«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының 2021 жылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы аясында жарық көрген 24 ғылыми-танымдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті
23 желтоқсанда Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының 2021 жылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы аясында 24 ғылыми танымдық-кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты ақын шығармашылығын бүгінгі қоғамның дамуымен сабақтастықта қарастыру болып табылады. Сонымен қатар Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларына сәйкес ақынның өмірі мен шығармашылығын жүйелі зерттеу, талдамалық, сауалнамалық зерттеулер жүргізу, еліміздегі абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарын Академияның төңірегіне топтастыру.
2021 жылы Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Академия Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде «Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» және «Қазіргі заманғы Қазақстан және Абай Құнанбайұлы» атты екі кешенді жобаны іске асырды.
2021 жылы Институттың негізгі қызмет бағыттарын қазақстандық қоғамды жаңғырту басымдықтарымен қамту аясында «Абай мұрасы және Қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абайдың шығармашылық мұрасы және қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қалыптасу жолдары», «Абай дүниетанымы және қазіргі қоғамдағы діннің рөлі», «Абай шығармашылығы және қазіргі Қазақстанның мәдениетаралық ынтымақтастығы», «Абайдың қоғамдық-саяси көзқарастары және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы», «Абай мұрасы контекстінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру», «Абай шығармашылығы және қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абайдың шығармашылық мұрасының тарихи-этнографиялық контексті», «Абай тілі және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абайдың экономикалық көзқарастары және қазақ халқының шаруашылық құрылымы», «Абай мұрасы және түркі әлемінің өркениеттік негіздері» атты арнайы сериялармен 24 ғылыми-танымдық еңбек әзірленді. 2020 жылы 20 дан астам, биылғы жылы 24 еңбектің жарық көруі академияның ғылыми-зерттеу жұмысының ауқымдылығы мен маңыздылығын айқындай түсті.
Аталған арнайы сериялар бойынша Ерлан Сыдықов, Жанғара Дәдебаев, Шәкір Ибраев, Серік Негимов, Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапай, Қанипаш Мәдібаева, Светлана Ананьева, Жанат Аймұхамбет, Айгүл Кемелбай, Гүлнар Мұратова, Амангелді Доғалов, Ықтияр Палтөре, Болат Қорғанбеков, Мақсат Алпысбес, Қаныш Бибеков, Ербол Тілешов, Серікқазы Қорабай, Амангелді Кеңшілікұлы, Қайрат Батталов, Әсел Қайшатаева, Ақмарал Смағұлова сияқты ғалымдардың, белгілі абайтанушылардың, зерттеушілердің тың еңбектері жарыққа шықты.
Мемлекеттік тапсырыс негізіндегі ғылыми жоба аясындағы зерттеу жұмыстарының сапалы әрі жоғары деңгейде іске асырылуына Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор, «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықов бастаған шығармашылық топ, еліміздің танымал абайтанушы ғалымдары, жетекші зерттеушілері, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер өз үлестерін қосты.
2021 жылы «Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағытында алыс-жақын шетелдегі және республикалық БАҚ-та Абай мұрасы қоғамдық-гуманитарлық, әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-құқықтық, тарихи-этнография және т.б. бағыттарда жаңаша пайымдалған 30-дан астам танымдық мақалалар жарық көрді.
Сондай-ақ академия басшылығымен «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» бағыты бойынша 6 әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді.
Әлеуметтік зерттеу жүргізу аумағы - Қазақстанның 14 облысының халқы және республикалық маңызы бар 3 қала – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент. Қалалық және ауылдық елді мекендерге шыға отырып, квоталық іріктеме (face to face техникасы) негізінде респондентттермен жеке сұхбат арқылы жаппай анкеталық сауалнама жүргізілді.
Алынған сауалнама мәліметтерінің нәтижесі бойынша екі томдық жинақ жарыққа шықты.
2021 жылы Академияның негізгі қызметі «Абай мұрасы – түркі әлемінің мәдени капиталы» арнайы бағытымен толықты. Осы бағыт аясында Абайдың қарасөздерін 23 түркі тіліне аудару жұмыстары орындалып, «Абай мұрасы және түркі әлемінің өркениеттік негіздері» атты сериямен екі томдық кітап түрінде жарық көрді.
