«Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек».
(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласынан)
Мемлекет басшысы Қасым– Жомарт Тоқаев көрнекті қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында ұлы ақынның мұрасына ой жүгірте отырып, оның ілімінің бірқатар бағыттардағы өзектілігіне, әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлғаның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз екендігіне маңыз береді.
Президент тұжырымдағандай, «Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте. Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді – қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды».
Міне, Абайдың болашаққа деген көзқарасын осылайша саралай отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алу қажеттілігіне үндейді: «Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз».
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың бас ақынының болашақ туралы ғақлиялары жайлы ой толғай отырып, ұлы һәкімнің өз халқын мақтаныш тұтып, оған жетістікке жету жолдарын көрсеткенін айтумен ғана шектеліп қоймайды. Кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездесетінін, өкінішке қарай, Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арыла алмай келе жатқанымызды тілге тиек етеді.
Ол қазақтың «бес жауының» бейнесін: жалқаулықты, сөзуарлықты, тойқұмарлық өмір салтын, кез-келген оқиғадан саяси астар іздеушілікті еске салады. Абай қазақ халқы арасында кездесетін осындай жағымсыз құбылыстармен күресуді ерекше қажет деп санады, өйткені оның барлық ауыртпалығы мен азаптарын жүрегіне тым жақын қабылдады. Осы жылдар ішінде қазақ халқының өмірінде көп нәрсе өзгергені анық. Бірақ атавизмдер әлі де орын алуда. Президентті алаңдататыны да осы мәселе: «Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді».
Расы керек, соңғы жылдары тойшылдыққа, ойын-сауықтарға, мерейтойларға шектен тыс құмартатындар, негізсіз «сөзуарлыққа» ұрынып, жалған мадақ пен дақпыртқа әуестенушілер, әр басқосуда әлемдік саясат туралы еркін көсіліп, саяси реформаларды талап етушілер саны күрт өсті. Дағдарыс кезінде мұндай әуестенушілік анахронизмге айналады, сындарлы қатынастарды деформациялайды. Сондықтан Мемлекет басшысы данышпан Абайдың іліміне, оның даналығына сілтеме жасай отырып, қазақстандықтарды, қазақтарды ақын көзқарасының призмасы арқылы қазіргі жағдайға сыни тұрғыдан қарауға шақырады.
Абайдың осы маңызды постулаттарының өзектілігін, оның адамзат дамуының заңдылықтарын дұрыс түсінгенін әлем тарихының бағыт-бағдары дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда білім мен ғылымға баса назар аудару – әлемнің бәсекеге қабілетті дамуының маңызды, сындарлы компоненттерінің біріне айналды. Адами капиталдың сапасына және кәсіби дайындықты үнемі жетілдіруге қойылатын талаптар өсті.
Әлемде 50 мыңнан астам мамандық бар және бұл өлшем күн сайын артып келеді. Әзірге «Мамандықтарды жіктеудің халықаралық стандартында» 9,3 мыңнан астам мамандық сипатталған. Экономиканы кадрлармен уақтылы және қажетінше қамтамасыз ету үшін әлемде кәсіби білім беру жүйесі тез дамып, үнемі жетілдіріліп отырады. Мұны жалпы саны 20 мыңнан асқан университеттердің қарқынды өсуінен көруге болады, оларда 150 миллионнан астам студент білім алуда.
2019 жылы АҚШ-та 3197 университет болды (116,2 мың тұрғынға шаққанда 1 университет), олар 1066 қалада орналасқан, бұл оқу орындарында 11,7 миллион студент оқыған;
Қытайда 1245 жоғары оқу орны болған, 2018 жылы Қытайдағы жоғары оқу орындарындағы студенттер саны 38,3 миллион адамға жетті;
Үндістанда 900-ден астам университет пен 40 мың колледж болды, оларда 51 миллионнан астам студент оқыды;
Германияда 428 жоғары оқу орны, Ұлыбританияда 287, Францияда 270 университет пен Жоғары мектептер, Ресейде 724 университет бар. Әлемнің осы 7 жетекші елінде 7,0 мың университет пен жоғары мектеп (35%) бар, оларда 90 миллионнан астам студент оқиды (60%). Әр университеттегі білім беру бағдарламаларының саны өсуде, оларға жыл сайын нарықтық талаптарға сәйкес түзетулер, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жаңартылып отырады.
