ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІ. ЕНШІ БӨЛУ

 

"Енші бөлу жайлы екі ауыз сөз"

Шәкәрім Құдайберді

 

Енші беру, енші алысу – ертеден келе жатқан бір жол. Әдетте бір адамның бірнеше ұлы болса, ұл балаларының үйленгеніне әкесі енші бөліп береді. Айталық, бір адамның екі баласы болып, соның үлкен ұлы үйленген болса, әкесі сол үлкен ұлына енші бөледі. Қазақ жолында еншіні балаларына әкесі бөледі, егер балалары наразы болса, басқа биге салып бөліседі. Көбінесе әкесі кіші баласының қолында қалып, басқа балаларына енші беріп шығарады. Малдан енші берерде әкенің екі баласы болса, оның үлкені үйленсе, әкесі барлық малды жеті бөлікке бөледі. Бұлай бөлуінің себебі – осы жеті бөліктің бір бөлігін балалардың шешесіне қалдырып, қалған малды үшке бірдей бөлісіп, бір бөлігін үлкен ұлына береді. Ол әкенің ұлдарынан басқа қыз балалары болса, ол қыз балаларына енші бөлінбейді.

Әкесі балаларына енші бергенде мал бір түлік болмайды – түйе, жылқы, сиыр, қой болып, әр түлікті болады. Сондықтан барлық малды тоқтыға шағады. Қазақта «Қақ», «Тоқ» деген қара малдың аттары болады. «Қақ» деп бесті ат, қысыр байтал, қысыр сиырды айтады. Ал, «Тоқ» деп буаз дөнежін байтал, буаз сиырды айтады. «Қақ» қараның бағасы – бес тоқты, «Тоқ» қараның бағасы – он тоқты болады. Жақсы атан түйенің бағасы жиырма тоқтыдан болады. Еркек қой, саулық қой, торпақ – екі тоқтыдан, жабағы – үш тоқтыдан саналады. Қазақтың қызға енші бөлмейтін себебі – қыздан қалың мал алады, егер шын жолға келсе, сол қыздан алған қалыңмалдың мөлшерін әкесі қызын ұзатарда түгел қызға жаратуы керек.

Ал, жер еншісіне келгенде, әкесі қарамағындағы жерді бөледі. Ол үшінжерді арқанмен, не көз мөлшермен өзіне бір жарым есе, қалған балаларына бір-бір есе етіп бөледі. Егер балалардың шешесі өліп, әкесі тоқал алған болса, не тоқалды бәйбішесі өлмей алған болса да, тоқалға мал-жереншісі бөлінбейді.

Әкенің байбішесінен де, тоқалынан да баласы болып, олар енші алысқанда малға да, жерге де бәйбіше баласы екі есе болады. Мұнда жер еншісін бөлгенде өзгешелігі болады. Барлық әке қарамағындағы жерді үшке бірдей етіп байбіше баласы бөледі де, таңдап бір бөлігін тоқал баласы алады. Не тоқал баласы барлық жерді тең үшке бөледі де, таңдап екі бөлігін байбіше баласы алады. Бұлай бөлісу – ескіден келе жатқан жол. Осылай бөлісу мынадан шыққан: егер барлық жердің өзі таңдаған екі есесін байбіше баласы алатын болса, ол шұрайлы жерді өзі алып, тоқал баласына тақыр, мал жайылымы аз, пәйегі жоқ жерді тастаған болар еді. Ал тоқал баласы өзі таңдаған бір есесін алатын болса, онда тоқал баласы барлық шұрайлы жерді алып, байбіше баласына шұрайсыз жерлер қалған болар еді. Егер байбіше мен тоқал баласы өзді-өзі келісе алмаса, ол кезде жоғарыда айтылған жобамен басқа билер жердің жағдайын бірдей етіп бөліп таңдатқызады. Ешкімге тартпай айтатын әділ билердің бөлігі заңды болыпқала береді.

6alash ұсынды