БАР АРМАНЫ АЗАТТЫҚ БОЛҒАНДАЙ
қайраткер Әуезов хақында
Біз, менің құрдастарым, Мұхтар Омарханұлы өмірден өткенде бала бақша жасында екенбіз. Мектеп қабырғасында жазушының «Көксерек», «Қорғансыздың күні», «Қараш-қараш оқиғасы» шығармаларымен көзімізді аштық. Ауыл өнерпаздарының арқасында «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» пьесаларын тамшалағанымыз есімізде. Жасөспірім шағымызда, студенттік жылдарда қаламгердің «Абай жолы» роман-эпопеясына, «Қилы заман» және басқа шығармаларына зейін қойдық. Өз басым, қазақ журналистикасы теориясының негізін салушылардың бірі – профессор Амандосов Тауман Салықбайұлының жетекшілігімен Мұхтар Әуезовтің «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикасы» тақырыбында диплом жұмысын жаздым. Бірақ, алдыңғы буын әлі күнге шейін жыр ғып айтатын Әуезовтің лекцияларын біз тыңдай алмаған едік.
Қазір ғұламаның жазушылық және ғылыми-зерттеушілік мұрасы туралы еңбектер баршылық. Олар көкірек көзі ояу жанмен Мұхтар Омарханұлының ұлтжанды күрескерлік қызметі жайында да ептеп сыр бөлісетіндей. Мұның, алайда қайраткер Әуезовтің, алаштың арда перзентінің бодандық бұғауындағы «қайран елінің» еңсесін тіктеуді көздеген, азаттықты аңсаған рухани арпалысын түйсіну, жан-тәніңмен сезіну үшін аздық етері түсінікті. Осы қоңылтақ көңілді «Неизвестное в наследии Мухтара Ауезова. Архивные документы» кітабы біршама толтыратындай. Ұлт мәртебесі, оның рухани бай мұрасы үшін күрестің Әуезовке қаншалықты азапқа түсіп, өмірінің сан мәрте қыл үстінде болғанына мұрағат материалдары куәлік етеді. Жинақты дайындап, бастырып шығарған қоғамдық «Мұхтар Әуезов қоры» мен «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып табылады.
Кітап аталмыш ғылыми-мәдени орталықтың жетекшісі Қонаев Диар Асқарұлының «Бескрайний, как океан» атты зерттеу мақаласымен ашылып, деректі дүниелер түпнұсқа тіліне қарай қазақша және орысша берілген. Әуезовтің өз қолымен жазған өмірбаяны, хаттары, есептік жазбалары мен баяндамалары, жиналыстардың хаттамалары мен стенографиялық жазбалары, сондай-ақ замандастарының пікірлері, С. Мұқановтың берген мінездемесі, ғалымның ғылыми-оқытушылық қызметіне қатысты құжаттар ми қатпарларын қозғап, ой сүрлеуіне салатын құнды дүниелер. Олар қайраткердің сом тұлғасының тағы бір – күрескерлік қырына мейлінше сәуле түсіріп, Мұхтар Омарханұлының қоғамдық-саяси қызметін көз алдымызға жайып салады.
Мұрағат материалдарынан большевиктер партиясының шешімдері мен уәделеріне, әсіресе ұлттардың өзін-өзі билеу жөніндегі қаулы-қарарларына әуелгіде жас Мұхтардың да имандай сеніп, отарлық құлдықтан құтылуға деген зор үмітте болғанын аңғару қиын емес. Ол, айталық, Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістерден кейін Семейде «Алаш» жастар ұйымын басқарады, «Ес аймақ» қоғамын құрып, ағартушылық жұмысқа білек сыбана кіріседі. Бірақ, жергілікті жерлердегі ауа жайылушылықты ауыздықтап, шолақ белсенділердің әңгіртаяқ әрекеттерін құрықтау билік тұтқасына ие болмайынша екіталай болатын. Сондықтан губерниялық атқару комитетінің қызметкері, ал кейін оның төрағасы ретінде ағартушылыққа, қазақтарды билікке тарту мен ел-жұрттың жағдайын жақсарту ісіне белсене атсалысады. Бұл кезде азамат соғысының қиян-кескі шайқастары майданнан қызметтік ғимараттарға, баспасөз беттеріне ойысқан еді.