Қазақстан: қазіргі дәуір және заман талабы
Еліміз әлемдік экономикаға интеграцияланған. Әлемнің 146-дан астам елімен ынтымақтастық жүйедеміз. Экономиканы модернизациялау, әртараптандыру бағдарламалары жетекші елдердің заманауи технологияларын кеңінен енгізуге негізделген. Негізгі инвесторлар: АҚШ, ЕО, Корея Республикасы, Жапония және басқа да бірқатар елдер, бұл елдер –жаңа жүйенің тасымалдаушылары. Заманауи міндеттердің барлығы кәсіптік білім беру жүйесін едәуір қайта құруды қажет етті. Еліміздің нақты секторына келер болсақ, ескірген технологиялық жабдықтарды бірте-бірте жаңаға алмастыру процесі жүріп жатыр. Әрине, негізгі капиталды, өндіріс құралдарын жаңарту үшін инвестицияның жеткіліксіздігі бұл бағыттағы жұмыстарға едәуір қолбайлау болатыны шындық, осы орайда отандық және шетелдік компаниялар арасындағы айырмашылық жер мен көктей екендігі айқын байқалады.
Бүгінде мемлекеттің қолдауымен отандық капитал заманауи технологиялық негізде кәсіпорындар құру үшін белсенді қадамдар жасауда. Дегенмен, бұл тың қадамдарға байланысты сын-пікірлер де жоқ емес: қоғамда жаңа тауар ретінде моральдық тұрғыдан ескірген жабдықтар мен технологиялар импортталатын оқиғалар жиі ұшырасады.
Нақты сектордың мұндай жағдайы кәсіптік білім беру жүйесі үшін бірқатар қиындықтар туғызады. Түлектері білімге ұмтылған университеттер нарықта сұраныстың жеткіліксіздігіне тап болады. Қолданыстағы бағдарламалар бойынша оқығандар, озық өндіріске келгенде, олардың кәсіби біліктілікте артта қалғандығы туралы шағымдар айтылып жатады. Соңғы жылдары жұмыс берушілер мен оқу орындары кадрларды даярлаудың сәйкестілігі мәселелерін шешуде өзара іс-қимылды кеңейтіп, кәсіби стандарттар әзірлеуде. Дегенмен, біліктілік орталықтарын құру жұмысы баяу жүруде.
Білім және ғылым министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірге білім беру бағдарламаларының рейтингісін енгізуді қолға алды. Әрине, бұл бағытты сапалық деңгейге жеткізу үшін әлі талай жұмыс атқарылуы керек. Бұл ретте экономиканың 9 басым саласы үшін BTS Education (Саясат Нұрбек) компаниясы әзірлеп жатқан «Жаңа мамандықтар атласы» ерекше мүдделілік туғызып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік бағдарламалардың басымдықтарын және 2025 жылға дейінгі кадрлар қажеттілігінің болжамын талдау негізінде Қазақстандағы 100 сұранысқа ие сервистік қызмет пен индустриалдық кәсіптердің тізімін дайындады. Бұл тізімге жоғары білім талап етілетін 35 сұранысқа ие мамандық, техникалық және кәсіптік білім талап етілетін 65 жұмысшы мамандығы, сонымен қатар өндірісті автоматтандыруда сұранысқа ие болатын 10 жаңа мамандық кіреді. Олар: IT-мамандар, 3D модельдеу, машинааралық оқыту жүйелері, жаңартылатын энергия көздері, өндірістің аддитивті технологиялары инженерлері, «ақылды» қала құрылысы инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары, ұшқышсыз әуе жүйелері мамандары, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер.
