Абайдың ақындық айналасын зерттеп жүрген зерделі ғалым, абайтанушы, ф.ғ.д., профессор, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің сүбелі сұхбатын ұсынамыз.
– 10 тамыз - Абай күні. Сіз абайтанушы-ғалым ретінде осы дата туралы не айтасыз?
– Абайдың арнайы күні болу керек. Оны құптаймын. Абай – қазақтың киесі! Күнде, қайырыла оқысақ та, еске түсірсек те артық емес. Сенің нені меңзеп отырғаныңды түсіндім. Ақынның туған күні «10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба?», - деген сұрақ қой, көкейдегі. Ол туралы біраз ғалымдар жазды. Өкініштісі біздің қолымызда нақты құжат болмаған соң, оның соңы тұйықталмайды.
Біз ата-бабаларымызбен, оның тарихымен мақтанғанмен бәрі ауызша. Жазбаша дүние аз сақталған. Абайдың туған күні тұрмақ, өзінің қолымен жазылған бір өлеңі жетпеген. Ол бөлек әңгіме. Әсілі, ақын «ана күні туған жоқ, мына күні туды», - деген дауды тоқтатып, 10-ы мен 23-і аралығында екі апта Абайды жақын тани түсетін игі істер атқарсақ, дұрыс болар еді.
– Әр заманның өз Абайы бар дейді, соны қалай түсінесіз?
– Абайдың өлең-сөзі өміршең, сонысымен ол – құдіретті. Бір нәрсені тауып айттым деп тоқмейілсіп, Абайға үңілсең, бәрін айтып қойыпты. Біздің бейшаралығымыз сол Абайды өзіміз толық бойымызға сіңіре алмай, не жалпақ жұртқа түсіндіре, түйсіндіре алмай жүрміз.
– Қазіргі қазақ қоғамы Абайды қаншалықты таниды?
– Ғалымдар Абайды зерттеп жатыр, абайтанудың көкжиегі кеңеюде. Бірақ қазіргі қазақ қоғамы Абайдан алыстап бара жатыр. Бар, әрине, Абайды жүрегімен ұғатын, оның өсиетін орындауға тырысатын ұрпақ бар, бірақ, аз. Жалпақ жұрт Абайды керек қылмайды. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, сендерге де келейін енді аяңдап»,- деген құдіретті қара өлең иесінен дүркірей қашып бара жатқандаймыз.
– Дәлеліңіз?!
– Дәлел – кешегі ақын сынаған дерт қазақта азайған жоқ, тіпті асқынып бара жатқандай. «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай», - демеді ме, деді. Бүгінгі қоғамның дерті ме – дерті. Онда «терін сатпай, телміріп, көзін сатқан», «жұртты аларман» еткен нарықтық заманға кеисіз бе, «арын сатқан мал үшін антұрғандарды» қаулата өсіріп жатқан алыпсатар қоғамға кінә артасыз ба, жоқ әлде «билемесе бір кемел, не болады өңшең нөлдің» «ебін тауып, жөнге сала» алмай жүрген жоғары жақты сынайсыз ба, әлде «нанымы жоқ, анты бар» кетеуі кеткен елге өкпе артасыз ба? «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсе қызар, жалмауыз, сорлы қазақ сол үшін, алты бақан алауыз»…. Осы өлеңді соңына дейін ерінбей оқып шығыңызшы. Абай сынаған қазақ өзгерген бе екен? Өзгермепті, тіпті Абай қойған диагноз өршуде… Қазақты сынаса Абай ғана сынасын, қалған қазақ сол сыннан нәтиже шығару керек.
– Неге?
– Өйткені, алдымен Абай болу керек! Біз сол Абайдың айтқан сынын, кейісін бүгінгі жұртқа шамамыз жеткенше ежіктеп түсіндіре алсақ…
– Сонда біз не істеуіміз керек?
