Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: «АБАЙ ЖОЛЫНЫҢ» ӘЛЕМГЕ САПАРЫ

Абайдан Аққозыға дейін 192 кейіпкері бар «Абай жолы» эпопеясын заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлы жиырма жыл бойы жазып, оқырманға ұсынғанын жақсы білеміз. Келесі жылы осы еңбектің жарыққа шыққанына 80 жыл толады. Бір ғасырға жуық уақыт тек қазақ руханиятының аспанында ғана емес, өзге елдердің рухани көкжиегінде өмір сүрген роман мәңгілік оқылуға тиіс шығарма екені даусыз.

Жұрт арасында «Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқы­май французды білдім деу қиын» деген сөз тарағалы да көп болған. Ал біздің саналы оқыр­­­ман бұл сөзге  «Мұхтар Әуезов­­­ті оқымай қазақты білдім деу тіп­­т­ен қиын» деген аталы сөзді қос­ты. Керек­ті сөз-ақ. Дерек­­­тер бойынша Әуезовтің «Абай жолы» эпопея­сы дүние жүзі ха­­лық­­тарының 116 тіліне аударылыпты, бұл – 1993 жылғы мәлімет. Дерекке сенсек, онда бұл шығарма – әлемде ең көп аударылған шы­ғар­маның бірі.

«Абай жолы» қазақ халқының рухани мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан шығарма екенін әлдеқашан мойындап болғанбыз. Автор үшін де, шығарма үшін де бұл – бақыттың өзі.  Бір халық­тың өмірдегі бейнесін, кей­пін, тұрмыс-салтын, мұң-зарын тұ­тастай бір шығармаға сыйғызып жазып шығу үшін де талантпен қатар еңбек қажет екені даусыз.

Бұл роман-эпопея кезінде өз бағасын алды, жұрт арасына кең тарады, аударылды. «Абай жолы»  туралы академик, ғалым Қаныш Сәтбаев: «Қазақ халқының өткенін зерт­тегісі келе­тін ғалымның бір­де-бірі бұл кітапты жанап өте ал­­май­ды: ғалым-филолог одан фоль­клор­дың бай материалдарына қа­нығу­мен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөз­дігінің қаз басуы мен қа­лып­тасуын көреді; ғалым-этно­граф қазір көне заманмен қоса көн­ер­ген небір тұрмыстық бел­гі­лер мен өмір құбылыстарын біле­ді. Құс салып, саят құрған, қыз ұза­тып, ас беруді, өлік жөнелтуді сурет­тей­­тін тараулар, билер айты­сы мен би­лік шешкен қазылық карти­на­лар­­дың әрқайсысы жеке-жеке ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге пара-пар», дейді.

Академик сондай-ақ ға­лым-эконо­мистер Қазақ­стан­ның XIX ғасырдағы халық шаруа­шылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алатынына, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысатынына; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан баға­лы мағлұматтар жинайтынына  жоғары баға бергенін де көзіқа­рақты оқырман жақсы біледі. Ал бүгінгі сөзде біздің айтпағымыз бұл туралы емес, біздің мақсатымыз «Абай жолы­ның» өзге тілдерге аударылуы хақында болмақ. Қай тілге қа­шан, кім аударды және сапасы қа­лай болды дегенге ізденіс жасап көрдік.

«Абай жолын» оқыған Каме­рун жазушысы Бенжамен Матип «Қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ болып кеткенін білмей қалған» дейтін жылы сөздер хакім туралы шығарманың аударма арқылы әлем оқырманына жеткендігін растайды. Бірақ қалай жетті деген мәселеге назар аударатын сәт туды. Осы ма­қаланы жазардан бұрын «Абай жолының» ағылшынша нұс­қасын ағылшынтілді орта қа­лай қабылдады екен деген ой­­мен Амазон кітап дүке­ніне жүгіндік. Goodreads сайтына кір­сеңіз,  «Абай жолы» туралы мынадай оқырман пікіріне кез боласыз. Пікір иесі Есмира Серева. «Абай – қазақтың ұлы ақыны, бұл кітап көп нәрсені қамтыған роман. Даланы, ондағы өмір салтын бейнелейтін тараулар жанды, талғаммен суреттелген. Сол үшін бұл кітап бала кезім­нен бері қыста оқитын тамаша шығарма. Әрине, бұл еңбекте коммунизмге деген құрмет бар, бірақ бұл эпопеядағы ең маңыз­ды нәрсе емес. Маңыз­дысы – кейіпкерлермен, қоршаған ортамен қалай бірден байланыста болғаныңыз, сонымен бірге ойлы өлеңдер, орынды әзіл мен драма және өмірдің қуа­нышы өзгеше әсер береді, ержетіп, аңызға айналған тұлғаның өмірі көз алдыңызда өткендей болады».

