Адам мен табиғат, адамның табиғатқа қатысы қашанда келелі тақырып болып қала бермек. Осы байланыс-бірлікті шығармаларына арқау еткен сөз зергерлері, ойшылдар, ғалым-зерттеушілер қай халықта да аз емес. Солардың ішінде «көңіл құсы» табиғатпен ерекше үндесе білген ақын деп Абайды айтамыз. Абай табиғатты жырлағанда оны жалаң алмай, адамның ішкі дүниесімен астастырып, болмыстың сырларымен салыстырып суреттеген.
Адамның ішкі жан дүниесін аша білген Абай енді адамның табиғатқа қатысы қандай дәрежеде, ғаламдағы орны қандай болмақ деген ойға келген секілді.
Абайдың табиғатты суреттеуі, жылдың төрт мезгіліне түгел арнап өлең жазуы бөлек әңгіме. Көшпенді өмір салтын ұстанып, табиғат аясында табиғатпен кіндіктес ғұмыр кешкен халқымыз үшін бұның бәрі таныс дүниелер. Сондықтан да біздің халық жылдың әр мезгіліне жіті қарап, олардың әрқайсысын өзінің ерекшелігіне қарай атап отырған, мысалы, жаз — шығады, күз — түседі, қыс — келеді, көктем — туады екен.Осының өзі, яғни табиғаттың әр мезгілін әртүрлі етістікпен атау біздің тіліміздің байлығын көрсетеді. Мәселен, орыс тілінде бұл мезгілдер «наступила, пришла» түріндегі екі етістікпен ғана қолданылады.
Абайдын адамның табиғатқа қатысы мен ғаламдағы орнын анық суреттеген өлеңі осы көктемге байланысты өлең — «Жазғытұры» деп аталады.
«Жазғытұры қалмайды кыстың сызы.
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі», — деп басталатын өлеңінде бір қарағанда жазғытұрымғы табиғат көркін суреттеуден басқа не бар деп ойлайсың. Ал байыптап қарағанда, өлеңнің алғашқы екі жолы (тармағы) табиғаттың көктем кезіндегі бейнесін ашып көрсетеді екен де, қалғанының бәрі адамның табиғатқа қатысына арналып, ғаламда алар орнын белгілеп көрсетеді екен. Өлеңнің екінші шумағында жаздың көркі табиғаттың қиқулап келген жыл құсына да, жайраң қаққан жастарға да, өңі көрден шыққандай кемпір-шалға да ортақ екені, үшінші шумағында қыстайғы қар қыспағынан шыққан қырдағы, ойдағы елдің шұрқырап көрісуі, одан кейінгі шумақтардағы малдың төлдеуі, құстың сайрауы, бұлақтың сылдыр қағуы, саятқа шыққан жігіттің қанжығасына қыздың жабысып, бір бұраңдап қалуының бәрі көктемгі әсем көріністі көз алдымызға әкеледі.
Көктем келіп, мәре-сәре болып ауылға бұлдарын жайып, жамырап саудагерлердің келуі, диқандардың егін науқанына кірісуі де өмірлік шындық. Боямасыз шындық. Реалды тұрмыс.
Ал енді осы өлеңнің одан арғы құрылысы тіпті ерекше. Көктемнің келуі, табиғаттың жадырап, өзгеше түрге енуі енді адаммен қоса, ғаламның қатысы арқылы бейнеленеді.
Ғалам дегеніміз не? Ақжан Машанов «Әл-Фараби және Абай» деген еңбегінде былай дейді: «Адамның мекенжайы — ғалам. Қонысы — жер немесе адамның үйі — аспан төсегі — жер. Ғалам — адамға өлшенген, адам — ғаламға өлшенген, екеуінің арасында тамаша құрылымдық сәйкестік бар. Дүние үлкен ғалам болса, соның ішіндегі ғақли мүшесі адам — кіші әлем болып табылады. Жер табиғат, біздің планетамыз ғаламның бір бөлшегі болса, адам оның бөлшегі». Сондықтан да осы ғаламды Тәңірі жаратты деп таныған Абай:
«Безендірген жердің жүзін Тәңірім шебер,
Мейірбандық, дүниеге нұрын төгіп.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер», — дейді. Осы өлең жолының өзі-ақ Абайдың дүние, жаратылыс туралы танымының тереңдігін білдіреді.