Академияда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіру бойынша бірлескен жұмыстар атқарылуда. Жұмыс нәтижесінде еліміздегі абайтану орталықтарының қызметі бойынша кешенді талдаулар жүргізіліп, еліміздегі Абай орталықтарының АНЫҚТАМАЛЫҒЫ (қазақ және орыс тілдерінде) әзірленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Абай академиясы» ҒЗИ-ның алыс-жақын шетелдегі абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының және қазақ мәдени-білім беру орталықтарын ғылыми тұрғыдан үйлестіру бойынша шетелдегі отандастарымызбен бірлескен жұмыстарды жалғастыруда. Осы негізде шететелдегі 38 «Абай» қазақ мәдени ұйымдарының, білім беру орталықтарының деректер қоры және шетелдегі «Абай» орталықтарының ЕРЕЖЕСІ әзірленді.
Абайтану пәні бойынша оқулықтардың сандық және мазмұндық деңгейі бойынша талдамалық зерттеу жүргізіліп, «Абайтану» оқу құралы мен хрестоматиясы жарық көрді.
Биылғы жылы академия ғалымдары Абай өмірі мен әдеби мұрасына арналған халықаралық, республикалық 20-дан аса іс-шараға қатысып, ABAI TV және т.б. БАҚ-да дәрістер оқып, сұхбаттар беріп, Абай мұрасының, ақын даналық ойының бүгінгі тыңдарманға жан-жақты жетуіне елеулі үлес қосуда.
Тұсаукесерге еліміздің бірқатар зерттеуші ғалымдары, абайтанушылар, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми- зерттеу орталығы, С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Абай» орталығы, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жанындағы «Абай» ғылыми-зерттеу институты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімі сияқты іргелі абайтану орталықтарының басшылары мен ғылыми қызметкерлері қатысты.
Шарада «Абай Академиясы» ғылыми жобасының жетекшісі, академик Е.Сыдықов «Абай академиясының» кешенді жобаларының аясындағы 24 ғылыми-танымдық зерттеу кітаптарын дайындау бүгінгі абайтану саласындағы іргелі жүмыстар екенін, әлеуметтік және талдамалық зерттеулерді жүргізу жұмыстарына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші ғалымдарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ, сондай-ақ жобаны еліміздің зерттеушілері мен абайтанушы ғалымдары жүзеге асырғандығын және оларға редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар басшылық жасағандығын атап өтті.
Іс-шара қонағы белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім қатысып Абайдың ел тарихындағы айрықша орнын, ұлттық болмысымызды қалыптастырудағы рөлін айқындап, ұлттың рухани жаңғыру үрдісінің өзегі – ақын мұрасын терең зерделеу екеніне назар аударады. «Абай академиясын» құрудағы мақсатымыз ауқымды, көлемді, халықаралық дәрежеде болуы тиіс және қазіргі таңда абайтану саласында бірден бір іргелі ізденістер мен талдамалық зерттеулер жасап жатқан «Абай академиясының» ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейде атқарылып жатқандығын сөз етті.
Сондай ақ, іс-шара барысында «Абай Академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к., доцент Ж. Әубәкір «Абай Академиясы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жылдық есебі жайлы баяндама жасады. «Абай академиясының» бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының С.Негимов, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркология кафедрасының профессоры Ш.Ибраев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Дәдебаев, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Е.Тілешов Абайдың шығармашылық мұрасына арналған 24 ғылыми-танымдық басылымдардың ақын мұрасын жаңа Қазақстанның рухани, мәдени, интеллектуалдық дамуымен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету жұмыстары бағытында дайындалған күрделілігіне, әрі ақын мұрасын терең зерделеу екеніне назар аударады.
Сонымен қатар, шара қонақтары қазіргі таңда Абай академиясы іске асырып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары Ұлы ақын мұрасын ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихатталуына қосылған ауқымды үлес екендігін атап, Академияның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі!
Іс-шара соңында жоба жетекшісі Ерлан Сыдықов «Абай академиясының» маңызы жоғары күрделі жобаларының аясында ғылыми-танымдық басылымдардың жарыққа шығуына қолғабыс еткен әріптестердің баршасына ризашылығын білдіріп, жұмыс тобын алғыс хаттармен марапаттады.