Желі қолданушының бұл пікірі «Абай жолының» ғана емес, қазақ әдебие­тінің биігі үшін жақсы баға деуге болады. Әрине, шынайы өнердің қа­зысы – қарапайым оқырман. Ал Колин МакКелл-Редвуд дейтін желі қол­дану­шы: «Бұл – жай оқиғалар тізбегі ғана емес, жас жігіттің есею барысы, ғасыр­лар бойы көшпелі өмірден белгісіз бола­шақ­қа бет алған елдің сапары туралы жақсы шығарма. Сюжеттің көптеген шешіл­ме­ген бө­лік­тері маған ұнады, өйт­ке­ні өмірдегі көп істер жиі шеші­мін таба бермейді, өмір  – кітаптағыдай емес. Ал қазақ халқының рухын түсінудің стенографиясы да осы кітап бол­мақ» деген ойын жеткізеді. Ағыл­­шын­тілді оқырманның бұл жүрек сөздері шы­ғар­маның дең­гейін тағы бір мәрте көтерді. 

Ұлы жазушы Ғабит Мүсіре­повтің өзі: «Мен «Абай жолын» төртінші рет қайталап оқы­ғанымда ғана барып түсін­дім», деген мәңгілік шығарманың Батыс, Еуропа әлеміне жеткен аудармасы сапалы болса, біз үшін қуаныштан артық ештеңе жоқ. Ал осы шығарма­ның моңғол тіліне қалай ауда­рылғаны жөнінде тарих­шы Зардыхан Қинаятұлы «Түркіс­тан» газетіне жариялаған мақа­ла­сында: «Үшінші курс студентi Жамлийха М.Әуе­зов­тің «Абай жолы» романын моң­ғол­шаға аударуға кiрiстi. Әрине, бұл өте батыл қадам едi. Л.Соболев, Н.Ановтар қазақшадан жасаған сөзбе-сөз аударманың негiзiнде орысша әрлеген Абайды аудару студент үшiн нағыз талапты ердiң қолынан келетiн iс едi. Сөйтiп жүргенде басқадай бiр топ қазақ зиялылары «Абай жолы» романын аударып жүргенi белгiлi болды да, студент Жамлийха «Абай жолының» аудармасын солармен бiрлесiп әрі қарай жалғастырды. Сөйтiп, «Абай жолы» романы моңғол тiлiнде 1972 жылы жарық көрдi» деген дерек келтіреді.

Ал осы шығарманың түрік жұр­тына қалай жеткені туралы аудармашы Ашур Өздемір: «Абай жолы» түрік тіліне екі рет аударылды, бірінші рет 1997 жылы түркістандық Зейнеш Смайыл мен түркиялық Әлиаппас Шынар дейтін аудармашылар бірігіп аударыпты. Бұлар эпопеяның бірінші, екінші кітабын тәржімалапты. Бірақ бұл аударманың сапасы сын көтермейді. Бұл кітап оқыр­манның қолына жетпеді деп ойлаймын, жетпегені де дұрыс еді. Менің ойымша, олар сол кезде университетте сабақ беретін, сол себепті романның түпнұсқасын Қазақстаннан Түркияға барып оқып жатқан студенттерге аудартқан сияқты. Ал екінші рет биыл Зафер Кевар деген аудармашы аударып жатыр екен, бірінші, екінші томы шығыпты. Шындығына келсек, бұл аудармашы қазақ тілін білмейді. Сонда ол қайтіп аударады? Мүмкін, жалпылама аударып жатқан болуы керек. Естеріңізде бол­сын, біз жақта қазақ тілінен түрік­шеге кітап аударып жатқандар қазақ тілін жақсы білмейді. Бұл мәселені ашық айтуымыз керек. Тек үш-төрт аудармашы ғана қазақ тілін біледі, ал қалғандары жалпылама аударма жасайды», деп өз ойын айтты. Міне, шыны керек, біздің шетелдегі аударылған кітаптарымыздың халі. Бұл мәселе қазір ғана туындап отыр­ған жоқ. Түбі бір деп білетін түрік бауырларымызға «Абай жолын» дұрыстап аударып жеткізе алмасақ, онда Батыс пен Еуропаны біздің әдебиетті білмейсіңдер деп кінәлаудың өзі ұят.

