Болат Жүнісбеков: «БАСҚА ПЛАНЕТА»

     «Көк тұман – алдыңдағы келер заман...»

                                                Абай

 

«БАСҚА ПЛАНЕТА»

 (әңгіме)

 

Мұндайда қалай деуші еді?

Әлгі... енді, әлгі бар ғой... Тілінің ұшына, әйтеуір орала кетті: «аспаннан түскендей».

Иә, иә... аспаннан түскендей. Тәж-тажал тап осылай тарпа бас салар деп еш ойламаған.

Байсал мең-зең.  

Соңғы уақытта теледидардан көріп, біліп-ақ жүрген. Әлеуметтік желіден тәп-тәуір хабардар еді. Жаны үзіліп жатқандардың да көп екенін еститін. Бірақ, бұл жалмауыздың соншалықты «залымдығын» өз басына жабысқанда ғана  барып сезгендей.

Ауа  жетпейді.

Арқандаулы аттай, төсегінен ұзай алмайды. Дем арасында ентігіп қала береді. Бұрын мұндайды кім көріпті? Қанша ауырса да, алпыстың биігінен асқанша, жұмыстан қалмауға тырысты. Суық әбден өтіп кетіп, грипке шалдыққанын да кештеу сезіп жататын. Бір жолы, тіпті сырт киімдерін шешуге ғана шамасы жеткен еді. Төсек қай-да, қабаттап жайылған көрпеге еңбектеп әрең көтерілгені есінде.

Алайда, жастың аты – жас.

Онда әрі ұзаса, екі-үш күн ем-домын алып, шауып кете беретін. Сөйтсе, алты асудың салмағы иықтан басып, аяқтан шалатындай ма, қалай? Әйтпесе, тап осындай шарасыз хәлге түсетінін біліп пе?!

Өне-бойы дел-сал.

Өкпесін қапқан тәж-тажал жанын кеудесіне кептеп, қусырып тастағандай. Ештеңеге зауқы жоқ. Бойға қуат үшін үстел жанына тізе бүккенімен ауыз судан басқа дәмге тәбеті тартпайды. Қажетті дәруменді қан тамырлары арқылы алып жатқанына ғана шүкіршілік етеді.   

«Үш ұйықтасаң да, түсіңе кірмес» - деген осы. Мүлде басқа бір әлемге аспаннан топ ете түскендей. Аурухана... бұл бұрын көріп жүргендерінен мүлде басқа.

Байсал есеңгіреген күйде.

Мұнда келгенің сырқат екеніңді мойындағаның. Дәрігерден алыс жүргісі келетін жанның бірі өзі болатын. Ауруханадағы ахуал еңсеңді басып-ақ жібереді.

Алаң-пұлаң хәл.

Дәрігерлердің үсті-бастары әдеттегіден де шырттай аппақ. Бет-жүздеріне шейін бүркемелеп, қолдарына қолғап киіпті. Резеңке етіктері ғана ала-құла. Бір-бірінен ажырату қиын. «Скафандрларының» әйнектерінен көздері ғана сығалайды.      

Бұл да есін жиған соң ғана байқағаны.

Ауруханаға жаңа жылдың алдында жедел жәрдеммен келіп түскен. Алғашқы күндері айналасына қарайлайтындай жағдайы болмады. Сүлесоқ жатты да қойды.

Бірақ, қорқудан аулақ.

Осыдан екі-үш жыл бұрын бір өлімнен қалған. Онда да жаңа жылдың алғашқы күндері еді. Сол жолы-ақ жалғаннан баз кешсе,   қайрансыз еді. Тіпті, өң мен түстің арасында жатып, әңкүр-мүңкірлер келгендей әсерде болғанын ұмыта қоймас.

Онда, бірақ қорыққаны рас.