Мұхтар Әуезовтің билік органдарының атына С. Садуақасовпен және Ә. Досовпен бірге әзірлеген ресми жазбалары қазақтардың сол тұстағы ауыр жағдайынан, ұлт қайраткерлерінің жанпида күресінен жан-жақты мағлұмат береді. Оның біріншісі – «О работе среди киргизских рабочих и бедноты» деп аталатын есептік жазбада, ең алдымен, басты міндеттің – қазақ еңбекшілерін кеңестік қызметке тарту міндетінің орындалмауының себептері атап-атап көрсетіледі. Әсіресе, биліктегі отаршылық пиғылдың тамырына түбегейлі балта шабудың қиынға түскенін көреміз. Соның салдарынан тұрғылықты халықтың теңсіздіктен арылмай отырғаны қазақтың оқыған азаматтарының жандарына батып, жігерлерін жанығаны даусыз. Өкімет қызметіндегі Әуезов те қазақ жұмысшыларының тұрмыс жағдайының орыстарға қарағанда өте төмендігін, кәсіптік-техникалық училищелер ашудың және баспасөздің қажеттігін үнемі айтумен де, жазумен де болады.
Жоғарыда айтқан екінші ресми құжат – «Положение в Семипалатинской губернии» баяндамасы да қайраткер жазушының туған қазағының мұң-мұқтажына жанұшыра ара түскенінің дәлелі. Мұнда ескі үкіметтің сұрқия саясатының кеңестер тұсында жұмсарғанымен бірқатар мәселелерді шешудің еш кешірімсіз созылып кеткені биліктің бетіне басылады. Мәселен, келімсектерден (переселендерден) бос жатқан және кезінде патша үкіметі кәмпеске қорына алған жерлерді қазақтарға қайтару, оларға шабындықтарды ақысыз жалға беру талабы қойылады. Баяндамада, сондай-ақ саяси-ағартушылық жұмыстың мүлде қолға алынбағаны, милиционерлердің, түрлі уәкілдер мен агенттердің «шаш ал десе, бас алып», бетімен кеткендері айыпталады. Әуезовтің оқыған қазақ азаматтарын милицияның аудандық бөлімдеріне бастық етіп бекіту қажеттігі туралы ұсынысы да жаңағыдай бассыздықты тыюдың амалы болатын. Баяндамада, тіпті сол бір аласапыран кезеңге де қарамастан мекемелерде қазақ тілін қолдану міндеті қойылады.
Осы келтірген мысалдардан-ақ, барлық алаш арыстары секілді Әуезовтің де партия диктатурасының жандайшаптарымен сыйыса алмайтыны белгілі болған. Жас Мұхтар «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 26 сәуірдегі санында басылған «Сөзден – іске» атты мақаласында елде қалыптасқан бей-берекеттік пен әділетсіздікке байланысты принципті көзқарасын жариялайды. Ол, айталық, Орал және басқа да қалалардағы ашыққан халықтың қасіретті хәлін ашына айтып, нақты шараларды шапшаң қолға алу жайында дабыл қағады. Дегенмен, жаңа социалистік дәуірдің шалағай шараларын, елді алқымнан алған ашаршылықты, қазақ халқының мұң-мұқтажының ескерілмеуін көрген Әуезов партиялық және қоғамдық жұмысқа бірте-бірте салқын тартады. Осы себеппен алғашқыда еңбек демалысын сұрап, қайта-қайта өтініш жазады. Тіпті болмаған соң, биліктегі бишігештерге ашықтан-ашық қарсы тұрып, өз еркімен партия қатарынан шығады.
Қайраткер есіл елінің күйзелісін көре тұра биліктің қолшоқпарына айналмақ емес-ті. Әуезовтің ұлтжанды қызметі мен тәуелсіз ұстанымының, әлбетте тиісті «жазалау» органдарының назарына ілікені де даусыз еді. Бұғалықтарының ұшы қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген жаулары ашу-ызаларын еріксіз іштеріне бүгіп, қолайлы сәтті күтуге мәжбүр болған. Сұмырай көздің сұғынан уақытша болса да сырт айнала тұру қаламгерге де керек еді. Алдағы өміріне жазушылық пен ғылыми зерттеушілікті таңдап, тіпті «тыңшылары» да бір уақ адасып қалғандай көрінер еді. Шындығында мұның уақытша ғана тыныс алу екенін түсінгендіктен, өз шешімін жедел жариялау Мұхтар Омарханұлы үшін өмірлік қажеттілік болатын. Ол тиісті органдар мен «тілектестерінің» нысанасына қайтара ілікпей тұрғанда Ағарту халық комиссары О. Жандосовтың атына шапшаң түрде өтініш жазады.