Оқырманы көп ел санала­тын Қытай­да Әуезов шығар­ма­шылығы дұрыс насихатталма­ғаны шындық. Ол жақ­та кеңес әдебиетінен Шыңғыс Айтма­товтың аты аталады. Ал «Абай жолының» аудармасы сапасыз болды деген пікірді көп естідік. Эпопеяны қытай тілі­не Ха Хуанжаң есімді Сібе ұлтының өкілі аударып, қытай тілінде жазатын қазақ жазушысы Әкпар Мәжит редакциялапты. Ол жақта кино, әдебиет, жалпы рухани  құндылықтарға қоғамдық пікір жинайтын book.douban.com дейтін сайт жұмыс істейді. Осы сайттағы әлеуметтік желі қолданушылар әдет­те жақсы шығарма немесе сапалы аударылған көркем әде­биет туралы өз ойларын бүкпесіз орта­ға салады. «Абай жолы» туралы осы сайт бетінен «Аудармасы сапасыз», «Ғажап эпос екен», «Классикалық кино сияқты шығарма» деген шағын пікірлерді кездестірдік. Біздің білуімізше, бұл сайтта пікір жазушылар әдетте екі-үш мың әріптен тұратын сыни көзқарас, танымдық жазбаларды комментарий ретінде қалдырады. Ал «Абай жолына» келгенде үнсіздік салтанат құрған. Біз бұдан нені түсінеміз? Тағы да сапасыз аударманың мәселесі қылаң береді.

Қалай дегенмен де оқырманы көп елге шығарма сапалы аудармамен жетсе, ешкім үнсіз қалмас еді. Бұл жөнінен біз эпопеяны ақысыз, тек қазақ ұлтын құрметтегені үшін аударма жа­саған Ха Хуанжаңға өкпе айта алмаймыз, бұндай игі шаруаны дер кезінде құнттамаған өзіміздің ағаттығымыз. 

Шындығын айтсақ, біз осыған дейін шетелге аудартқан көптеген шығар­маның бәрін орыс тілінен аударттық. Міне, қателіктің басы осында. Басқасы басқа, көркем шы­ғарма үшін түпнұсқадан сол тілдерге аударту аудармаға ауадай қажет. Сапасыз аударманы шетел оқырманы оқымақ түгілі, қолы­на алып парақтағысы да кел­мейді. Осы мәселені көтеріп жүрген аудармашы Зәуре Батаева бір мақаласында: «Ор­та Азия және қазақ әдебиетін халықаралық деңгейге шығара­тын жазушылардың бірі Мұхтар Әуезов екеніне ешкім күмән келтірмес. Өкінішке қарай, бұл көр­кем тіл шеберін халықаралық деңгейге шығара алмай отырған тағы өзіміз. Қазақстанда «Мұх­тар Әуезов ағылшын тіліне аударылған, шетелде таны­мал жазушы» деген қате түсі­нік бар. «Абай жолы» мен «Көк­серек» ағылшын тіліне аударылғанымен, бұлар Мәскеу қаласындағы «Издательство литературы на иностранных языках» және «Радуга» баспаларынан шыққан. Мұхтар Әуезовтің шығармалары Батыс баспаларынан шыққан емес. Жуықта Қазақстан демеушілерінің қолдауымен «Абай жолы» романын ағылшын тіліне қайта аударуға тапсырыс берілгені және аударма орыс тілін жетік білетін британдық аудармашыға тапсырылғаны жайлы хабар естідім. Бұл шығарма тағы орыс тілінен аударылып жатқаны өкінішті», деген наз айтады. Орынды сөз. Жоғарыда біз айтқан сөздің бір дәлелі де осы.

Қазақ әдебиетінің биік мұ­нарасы ретінде аталатын «Абай жолы» роман-эпопеясы  – күллі қазақ халқының паспорты, өмі­рінің айнасы. Осы шығарманы шет тілдеріне аударту барысында туындаған мәселелерді жоғарыда айттық. Біз ендігі жерде рухани айнамыздың өзге елдерге таза қалпында сәуле шашуын, оларға қазақ әдебиетінің биік намысы өз дәрежесінде жет­кізілсін деген ниеттеміз. Өйт­кені кітап арқылы жеткен мәдениет   – шынайы мәдениеттің бір көрі­нісі. «Абай жолының» алыс елдерге сапары – қазақ рухания­тының, әдебиетінің, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан мәдениетінің сапары деп білсек, онда сапалы аударма үшін жұмыс істегеніміз жөн болмақ.