сөздер» кітабы бар. Бұл – Абайдың қажырлы еңбегінің нәтижесі ғана емес, оның қазақ халқының өткен, қазіргі және болашақтағы тағдыры туралы ой-пікірлерінің жемісі. Оның әр сөзі, өнегелі өмірі – барлығымызды Отанға адал қызмет етуге шақырады. Оның мәні терең сөздері әр қазақстандықтың жүрегінде болса, адаспасымыз анық, – дейді оқу залының қызметкері Станислав Смирнов.
Экспозиция тамыз айының соңына дейін жалғасады және оқушыларға, ЖОО студенттеріне, педагогтерге һәм ел тарихы мен Абай шығармашылығына немқұрайлы қарамайтындарға өте қызықты болады.
Сондай-ақ, кітапхана 10 тамызға дейін «Абайды оқимыз» әдеби челленджін іске қосты. Оған барлық тілек білдірушінің қатысуына рұқсат. Ол үшін әлеуметтік желіге Абайдың бір туындысын оқып, #karlib, #АбайҚұнанбайұлы, #Абайкүні, #abaikuni, #читаемабай хештегін пайдаланып, бейнежазба жариялау керек. Бұл қанатты сөздер, өлеңдер, қазақ тіліндегі және кез келген басқа тілдегі ақын шығармалары, әндері болуы мүмкін.
Жәлел ШАЛҚАР.