Бәрі де күні-бүгінге шейін жадында... Тап-тақыр алаңқайдағы бастарынан аяқтарына шейін аппақ киінген үшеу әлі күнге дейін көз алдынан кетпейді. Жүздері тым шаңқай. Сыртқы түрлері ешкіге ұқсас сөлекеттеу демесең, сүйкімсіз де емес. Шоқша сақалдары да өздеріне жарасып-ақ тұр. Қос аяқпен тіпе-тік жүреді, бәрі де көзәйнек киіп алған.

Бұл сырттай бақылайды.

Әлгі үшеуі үн-түнсіз қалыпта осы маңнан біреуді іздейтіндей. Бақиға алып кетуге келгендер екенін Байсал жазбай таныған. Сондықтан олардың назарына еш іліккісі жоқ.

Шытырман дүние.

Өзі әзірше терезеден қарап тұрғандай. Байқауынша, жаңағыларды сырттарынан бақылайтын жалғыз бұл ғана емес секілді. Алайда, қанша қорықса да, Байсалдың қашу ойына келмейді. Со-лай, Қорқыт баба да ажалды адастырып кете алмаған. Бар амалы, жаңағылар өзіне қарамаса екен деп тілейді.

Міне, қырсық, олар мұның ойын оқып-ақ қойғандай. Жаңағы үшеу Байсалға бір мезетте жалт бұрылды. Енді жетекке алса, ере жөнелуден басқа шарасы қалмаған... «маған ертерек» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де байқамады. Соңғы тал қармауы ғой, әйтпесе өзін тыңдайды деген сенімі жоқ еді. Бірақ, олар ләм-мим деп жақ ашпаған күйі  тағы да бір мезетте  теріс айнала берген.

Оянып кетті.

Қуанған болар, бірақ есінде қалмапты. Ажал жетпеген соң, аман жүр. Ол шіркінің тура келсе, алмай тынбайтынын түйсінеді. Тіпті, басқаны қайдам, бұған өзінің еш күмәні қалмаған. Бәлкім, қуанбағаны да содан  шығар.

Тек шүкіршілік етеді.

Байсал үшін, сол жолы жаратушының ғажайып сыйы мен ғаламат сыны – тірлікке сәл де болса, сәуле түскендей. Көп нәрсеге өзгеше қарай бастаған. Дегенмен, мынау аурухана мүлде басқа әлем. Тіпті, бағанағы «ешкілерге» қарағанда «скафандр» кигендердің әрекеттері қарабайыр әрі дөрекі. Сырқат меңдеген қоғамның зардабы мұнда  да ешқандай рентгенсіз-ақ алақандағыдай көрінеді.

Мейірім аз.

Тәж-тажалдан арашаға түседі дегендер жалақы жағынан жарылқанса да,  онысы талай жыл тарыққан асқазандарына жұғын болмағандай. Әлде өзіне солай көріне ме, «скафандрдағылар» үнемі бірдеңе дәметіп, жұтынып тұратын секілді. Қыл үстіндегі тағдырларға еттері де әбден өліп кеткендей.

Тым селқос.

Өне-бойлары қымтаулы болған соң, «ыңқыл-сыңқылды» естулері де екіталай. Жанарлары ғана әйнектің ар жағынан жылтырайды. Көздері қарап тұрғанымен, көрмей қалып жатады. Оған, бірақ несіне таңданады? Замандастардың бірін-бірі естуден, көруден қалғаны қашан.

Немқұрайдылық.

Олар сырқаттың шынайы рахметін қанағат тұта қоймайды. «Құрғақ қасық тамақ жыртардың» кебі баяғы. Қомағай қоғам аранындағы аурухананың да өз «сыбағасынан» қағылғысы жоқ. «Балық басынан»... кінә жоқ, ақтағың-ақ келеді. Бірақ, мейірім тым тапшы.

Байсал еріксіз ренжиді.

Онда да іштей ғана. Өкпелетіп алсаң, өкпеңді қолдан желдететін ИВЛ-деген аппаратқа таңып тастаулары ғажап емес. Бөлімше меңгерушісі әйел де ИВЛ-мен қорқытып кеткен. Жаны ашығандықтан ба, әлде жанқалтасы «жалаңдаған» соң ба, оны енді өзі біледі. Байсал шыбын жанынан нені аясын, есі шала-пұла қалпында жатып-ақ қолындағысын семіз сарының қалтасына жытырған. Бұдан соң, «іс бітті, қу кеттінің» кебін киді.

Ашық қалтаның иесі көрінуді мүлде қойған.

Одан өзге: медбикелер, «медбраттар мен практиканттар» да толып жүргендерімен, мұнда бәрі бей-берекет. Соңғы күндері «скафандрдағылар», тіпті Байсалдың күремтамырын таба алмайтынды шығарды. Дәріні терінің астына жайып алып, кешірім сұрап жатқандары. Солай екен деп, дәрігер атаулыға теріс айналудан аулақ. Ол «барлық жерде бұлай емесіне» сенгісі-ақ келіп, «мұнда қайдан тап болдым» деп, іштей өкінеді.

Енді қайтсін, мынау бір берекесі қашқан жер боп шықты. Тіпті, тамырға құятын дәрілері тамып біткенде де «скафандрлардың» ешқайсысы көріне қоймайды. Дауыстап шақыра беру де әбес. Тап бір құлақтарының мүкісі бардай, көбінесе естімей қалып жатады.  Үсті-бастарында саңылау жоқ. Сосын саңырау болмай қайтсін?! Бірнеше мәрте шақырасың.  

Зәрезап боласың.

Шақырғанға келмеген соң, «системаны» ағытып алып, өзің іздеуге шығасың. Оған да басын көтергендердің ғана шамасы келеді. Әйтпесе, орныңда жатып, күтумен боласың. Ара-арасында «сестра-сестра» деп жалбарынасың.

Ал, сыртта болса, мына терезенің арғы жағында қайнаған тірлік... қуанышы де, реніші де бір басқа жетерлік. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік...» (осы және бұдан әрі де Абай лұғаты).

Рас, әркімнің маңдайына жазғаны бар.

Осылай Байсал өзін-өзі жұбатады. Басқаға шарасыз. Тағдырға қарсы тұра алмайсың. «Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?» Мына бір ақша билеген әділетсіз қоғамның өзгергенін көруге деген үміт  те сарқылып барады...

Пендеңде, әйтеуір тыным жоқ.

Жан-жақтарына қарайлауға мұршалары жетпейді. Қатал уақыт жаны жаралының да көзінің жасын тым тез құрғатып жіберетіндей...

Жаппай аламан.

Әркім жарыстан қалмауға жанталасады. Соның бәрі «жанбағудың амалы» көрінеді, әй қайдам? Бір уақ, тіпті тыныстауға да мұршамыз жетпейтіндей ме, қалай?.. Көбінесе солай.

Сәл-пәл тыныс алсақ қой, шіркін!

Бір сәтке болса да тыныстап, өзімізден өзіміз есеп алсақ. « ...есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!». Бір сәтке болса да атнөпір «жарыстан» жырылып шығып, өткен жолыңа, жан-жағыңа зер салу қандай ғанибет! Бұл қолыңнан келсе, босқа шапқылау да азаяр ма еді, бәлкім?

Байсал соңғы уақытта  мақалшыл болып алған: «Жақсылыққа ұмтылу – адами қасиет, жанталасу – қасірет». Солай екенін  жұрт білетін болар, бірақ... Күнделікті күйбең жанарыңды жасқайды. Уақыт диірменінде шыркөбелек айналасың.

Көп нәрсені аңғара бермейсің.

Тіпті, есін жиып, айналасына қарайлауға да үлгермеген қалпы жалғаннан өте шығатындар қаншама?! Ондайлар кімнің – кім, ненің – не екенін, өзара сыйластықтан артық дәнеме жоқтығын сезбеген күйі, «келместің кемесіне» отырып, кете барады.

Ал, біздің әкелеріміз мен аталарымыз басқашалау сияқты еді. Көпшілігі замандасқа сергек қарап, елге тілекші болатын. Шүкіршіліктерін естерінен шығармай, «біреуден – алда, біреуден кейін» дегендей, жүріп жататын. Әр нәрсені сабырмен тиянақтап, бұ дүниеге келудің де, кетудің де  жөн-жосығын білетін.  

Сөйткенмен... ел қатарлы тұрмысты қанағат тұтудың ауыртпашылығы да аз болмаған сияқты. Ел қатарлы... білім мен «ғылым таппай», мал соңында салпақтап, өзге жұрттың артында қалғанымызды  тым кеш көргенбіз. Бұдан соң, отаршылдар баса көктемегенде қайтсін! Олай болса, қазіргі мүшкіл хәліміз үшін өзгеге қалай өкпелерсің?!

Кінәлі, әрине өзіміз едік.

Қалғаны, «кім күшті болса, соның тарысы жылдам піседінің» кебі емес пе?! «Рас, білімді мен білекті білгенін жасайды». Алайда, «осы күнге қалай тап болдық» деген сауал Байсалдың ойынан шықпайды. Ұлы Абайдың «Ой кіргелі ерік тимеді өзімесін» әбден түсінеді. Ақ патша илеуіндегі бодандық заманның азабы жан сыздатады. Ол аздай, кейінгі кеңес құлдығының да зілбатпан зардабы мысқалдап қана шығуда. Онда да, қазір де билік құлағын ұстағандар мен қолдарында мөрлері барлардың ым-жымдары бір, «сыбыры» ортақ. Қарапайым жұртты нарықтың да қаншалықты қарық қылғаны белгілі.

Халықтың қолымен жиналған байлықтың қызығын ат төбеліндей азшылық көруде. Сол бір басқарма басшысының қарауындағы мекеме жетекшілерінің арасынан ана бір үшеуіне деген құрметі тым ерекше еді. Түсінбейтін... жаңағылар түгелдей қылмыс құрығына тұтылғанда ғана жарылқаушының «ыстық ықыласының», сыбайластардың  сыры ашылып қалған. «Осы күнде қазақ ішінде «Ісі білмес, кісі білер» деген  мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз».

Көпшіліктің тамыр-таныстыққа, «жең ұшынан жалғасып», ақша билеген тірлікке еттері  өліп кеткендей көрінетін. Күнкөрістің құйрығына маталып, қарыздан белін жаза аламай қалғандардың өз уайымы өзімен секілді болатын.  Сөйтсе, аузы-мұрыны бітеу қоғамда «тарпаң» мінез танытатындар да бар екен. Олардың турасын айтамын деп, соның азабын тартатыны да ел-жұрт жақсы мәлім.

Қоғам іштен тынатын.

  «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?». Ойлы жанға өмір сүру қиын-ақ. «Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен?..» немесе «Асау ой, тентек жиын, опыр-топыр, Ішінде түсі суық, бір жан отыр. Алысты тұманданған ол ойлайды, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр».

Осы сөздерден Байсал бүгінгі күннің суретін көргендей болып, көңілін көлеңке басады. Сосын жабырқау жанына арқатіректі тағы да ұлы ақыннан табады: «Ақылға, өмірге де адам кенде, Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде. Күнінде жүз қуанып күліп жүрген/ Осы адам уайымсыз неткен пенде?.. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».

Ол ой тұңғиығына шомып барады екен. Мұрнына қыстырған оттегі желдеткішінің тайқып кеткен түтікшесін қайта дұрыстап, назарын тағы да терезеден сыртқа аударды.

Қарбалас тірлік.

Жасы бар, ересегі бар ауруханаға қарай ағылғандар. Осында тәжірибеден өтіп жүргендерге және медбикелер мен медбауырларға ұқсайды. Әйтпесе, тәжтажал жайлаған мұнда жұрттың несі бар!

Сырттағы еркін тірлікке телміреді. Басың аман, бауырың бүтін тұрғанда оның қадіріне жете бермейді екенбіз? Енді сол тірлік бәйгесіне қосылу арманға айналғандай. Әдетте ғой, бойың жып-жинақы жүріп бара жатасың... Емін-еркін тыныстап, жан-жағыңды жанарыңа көшіріп бара жатасың. Бұған да жете алмай жүргендердің бар екені қаперіңе де кірмейді. Денсаулықтың ғана емес, туыстық пен сыйластықтың да қадірін сырқат жабысып, өне-бойыңды бүргенде ғана барып түйсінесің.

Басты байлық!  

Қазір түні бойы ұйқы жоқ. Мұрнындағы «желдеткішпен» алысып шығады. Оған да мойынсұнған. Ауруханадағы жанды ұйқыдан басқа ермек тез жалықтырады. Төсекке таңылған соң, күндіз де кірпіктерің тез айқаса бергіш.

Әйтеуір, ұйқылы-ояу жатасың да қоясың.

Байсал бұрын да аурухана төсегіне таңылған еді. Алайда, мұнда бәрі басқаша. «Скафандрлар»  сырқаттардың «ыңқыл-сыңқылын» елей қоймайды.

Роботтардан аумайды.

Онда да жетілмеген немесе ақауы бар құлтемірлерге ұқсайды. Өздері аз да емес. Бірақ, паровоз секілді бірін-бірі «тіркеп» алып қана қозғалатындай. Тәжірибе жинауға келгендер. Дұрысы, жетектегілер. Бағдарламасы жетілмегендер, яки толық орнатылмағандар. Енесінің желініне телмірген бұзауларға көбірек ұқсайды. Алдыңғысы қалай бұрылса, қалғандары солай тепеңдейді.

Байсалдың алғашқыда өзге түгілі өзіне де қарауға шамасы келмеген. Бажайлап көрсе, соңғы бірнеше күнде едәуір жүдепті. Аурухананың үш мезгіл дәмін ерніне жаққаны болмаса, ештеңеге зауқы соқпайды. Тіпті, нанға жүрегі дауаламаған соң, өзгесіне не жорық?! Алайда, тамақ ішпей тағы да болмайды.

Үстел басына еріксіз барады.

Бүгін де түскі дәмнен бір-екі қасық қана ауыз тиген. Сосын қайтадан төсегіне қарай беттеді. Бөлмеде өзінен басқа тағы үш сырқат бар. Олар сауығып келе жатқандар. Үйлерінен келген сорпаны «суыта» қоймайды. Өзі болса, әзірге асхананың жеңіл дәмінен татқанға қанағат етеді.

Төсекке қисаймас бұрын жанындағы оттегі қондырғысын іске қосқан. Желдеткіштің екінші ұшын мұрнына жалғады.  Жастыққа басы тиісімен қалғып кеткен. Оқыс шыққан дауыстан көзін ашып алды. Көрші палата жақтан «Әкет, әкет...» деген дауыс естіледі. Жасы ұлғайып қалған қарт адам сияқты. «Әкеті» несі екен? Дәрігерді «сестра» деп шақырса керек еді.

Іргедегі дауыс әлі естіліп тұр.

Алайда, сырқаттың шақырғанын  әдеттегідей ешкім естір емес. Беттері бері қараған көршілері күле бастады.

- Әкет... Әкет, - деп жатыр.

- Сестра, - деп шақырмаушы ма еді.

- Е, бәсе, сестра, - демеуші ме еді.

- Әкеті несі екен?

Бастарын көтерген олар күні кеше ғана көздерінен бұл-бұл ұшқан тірліктің әрбір сәтіне мәз. Байсал болса, әзірге сол сүлесоқ қалпы. Тәжтажал өкпесінің 80 пайызын қапса, оңай болып па? Сырқаттан айығып келе жатқандардың қуанышына қосылып, еріксіз жымиды.

Ол «әкеттің» жайын біледі. Өзінің басында да бар: дәрі құятын системаларын алуды «сестралар» жиі ұмытады. «Мейірбике» дегенге аузы бармады. Басқаларды қайдам, өз басы басқа планетаға түскендей жатырқайды.

Аң-таң.

