Абай жылының айшықты тұстары

Әр халықта оның мәдениетін, дүниетанымы мен философиясын бүкіл әлемге паш ететін әйгілі адамдар бар. Солардың арқасында ұлттық өнер жауһарлары пайда болады, ғылым мен техникада, әдебиет пен мәдениетте жаңалықтар орын алады. Ұлылардың есімі – оларды өсірген халық пен жердің бет-бейнесі. 2020 жылы тамыз айында ұлы қазақ ақыны, ойшыл, композитор, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және алғашқы қазақ классигі Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толды. Абай мұрасына деген қажеттілік бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ және бүкіл әлем COVID-19 пандемиясына қарсы күресіп жатқан уақытта мән-маңызы арта түсті.

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың (Ұлық Ұлыстың) 750 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев 2019 жылғы 3 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және 2020 жылғы 9 қаңтардағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абай жылының маңыздылығы мен атап өтудің өзекті мәселелері туралы айтты. Мемлекет Басшысы «Мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек» дей отырып, ұлт бірлігі, елдік мұраттар, халықтың рухани жаңғыруы, адамның өзін-өзі дамытуы, әлеуметтік жауапкершілік, толық адам принципінің бүгінгі қоғамдағы көрінісіне тоқталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басып, әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына кіремін деген мемлекеттің Абай ақылына мойын бұрмауы мүмкін емес. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, хал­қы­мыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлы­лығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі» деген сөзі осы ойдың өзектілігін аша түседі. Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында да Абайдың достық құндылық пен жақынға жанашырлық туралы сөздерін мысалға келтіреді.

Әлем Абайдың шығармашылығы арқылы ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті және поэзиясы, қоғамдық проблемаларымен етене танысты. Осы жылдар ішінде Абай өзінің шығармашылығы мен философиясының арқасында бүкіл әлемге танылды. Қазіргі уақытта оның туындыларының даналығы антика және неміс философтарымен қатар қойылады. «Адамзаттың Абайы» деп айтқанымызбен, ол ең алдымен ұлт ақыны әрі философы. Хәкім Абай өз шығармашылығында заманындағы тұрмыс-тіршілікті, жақсылық пен жамандықты, адам мен қоғамды, билік пен қараша халықты, ар, әділет түсініктеріне өткір тіл, терең ақылмен бойлаған. Ол өзін халықтың мұң-мұқтаждығын жырлайтын батыл новатор ретінде көрсетті. Оның поэзиясы терең парасат-пайым, халықтың тағдырына алаңдаушылық идеяларына толы болды. Әсіресе, қазіргі қазақстандық қоғам Абайдың рухани мақсаттарына сәйкес дамуы өте маңызды.

Хәкім Абайдың 175 жылдығын халықаралық деңгейде тойлаудағы маңызды міндеттердің бірі – Абайдың шығармашылығын әлемге насихаттау, өз өлеңдері мен қара сөздерінде қозғаған адамзатқа ортақ проблемаларды көтеру, қазақ әдебиеті мен мәдениетін халықаралық қауымдастыққа паш ету. Абайдың әр жылдағы мерейтойында осы іс-шаралар қайта жанданып, жаңа мазмұнмен толығып келеді. 1914 жылы 26 қаңтарда Семейде Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл болуына еске алу кеші, Семей география қауымдастығы өткізген Абайдың қайтыс болғанына 20 жылдық кеші, 1940 жылы Кеңес Республикасында өткен Абайдың 95 жылдық мерейтойы, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына ауқымды шара өтті, ЮНЕСКО көлемінде Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына 25 мемлекет пен халықаралық ұйымдардан келген делегация қатысты. Абай Құнанбаевтың туғанына 

150 жыл толу мерейтойын

/
 салтанатты тойлау ЮНЕСКО көлемінде бүкіл әлемдік ауқымда өткізілген Қазақстан әдебиеті мен мәдениетіне арналған алғашқы мерейтойлық шара болды. Алайда ЮНЕСКО үшін де бұл халықаралық деңгейде атап өтуге шешім қабылданған түркітілдес халықтардың әдебиеті мен мәдениеті өкілінің алғашқы мерейтойлық датасы екендігін айта кету керек. Мұндай іс-шаралар Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға және өзге мемлекеттермен мәдени-рухани ықпалдастығына септігін тигізеді. Енді бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Абайдың 150 жылдығы халықаралық масштабта өткізілген болса, былтырғы торқалы той – сол тамаша дәстүрдің жалғасы.

Былтырғы өткен Абайдың 175-жылдығынан не түйдік? Оның басқа мерейтойлардан айырмашылығы қандай болды? Абайдың 175 жылдығына орай түрлі форматтағы іс-шаралар еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылды. Іс-шараларды жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер, білім және ішкі саяст, мәдениет басқармалары, білім беру мекемелері, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен волонтерлер, белсенділер де ұйымдастырды. Іс-шаралар ауқымына байланысты аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейге жетіп, онлайн және оффлайн сипатта өткізілді. Әсіресе, карантин шектеулеріне байланысты онлайн өткен іс-шаралар халық арасында тез таралып, жылдам қолдау тауып, әсіресе жастар арасында Абайдың тұлғасы мен шығармашылығын насихаттауға оң септігін тигізді. Мысалы, ҚР Президенті Қ.Тоқаев бастаған Абайдың өлеңін оқу эстафетасы бүкіл республикаға тарап, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, жастар, кәсіпкерлер мен оқушылар тарапынан да қолдау тапты.