– Иә, орынды сұрақ. Әртіс Тұрсынбек айтпақшы біз өзі үнемі бірдеңе істеу керекпен жүреміз, бірақ ештеңе істемейміз. Идея көп, соны іске асыратын адам аз. «Қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай» ауырдың үстімен жорғалайтын пысықтардың парқы артып тұр. Бір ғана мысал, қазір не көп, батпан құйрықты лезде қолыңа ұстата салар тіл мен жағына сүйеніп, аңқау елді аузына қаратқан қушыкеш, идея бергіш, тренингшілер көп. Шетелдің қаңсығынан үзіп-жұлып, құрап-жамап, тұздығын ағылшынның сөздерімен дәмдеген қызылды-жасылды слайд жасап, біздің үлкенді-кішілі басшыларға дәрістер ұйымдастыратын, өзі қазақ болғанмен табиғаты дүмбілездеулердің презентацияларынан аяқ алып жүре алмайсыз. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда», - демеуші ме еді ақын. Әрине, пайдалысы да, озығы да бар. Бірақ мына біздің, қазақтың болмысына икемделгені некен-саяқ. Ұлттың діліне бойламай, сонау Еуропа мен мұхиттың арғы жағындағы өркениеттің сынықтарын қазақ ұлтына жапсырып, эксперимент жасауды доғару керек. Иә, ұлттық болмысымызды танып алмай жатып қазаққа қалай өмір сүруді, түптеп келгенде ел болуды үйрететін белсенділер көбеюде. «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», - деген еді ақын. Ол кезде орыстың боданында едік. Дәл осы сөз бүгін де өзекті. Ырқымыздың басқаға тәуелділігін үдете түспесек, азайтқанымыз шамалы. Қауіптісі, біз талғамнан айырылып барамыз. Бұрын өзі көрмеген көп ойыншықтың ортасына отырғыза қойған жас сәбиді көз алдыңызға елестетіңізші. Біресе ана ойыншықты ұстап, біресе мына ойыншыққа қызыққан әлгі бала сияқты Әмерикадан бір, Еуропадан бір алып, болмаса соларды аяғына дейін жеткізбей Сингапур мен Оңтүстік Кореядан жақсысын жұқтырғандай боп жатырмыз. Ол біздің ұлттық менталитетімізге, болмысымызға, таным-дәргейімізге, тіпті ауа райымыз бен географиялық ортамызға сай келе ме, жоқ па? Бәленбай түрлі тағам қосылған Наурыз көже сияқтымыз. Наурыз көже дәмді, бірақ көп сақтауға келмейді, ашып кетеді…
Басқаның жаппай емес, жан-жақты зерделеп барып, шөмішпен емес, шөкімдей ғана ғып, жақсысын алайық, бірақ жаманын, біздің қалыпқа келмейтінін талғамай жұта беруді қою керек. Одан қанша опық жедік.
– Сонда бүгінгі қазақ Абай заманының қазағынан да осал тартып бара ма?
– Жоқ, олай деп біржақты баға беруге болмайды. Жақсымыз бар, жасалған жасампаз істеріміз бар, тәуелсіз елміз, елді өрге сүйреп келе жатқан тұлғалар да бар. Мәселен, әнімен ғана емес, кісілігімен, кішілігімен мынау қазақ дейтін бір ұлтты әлемге паш етіп жүрген Димаш, шахматшы қызымыз Динара сияқты жастарды тіл-көзден сақтасын. «Пайда ойламай, ар ойлап, артық білуге талап қылған» ақын арманындағы еркін ойлы көкөрім жастар өсіп келеді, алды тәуір қызметтің тізгінін ұстай бастады. «Алдымдағы күбірден қорқам, артымдағы дүбірден қорқам» (С.Иманасов) дегенді үнемі айтып жүрем, арттағы дүбірден жақсы мағынасында қорқу керек. Еркін ойлы жастар келе жатыр, дүбірлетіп… Бір әттеген-айы Әуезов пен Кекілбаевты, Мұқағали мен Оралхандарды жастанып ұйықтап, қазақша түс көретіндер аздау, әлі де…
