АЛЫП АБАЙҒА ЖАЗЫЛМАЙ ҚАЛҒАН АРНАУ

 

 

Жыр жазғым келді Абайға,

Білмеймін бірақ не деуді?

Алыпты жырлау оңай ма,

Табам ба сәтті теңеуді?

 

Мақтауым біраз бар, білем,

Хакімге ол бірақ таңсық па?

Артық сөз сынды алдымен,

«Артықсың» деуің артыққа.

 

Аңғармай сөзін қалған боп,

Ұялып бойы теңселер.

Тауларға «басың заңғар» деп,

Төбелер баға берсе егер.

 

Көбікті шайқап көп сөзбен,

Көнтекті буған кенедей.

Абаймен өзін дос сезген,

Ақындар бірақ телегей.

 

Сәттерді күтіп орайлы,

Күңіренді бірі қобыз боп.

Айналды басы Абайды,

Айналып өтер жол іздеп.

 

Келбетін сыртқы көшіріп,

Келістіреді қалайша ә?

Қасына барып отырып,

Қайғырған болады Абайша.

 

«Қалың елім» деп қамығып,

Жанында суық сыз қалған.

«Қайран жұртым» деп жабығып,

Жасаурап көзі жыр жазған.

 

Абайдың жайы тым басқа,

Қамымен жұрттың жүдеген.

"Мұңдаспын" дедік біз «қасқа»,

Арнасақ оған бір өлең.

 

Уайым, қайғым ел емес,

Қуғаным – атақ, масқара!

Алайда арсыз мен емес,

Айтылған сөз ол басқаға.

 

Деймін-ау «мен де ойлымын»,

Кеудені керіп есіктей.

Міңгірлеп оқып кей жырын,

Кей сөзін тұрам есітпей.

 

Ақиқат ащы сен, мен де,

Жұтуға батпай тосырқап.

Тастақты жерге келгенде,

Тағасыз аттай тасырқап.

 

Тыңдап көр қане жүректі,

Досқа адал, жауға әділ ме?

Айтқызар адал тілекті,

Иманы бойда кәміл ме?

 

Хақ жолын айтса толғанған,

Азабын, сорын ірікпей.

Жылыстап кеттік ол маңнан,

Жалтақтай қашқан ұры иттей.

 

Жайымыз біздің осы да,

Абайға қосам мен немді?

Жетемін әрең қосыма,

Қоңыздай сүйреп кеудемді.

 

Адамдық – алтын таразы,

Салмағың баспас тазармай.

Отырмын болып жазалы,

Абайға арнау жаза алмай.

 

Айтқаны тілдің ұнамай,

Сөйлеп тұр үнсіз жұмыр ет:

"Алысып өткен ұлы Абай,

Сен де сол мыңның бірі" деп...

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