АБАЙ ТУРАЛЫ ҮШ КІТАП

                                            10 – тамыз АБАЙ КҮНІ


 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, абайтанушы Болат Жүнісбековтің ұлы ақын мұрасы және оның өнер айналасына арналған «Абайдың ақын ұлдары», «Абай сәулесі», «Ғайып» атты» кітаптары оқырманға жол тартты. Олар белгілі меценат Ғ. Смаханұлының демеушілігімен Алматы қаласындағы «Асыл кітап» баспасынан жарық көріп отыр.


 «Абайдың ақын ұлдары» жинағы (бір мың бет)  хәкімнің дарынды ұлдары Ақылбай, Мағауия, Турағұл және немересі Әубәкір Ақылбайұлының өмірлері мен шығармашылықтары туралы әңгімелейді. Кітапты (1 мың дана) оқи отырып ұлы ақын әрі ойшыл әкенің өнер мектебінің мәуелі жемісіне тамсанып, «өлсе де өлмегенге тең» зор өнегеге тәнті боламыз. Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттерінен кейін ақынның дарынды ұрпақтарының – «Абайдың ақын ұлдарының» жаңа ғасырда оқырманмен бұл бірінші, бірақ соңғы кездесуі емес. Осы арналы әңгіме барған сайын мазмұнды да тартымды бола түсіп, Абайтану ғылымын кемелдендіре бермек.

Автордың ұлы даланың ұлы перзенттері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлының шығармашылықтары туралы зерттеулері және эсселерімен оқырман қауым «Абай сәулесі» кітабы арқылы танысады. Абай сәулесі көзін ашқан шығармалар ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім және ғұлама Әуезовтің шығармашылық мұралары жайында жаңаша көзқарасты пайымдатады. Ал, «Ғайып» кітабында автор көркем прозаның новелла жанрында қалам тарта отырып, ұлы ақын ізімен тірлік табиғатының қалтарыстарына үңіліп, оларды суретті тілмен өрнектейді. Абай сөзі – ақиқат ұшқынынан «тұтанған» туындыларды замандасқа деген мейірім сырлары деген лайық.

Абайға арналған үш кітап Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б. Қ. Оспанованың басшылығымен дүниеге келді және еліміздің бас кітап ордасының ұлы ақынның бай мұрасына қосқан сүбелі үлесі болып табылады. Абай Құнанбайұлы мен оның ақындық айналасына арналған бұл кітаптар барша оқырман қауымның қызығушылығын туғызады деп сенеміз.

 

                                                         Көлбай Адырбеков,

                                                         жазушы