Нақты сектор және қалыптасқан кәсіби оқыту жүйесі
Республикадағы жұмыс күшіне нақты сұраныстың қалыптасуына, оның болашағына демографиялық, көші-қон, әлеуметтік, урбанизациялық, аймақтық және басқа да факторлардың ықпалы көп. Тұрғындар көші-қонының жандануы оларды барынша басқару қажеттілігін талап етеді.
Тәуелсіздік жылдары кәсіби білікті кадрлардың елден айтарлықтай көшіп кетуі байқалды. 1991 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі аралықта елімізден 3 миллионнан астам адам кетті. Көпшілігі инженерлік-техникалық кадр саналатын миллионнан астам немістер тарихи отаны – Германияға көшті. Украиналық иммигранттардың едәуір бөлігі Украинаға оралды. Олардың басым көпшілігі тың жерлерді игеру жылдарында келген агротехникалық мамандықтардың иелері еді. Ресейге негізінен Солтүстік Қазақстаннан көші-қон процесі үздіксіз жалғасуда. Өйткені көрші елде демографиялық ахуал жыл сайын шамамен 120-140 мың адамға дейін азаюынан шиеленісті жағдай қалыптасты. Сондықтан ресейліктер орыс тілді халықтың үлесі жоғары Украинадан, Қазақстаннан кадрларды тарту үшін белсенді көші-қон саясатын жүргізуде. Нәтижесінде, кем дегенде жоғары білікті кәсіби кадрлар саналатын 1,5 миллионнан астам адамның шығынын толтыру мәселесі туындап отыр. Және бұл шығындар экономикаға айтарлықтай зиянын тигізді, өмірдің барлық салаларында өндірісті кадрлармен қамтамасыз етуді айтарлықтай қиындатты. Жұмысшы, инженерлік және техникалық кадрлардың кетуі мен келуі арасында кәсіби кадрлардың тепе-теңдігінің бұзылуы, барабар компенсацияның болмауы республикамыздың кадр саясатына елеулі зиян тигізді.
Қандастардың білім деңгейі бойынша сапалық құрамы да көшіп кеткендердің осы көрсеткішінен төмен. Мәселен, 2017 жылы жоғары білімі бар тұлғалар (11 290 адам) Қазақстаннан кеткендердің жалпы санының 29,9%-ын құрады. Ал елге келгендердің жалпы санынан 2736 адамның (немесе бар-жоғы 17,5%) ғана жоғары білімі болған (әр алтыншы адам). Сондықтан кәсіби мамандардың ұлттық жүйесі алдында осы шығындардың орнын толтыру міндеті тұрды. Бұл міндеттің екінші ерекшелігі – қазақ тілінде оқыту үлесінің артуына байланысты болса, үшінші әрі басты міндет – экономиканы және нақты секторды модернизациялау және әртараптандыру үшін инновациялық кадрларды даярлау болып табылады.
2010 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан халқы 18,8 млн. адамға жетті, оның ішінде қазақтар 12,9 млн.-ды (68,5%) құрады. Биыл екі рекордтық меже күтілуде: алғаш рет ел халқының саны 19 миллион адамнан асады, ал оның ішінде қазақтар саны 13 миллион адамға жетпек. Жергілікті ұлт үлесі жастар арасында жоғары. Еліміздің білім беру мекемелерінде 4,7 миллионнан астам оқушы мен студент білім алуда. Оның ішінде мектептерде – 3,2 миллион, колледждерде – 475,4 мың, бакалавриатта – 604,3 мың, жоғары оқу орындарының магистратурасында – 35,7 мың, докторантурасында – 6,4 мың жастар оқиды. Қазақстан бойынша 7,4 мың мектепте 2,4 миллион (74,88%) қазақ оқиды, оның ішінде 3,8 мың қазақ мектептерінде 1,4 млн оқушы білім алуда. Қазақ тілінде оқыту кәсіби кадрларды даярлаудың барлық деңгейінде жүзеге асырылады.