Сонымен Мұхтар Әуезов өзінің бейкүнә мақсатын қоғамға мәшһүр етеді. Аталған өтініштен, оның өз келешегін ғылыми-оқытушылық қызметсіз елестете алмайтынын, сондықтан Ташкентке жіберуді және осы қаладағы педагогикалық институттың оқытушылар қатарына қосуды сұрағанына қанығамыз. Бұл таңдаудың ғалымның ғылыми-шығармашылық жағынан толысуы үшін де әбден дұрыс шешім болғаны күмәнсіз. Бірақ, ұлы даланың тарихы мен фольклорын зерттеп, оның ақиқатын ұрпаққа жеткізу жолы Әуезовті тағы да руханият майданынан бір-ақ шығарады. Себебі, ұлт тағдыры, оның дамуы мен егемендігі туралы әңгіме төл тарихымызбен, мәдениетімізбен және әдебиетімізбен тығыз сабақтастықта өрілсе ғана мәнді де нәтижелі болатыны қайраткердің жан-тәнімен сезініп, әбден көзі жеткен шындық еді. Мұның, сондай-ақ қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының қайнарында тұрған ғалым үшін жанына аса жағымды шаруа екені де белгілі.
Ғұлама қаламгердің шығармалары мен зерттеу еңбектері осылай киелі тарихи-мәдени мұраны қандастарының санасын басқан тұманды сейілтіп, халықты бір мақсатқа жұмылдырудың пәрменді құралына айналады. Әуезовтің халық ауыз әдебиетіне, қазақ әдебиетінің тарихына, манастануға және басқа көкейкесті мәселелерге арналған іргелі зерттеулерінен тарихқа, халқының асыл мұрасына адалдықтың үлгісін танимыз. Мәселен, ол 1927 жылы «Әдебиет тарихы» еңбегін жариялап, төл әдебиетіміздің өткен жолы мен қалыптасу кезеңдерін зерттеу ісін елеулі түрде ілгерілетеді. Бұл кітаптың төл әдебиетіміздің тарихын жүйелеген түңғыш еңбек екені де ғылыми жұртшылық мойындаған шындық. Алайда, автордың ұлтшыл ретінде айыпталуына байланысты (1929-1932) аталмыш еңбек қолға берілмей, тек егемендік алған соң ғана қайта басылып, оқырман көзайымына айналды.
Астарына бүккен сыры мен түйген тағылымы мол халық ауыз әдебиеті дейтін мол қазынаның кілті шындап іздеген жанға ғана табылады екен. Мұхтар Омарханұлы ұлт руханиятына адалдығы мен ерік-жігерінің арқасында халқымыздың жарты ғасырлық шежіресін, тыныс-тіршілігін «Абай жолымен» де, өзге де шығармашылық және зерттеушілік еңбектерімен де әлемге паш етті. Азия әдебиеті білгірінің, әсіресе ұлы ақынға арналған эпопеясы, оның туған жерінің табиғатын, ел-жұртының өзіндік мінез-құлқы мен болмыс-бітімін шынайы суреттеуімен қай заманда да оқырман ризашылығына бөлене бермек. Мұның Абай сөзінің сәулесімен оянған жазушының халық фольклорының мөлдір бастауынан сусындап өсуінің, талмай ізденісінің, ел мен жерге деген перзенттік махаббатының көрінісі екені де кәміл.
Амал қайсы, ол заманда көрнекті жазушылардың шығармашылығы олардың көркемдік жетістіктерімен емес, авторларының мемлекеттің саясаты мен идеологиясына деген көзқарастарымен бағаланатын. Билік басындағылардың бірқатары көркем шығармашылықтың талаптарына пысқырмай, оны өз мақсаттарына пайдалануға жанталасқан кезең еді. Диктатураның саяси-әлеуметтік, яки таптық тұрғыдағы қысымына төтеп берудің аса қиын болғанын аңғарамыз. Мұрағат материалдары Әуезовтің де көздеген мақсатына жету жолында аз-кем шегінуіне тура келгенін қуаттайды. Сайып келгенде, қайраткер қалам иесі қазақты адамзатқа таныстырмен қатар туған ел-жұртына өркениетке өріс ашады. Ол еркіндік аңсаған халқының бодандық дәуірдегі мұң-зарын, бақытты өмір туралы арман-мақсатын адамзаттық құндылықтармен ұштастыра білді. Соған орай Мұхтар Омарханұлының адамзат тіршілігіне деген әділетті, адамгершіл көзқарасының арқасында оның шығармашылығының жалғыз қазақ емес, жаһан әдебиетіндегі құбылыс ретінде мойындалғанын орынды мақтан етеміз.
Халқының үкілі қасиеттерін ардақ тұтқан Мұхтардың әкенің ғана емес, адамның да баласы болуы заңды да еді. Сондықтан заман ақиқатын көркем тілмен зерлеген шығармалардан олардың әдеби-ғылыми жағымен қатар отаншылдыққа тәрбиелейтін ұстанымын көрмеу мүмкін емес. Ұлы жазушы, ғалым әрі қайраткер мұрасы Абай жолымен, ақын аманатын – елжандылық, білім мен мәдениет, өркениет жолын мегзейді. «Адаммен адамды, халық пен халықты теңестіретін нәрсе – білім!» - деген ғибратты сөзінің туған елімен бірге жасарына да еш шүбәміз жоқ. Іс жүзіндегі тәуелсіздікке жетудің бірден-бір жолы онда да, қазір де, кейін де білім мен ғылым екені де ақиқат. Сондықтан ол бүкіл өмірін бабалар сөзін, ата тарихты зерттеуге арнап, мол рухани мұрамыз арқылы бодандық бұғауындығы халқымыздың көкірек көзін ашу үшін еш қатерден тайынбайды.
Суреткер, әсіресе ұлы Абай мұрасына ықылас қояды. Жазушының хәкім Абайды көздері көрген қарт адамдардың көмескі тартқан жадыларын қайта жаңғыртуға тырысқан еңбегі, автордың өзі жазатындай, көшкен жұрттың ошағындағы шоқты қайта жалындатқандай қиынға түскен. Әуезов білімі мен тәжірибесін, қалам қуатын уақыттың қазақтың ұлы ақынына қатысты қателігін түзетуге асыққандай екен. Ескі көз куәгерлердің әңгімелерінен ақиқаттың дәндерін теріп, ұлтқа арқатірек болатындай ізгі мақсат – білім мен ғылым, ұлтжандылық жолын ұсынуға бел буғаны байқалады. Алайда, тағы да сол, ұлы ақынды күйіндірген «Баяғы жартас... Қаңқ етер түкті байқамас». Ол ұрпақ бойына тарихи сана мен ұлттық мақтаныш сезімін сіңіруді көздеген көркем және публицистикалық шығармалары мен ғылыми еңбектерін жазуда да, оқытушылық қызметінде де тағы да кедергілерге жолығады.
Ал, пәле-жала іздегендердің бар тапқан кінәсі – жазушы қазақтың өткен өмірін «тым әспеттеп, боямалап» көрсетеді-мыс. Осыған байланысты Мұхтар Омарханұлы өз күйінішін былайша жазып қалдырыпты: «Біреу адал ниетімен, ақ жүрегімен сынаса, енді біреулер барыңды жоққа шығаруға, аяқтан шалуға, сүріндіруге, түңілдіруге тырысып бағады. Өз басым мұндайларды көп кездестірдім. Тіпті, «Абай романы үшін бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілгеннен кейінгі жерде де мені мінеушілер, сынаушылар табылып жатты («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», А., «Білім», құраст: Д. Қонаев, С. Майлыбаева, Ә. Қуанышбаев). Ең бір өкініштісі, жазықсыз жала жабудың осы «науқаны», ғұламаның өмірінің соңына шейін тоқтамайды. Бұған Әуезовтің ғылыми-шығармашылық еңбектерін талқылаған түрлі жиындардың стенограммалары дәлел.
Мұхтар Омарханұлы соның бәрін біртіндеп жеңе отырып, ұлт рухының тамырына қан жүгіртіп, қанат байлаудан танбайды. Жазушының қазақтың сан ғасырлық ақыл-ойының табиғи құймасы – Абай тұлғасын сомдау үстінде ел арманын, бостандықты аманат еткен қайраткерлігі еріксіз бас игізеді. Мұндай шығармашылық табыс дарынды жазушы әрі іргелі зерттеушінің, жоғарыда айтқанымыздай, барша адамзаттың биік мұраты – еркіндікті көксеген ерік-жігерінің нәтижесі еді. Диктатура болса, ұлы жазушының әрбір шығармасының астарларын «тінткілейді», автордың айтпақ ойынан кілтипан іздеп, өз-өзінен шала бүлінеді. Бұл аздай, Әуезовтің шығармашылық қуаты мен біртуар тұлға ретіндегі талайы тағдыры айналасының, ең алдымен қалам ұстаған әріптестерінің қызығушылығымен қатар қызғаныш отын өршіте түскендей.
БКП(б) өлкелік комитетінің мәдениет және ленинизмді насихаттау бөлімінің жанындағы «Хан Кене» пьесасын талқылаған 1934 жылғы 8 мамырдағы мәжілістің, сондай-ақ «Абай» романының 1-2 -кітаптары мен «Абай жолы» романының 3-ші кітабын сараптауға арналған 1953 жылғы 12 тамыздағы жазушылар жиналысының стенограммаларын жүрек шаншымай оқу қиын («Мұхтар Әуезов. Өнегелі өмір», А., «Қазақ университеті, 2017 ж.). Алайда, стенографиялық есептер тек орыс тілінде жазылып, жазушылардың еңбектері көркемдік жетістіктеріне қарай емес, саяси-идеологиялық ұстанымдар тұрғысынан бағаланатын кезеңде оған таңдануға болар ма?! Өкінішке қарай, тап күресінің шалығы тиген адал ниетті, көрнекті әдебиетшілеріміз жаңағы әділетсіз науқанға өздерінің де елігіп кеткендерін байқамай қалған.
Сол бір таптық дүрбелең кезеңде дауылдың ығында, аптаптың көлеңкесінде болғың келсе, тарихи шығармаларға «буржуазияшыл, байшыл» деген айып оңтайлы еді. Ұлттық салт-дәстүрді, тарихты жазу өткенді дәріптеу делініп, Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың да қазақтың төрінен ысырылып, егемендік алған соң ғана қайта оралғаны мәлім. Демек, жан-жақтан қыспаққа түскен, тіпті төңкерістің ізгілікті ұрандарына иланған қайраткерлердің қателіктерін одан әрі тергеп, аттарын атау да артық. Ресми құжаттар да ол жылдардың аса бір ауыр кезең екенін бұлтарыссыз көрсетеді. Қазір, әрине, тәуелсіздік жылдарында Әуезовтің «қайран қазағының» рухын көтерудегі қажыр-қайратын бағамдау жеңілірек. Олай болса, жоғарыда аталған құжаттарды әркімнің өзі-ақ оқып, көз жеткізгені абзал. Біздіңше, ұлы Абайдың «Атын білме, сөзін біл» деген тағылымының да терең мәнін ұққанға солай.
Таптық көзқарас, таптық сараптама... Шындығында Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамының рулық айтыс-тартыстан аса алмағаны мәлім және оның көлеңкесі бізді әлі де өкшелеп қалмай келеді. Ал, Әуезовтің «қадамына» қақпан құрғандар ерікті немесе еріксіз түрде қызыл саясаттың сойылын құлшына сілтеді. Мәселен, «Қазақ әдебиетінің» 1937 жылғы 20 қазандағы санында басылған «Әуезовтің сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды?» деген мақала соның көлеңкесіндей. Онда Әуезов «Тек 1932-жылдан бері совет жазушысы болуға тырысып келе жатқан, өзінің өткен қатесін, теріс пікірлерін жоюға уәде беріп келе жатқан жазушы... әлі уәдесін қайталап жүр... 1932-жылдан бергі жазған шығармаларынан іліп аларлық, советтік дерлігі «Түнгі сарын» пьесасының өзі оның баяғы ұлтшылдық, байшылдық пікірімен жазылған «Қилы заман» романының желісі... «Алма бағында», «Тас түлек» пьесалары барып тұрған совет жастарының өміріне жала жапқандық... Әуезовтің шығармаларындағы өрескел қателерді тексеріп, тиісті қорытынды жасайтын уақыт жетті» деген сөздерден қауіп-қатердің ызғары еседі.