Тасқа бәдізделіп жазылған Күлтегін ескерткіштерінен бізге белгілі таным бар. Ол — «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, ортасында адам баласы
жаралды» деген көнетүркілік таным. Ең алдымен, Абай өлеңінен біз осы ғаламдық байланысты көреміз.
Абай Тәңірдің тұрағы көкті — «күн» деп, жерді «қалыңдық» деп атады.
Күн-күйеу, жер қалыңдық сағынысып,
Құмары екеуінің сондай күшті, — деп суреттеуі түркілік танымда көк — ер адам, еркек кейпінде, жер ана кейпінде есептеледі. Сондықтан да Абай:
«Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне, біреуі қосылыспай.
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тотықұстай», — деп табиғаттың осынау гармониялы сырын адамның пәк сезімдерімен егіздеп ұқсастыра жырлайды. Адам көңілі мен табиғат күйін, жалпы табиғаттағы тіршіліктің жалғастығын бір шумақ өлеңге сыйғызудың қандай шеберлік екені айтпаса да түсінікті. Өлеңнің соңғы шумағы:
«Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай сары алтын шатырына
Күннің кешке кіргенін көрді көзім», — деп аяқталады. Бұл да өз кезегінде философиялық таным. Жер-дүниеге нұр беретін, нәр беретін Күннің батуының өзі үлкен пәлсапа.
Өмірдің өтпелілігін жырға қосу — Абайдан бұрын да бар ақындық дәстүр. Мәселен, бұл тақырып жыраулар поэзиясынан да, Абаймен замандас ақындар өлендерінен де орын алған.
«Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны», — деген Бұқар жыраудың,
«Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан зымия
Қараңды үзіп барасың
Бізден де қайран дүния», — деген Шәңгерей Бөкеевтің өлең жолдары да осыны аңғартады. Бұл өлеңдерде де адам мен табиғат ұғымдарының жұптастырыла берілуі арқылы өмірдің өтпелілік сипаты жақсы суреттелген.
Абай осы ұғымның бәрін «Күнді уақыт қызартып» деп бір-ақ жол өлеңге сыйғызған. Күннің қызарып барып батқаны адам өмірінің өткені деп білер болсақ, Абай бұл жерде де тыңнан ой бастайды. Қызарып барып батқан күн, ертеңіне қайта шықпай ма, жарқырап. Бұл — табиғаттың өзінің заңы, осыны адам өмірімен ұқсатқан Абай:
«Жас — қартаймақ, жоқ — тумақ, туған — өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек».
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айырылғанын
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес», — деп жазды. Табиғат, ғалам, адам байланысын Абай осылайша түсіндірді.
Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деп басталатын аудармасы табиғатпен етене таныс халықтың өкілі жазған өлең екендігін танытып тұр. Абайдың қараңғы түнде қалғып кетіп, балбырап ұйқыға кететін тауы, айнала жым-жырт боп түннің басуы, яғни осы образ адамның ахиретке сапар шегу сәтін бейнелейді. Бұл жөніндегі өлеңнің шешімі екінші шумақта айтылады, «тыншығарсың сен-дағы, сабыр қылсаң азырақ» деп ой түюі соны білдіреді. Алайда Абай адамның «мәңгілік дамылдауын» өмір өтіп кетеді деп байбаламға салу, пессимистік көңілкүйде емес, ақиқат өмірді таныту, адамның өмірі өлшеулі екендігін айту мақсатында суреттеп көрсетеді. Осы өлшеулі ғұмырда Құдай жаратқан адам (пенде) адамша өмір сүруі керек деп ой айтады.
Бұл өлең Абай танымындағы табиғат және адам контексіне үйлес келеді, сондықтан да ұлы ақын өлеңді ықыластана аударған деп білеміз. Жалпы, аударма жасау үшін сол аударылатын шығармадағы айтылатын ой, суреттелетін бейнелер аудармашының көңілінен шығу керек. Осы аударма Абайдың танымының терең екендігін, табиғат тіндерін нәзік сезіне білетіндігін, өмір құбылыстарын Гетедей қабылдай алатындығын көрсетеді. Бұдан, бірінші кезекте, Абайдың жеке тұлға ретінде Гете, Лермонтовтармен терезесі тең екендігін байқасақ, екінші кезекте, Абай өз таланты арқылы халқының да ұлылығын көрсететіндігін аңғарамыз. Міне, сондықтан да Абай— ұлы, биік. Оның шығармашылығының мәңгілік мәні де осында.
Абат ПАНГЕРЕЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор