Абай мектебі және Мағаз Разданұлының шәкірттік өнегесі

Абай мектебінен тәлім алмаған қазақ аз. Ақыны түгілі қара сөзге жақынның бәрін тәнті еткен Абай өлеңінің астарында жатқан халықтың жүрегінің лүпілі мен жаратқанмен үндестік табатын «сырты күміс, іші алтын» сөз құдіреті өлместігін талай ұқтырды.

Мағаз Разданұлы – ақын. Күллі қазақ танымаса да қара өлеңмен қанаттанып, Абайдың ақ уызынан нәр алған қарымды қаламгер. Шынжаңдағы қазақтар және олардың ақындық дәстүрі сөз болғанда Мағаздың Абай сарқытын қалай татқанын айта кетудің мәні зор.

Арғы бет аталған қазақтар Абайдан қалай сусындады? Бұл терең тақырып. Біз сол тереңге түгелдей бойлай алмасақ та, Алтай өңірінің тумасы Мағаздың осы бұлаққа қалай қанғанына аз-кем аялдаймыз.

Мағаз Разданұлы 1924 жылы Алтайдың Буыршын деген жерінде дүниеге келген. Оның балалық дәуірі Абай өлеңдерінің күллі қазақ баласына кең тараған тұсына тура келеді. Мағаздың өзіне сөз берсек:

Абайды мен жасымнан өстім тыңдап,

Деген ол екі нәрсе сыр мен сымбат.

Сыр – іші, Сымбат – сырты,сол себепті,

Жақсының өзі – тұлға, сөзі – қымбат!...

 

Көп көрдім мен алысты жақынды да,

Залымды, жауызды да, батырды да.

Қайнаған мыс қазандай бұл дүние,

Ақыры тоқтайды екен ақылдыға... – деп жырлаған екен.

1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы жағынан Петрбургта басылған Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1920 жылдардың алды-артында Шынжаңға, соның ішінде Алтайға тарала бастайды. Ол кезде көбінде кітап түрінде емес, сол кітаптың көшірмесін жасап тарату үрдісі бар еді.

1933-1934 жылғы Шынжаң билеушісі Шың Шысай мен Кеңес одағы арасындағы достық байланыс және оқу-ағарту, мәдениет, өнер байланыстары екі ел қазағының рухани қарым-қатынасына оңтайлы жағдай жасады.

Мағаздың әкесі Раздан көзі ашық, көкірегі ояу жан болды. Мағазға жастайынан араб әліппесін танытып қана қалмастан, сол тұстағы ескі шағатай, татар жазуларындағы көптеген әдебиеттермен де сусындата білді. Қазіргі Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірімен болған түрлі сауда-саттық және басқа да байланыстар арқылы Қазақстан жағының рухани жетістіктерінің Алтайдың күн бетіне таралуына игі ықпал етті. Өз кезінде Көкшетау өңірінен Алтайға қашып барып, сонда Мәми бейсі ауылында ұлағатты ұстаздықпен айналысқан Сейітқазы Нұртаев және 1931 жылы Абай ауылынан қашып барған Зият Шәкерімұлы, т.б. адамдармен жақын байланыста болып, өнегелі тәрбиелер қабылдады. Татар зиялысы Біләл Хазіретті ауылына әкеліп, басына үй көтеріп беріп, балаларын арнайы оқытты.

Көрегенді әкенің осындай тәрбиесі Мағаз бойына мол білім болып дарыды. Әсіресе әдебиеттегі ұстаз боларлық тұлғаларға қолы жетіп, Абаймен еркін сусындауына мүмкіндік туды. Абайдың аталған жинағын өз қолтаңбасымен көшіріп алып жаттады.

Бір қызығы М.Разхданұлының сол қолжазбасы талай қолға өтіп, 1985 жылы өзіне оралыпты. Алтайдың Шіңгіл еліндегі Мұхаметбек Зәтелбайұлы ұзақ жыл сары майдай сақтаған сол қолжазбаны иесіне табыстаған екен.

Санасындағы Абай рухының тамыр тартуына ықпал еткен ендігі бір арқау нағашы жағынан келген тектілік болса керек. Оның нағашы атасы да кезінде Сарыарқа өңірінен қашып барған мықты ақын болғанға ұқсайды. Кейінге қалған ұзақ жыр-толғауында:

Сарыарқа мекен жайым Есіл, Нұра,

Білмесең жер мәнісін менен сұра.

Тай құлындап, тайлағы боталайтын,

Қызығы кетпейді естен тіпті сірә, – деген жолдар бар екен.

Мағаз Разданұлының өмірінің алтын кезеңі жаза лагерінде жазықсыз жаламен өтті. 1960 жылы 38 жасында қолға алынып, 1979 жылы замана жылымығымен 55 жасында ақталып шықты. Қиын күндерге мойымады. Жазадан босатылғаннан кейін қаламын қолға алып, қазақ әдебиетінің қазынасына саятын құнды дүниелер берді. Өлеңмен жазылған «Сарыбел» романы мемлекеттік сыйлыққа ие болса, «Алтайдың ақиықтары» романы мен «Ата заман сөйлейді» хикаялар жинағы арғы бетте жақсы аңыс қозғап қана қоймай, Қазақстан жағынан да басылым көріп жақсы аңыс қозғады.

Ақынның Абай туралы жазған өлеңіндегі:

Көп көрдім мен алысты жақынды да,

Залымды, жауызды да, батырды да.

Қайнаған мыс қазандай бұл дүние,

Ақыры тоқтайды екен ақылдыға... – деуінің үлкен мәнін енді аңғарамыз. Дүние мыс қазандай болып қанша қайнаса да ақылдылар сондай қияндықтар ортасынан жол табады, ақыл мен қайратты серік етіп күреседі, болашақ мұратына жетеді. Оның жарқын мысалы – Абай өмірі, Абайдың қайшылықтар ортасынан бой көтеріп шыққан кесек тұлғасы. Қазақтың ғана емес әлемнің Абайына айналған дара даналық бейнесі.

Өнегелі өмірдің айнасы – Абай. Сол биікке ұмтылған Мағаз еш уақытта, қандай жағдайда болмасын жығылғысы, құлағысы келмеді. Ұстазының үні құлағының түбінде жаңғырып, өзін ылғи да алға жетелеп отырды. Оны жетелеген Абай рухы еш алдамады. Халқының қалаулы қаламгеріне, аяулы перзентіне айналды.

Міне, бұл біз сөз етіп отырған Абай мен Мағаздың рухани сабақтастығының алтын желісі әрі бағалы жемісі еді.

Мағаздың замандас атасы Ақыт Үлімжіұлы мен ағасы Асқар Татанайұлы да Абайдай ұлы ақынның өнегесінен қағыс қалған жоқ.

Мағаз өмірі мен оның әдебиеттегі еңбегі – Абай рухының алыстағы ағайынның өсіп-өркендеуіне, құрып жоғалмауына, әдеби қуатына қандай рухани күш сыйлағандығының бір ғана мысалы. Асыл дәстүрге айналған осы арқау қазірге дейін өз құнын жойған жоқ. Абай жаққан шырақ әр көкірекке әлі де болса сөнбес сәулесін шашып келеді. Шаша береді де.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, 

 жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.