Әлем қалаға шоғырлануда. Қазақ та ауылды тастап қалаға көшуде. Бірақ кең байтақ жер иесіз қалып бара жатқан жоқ па? Меніңше, ауылдан, жерден тамырды ажыратпау керек. Ауыл – ұлттық құндылықтардың тамыры ғана емес, болашақта арқа сүйер экономикалық дамуымыздың негізгі көзі. Ауылшаруашылық, мал мен егін, кең байтақ жеріміздегі туризм мәселесі өзекті болмақ болашақта. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуел құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», - деген сөзіне дәл бүгін құлақ асу керек…
Тамыр дегеннен шығады. Бізбен тамырлас венгрлердің жылда өткізетін фестивалі бар, көшпенділердің салтын барынша насихаттайтын. Сән-салтанаты келіскен осы фестиваль күллі әлемді тамсандырады. Танымдық жағы тым қуатты. Тамырын іздеген елдің қарекеті. Кешегі Тұранның қара шаңырағы біздер едік қой. Ал біз батырларымыз бен ақындарымызға бір-бірінен айырмасы шамалы ескерткіш қоюдан әрі аса алмай келеміз…
Пандемия тықсырған кезде, дәрі таппай дәрменсіз қалған қазақ ата-бабаның еміне жүгінді. Қойдың құйрығы, шұбат пен қымыз, арша мен адыраспаннан араша іздеді. Бұл ескілікке қайту емес, ұлттық діл, табиғи тамырымыздан тиянақ іздеу…
– Абай мұрасы бүгінгі қоғамға қаншалықты қажет?
– Қазақты қазақ етіп сақтап қалу үшін. Абайды шын мәнінде, әсерлі сөз үшін, есеп үшін, Абай үшін емес, өзімізді өзіміз алдау үшін емес, шын мәнінде ҰЛТ ҰСТАЗЫ деп танып, әр қазақтың жүрегіне ұялатқанда ғана ел болып қалу мүмкіндігіміз бар. Біздің бағдарымыз басқа емес, Абай болуы керек. Әрине, біреулер ұлттың ұстазы әл-Фараби дер, қазақ қылуға талпынып жүрген Шыңғыс ханды алға тартар, бірақ қазаққа, оның дүниесіне Абайдан жақын ерен тұлға жоқ. Абайдың ұстаздық қарекетін жан-жақты зерттей түсу керек. Жай ақын ғана емес, маңайына шәкірт жинап ақындық пен әншілікке, ертекшілік мен жыршылыққа, сазгерлікке баулып өз мектебін қалыптастырған жан. Осы ұстаздық қарекеті Абайды ұлт ұстазы деңгейіне шығарды… Дәл осы мерейтой тұсында «Абайдың туған күні қашан», - деген болмайтын дауды үрлеп, пікір жарыстыра бергеннен ұтарымыз шамалы. Жалпы қолымызда тасқа басылған нақты құжат болмаған жерде пікірталасты өршітпей бір тоқтамға келу керек те, Әдебиет және өнер институты сияқты құзырлы мекеменің өкімімен бекіту қажет мұндай даулы дүниелерді. Бұл бір Абайға қатысты ғана емес, жазу-сызуынан, кітапханасынан ғасырлар бойы ажырап қалған қазақтың тарихы мен әдебиетіне қатысты үлкен проблема…
Біз өткен шақпен емес, бүгінгімізбен, болашақпен мақтануымыз керек. Абайдың айтқан сынынан қаншалықты қорытынды шығардық? «Мыңмен жалғыз алысқан» ақынның тізіп берген мың сан кемшіліктерін түзедік пе, әлде көбейтіп, бойымызға жабыстыра бердік пе? Тіпті арнайы салыстырмалы таблица жасап көрсетсек, түзелгенімізден күзелгеніміз көп сияқты. «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес»,- дейді Абайдың өзі… Адамсыздық әрекеттеріміз асқынып бара жатқан жоқ па? Міне, бізді осы алаңдатады. Абайдың әрбір сөзі қазақты АБАЙ БОЛУҒА шақырып тұрады қай заманда да…
Әрине, ақынның тойы қарсаңында кетеуі кетіп тұрған қарт Семейге, Қарауылға біраз қаржы бөлініп, ақынға қатысы бар нысандар жаңарып, жаңғыртылғаны қуантады. Қараусыз жатқан Құнанбай қорымына екпін түсіріліп, бұл жерде табанға төселген «домбырадан» дау іздеудің қажеті жоқ. Миллиондар құйылған сол орындар халықтың қажетіне қаншалықты қызмет етеді, далаға егілген ағаш қурап, гүзарлар солып төселген тас сетінеп шашылып қалмай ма, міне, осы жағына аса мән беру керек деп ойлаймын. «Қарекетіміз әрекет» болып, әйтеуір асыра сілтеп алмасақ жөн… Қазақты әлемге паш еткен ақынның 150 жылдық мерейтойында студент-экскурсовод болдым, шеттен келген қандастарымызды алып жүрдім. Сонда қытайдан келген бір ақсақалымыз ел тамсанып тұрған Абай мен Шәкәрімнің кесенесін көріп: «Алып кесене тұрғызыпсыңдар, бірақ моланы жаңалау қаншалықты дұрыс», - деген сөзінің астарына көп дүние бүккен сұрақ қалдырып кетті. Көктен қарағанда алып кемеге ұқсайтын кесенеде амфитеатр, кітапхананы былай қойғанда қадірлі жандардың қабірі бес метр тас-топырақпен жаншылған тереңдікте жатқаны түйсігімді мазалай береді. Барған сайын:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме! –
деген сөздері самайды солқылдатады да тұрады. Ясная Полянадағы Л.Толстойдың зиратын көрдіңіз бе? Көк шалғынның ішіндегі төмпешік қана… Ұлылықтың қаншалықты қарапайым екендігін паш етіп, кемеңгер жазушының рухы кең далада, ашық аспан астында еркін тыныстап жатыр. Шалғынына отырып, топырағын сипап Толстой шалмен шын сырласа аласың… Шерхан атам айтпақшы бір кем дүние!
– Бүгінде бай, байлық туралы әңгімелер әуелеп тұр, осыған Абайша келсек.
– Мыңды айдаған текті азаматтар қазақта жетерлік. Бір ауылды, бір ауданды асырап, дүниесін дөңгелетіп отырған ұлтжанды қазақ жігіттеріне сүйсінесің. Қазақтың болашақ экономикасын жасап жатқан солар. Ал, енді бұрынғының бай деген сөзі кеңестік кезеңде бай-кұлақ (кулак) болып күшпен өзгертіліп, әбден біржақты мағынаға ауысты. Бұрынғының байы малымен, дүниесімен ғана емес, кісілік қасиеттерінің байлығымен де өлшенетін. «Бай да келер ауылға, аяңшылы жылпылдап» дегендей… Жасыратын несі бар бүгінгінің біраз «байы» ата-бабадан келе жатқан тектілердің ұрпағы емес, тоқсаныншы жылдардың топалаңында алып-сатарлықпен тойынғандар, әлгі кеңестік жүйе атаған байға келіп саяды. Бүгінгі ес тандырар ас та төк дарақылық пен даңғазалық, «мақтаншақтық пен бекер мал шашпақтық» солардан шығып, дүние байлық пен рухани байлықтың тепе-теңдігін ұстай алмай қалды. «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден»,- деген ақын сөзі әдірәм қап тұр, бұларға. Ең қорқыныштысы әсіре байлық пен тақыр кедейліктің ара жігі айқын көріне бастады, біздің қоғамда. Бұған бүгін тосқауыл қоймаса болмайды.
– Бұл үрдісті қалай тоқтатуға болады, сіздің ойыңыз?