Абайдың 175 жылдығына мемлекеттік дәрежеде басымдық берілді. 2019 жылы 30 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» Жарлыққа қол қойды. Онда лайықты түрде, 175 жылдық мерейтойға «жоғары ұйымдастырылған және мазмұндық деңгейде» дайындалып, өткізу қажеттілігі айтылды. Мерейтойды өткізу бойынша Мемлекеттік комиссия бекітіліп, жалпыреспубликалық жоспар жасалды. Сонымен қоса арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізіп, тарихи-мәдени кешендерді жаңғыртуды, Абай еңбектерін шет тіліне аудару жұмыстарын жалғастырып, халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып Абайдың 175-жылдығын өткізу тапсырылды.   Мерейтой аясында Қазақстан Президентінің 24 наурыздағы Жарлығымен әдебиет пен өнер саласындағы Абай Құнанбаев атындағы Мемлекеттік сыйлық тағайындалды. Абай тұлғасын терең зерттеу үшін "Абай академиясы" Ғылыми-зерттеу институтын құрылды. Жалпы, 2020 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін барлық өңірлерде 19 мыңға жуық оффлайн және онлайн іс-шаралар өткізілді. 

«Abai tv» арнасы

/
 эфирге шықты. Абай Құнанбайұлының мерейтойы салыстырмалы түрде Шығыс Қазақстан облысында кең ауқымда өткізілді.                                                                            

Абайдың мерейтойы халықаралық ұйымдар және елшіліктердің қатысуымен тығыз ынтымақтастықта өтті. Мерейтой күндерін тойлау шетелде қазақ әдебиетін насихаттау үшін үлкен маңызға ие. Қазақстанда және бүкіл әлемде өткізілген салтанатты іс-шаралардың нәтижесінде заманауи қоғам қазақ әдебиетінің үздік өкілдерінің шығармашылығымен танысып, сондай-ақ, қазіргі заманғы қазақ жазушылары-ақындарымен шығармашылық байланыс орната алды. Әсіресе, ЮНЕСКО деңгейінде қазақ әдебиетінің өкілдерінің құрметіне өткізілген салтанатты іс-шаралар қазақ әдебиетін халықаралық насихаттау мен Қазақстанның рухани-зияткерлік беделін қалыптастыру процесінде айрықша мәнге ие екендігін айта кету керек. Шетелде Абайдың 14 мәдени орталығы ашылды. Ойшылдың еңбектері 10 шет тіліне аударылды. Шет елдік өкілдіктер мен елшіліктер онлайн-форматта өткен іс-шараларға белсене қатысты.

Абайдың 175 жылдығының осыған дейін өткізілген 100 жылдық, 150 жылдық, тіпті басқа ақын-жазушылардың мерейтойларынан басты ерекшелігі – онлайн форматтағы іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуы. COVID-19-мен қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, офлайн жоспарланған бірқатар іс-шаралар онлайн-форматқа ауысты. Мысалы, Абайдың әдеби мұрасына арналған бірқатар онлайн-жобалар, халықаралық ғылыми-практикалық конференция, халықаралық бейнемарафоны, хабарлар топтамасы, онлайн-дәрістер, бірегей авторлық бейнебағдарламалар, суреттер мен қолдан жасалған онлайн-көрмелер, Абай мұрасы туралы электрондық ғылыми- каталог, Абай әндерінің бейне-байқауы, Абайға тағзым "виртуалды концерті," әлеуметтік бейнероликтер мен қысқаметражды фильмдер фестивалі, Республикалық жастар биенналиі, Абай шығармалары бойынша жалпыұлттық диктант, онлайн концерт-спектакль, Абайдың" Жидебай-Бөрілі "мұражай-қорығына 3D форматындағы бейне-экскурсиялар және тағы басқалар ұйымдастырылды. Осы іс-шаралардың барлығы Zoom, Classroom, Youtube платформаларында және телеарналарда, сондай-ақ әлеуметтік желілерде өткізілді.

Жалпы республикалық жоспарға сәйкес іс-шаралардың форматы – ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар. Жылдың ашылуы рәсімдер мен концерттер форматында өткізілді. Сонымен қатар, театрландырылған қойылымдар халық назарына ұсынылды. Абайдың 175 жылдығы аясында бүкіл Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу, шығармашылық, танымдық, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Абайдың мерейтойы құрметіне арналған іс-шаралар бойынша жарияланымдар алуан түрдегі сипатқа ие болды. Тойлау үшін емес, ойлау үшін өткізілген мерейтойдың мән-маңызы жоғары. Шынайы гуманизм, адамның мейірімі мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру салтындағы әділеттілік, әлемге ашық көзқарас, немқұрайлылық, рухани жалқаулық, дүниеқоңыздық, бұзақылық, ойсыздық пен бейберекетсіздік, надандық – бұл кемеңгер ойшылдың анықтап берген кешегі және бүгінгі қоғамда бар өзекті проблемалар. Бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі, ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық.

 

Олжас Бейсенбаев