Дауасыз «ауызға» қалай қақпақ қоярсың?! Жазықсыз жала жабу әрекеттерінен әбден мезі болған ғұлама өз «сыншыларына» әредік болса да «Бәлкім кей тұстарында асыра көрсету бар шығар, мұнымен келісуге болады» деген сыңайда кеңшілік танытады. Тіпті, «Абай» романын талқылау кезінде айтылған сындарға мәртебелі автор «шығармашылығына жауапты назар аударып, көмектескендері, Әуезовтің «Абай» романы қазақтың ұлы ақынының жарқын бейнесіне лайық болсын деген» пікірлері үшін «ризашылығын» білдіреді. Алайда, принципті мәселелерге келгенде, стенограмманы қараңыз, турасын кесіп айтады: «Жалпы алғанда маған көмектессек деген жолдастық көзқарасқа түсіністікпен қараймын десем, бұл менің әрбір тұжырыммен келіскенім болмаса керек? Сіздер өз ойларыңызды жауапкершілікпен салмақтадыңыздар, - дейді М. Әуезов. - Мен де жазғанда көп ойландым, яғни зерттедім, демек менің де белгілі бір тұжырым жасауға өз себептерім бар».
Қаламгердің себептері шын мәнінде салмақты әрі астары көп қатпарлы болатын. «Бұл шығармалармен мен сегіз жыл (1942-1950 жж.) жұмыс жасадым, - дейді одан әрі М. Әуезов. - Сондықтан айтылғанның бәрі дұрыс, түзеймін десем, дұрыс болмайды... Әдебиеттен, партия мен халық совет жазушыларының алдына қойған міндеттерден мүлде аулақ кейбір адамдар жарымжан ойларымен бәрін мансұқтамақ болады... әдебиетті оның төңірегінде өздерінің жүргенін ақтау үшін ғана келгендерден қорғау керек». Бұл бір немесе бірнеше сынға жауап емес, Әуезовтің «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген берік ұстанымының көрінісі еді. Табиғи дарыны мен суреткерлік шеберлігінің арқасында Мұхтар Омарханұлының кезіндегі Кеңестер одағының бірінші дәрежелі Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты атанғаны мәшһүр.
Тегінде, үлкен арнаның өз бастауын бұлақтан алатынын білеміз. Мұхтар Омарханұлы шығармашылығының да қайнар көзі қаламгердің алғашқы публицистикалық мақалалары мен көркем шығармаларында жатыр. Қаламгердің баспасөзде жарияланған тұңғыш туындысы «Адамдық негізі – әйел» мақаласынан бастап, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі және басқа публицистикалық туындылары асыл мұраның қайнар көзін діттей түседі. Турағұл Абайұлымен бірігіп жаздым дейтін аталмыш мақаласында қаламгер «адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол... адамдық жолының» ең ардақтысы – Анаға, яки әйелге деген махаббат екенін атап көрсетеді. Расымен де «біздің ой-буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз... Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады» екен.
Демек, «әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деген ой салатын мақала авторлары пікірінің қазір де өте өзекті екенімен келіссек керек. Әдебиетсүйер қауым қазақ қауымының бір шоғырының 1917 жылы Шыңғыстаудың Ойқұдық жайлауында қазақтың тұңғыш драмалық туындысы – Мұхтар Омарханұлының алғашқы көлемді шығармасы «Еңлік – Кебек» пьесасын тамашалағанын біледі. Тұңғыш Ұлттық театрымыздың шымылдығының да осы шығарманың көріністерімен ашылып, оның содан бері қазақ сахнасынан тұрақты орын алып келе жатқаны да мәлім. Тегінде, адам бақыты мен әйел бақыты – «қайран елінің» бостандығын дәріптеген Әуезовтің азаматтық ұстанымының бір ғана қыры болатын.
Жазушы ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерделеу үстінде қараңғылық қапасындағы жұртының санасына ел мен жер туралы еркін ойларды сіңіруді көздейді. Оның ел-жұртын өркениет сапынан көрсем деген ой-арманы «Абай жолы» және басқа көркем шығармалары өз алдына, көсемсөздерінен де анық байқалады. Мәселен, автордың «Япония», «Америка әсерлері» мен «Индия очерктері» жолжазбаларында кеңестік қатаң цензураға да қарамастан капитал елдеріндегі қарапайым адамдардың еңбекқорлығы мен техникалық жетістіктеріне лайықты баға беріледі. «Жапонияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының басы – 1885 жылдан бері қарай басталады. Бұл – Жапонияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты...» - дей келе, Әуезов туған халқына тағы да білім мен ғылым жолын нұсқайды.
Көсемсөзші, әсіресе мынадай мәселеге баса назар аударады: «Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің әр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Европа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды... Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында Джиснзу Нарусе деген профессордың айтқан сөзі мынау: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын», - деген».
Алланы сүйген, адамды сүйген, әділетті сүйген жан (Абай) бір уыс қазағы түгілі, адам баласын түр-түсі мен тіліне, діні мен діліне қарап, бөліп-жара алмаса керек. Сондықтан қазір қолында бар кейбіреудің қонышынан басуы да, әділет дегеннің не екеніне пысқырмауы да баяғы ескі замандағыдай, әлі де үңгір сағалап жүргендер сабалақтардың сыбағасы екені даусыз. Адамзаттың Әуезові Азия және Африка елдері жазушыларының Бейбітшілікті қорғау мен ынтымақтастық комитетінің мүшесі ретінде отаршылдыққа қарсы мақалалар жазады. Туған халқының басындағы бодандық мұңы қос құрылықтың оянған халықтарының азаттық жолындағы күресімен үндес еді. Ол отарлық қыспағындағы халықтардың жарыққа – бостандыққа деген ұмтылысын жан-тәнімен сезіне отырып, төл шығармаларымен азаттық рухын таңбалайды. Мәселен, «Абай жолында» ұлы ақынның патшалық Ресейдің қанаушылық билігінен елін жанталаса қорғауы, тіпті ел-жұртын білімге жетелеуі көзімізге оттай басылады емес пе?!
Мұхтар Омарханұлы өмірінің соңғы алты жылында халықаралық форумдар, съездер, конгрестер мен конференцияларға белсене қатысады. Қаламгердің бейбітшілік пен ынтымақтастық жолындағы ізгі ойларына езілген елдердің өкілдері терең түсіністікпен қол соғады. Әуезовтің 1956 жылы «Огонек» журналының ақпан айындағы нөмірінде жариялаған «Колониализму позор» («Отаршылдық масқара») мақаласы соның бір ғана дәлелі. Ал, кез-келген елдің ертеңі білімді, елжанды жастарды тәрбиелеуге тікелей байланысты десек, ол абайтанудың ғылыми іргетасын қалап, ұлт руханиятының жанашырларына айналған дарынды шәкірттеріне «Қазақ фольклоры», «КСРО халықтары әдебиеті», «Абайтану», «Манас» деп аталатын арнайы курстардан дәріс бере жүріп тарихи және ұлттық сананы көтеруге зор үлес қосты.
Зерделей алсақ, Мұхтар Омарханұлының қоғамдық қызметі мен шығармалары елді сүюдің, оған адал қызмет етудің тамаша үлгісі. Осының бәрін ол саяси, жалақорлық шабуылдарына төтеп бере жүріп атқарды. Бұл туралы жұршылықтың біле қоймайтыны туралы көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы былай деп жазады: «Қазақ әдебиетінің ресми тарихшылары Мұхтардың өмір сапарында басынан кешкен қилы-қиын кезеңдерін, қауіп-қатерге душар болған шақтарын жасырып-жауып, шындықтан ат-тонын ала қашып, жалған жолға түсті... Мысалы, Мұхтардың 20-30 жылдардағы өмір кезеңін М. Қаратаев былай баяндайды: «20-30 жылдардың шекарасында М. Әуезовтің өмірі мен творчествосы үлкен өткелге тірелді... Ол тарихи асудың жауапты өткелі еді... М. Әуезовтің басындағы қауіпті қайшылық шиеленіске түскен болатын» («Абай» журналы, 1992 ж., нөмірі-3).
Әңгіме қандай қайшылық туралы? «Ол – ұлтшылдық идеологияның Әуезов творчествосына бірнеше жыл шырмау болған зиянды ықпалы...» - деп қарақұрықтатып келіп, Қаратаев «... оның дұрыс шешіміне себепкер болған – сенімді социалистік шындық және Коммунистік партияның даналық идеясы мен нақтылы көмегі, қамқорлығы»,- деп қорытады» - дейді Қайым абыз. Бірақ, аңдыған жау жеңе алмаса да, аяқтай шалмай қоймайды екен: М. Әуезов 1929 жылғы 30 желтоқсанда қамауға алынып, 1932 жылға шейін түрмеде отырады. Бұл қапастан ол «Ашық хат» жазып барып қана, әупіріммен құтылады («Социалды Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері, 1932 ж., 10 шілде). Бірақ, түрмеден босап шығып, жазуға кіріскеннен кейін де арандату әрекеттерінен өмірінің соңғы кезеңіне шейін құтыла алмайды.
Бұл – қарабайыр таптық социологияның бір ғана жазушының өмірі мен шығармашылығына салған лаңы, тигізген кесірі. Шындығында Әуезовтің нағыз гуманист-жазушы және интернационалист екеніне титтей болса да күмән келтіру мүмкін бе?! Халықтар достығын ұлықтаған қазақтың Шоқан мен Ыбырай және Абай секілді кемеңгер ұлдарының өнегесі де ол үшін берік ұстаным болатын. «Адамның баласы – бауырың», «Адамзаттың бәрін сүй» деген тағылым қалдырған да сол Абай емес пе?! Ұлы ақын мектебінің шәкірті үшін адамзаттық құндылық – бостандық пен тәуелсіздіктің өмірлік темірқазық екені заңдылық еді. Олай болса, Әуезовтей ұлы жазушыны, отаршылдыққа қарсы қайраткерді әлемдік әдеби қауымдастықтың мойындауының да тап сондай заңдылық екені айқын. Айналайын қазағының азаттығын тілеген жазушы арманына, оның шығармашылық мұрасымен қатар, қоғамдық қызметінің құжаттық деректері де нақты дәлел болып табылады.
Көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов жазатындай, Мұхтар Омарханұлының «азаматтық жолы... Ол – Абайдың күллі шығармала-рындағы желі боп тартылып жатқан «Қалың елі – қазағы, қайран жұртының қамын ойлауы. Абай жарық дүниеге тек осы оймен келді, осы оймен өмір сүрді, осы оймен дүниеден өтті... Бағамдап байқасақ, Әуезовте де ойдан, мақсаттан, арманнан тыс тіршілік болмаған секілді». Қайраткер жазушының осы арманы, оның алғашқы көркем шығармалары: «Қорғансыздың күні» әңгімесі, «Еңлік-Кебек» пьесасы және «Қилы заман» романының қай-қайсынынан болса азаттық рухы айқын сезіледі. Мәселен, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы И. Д. Яковлев жазушыларды қабылдағанда Әуезов тың игеріп, өзге ұлттардың есебінен қазақтардың саны үш жылда үш миллионға өскеніне, ал қазақтың өз туған топырағында азшылыққа айналғанына қынжылыс білдіреді. Бұған қоса ол Қазақстанның Ресеймен шектес облыстарындағы мал бағып жүрген қандастарын елге қайтару тілегін Хрущевқа жеткізуді өзінің «зар тілегі» ретінде атап көрсетеді («Мұхтар Әуезов. Өнегелі өмір», А., «Қазақ университеті» баспасы).
Сайып келгенде, қазақтың қайраткер перзенті Әуезов Мұхтар Омарханұлының теңіздей терең ойы мен суретті сөзінің арқасында халқымыздың сонау Асанқайғы мен Бұқар жырау замандарынан басталған тәуелсіз ел болу арманын ата-баба аманатындай қабылдап, оны қоғамдық қызметте де, әдебиеттің және көсемсөз мен ғылымның тілінде де ұрпақ санасына жеткізуден аянбағанын көреміз. Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» кітабы туралы академик Серік Қирабаевтың мына бір пікірі де қайраткер жазушының арман-мақсатын діттей түседі: «Ақтабан шұбырындыдан» басталған қазақ қайғысы кейін орыс патшалығына бағынуға ұласып, «ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақытымен» жалғасады, - дейді Мұхтар, - бұл дәуір қазақ өмірінің барлық суретін өзгертіп, бар өмірін екінші салаға түсіріп жіберді». Мұхтар Омарханұлы осы дәуір поэзиясының үлгісі есебінде Асанқайғы мен Бұқар жырау заман жайын толғап, алда орысқа бағынуға таяп қалған күндерді ойлап қиналғанын тілге тиек етеді». Әуезовтің «қайран елінің» кеңестік бұғаудан құтылып, өз алдына Тәуелсіз мемлекет болуын асыға күткен, диктатура мен диктатордан азаттық алу арманы Сіз бен бізге аманат.
Болат Жүнісбеков,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты, жазушы