ЕРТЕҢ ХӘКІМ АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Өскемен қалалық Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапхана қазақтың бас ақынының туған күніне арналған мерекеге шақырады.

Кітапхана оқырмандары үшін ұлы ақынның мұрасын ұлықтайтын арнайы танымдық бағдарлама әзірлеген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.

Сағат 14.00-де басталатын шара бағдарламасы:

1. "Әдеби дастархан" - дәстүрлі кітап көрмесі. Абай мұрасы және өмірі, шығармалары бойынша зерттеулер мен көркем әдебиет ұсыну.

2. "Абай әні" - Ақын туралы 1945 жылы шыққан тұңғыш көркем фильмді көрсету.

3. "Тоғызқұмалақ" - Ақын сүйіп ойнайтын ұлттық ойынды өткізу.

4. VR локация - VR киіз үйдегі заманауи техника арқылы М. Әуезовтің "Абай жолы" романындағы бала Абай туралы мәтін желісі бойынша бейнекөрініс - локация жасауды үйрету.

5. Виртуалды саяхат - VR киіз үйде Ақынның Жидебайдағы мұражай - үйіне қашықтан саяхат жасау.

6. "Бала Абай" - "Абай жолы" романындағы ақынның балалық шағы туралы оқып, мәтін желісі бойынша мультстудияда "Бала Абай" атты мультфильм жасау және үйрету.

7. "Құлақтан кіріп, бойды алар..." - Абайдың күйлерін тыңдап, әндерін шырқау, өлеңдерін оқу.

8. "Абай өлеңдері – көркемсуретте" - Ақынның табиғат туралы өлеңдерін оқу және сурет салу байқауын өткізу.

9. "Зерек зерде" - Кітапхананың барлық бөлімдерінде мольбертте ұсынылған Абай шығармаларынан үзінділерді және ақын туралы шетел зиялыларының ой-пікірлерін кім көп оқып, терең түсінгені бойынша оқырмандар арасында байқау ұйымдастыру.

10. "Жаһанға мәшһүр Ұлы Абай" - мольберттегі фотокөрмеде әлем елдерінде ақынға қойылған 20-дан аса ескерткішті таныстыру.

 

Айта кеткен жөн, ұйымдастырушылар "Абай күні" шараларына белсенді қатысушыларды сыйлықпен қуантпақ.