Елімізде 8 794,0 мың адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 6,7 миллионы – жалданған жұмысшылар. 5,9 миллион адам кәсіпорындарда жұмыс істейді, 1,5 миллион жеке жұмысшылар, 262,1 мың фермер, ал жұмыссыздар саны – 442,4 мың адам, 4,0 млн. (аналар, мүгедектер) адам жұмыс күші құрамына кірмейді.
Жұмыспен қамтылғандардың әр сала бойынша көрсеткіші: сауда саласында (1436,0 адам); ауыл шаруашылығында (1145,7); өнеркәсіпте (1110,7); құрылыста (640,6); көлікте (637,7 мың); білім саласында (601,4); денсаулық сақтау саласында (507,5 мың); мемлекеттік қызметтерді көрсетуде, басқару, қорғаныс саласында (494,4 мың); тау-кен өндірісі саласында (278,8 мың); ғылыми-техникалық салада (257,2 мың); энергетика, сумен жабдықтау салаларында (225,6 мың), қонақ үй индустриясы мен мейрамхана бизнесінде (207,2 мың); қаржы және банк секторында (194,1 мың); байланыс саласында (158,2 мың); ойын-сауық, мәдениет саласында (151,2 мың адам).
Бұл салаларда әртүрлі пропорцияларға қарамастан 6.0 миллионнан астам қазақ (саудада – 1,1 миллион, ауыл шаруашылығында – 859 мың, өнеркәсіпте – 666 мың, құрылыста – 477 мың, білім саласында – 474 мың, мемлекеттік басқаруда, қорғаныс саласында – 385 мың, денсаулық сақтау саласында – 380 мың, тау-кен өнеркәсібінде – 208 мың, энергетика саласында – 169 мың, қаржы және банк саласында – 132 мың, мейрамхана бизнесінде, қонақүй индустриясында – 125 мың, байланыс саласында – 109 мың, мәдениет саласында – 104 мың адам) жұмыс істейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке қызметкерлер – 1,1 млн.-нан астам адам.
Негізінен, бірқатар салаларда қалыптасқан дәстүрлер мен мүдделілікке байланысты ұлттық кадрлардың жоғары үлесі байқалады. Алайда қазір ұлттық құрам бойынша бөлу арқылы теңестіру жүріп жатыр. Мәселен, 74 046 дәрігердің, 179837 орта медициналық қызметкерлердің ішінде қазақтардың үлесі орташа деңгейден жоғары және 70% -дан асып, 158,8 мың адамға жетті. Ұлттық кадрлардың үлесі көп білім саласындағы жағдай да осыған ұқсас. Сондай-ақ, көлік, тау-кен, мұнай-газ, энергетика, қаржы, байланыс, құқық қорғау және т.б. салаларда да осындай үрдіс бар.
Бүгінде белгілі бір саланың, республиканың деңгейінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемде де айтарлықтай биіктерге жеткен мыңдаған тұлғалардың есімдерін атауға болады. Патшалық дәуірде біз Балқандағы орыс-түрік соғысы кезіндегі алғашқы телеграфтық байланыс әскерлерін басқарған кавалерия генералы Ғұбайдулла Жәңгіров, Кеңестер кезінде химиялық құрылым әскерлеріне басшылық еткен генерал-майор Шәкір Жексенбаев, Ұлы Отан соғысы кезіндегі әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов сияқты жекелеген тұлғаларды ғана білдік.