– «Елдің дамуы үшін, демократия емес, ең алдымен, еңбекқорлық пен тәртіп керек» деген екен атақты Ли Куан Ю. Біздің жағдайымызда бұған тәрбиені де қосар едім. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тегін айтпаған ғұлама Әуезов. Біз осы сөзге жете мән бермей келдік. Әрине, қазір балабақшаға да, мектепке де, ұстаз мәртебесіне де жете көңіл бөліне бастады. Бірақ біз уақытты өткізіп алдық, оны мойындау керек. Жалпы біз өз қателігімізді мойындамау, кемшілігімізді көрсетпей, мысықтың боғынша жасыру, жауырды жаба тоқу, «меннен кейін күл болмаса бүл болсынға» салу жағынан ат оздырмауға айналдық. «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйдының» кері келіп тұр. Абай заманында да солай болған шығар, болмаса айтпайды ғой.
– Бұл үшін тәртіп пен тәрбие керек дейсіз ғой?
– Иә, бесігінен тәрбиеленген қоғам өзінен өзі тәртіпті болады. Алаштың арыстары осыдан бір ғасыр бұрын жапондардың мемлекет құру қағидаларына тегіннен тегін назар салмаса керек. Әрине, сәл әсіре тұстары бар шығар, бірақ жапонның тәрбиесі мен тәртібі оларды алпауыт ел етіп отыр. Тәрбие мен тәртіпке байланысты қазақтың асқындырып алған мың сан әрекетін тізіп беруге болады. Бір ғана мысал, біздің марғаулығымыз соншалық, той-жиынды бәленбай сағат кешіктіріп бастаймыз, кейде жаңа отау тігіп жатқан қыз-күйеуді ақ сақалды қария мен кимешекті әже бастаған төрт жүз адам төрт сағат күтіп сарылып отырады. Бірақ соған бәріміздің етіміз өліп кеткен. Адамның алтын уақытын ұрлау қылмыс екендігін түйсіну былай тұрсын, осындай сорлы әрекеттерімізді «қазақпыз ғоймен» масайрай көпшіктейтінімізді қайтерсің. Тойдың даңғазалығын тоқтатамыз дегендер, «мараторий жариялау керек» деп шықты. Бізге той керек, даңғаза-дақпыртсыз, көл-көсір ысырапсыз, ұлттық құндылықтарымызбен көмкерілген мәнді де, мағыналы той керек. Мынау аласапыран заманда қазақ қай істе де «ақырын жүріп, анық басатын» алтын аралықты мықтап ұстанғаны жөн…
Бала тәрбиесінде барлық жауапкершілікті мұғалімге ғана артуды қою керек. Баланың тәрбиесі негізінен ата-анасына байланысты. «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» деген өлеңдегі:
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр, -
деген жолдардың мәні тереңде. Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі, - деген қанатты сөздің астары жатыр. Баланы тәрбиелеп әлек болудың қажеті жоқ, бала – сенің көшірмең. Сонымен қатар көптеген ұлттық құндылықтарымызбен бірге құрдымға кетіп бара жатқан әжелер институтын да қайта жаңғырту керек. Ертегі айта алатын әжелердің азаюынан қорыққан батыр Бауыржан Момышұлының заманы айналайын екен. Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде,- дегендей батыр бабамыз қорықса қорыққандай. Ертегі мен аңыз, батырлар жыры мен қазақтың ән-күйін әлдилеп отыратын әже де, оны тыңдап жатып талықсып ұйықтап кетер немере де жоқтың қасы. «Атадан бала ойы өзге» заманда ұлттық құндылықтарымызды барынша сақтап қалуға жандәрмен кірісуіміз керек. Шіркін, қазақтың әр мектебінде Зейнеп Ахметова әжеміздей бір бір адам балаларға дәріс оқыса, болашақта түрмелеріміз босап қалған болар ма еді?!…
Баласын медресеге шен алсын деп бермеген ақын өсиетін әлі жүрегімізге бойлата алмай келеміз. Мамандықты дұрыс таңдату мақсатында университет ұжымы кәсіптік бағдар беру жұмысымен бүкіл аудандарды аралап, мектеп бітіруші түлектермен кездестік. Әсіресе, құлдырап кеткен қадірі бірте-бірте қоң жинап келе жатқан мұғалім мен дәрігердің мамандығына мойын бұра бастаған жастарды көріп, қуандық. Дегенмен, өзінің жүрек қалауы емес, ертеңгі атағы мен дақпырты көп мамандықтарға бұра тартатын ата-ана да, оқушы да жетерлік. Бұрын ақсақалға «ассалаумағалейкум» десең, «уағалейкумәссалам, молда (яғни мұғалім) бол, балам» деуші еді, қазіргінің қариясы «әкім бол», немесе «прокурор бол» дейді. Демек, құндылықтар шен-шекпен мен дүние-байлықтың уысында қусырылып барады.
