АБАЙДЫҢ КІТАБЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

 

Елорда төрінде жаңадан ашылған мекеме Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орта­лы­ғының реставрация-консервация бөлімінде осыдан 112 жыл бұрын Петербор қаласында басылып шыққан Абай Құнанбаевтың құнды кітабы жаңғыртылып, жаңарған нұсқасы Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне табысталды.

 

Осы орайда аталған кі­тапты Се­мей қаласынан арнайы алып ке­ліп, жаңғыртпасын жасауға мұ­рындық болған мекеме­нің әкімшілік-қаржы бөлімінің бас­тығы Айнұр Жарахметова екен. Ал көне туын­дының тарихына тоқталар болсақ, Абайдың қазасынан (1904 жыл) кейін туыс­тары мен балалары ақынның мұра­сын жинас­тырып, баспаға әзірлеуге кіріскен. Сөйтіп, Кәкітай мен Тұра­ғұл 1905 жылы жазғасалым ақын­ның өлеңдерін, қарасөздерін жи­нап, түгендейді. Тапқандарын ­Мү­р­­сейіт Бікеұлының қолына бе­ріп, ­әде­­мілеп, көшіртеді. Ескіше құс­ни-көр­­­кем жазудың хас шебері ­Мү­р­­­­сейіт молда арнайы тігілген қос­­та оты­рып, бір айда көшіріп шық­­­­қан, дейді абайтанушы мамандар.

Шын мәнінде туыстарына ұлы ақынның қолжазбасын жинақтап, баспаға дайындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов. Әлекең 1915 жылы 18 қаңтар күні «Қазақ» газетіне жарияланған «Кәкітайдың қазасы» жайлы мақаласында: «...1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып Омбыдағы маған келді...» десе, 1995 жылы «Абай» журналында жарық көрген Мінәш Әрхамқызының «Кәкітай» атты естелігінде: «Әбден дайындалған қолжазбаны Семейге Кәкітай алып кетті. Жол шығынына арнап сатып, пұл қылу үшін екі семіз ат, екі се­міз түйе бірге кетті» деп жазады.

Кәкітай осы сапарында Ом­бы­дағы Әлекеңе қолжазбаны апарып берген. Жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке: «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы» т.б тақырып беріліпті. «Ақын шығармаларын бұлай жіктеу шартты түрде болса да тақырыбына қарай топтап бастыру сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету мақсатынан туған болатын», деп тұжырым жасапты үлкен ғалым Қайым Мұха­метқанұлы.

Төрт жылға созылған шыр­ғалаңнан кейін Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басылып шығады. Жинақтың бас­қы бетінде: «Қазақ ақыны Ибра­һим Құнанбай ұғылының өле­ңі. Бастырған: Кәкітай, Турағұл Құнан­байұғландары. СПБ., Восточная электропечатня И.Бораганскога, 1909» деп жазылған.

Осылай бір ғасырдан астам уақыт қол тимеген кітапты елор­да­лық жаңғыртушы мамандар бір ай­дың ішінде реставрациялап шы­ғыпты. «Бізге жеткенде кітаптың сыртқы мұқабасы тозып жоғалған, қағазы үлбіреп шашылуға шақ қал­ған, тігістері сөгілген өте нашар күй­де болды. Жұмыс барысында рес­таврацияның барлық жаңа технологиялары қолданылды. Оны толық қылшылдық бейтараптау, таза былғары қолдану арқылы, мра­мор­лық қағазбен қолдап, түбі клас­сикалық әдіспен тігілді», дей­ді рес­тавратор маман Жансерік Бейсенқұлов.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