Аппақ киініп, «скафандр» тұмшалаған дәрігерлерді Байсал келе-келе дауыстарынан айыратын болды. Мұнда ем-дом бекітілген хаттама бойынша жасалады. Күніне екі уақ тамырға және бір мәрте қарынға дәрі құйып, қанды тазалайды, жамбасқа инелерін шаншиды. Бұдан өзгеге олардың да дәрмені жоқ.  

Түсінеді.

«Әкет... әкет... әкет»... көрші палатадағы сырқаттың дауысы тағы да естілді. Бірақ, ана «скафандрлар» баяғы сол меңіреу қалпы. «Қызық «сестра» немесе «дәрігер» деп шақырмаушы ма еді?» деп, көршілерінің күңкілін іштей қайталаған..

Қарт адам.   

Кейін басын көтерген соң, дәлізге шығып, бұл да шақырысатын болды. Содан соң да «скафандр» кигендердің «серкесінің құлағын ашуға» тырысқан. Тыңдайды, түсінеді деп айтты: «Шындап келгенде бәрі бір Алланың қолында ғой. Сендерден мейірім ғана күтеміз. Хаттамадан асып қайда барасыңдар. Қарт кісінің мазасын алдыңдар ғой».

Дембелше «құлтемір» құптағаны белгісіз ыржың-ыржың еткен де қойған. Өзі де тығыршықтай екен. Ойсыз, ұяты аздау жандар жастарынан ертерек дөңкиіп, жайылып кететін секілді. Мұның өткендегі «жомарттығынан» кейін ғана момақан түр танытады. Әйтпесе, осында түскен күні-ақ өкпесінің жұмысына көңілі толмай, қоқиланғанын қалайша ұмытсын. Онда жаңағы семіз сары өлшеп жіберіп, «көрсеткіш төмен, ИВЛ-ға қосамын, онда жаман болады» деп қыр көрсетіп кеткен еді.

Сонда қалай?

«Өкпеңіз жасанды желдету» қондырғысына  қосылса, күніңіздің қараң болғаны ма?».

Бәрібір қорықпаған.

Байсалдың бұл – бірінші көрген құқайы емес. Осыған дейін де ауыр операциядан ілдебайлап аман қалған. Бірақ, сол бір «ИВЛ»-дегеннен жұртшылықтың қарадай шошынатынын да біледі.

Ал, енді мейірім күтіп көріңіз?

Бұрын өзі «таңылған» хирургия бөлімшесі мынаның жанында көш ілгері екен. Өйтпегенде ше, олар медицинаның элитасы ғой. Алладан соң, адам тағдыры хирургтердің қолында. Әрбір сырқаттың өз ерекшелігі барын да біледі олар.

Ал, мыналар  хаттама бойынша жүріп, тұратындар. Ауырудың түріне қарай талай ғасыр, кемінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан дәріні құюдан өзгені пысқырмайды. Оның үстіне «сырқатың бізге жұғатын болды» деп, үркетін немесе үркітетіндей ме, қалай? Зордың күшімен жүргендерге ұқсайды. Гиппократтың анты қайда, бұлар қайда?! Сырқаттың не жазығы бар? Тіпті, жаңағылардың арасында «семіз сары» сияқты сырқаттан «рахмет» дәмететіндер де өріп жүр.

Қызметтерін бұлдайды.

Қызуы қайтып, беті бері қарағанда барып, «құлтемірлерге» бажайлап көңіл аударған. Күмәнді емдеу, жетілмеген бағдарлама: «тым құрыса, бұлардың дұрысын неге жібермейді екен». Бірақ, бірдеңе деуден қорқады. Ноқай «құлтемірлер» ренжісе, «бұзылып қалуы» ықтимал.

Шала-шарпы...  

Сынақтан өткізбей «өндіріске» жібере салғандары анық. Айналдырған жиырма шақты  палатаның арасында адасып жүргендеріне қалай ренжімесін?! «Жадыларына» белгілі бір палаталарды жазып, бекітіп қоймайды екен. Оның үстіне «батареялары немесе қуат көздері» тез таусылып, әлсіреп қала беретіндей. Тағы бірнешеуіне өз есебінен «батарея» алып беруді ойлаған.