– Әлеуметтік желі деген қазір жан алқымнан алып тұр, Абай заманында болса қалай болар еді?
– Абай заманының әлеуметтік желісі «барып келсе Ертістің суын татып, беріп келсе бір арыз бұтып-шатыптың» айналасы-тын. Бүгінде, бірін бірі аяқтан шалған заманда әлеуметтік желі дегеннің қазаққа пайдасынан зияны көбейіп тұрғандай. Жалпы ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ МӘДЕНИЕТ деген ұғымды қалыптастыруымыз керек. Өйткені әлеуметтік желі бүгінде сол елдің, мемлекеттің бет-бейнесі. Бұл туралы студенттермен ұдайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Шаптыға сөйлеп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып басқаға емес, елдің басшысына, қала берді аймақ, қала басшыларына тіл тигізе, орынды-орынсыз арыздану, үндеу айтушылар көбейіп барады. Тыңдай алатын мемлекетпіз екен деп адамдық келбеттен кетпеу керек қой. «Бетімнің қалыңдығы – жанымның рахаты» деген ұйғыр мақалы ойға оралады осындайда. Бұл жерде мәдениеттен бұрын темірдей тәртіп керек. Әрине, дұрыс мәселелерді көтерген орынды сынға да, айтылған уәжге де мемлекет басшысының өзі дереу құлақ асып, шаралар қолданып жатыр. Екі адамның басын қосып тірлігін дөңгелете алмағандардың облыс, не аудан деңгейіндегі басшыларға қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп, «ақыл айтып» жатқанын көргенде күйінесің… «Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң» ақ-қарасын білмей жатып біреуге қара күйе жаға салу, сөзге еру, әкесінен боқтай салу, қарғау-сілеу, «қисыны кеткен сөз бағу» тыйылмай тұр. Ақынға жүгінсек «алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып», «қу тілмен қулық сауған» дүние боп тұр әлеуметтік желінің дені… «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», - деген Абайдың ортасынан қанша алыстап кеттік? Қазақты қайтсем ұшпаққа шығарам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қанша білікті басшылар бар. Шенеуінік біткеннің бәрін жаманға балап, істеп жатқан ісіне ши жүгірткенше «бірлік – ақылға бірлік» дегендей қоса алсаң ақылыңды қос. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген қанатты сөз дәл бүгінгі заманда әр үйдің маңдайшасында ғана емес, әр қазақтың жүрегінде жазылуы керек.
– Бүгінгі әңгімеміз біржақты сынға құрылып кеткен жоқ па?
– Сіз сұрадыңыз, мен жауап бердім, ақын бабамыз айтпақшы «өз сөзім өзімдікі». Мақтаулар мен қошемет аз айтылып жатқан жоқ қой! Қазаққа қатты айтқан Абай сынын жаңғырта, жан айқаймен бүгін айтпасақ, ертең кеш болады. Мен Абайдың сынын бүгінгі заманға тәпсірлеп түсірушімін ғана. Біздің мақсат қазақ елінің болашағына деген риясыз сенімге селкеу түсіріп алмауымыз керек. Абайдың заманында өзекті болмаған бір нәрсе бар. Ол қазақтың тілі, бүгін өзекті. Қазақтың тілі болмаса, қазақ болмайды, қазақ болмаса Абай да жоқ. Қалған әңгіменің бәрі құр далбаса болып қалады.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Қызырбек Дүргінбайұлы