"МАЙ ТҮНІ" МЕН ТОРЖОРҒА" КҮЙЛЕРІНІҢ ТАРИХЫ

Елордадағы Ұлы ақын Абайдың есімі берілген №87- ші мектеп-гимназияның құндылығына айналған «Абайтану» ғылыми-танымдық мұражай-орталығы ааз уақыттың ішінде біршама құндылықтарды жинастырып үлгерді. Абайтану бағдарламасын мектепте оқыту жүйесін сатылап оқыту мақсатында оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай  «Бала Абай»,  «Ақын Абай» , «Хакім Абай»  бағыты бойынша  оқушыларына қажет тақырыптармен қамтылған.  Мектеп ішіндегі шағын мұражай дегені болмаса, Абайдың дүниеге келген уақытынан бастап, өмір жолдарының  айтылмай қалған қалтарыстары туралы деректер, шығармашылық, ақындық өсу жолдары кезең-кезеңмен көрсетілген. Жалпы 27 тақырыпты қамтитын бөлімдердің бірі «Абайдың музыкалық әлемі» деп аталады.

Абайдың сазгерлік шығармашылығы жайлы әңгіме қозғағанда  негізінен 30-ға жуық классикалық  ән мұрасының орындалуы мен шығу тарихына тоқталамыз.   Ән таихында ғасыырдан-ғасырға жеткен әнші – жыршылар Біржан – сал, Ақан – сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит. Мәди, Майра, Естай сынды халық сазгерлігімен қатар Абайдың да музықалық мұрасының қалпын бұзбай келер ұрпаққа жеткізу басты мақсат.

Мектеп мұражайы бөлімінен «Абайдың музыкалық әлемі» бөліміндегі күй тарихын бөліп айтқыым келеді. Абайдың әндерінен бөлек күйлері де бар екені екінің біріне белгілі емес. Абайдың өнер жайлы ән – күй туралы жазған өлең – жырлары өте көп. Олар ел арасына ғибрат аларлықтай нақыл  сөздердің маржанындай шашылып тараған. Абайды аталмыш тұлғалардан бөліп айтар бір ерекшелік оның әндері әуен саздылығымен, ырғақ – бітімімен қайталанбас жаңа өрнекпен кестеленген. Сондығынан да оның әндерін кез – келген халық әнінің әуенімен айтуға болмайды. Себебі – Абайдың өзгеше бір музыкалық мәдени орталарда болуы, төңірегіндегі нәзік құбылыстарға ерекше ден қойып, шығыс пен батыстың озық үлгілерін қабылдауы. Аса жоғары деңгейде музыкалық қабілетімен халықтың музыка өнерін бағалайтын үлкен дарын иесі.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар,- деген терең философиялық көзқарасы ақын әндерін оқшаулап тұрады. Ал, Ұлы ойшыл – ақынның күйдің дыбыс арқылы естілу сарынымен ерекшеленетіндігін:

“Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар”, - деген өлең жолдарымен жүрекке дөп басып айшықтап жеткізуге болады.  

Абайдың «Торжорға», «Май түні» атты күйлері туралы сөз қозғамақпыз.  

Рухани мәдениеттегі ірі құбылыстардың бірімен-бірі байланысуы заңды құбылыс. Абайдың музыка өнерінің жарқырай түсуінің себебі, әйгілі күйші Тәттімбет пен Абайдың кездесуі.   Абайдың әкесі Құнанбай мен қайын атасы Алшынбай Шыңғыс, Барақ, Мұса, Ыбырай, Тәттімбет сынды дала тарландарымен жақсы қарым – қатынаста болған.

1852 жылы Омбыда өткен аға сұлтандардың жиналысына күйші Тәттімбетпен бірге Құнанбай да шақырылған. Кейін Тәттімбет Құнанбай үйінде бірнеше рет қонақта болады.      

Бірде, күй жанрын жинастырып зерттеуші, күйші – сазгер Уәли Бекенов  1983 жылы Абаймен рулас әрі музыкалық мұрасына қанық журналист Ғайса Сармурзинмен танысады. Сол жолы Абайдың “Май түні”, “Торжорға” атты екі күйін тыңдап үйрену және нотаға түсіру  туралы пікірлеседі.

Бұл екі күй де нотаға түсіріліп,  Қазақ телеарнасында Тұрағұл қызы Мәкен апайдың қатысуымен “Абайдың музыкалық мұрасы” атты хабар ұйымдастырылып, Ғайса Сармурзиннің орындауында алтын қорға жазылды.

Ғайса Сармурзин Абайдың екі күйі жайында: «Мен «Май түні» күйін Абайдың немересі, Ақылбайдың баласы Исрайылдан бұдан 60 жыл бұрын үйренген едім. Ол үздік домбырашы болатын. Ал менің шерткенім оның орындап бергенінің ширегіне де тұрмайды. Исрайыл бұл күйді үйретерде «Абай ағамның өз қолынан үйрендім. Ол бұл күйін жаз жайлаудағы түнгі сауық – сайранда, жас кезінде шығарыпты», - дегені әлі есімде», дейді.