Бейбіт заманда күріш өсіруші Ыбырай Жақаевтың, тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің, шопан Жазылбек Қуанышбаевтың, қызылша өсіруші Нұрмолда Алдабергеновтің, тракторшы Кәмшат Дөненбаеваның, шахтер Түсіп Күзембаевтың есімдері дүркіреп тұрды. Заман талабына орай геолог Қаныш Сәтбаевтың, металлургтер Сауық Такежанов пен Бағдат Шаяхметовтың, мұнайшылар Ұзақбай Қарабалин мен Нұрлан Балғымбаевтың, кеңестік кезеңдегі қазақтан шыққан тұңғыш авиация генералы Мұхтар Алтынбаевтың есімдері барша жұртқа кеңінен танылды. Бұл эстафетаны ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев, дәрігерлер Камал Ормантаев пен Төрегелді Шарманов, нейрохирург Серік Ақшолақов, сүңгуірші, 1-дәрежелі капитан Көпесбай Жампейісов, құрылысшылар Амангелді Ермегияев, Айдын Рахымбаев, теміржолшылар Нығметжан Есенғарин, Жұмағали Омаровтар жалғастырды.
Ғылым саласында Қаныш Сәтбаевтың, Әбілқас Сағыновтың, Өмірбек Жолдасбековтің, Евней Букетовтың, Мұрат Айтхожиннің және тағы басқалардың есімдері жарқырап шықты. Қазақтардың жоғары ерік-жігерін, қайсар рухын әрдайым ұлт спортшыларының деңгейінен байқауға болады. Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың атақ-абыройы мен даңқты жолдарын самбодан КСРО ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетов, олимпиадашылар Құсман Тұяқов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов жалғастырды. Бұл намыс пен абырой эстафетасын мәнерлеп сырғанаушы Елизавета Тұрсынбаева, шахматшы Жансая Әбдімәлік, теннисші Зарина Диас сияқты жастарымыз одан әрі жалғастырды.
Мәдениет саласында Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова, Шәкен Айманов, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Жәния Әубәкірова, Айман Мұсақожаева сияқты жұлдыздарымыз ұлттық мақтаныштарымыз, олар елімізді жаһандық руханият пен өркениеттің мәдени орталығы деңгейінде танытты. Ал, қазақтың дарынды дара баласы – әнші Димаш Құдайбергеннің даңқы бүкіл әлем жұртшылығын мойындатты. Бұл барлық тізім емес. Қазақтар көптеген кәсіби салаларда лайықты құрмет пен абыройға бөленген, әлемдік деңгейдегі жоғары нәтижелерге қол жеткізді деп айта аламыз. Ұлы Абайдың жаңа мамандықтарды игеру туралы тұжырымдарын қазақтардың көптеген ұрпақтары баба аманаты ретінде қабылдап, өмірлік ұстанымына айналдырды.
Біз үшін дәстүрлі сала – ауыл шаруашылығы, әсіресе мал шаруашылығы. Революцияға дейін ауылдағы қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандардың 46% -дан астамы мал шаруашылығымен айналысады, онда 527 мың адам жұмыс істейді. Олар жалпы еңбекке қабілетті халықтың 6%-ын құрайды. Негізінен мал өсіру жеке аула аясында жүзеге асырылады. 300 мыңнан астам адам мал өсіреді (халық санына шаққанда 2,5% -дан сәл асады).
Осылайша, соңғы 100 жылда қазақтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысып жүріп, мыңға жуық заманауи кәсіптерді сәтті игеріп, мүлдем жоғары өркениетті ұлтқа айналды деп айта аламыз. Біз қазіргі заманауи кәсіптер әлеміне қазақтар кеңінен және жеткілікті түрде интеграцияланған деп сеніммен айта аламыз. Демек, Абай мұрасы мен өсиеттері оның ұрпақтары үшін өмірлік бағдар болып қала бермек. Бұл үрдістің өміршеңдігі мен сабақтастығын ел экономикасының үдемелі дамуы дәлелдей алады, оның қай саласы болмасын, қиындықтарға қарамастан сол саланы сәтті еңсерген ұлттық кадрлар қалыптасқан. Ел экономикасы нарықтық экономиканың, әлемдік нарықтың қатаң заңдарының талаптарына бейімделіп, әлемнің 220-дан астам мемлекеті мен аумағының арасында ЖІӨ бойынша 46-50 орынды иемденіп отыр. Елімізде табысты даму мен тұрақтылықты одан әрі нығайту үшін жеткілікті әлеует бар.
Қазақстандағы кәсіби білім берудің болашағы
Кәсіптік оқытудың болашағы ұлттық экономиканың нақты секторының бүгіні мен келешегіне тікелей байланысты. Экономиканың басты миссиясы – үйлесімді дамып келе жатқан өмір сүру деңгейінің негізінде еліміздің тұрақты дамуын, оның халқының сапалы тұрмысын сенімді түрде қамтамасыз ету. Еліміздің табиғи байлықтарының бәсекелестікке лайықты артықшылықтары негізінде бізде ондаған базалық салалар құрылып, сәтті жұмыс істеуде, жаңа өндірістерді құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтау үшін әртараптандыру деңгейін кеңейту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігі де өзекті мәселе. Бұл бағытта белгілі бір қадамдар жасалды. Алайда көзделген мақсат жолында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді деп толыққанды айту әлі ертерек.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, соңғы жылдары ауыл шаруашылығында әртараптандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Біз кеңестік кезеңде дәстүрге айналып кеткен астық, қант, темекі және мақта салалары бойынша тәуелсіз болу саясатын қамтамасыз етуге бағытталған жаттанды клишелер мен стереотиптерден бас тарта бастадық. Тәуелсіздігін еншілеген мемлекетіміз біршама өзгеше бағдарларды міндеттеді, басты назарды неғұрлым нақты, сұранысқа ие дақылдарға, мысалы, майлы дақылдарға және дамуымызға тиімді басқа да бағдарларға бұру мүмкіндігі туды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі кадрларға деген нақты сұраныс пен кадрларды жаппай дайындау бағдарларының бір-бірінен ерекшеленетінін айта кеткен жөн. Талдау көрсеткендей, 2018 жылы ауыл шаруашылығындағы сұранысқа ие мамандықтар үшін 48,9 мың адам қажет болды, бұл кадрларға қажеттіліктің жалпы санының 79,5%-ын құрады. Олардың ішінде: ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бойынша функционалды жетекшілер (басқарушылар) – 18,7 мың; инженер-механиктер – 5,5 мың; ауыл, орман, балық шаруашылығы және балық аулау саласындағы білікті емес жұмысшылар – 4,5 мың; ауыл және орман шаруашылығына арналған моторлы жабдық операторлары – 4,1 мың; ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы кәсіби мамандар – 3,4 мың; ауыл шаруашылығындағы қосалқы кәсіби мамандар – 3,2 мың; крандардың, көтергіштердің, автотиегіштердің және осыларға ұқсас басқа да жабдықтардың операторлары – 2,9 мың; слесарьлар мен мото және автокөлік құралдарын жөндеушілер – 2,7 мың; дала жұмысшылары және көкөніс өсірушілер – 2,2 мың; мал дәрігерлері – 1,7 мың адам.
Кәсіптік білім беру жүйесінің басты міндеті – нақты сектордың барлық салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру болып қала берері анық. Мұғалімдерді, дәрігерлерді, агрономдарды, ветеринарларды, энергетиктерді, мұнайшыларды, газ жұмысшыларын, металлургтерді, кеншілерді, геологтарды, технологтарды, машина жасаушыларды, құрылысшыларды, көлік жұмысшыларын (жүргізушілер, машинистер, ұшқыштар, матростар), байланысшыларды, заңгерлерді, экономистерді, қаржыгерлерді, бағдарламашыларды және басқа да мамандықтар өкілдерін дайындау, оқыту үздіксіз жүргізілуі керек, өйткені оларсыз ел экономикасы, әлеуметтік сала жұмыс істей алмайтыны ақиқат. Бұл ретте аймақтық және салалық бағдарлар маңызды болмақ. Болашақ үшін болжамдар мен қажеттілікті есептеу үнемі жүргізіліп отыруы керек. Әрине, бәрі бірден біз ойлағандай болмауы мүмкін, дегенмен, нақты сұранысты барынша зерделеу үшін бұл ұтқыр қадам болмақ.
Осы бағытта аймақтық университеттер мен салалық институттар ерекше рөл атқарады. Қазіргі уақытта өңірлік университеттер қиындықтарға бой алдырмай, бәсекелестікке қабілеттіктерін барынша қалыптастырып келеді. Жергілікті жоғары оқу орындарына деген сол өңір билігінің де, талапкерлердің де сенімі артып отыр. Мұны Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ сияқты білім ордаларының мысалынан айқын байқауға болады. Салалық, мамандандырылған жоғары оқу орындары арасында Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Алматы технологиялық университеті, Рудный индустриалдық университеті, ҚБТУ, ХАТУ сияқты университеттердің тәжірибелері құптарлық.
Кәсіптік білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі – болашақ үшін кадрлар даярлау. Іс жүзінде барлық жоғары оқу орындарында озық, сапалы даярлыққа, біліктілікті арттыруға баса назар аударылуы керек. Зерттеу, инновация бағытындағы университеттер үшін бұл бағдар басты басымдық болуы шарт. Рас, бір қарағанда мұның алғышарттары жасалған сияқты, бірақ әзірге нәтижелі қайтарым болмай отыр. Ұлттық экономиканы әртараптандыру бағдарламалары мен зерттеу университеттерінің бағдары арасында әлі де нақты, тиімді байланыс жоқ. Бұл университеттердің түлектері инновациялық кәсіпкерліктің генераторы бола алмай отыр, ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағдарламалары бойынша әзірше нақты нәтиже жоқ, стартаптар, бизнес-инкубаторлар жөніндегі жұмыстар сөз жүзінде ғана қалып, нақты сектормен арада қажетті байланыс қалыптаспағанын айта кеткен жөн.
Кәсіби кадрларды даярлаудың ұлттық жүйесінде әлі де көптеген шешілмеген проблемалар бар екені анық. Осы уақытқа дейін кәсіптік бағдар беру жұмыстарының сапасы оңала қойған жоқ, көптеген мамандар мектептердегі кәсіптік оқытудың аймақтар мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келмейтіндігіне шағымданады, кәсіптік мектептер мен колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуындағы кемшіліктер де баяу жойылуда. Жоғары оқу орындарында және колледждерде кадрларды даярлауда аймақтық, салалық, біліктілік теңгерімсіздіктер әлі де бар, олардың нақты нарық сұранысына сәйкес келмейтіні де ащы шындық. Бір аймақта не салада кадрлардың артық болуы, екінші бір өңірде, салада кадрлар тапшылығының орын алуы «Серпін», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламаларының дұрыс ұйымдастырылмай, тиімсіз іске асырылып жатқандығының дәлеліндей. Міне, осы айтылғандардың барлығын жүйелеп, ұлы һәкімнің даналық сөздерімен сипаттауға болар еді. «Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз», – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда, мемлекетіміз тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отырған қазіргі кезеңде, бүкіл жан-жүрегімен жұртының амандығын, ұлтының тұтастығын тілеген ұлы кемеңгердің мұрасына жүгінудің маңызы зор.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді. Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет. Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ.
Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз», – деген тұжырымы бізді ұлы данышпан бабамыздың болмысына тереңінен бойлап, оның рухани, мәдени, адами әлемін негіздей зерделеп, жаңаша ойлауға жетелейді.
Рахман АЛШАНОВ, профессор,
Тұран университетінің ректоры