Қалталарының ауыздары аңқиып кетіпті.

Бірақ, аналардың «өңештері» кең екенін көрген соң, бастапқы ойынан айнып қалды. Себебі, жаңағылар тым болмаса, жылы сөзге де сараң. Бағдарламаларына енгізілген емнің өзін шатастыра береді. Бірінші палатағы бұған бесіншідегі фамилиясы ұқсас біреудің дәрісін лақ еткізе жаздаса, басқа не демек? Тіпті, қате дәрісін алып кеткен күйі қайтып оралмаса ше?!

Демек, Байсал ауыр халде түскенде олардың не жасағаны тек өздеріне аян. «Сұп-суық темірде» жылу қайдан болсын?! Миларына енгізген «жады» бойынша жүреді де қояды. Оның да да сапасы нашар болған соң, ұмытшақ немесе ноқай мінезді. Жаңа ғана келіп күретамырына ине саламын деп білегін резеңкемен қиып жібердей таңып кеткен.

Темірден не сұрайсың?

Дәріні тамырға емес, терінің астына жіберіп, еті ашыған соң ғана, онда да өзінің айтумен барып, «ноқтадан» босатты.

Әлгілердің кейбірі, тіпті, оттегі қондырғысын қосудан да мақұрым екен. Демек, «бастары толық пісе» қоймаған. Тазартылған судың орнына құбырдың суын  құйып кетті. Сынақтан өтпеген «құлтемірлерге» жол-жоба көрсетіп, жетілдіріп, оларды үнемі назарда ұстайтын, яки бас білгізетін біреу болса ғой...

Бүгін басын бір сұққан «дембелше сары керек болсам, хабарласасыз» деп, телефонының нөмірін тастап кетті. «Каспийбанкіндегі» есеп шоты  да осы нөмірде екен. «Құлтемірдің» құлқынынан жиренген. Тым құрыса қарауындағыларды бақыласа ғой. Басқа планетаға түскендей дағдарып, жабыққан жанға бір ауыз жылы сөздері де табылмайды.  

Байсал енді бұл жерден кеткенше зар.    

Желдеткішпен келген оттегін қомағайлана жұтудан жалықпайды. «Ауруханадағы нақты жағдайды министрлері біле ме» екен деп те ойлап қояды. Өз есебінше, бақиға аттанғандардың әрбір оныншысын отбасына сауықтырып қайтаруға болар ма еді? Кейбір тойшыл желіккендер болмаса, халықтың өзгесі сақтанудан кенде емес.

Бірақ, мына ауруханада бәрі мүлде басқаша. Жанын алқымынан алған жаңа жылдың алғашқы он күні де өткен. Байсалды сыртта да басқа өмір күтіп тұрған... халық көшеге шығыпты. «Арандатушылардың» салдарынан қала әкімдігінен бастап, біраз ғимараттар қиратылған, өртелген» дейді.

Өсек сөз желдей еседі.

Интернет бұғатталған, теледидар мен радио хабарлары шақтап қана берілуде. Байсал сырттағы тірлікке қашан араласқанша асыққан...

«Басқа планетадан» қашқан оның жүрегі үйіне қарай алып-ұшады. Алайда, ол өзі әбден зәрезап болған мына бір аурухананың сырттағы ескі, қирап жатқан есірік дүниенің бір бұрышы ғана екенін ойлап жатпаған. Көздері бұлдырап, демалысы әлі де ауыр. Дегенмен, кеудесінде үміт оты жылт еткендей. Қалған өмірінде қоғамның өзгергенін көруден дәмелі. Іштей «ол күнге де жеттік пе?» деп қояды. Бірақ, жазылғанына да, жақсы жаңалыққа да әзірге  сене қойғысы жоқ.

Болат Жүнісбеков  

жазушы, статусы –  «қауіпсіз».