«Торжорға» күйін Ғайса Сармурзин өте ертеректе Оспан деген домбырашыдан кісіден үйреніпті.  Абайдың жылқысын бағып, атқосшысы болған. Ел арасындағы сауық – кештерде: «Абай ағамыздың «Торжорға» атты күйі еді», деп, домбырасын құйқылжыта тартып, тыңдаушысын баураған екен.

Бұл күйдің шығу тарихы туралы Ғайса Сармурзин  былай айтады.

«Абайдың сүйікті ұлы Әбдрахман әскери артиллерия академиясына оқуға түскен жылы қатты сырқаттанып, бұрынғы Верный қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге Абай кіші баласы Мағауияны жібереді. Мағауия бірде ұлы жүздің Дат деген адамына кездеседі. Абай баласының осында екенінен күні бұрын хабардар Дат оған бірден үйіріліп, құрмет көрсетеді де, кетерінде астындағы торы жорғасын сыйға тартып, үлкен өтініш жасайды.

- Еліңе ала бар. Абай ағамызға тартқан сыйым болсын. «Ұлы жүздің  бір жігіті сәлемдемеге жіберген бір тайы еді», деп ала кеткін, дейді.

Сөйтіп қоярда – қоймай жүріп торы жорғаны Мағауия арқылы Абайға жолдаған екен».  

Бұл туралы «Абай жолы» романында жазылған. «Торжорға»  күйі атына сай, тұлпар түлігіне арналған тартымды туынды. Абайдың:

Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем,

Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.

Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,

Разы емей осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бол – бол қағып жүргізгендей...

деп жырлағандай-ақ, “Торжорға” күйі әуендік ырғақ иірімдерінің әсем саздылығымен, музыкалық суреткерлігімен, бейнелеу толқындарының нақтылығымен ерекшеленеді. Уәли Бекенов осы екі  күй жөнінде: «Ол соль-мажор тонында орындалатын, әсем өрнекті, жүрдек, ойнақы шертте күй. Шығарма ырғағында тайпалаған ат жүрісі, әсем жорғаның екпін – бейнесі шебер суреттелген. Ал, «Май түні» күйі негізінен лирикалық әуен – сарынды, өзінің атына лайық, табиғат сұлулығын бейнелейтін, соль–минор тонында орындалатын, екі бөлімді шертпе күй. Мұндағы бес тактіден келетін қысқа қайырымды қайталау иірімдері Абай әндері әуендерін еске түсіреді», дейді.

Ғайса ақсақал осы екі күйді өзінің орындауында нотаға түсірткендегі қуанышын  Уәли Бекеновке  былайша жеткізген екен:

«Шырағым Уәли, бұл күйлерді кезінде Мұқан Төлебаев пен Мұхтар Әуезов менен естіп тыңдаған. Алайда олар құптағанмен, нотаға түсірудің сәті түспеді. Мұқаң марқұм қайтыс болардан бір жылдай бұрын Бурабайда демалып жатқанда мен оған осы екі күйді домбырада орындап бердім.

- Мынау аса қажетті асыл дүниелер екен. Екеуін де осы домбыра шертісіңмен нотаға түсіріп алайын, - деген болатын сонда. Бірақ Мұқаңның науқасы асқына бастаған соң Алматыға күні бұрын қайтып кетті де, күйлер нотаға түспей қала берді.

Өкінішімнің екіншісі – бірде жолсапармен Алматыға барғанымда сәлем бермекке Мұхтар Әуезовтың үйіне соқтым. Ол да осы екі күй жөнінен хабардар екен дереу домбырасын ұсынып,  маған «Май түні» мен «Торжорғаны»  шерткізді. Сөйтті де:

- Сен Латиф Хамидиді сонау Семейден білесің ғой. Ол Абайдың көп әндерін Әрхамға домбырада орындатып, нотаға түсіріпті. Мына күйлердің нотасын сол жазсын, - деді. Бірақ, амал не, Ләкең екеуіміз сол жолы кездесе алмадық. Қос Мұқаңның тапсырмасын орындау сәті енді түскендей сезімдемін».

       Абайдың жүрек түпкірінен жарып шығып, қос ішекті домбырасынан күмбірлей төгілген қос күйдің жазылу тарихы мен бүгінгі күнге жету тарихы осы.  

Көненің көзі, асылдың сынығы Ғайса Сармурзиннің  орындауында бүгінгі ұрпаққа жеткен “Май түні” мен “Торжорға” күйлерін қазақ музыка өнерінің алтын қорында сақтаулы. Абайдың  ән мұрасы, Абай әндерінің байқауы Республиканың әр түкпірінде  дүркін-дүркін өтіп жатқанымен Абайдың күйлері қалтарыста қалып келеді. Күйшілер арасыында Абайдың күйлерінен де бауқау, жарыстар өткізіліп, нақышына келтіре орындайтындар табылып жатса, Абайтану әлеміне қосылған аса құнды рухани дүние ретінде бағалау деп ойлаймын.

 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ 

Астана.  №87- ші Абай мектебі.